Тәуекел – жүректің тек Аллаға сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса тәуекелге бару мүмкін емес. Тәуекел – себептер тұрғысынан алғанда дүниедегі заңдылықтарға толық бағыну. Себептерге бағыну – оларға толығымен тәуелді болып қалу деген сөз емес, себептердің Жаратушысын естен шығармау. Тәуекел – дүниелік, мейлі ақиреттік бүкіл істе Алла тағаланы өзіне уәкіл етіп, оның оң нәтижесін күтіп, тағдырына ризашылық білдіруі. Осыған орай, Яхия ибн Муаздан: «Адам қашан тәуекелшіл болады?» деп сұрағанда ол: «Алла тағаланың өзінің өкілі болғанына шын жүректен ризашылық танытқан кезінде», – деген.
Тәуекел – Ұлы Жаратушының бізге зұлымдық жасамайтындығына, ғибадат пен Алла разылығы үшін жасаған игі істерімізді жоққа шығармай жемісін беретіндігі мен басымызға келетін қиындық пен бәледен аман алып қалатындығына сену. Өйткені, Ол – барлығын көріп-білуші, шексіз құдірет иесі, Рахман, Рахим, Мейірімді.
Тәуекелдің ерекше сыры мен қасиеті болғандықтан, құдіреті шексіз Алла тағала шынайы иманға қол жеткізген мүміндерді кәмілдікке жетелеу мақсатында үнемі тәуекел етуге шақырады:
«Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін».
Шынайы мүміндер Жаратушыға сенім артып, жүрегі Алладан басқаны қаламайды. Тек қана Содан медет тілейді. Тағы бір аятта:
«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді». – дейді. Мұндайда мүмін бір шаруаны қолға алғанда тәуекел етіп, нәтижесін Аллаға табыстайды. Шын тәуекел – Алланың құдіретінің шексіздігіне сену.
Басқа бір аятта Алла:
«Асылында нағыз мүміндер Алланың аты еске алынса жүректері толқып, Алланың аяттары оқылса имандары күшейеді және олар Раббыларына тәуекел етеді», – дейді.
Аллаға тәуекел ету – кәміл иманның белгісі деуге болады. Иманы толық болмаған адам тәуекелге бара алмайды. Ол үшін де иман мен білім қажет.
Тәуекел – бүкіл пайғамбарлардың, сахабалардың, әулие-әмбиелердің ерекше қасиеттерінің бірі. Тәуекел – толық имандылықтың белгісі. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді», – деу арқылы мұсылмандарға Алланың ерекше құдіретін мойындап, Оған тәуекел ету керектігін үйретеді. Біз адал жолмен еңбек етіп, ризық-несібемізді іздесек, Алла тағала аш-жалаңаш қалдырмайды. Ғалымдар арасында: «Сен ризықты іздемесең де ол сені іздеп табады» деген ғибратты сөз бар. Алла ешкімді несібесіз қалдырған емес. Әлжуаз балалар мен дәрменсіз қарттарға ризық беруші Алланың мейірімділігі мен құдіретін танытатын сипаттарының бірі. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бастарыңыз қимылдап тұрған кезде ризық-нәсібе жайында уайымдамаңдар. Өйткені, адам анасынан туылғанда жалаңаш, қызылшақа боп дүниеге келеді. Содан кейін оны Ұлы Алла ризықтандырады» дейді.
Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе оған Алла тарапынан «тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың» делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді» деген. Аллаға сеніп тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен Ұлы Жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметінің ішінен жетпіс мың адамның бірден жәннатқа кіретінін, солардың арасында Аллаға тәуекел еткендердің болатынын айтып сүйіншілеген еді.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жолаушылап келе жатып, демалу үшін бір ағаштың көлеңкесінде жантайып көз іледі. Осы кезде Гаврес атты мүшірік Расулуллаһтың (с.ғ.с.) жанына ентіге жетіп, қылышын қынынан суырып: «Қане, тап қазір сені менен кім құтқара алады?» деп төбесінен төнгенде Алла Елшісі (с.ғ.с.) сабырлы қалпын жоғалтпай дұшпанына тесіле қарап, айбаттана: «Алла! Алла! Алла!» деп дауыстайды. Мұндайды күтпеген Гаврестің құты қашып, қорыққанынан қолынан қылышы түсіп, буыны босап, сылқ етіп отыра кетеді. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қылышты қолына алып: «Ал, енді сені кім құтқарады?» дейді де оны кешіріп жөніне қоя береді...
