Арақтың адамзат қоғамының қай дәуірінде пайда болғаны беймәлім.
Алайда, адамдар ақылының жетілуі, қоғамдық байланыстың үздіксіз күшеюмен көптеген жаңалықтар жарыққа шықты. Бұл жаңалықтарды адамзат өз ақыл парасатына сүйене отырып жасағандығы себепті оның кейбірі пайдалы, ал кейбірі залалды болды. Алғашқы қауымдық құрылыс аяқталып, құл иеленуші қоғам өз билігін жүргізе бастаған да адамдардың садистік санасы оянумен бірге тіршілік дүниесіне кесірі тиетіннің алуан түрлері ойлап табылды.
Ал, адамдар арасындағы Алланың жіберген пайғамбарларымен ақылы елден ерек даналардан басқа көптеген қарапайым жұрт пайда мен зиянды парықтай алмады. Тіпті, сол зиянды нәрселер арқылы өзін-өзі қорлады, бірін бірі өлтірді, адам қанындағы адамгершілік, бауырмалдық, рақымдылық қасиеттерге дақ түсіріп орны толмас өкініштерге қалды. Әрине, мұндай зияндардың басты қайнар көзі - арақ екендігіне сол адамдардың өзі куә. Тарихта арақпен аты шыққан ұлт та, халық та болған. Айталық, ислам діні келуден бұрынғы араб жарты түбегінде жасаған арабтар. Ақ патша өкіметі құлағаннан кейінгі сол елдің халқы, америка құрлығының жартысын 500-құмыра араққа айырбастап жіберген үнділіктер. Бұлардың барлығы тарих парағына арақпен аты тіркеліп жазылған өз заманының дерті еді. Осы арақтың қазақ даласын шулатқанына да біршама уақыт болып қалды. Әзәзілдің сусыны арамызға енгелі бері халықтың қамын ойлаған кейбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз харам мен халал арасын ашып көрсетіп, көп насихат жүргізді. Газет-журналдар да мақала жариялап арақтың кесірінен пайда болған ағаттықтарымыздың орнын толтыруға тырысты. Алайда, қой күзеткен шопандай анда-мұнда бір айқайлаған айқайдан селк еткен пенде болмады. Басы артық қиялшылдық сау басқа сақина пайда еткендей, ойсыздық та адам баласына ауыр қайғы қасірет әкеледі. Араққұмарлар осы ойсыздығының салдарынан не өзі білмей, не білгеннің ақылына құлақ салмай бас көтертпес ауыртпалықтардан айыға алмай дағдарыс хал кешіп келеді. Арақ - апат. Оған қарсы күресетін де, тіршілік үшін басын бәйгеге тігетін де халық.
Арақ апаты сахарамызды қанша шулатса да, оған қарсы азын-аулақ дәрменсіз науқан ұйымдастырылса да пәрменді шара жаппай күрес әлі қолға алынған жоқ. Сонда талай жылдар бойы аздырып, тоздырып, рухымызды аяусыз езген, салтымыздан айырып құлдыққа басымызды игізген бұғаудан құтыларлық қуаттың бізде болмағаны ма? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Арақ - барлық жамандықтың көзі»,- деген еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл бірауыз сөзі қазіргі халқымыз арасында болып жатқан түрлі жамандық атаулының осы арақтан туындағанын дәлелдейді. Демек, арақтың кесірінен өмірлік жұбайлардың ажырасуы, отбасылық тұрмыстың қиыншылыққа ұшырауы, балалардың оқу қаражатына - арақ ішіп қойып, баласының оқуға түсе алмауы, қыршын жас жеткіншектердің бірін бірі өлтіруі секілді толып жатқан жайсыз да, қайғылы оқиғалар қоғамымыздың алға ілгерілеуіне оралғы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан кейінгі халифаның бірі Осман ибн Аффан өз жолдастарына ғибрат үшін мына хикаяны айтып берген:
- Сендер, арақтан аулақ болыңдар! Арақ - барлық жаманшылықтың анасы. Ертеде бір тақуа адам болыпты. Күндердің бірінде оған бұзық ниетті бір әйелдің көңілі ауып қалады да, оған өзінің күңін жіберіп, оның бір маңызды жұмысына айғақ болуын өтінеді. Бұған ол кісі «мақұл» деп күңге ілесіп сол әйелдің үйіне келеді. Келген замат күң оны алдап үйге кіргізеді де, сыртынан бекітіп тастайды. Бастапқыда сасқалақтап қалған ол үйдің ішінде не барын білмей қалады. Аз тұрғаннан кейін бұл үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, әйелдің жанында бір кішкене бала және бір құмыра арақ тұрғанын көреді. Әлгі әйел оған:
- Саған айғақ болудың керегі жоқ. Өзіңе шарт қоямын. Шартым, сен менімен көңілдес боласың, оған келіспесең, мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, арақты ішесің,- дейді.
Әрі бері ойланып, еш амал табалмаған ол ақыры бір кесе арақ ішіп құтылып кетуді ойлайды. Амал қанша, бір кесені ішкеннен кейін арақ басына шығып қыза бастаған ол әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң нәпсісіне ие болмай әйелмен зина жасайды. Өзінің мұндай шектен асқан қылмыстарына куәгер қалдырмау үшін баланы да өлтіреді. Міне, арақтың барлық жамандықтың анасы екендігіне мысал. Иман болған жерде арақ, арақ болған жерде иман болмайды,- дейді халифа.
Осы хикаядағы хараммен халалды көңіл көзімен көре білетін, адал жолдағы тақуа адам шайтанның азғыруы, әзәзіл судың буымен бірер сағаттың ішінде азабы айықпас ауыр күнәлерді істегенде жүрегі тоттан қарайған, Алладан қорықпай, адамнан ұялмай харам ішімдіктен екі елі айырылмай жүрген біздің бауырластарымыздың, не істеп, не қойып жүргенін бір Алла біледі. Әрине, біз бұл арада арақтан келген ауыр қайғының себебін тек оны ішуші жандарға теліп қоймаймыз.
«Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Егер дәмхана, дүкендерде арақ сатылмаса, саудаларының жақсы болуы үшін дін тәртіптері бойынша халал саудамен айналысса, ортамыздағы абыройына дақ түсіріп, аяғын шалыс басып жүргендер де көбірек тосқауылға ұшырап, азда болса арақтан аулақтар ма еді. Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Алла тағала сауданы