Иманның өз ішінде мәртебелері болғандай тәуекелдің де өз сатылары бар. Ол мәртебелер жүректегі иман дәрежесіне байланысты. Алғашқысы жалпыға тән тәуекел. Алланың тағдырына толығымен сенім арту, оған қолдан келгенше дайындалу. Дайын болу – тағдырға мойынсынуға қайшы емес. Керісінше, дайын болу – Алланың бұйрығы. «Әнфәл» сүресінде: «Оларға қарсы шамаларың жеткенінше күш жинаңдар», – дейді. Әсілі, Алланың бұйрықтарын орындап, қажетті жағдайларды жасамаған адам толық Аллаға сенген бола алмайды. Соғысқа аттанып тұрып, ешбір дайындық жасамау тәуекелге жатпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бүкіл шайқастардың алдында сахабалармен ақылдасып, қолдағы мүмкіндіктерін толық қолданған. Алайда, тек күш-қуатқа ғана арқа сүйемей, істің ақырын Алладан күткен.
Екіншісі – иман беріктігіне қатысты тәуекел. Иманы күшті жандар өздерін толығымен Аллаға табыстап, өздерін өлік жуушының алдындағы мәйіт сияқты көреді. Өлікті жуушы мәйітті ары аунатып, бері аунатып жуады. Мәйіттің оған ешнәрсе істей алмайтындығы сияқты, ол да өзінің бар еркін толық Жаратушының қолына береді.
Үшінші дәрежедегілер өздерін толығымен Алла тағалаға табыстау. Оған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың отқа лақтырылған кезде «хасби Алла» деп, «Алланың менің жағдайымды біліп тұрғаны мен үшін жеткілікті» деуі және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Сәуір үңгіріне тығылған кезде оған жақындап келіп қорқытқан мүшіріктердің сөздерін елемей, Аллаға толығымен тәуекел етуі үлгі бола алады.
Бұл: «Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті» аятының мәнін еске салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ең күшті болғысы келетін кісі Аллаға тәуекел етсін» деген. Өйткені, Алла өз бұйрықтарын тегіс орындап, тәуекел етілсе де, етілмесе де жүзеге асырады. Оның бұйрығына ешнәрсе кедергі бола алмайды. Ажалы келгенде Алланың үкімі бойынша әрбір адам еш кідірместен жан тапсырады. Әркім өз істегенінің жемісін жейді. Алайда, Аллаға тәуекел ету де – Оның әмірі. Тәуекел етушінің мақсаты – Алланың еркі мен разылығына бас ию болса, Жаратушы сауабын еселеп арттырады. Негізінде себептерге емес, құдіреті шексіз себептердің Жаратушысына тәуекел еткен абзал. Өйткені, себептердің бәрі жаратылған әрі мәңгі емес. Мәңгі – тек Алла қана. Сондықтан құдіретті Аллаға сеніп, Оған ғана тәуекел еткен ұтады. Тәуекел өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдіреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну деген сөз.
Атақты ғалым Зуннун бұл жайлы: «Тәуекел – бұл өз сақтық шараларыңды тастап, күш пен қуатты түгелдей ойыңнан шығару. Құл: «Алла тағала мені көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді» дейді.
Тағы бір аятта Алла:
«Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол – біздің иеміз. Сондықтан бүкіл мүміндер Аллаға тәуекел етсін де», – деп бұйырады. Иә, осы қағида бойынша Аллаға тәуекел еткен мүмін кәміл иманының арқасында Жаратушысымен қауышады. Алайда, тәуекел ету – өз міндетін орындамай қол қусырып қарап отыру деген сөз емес, керісінше құлшылығын, іс-әрекетін толық орындап, нәтижесінің жақсылығын Алладан күту.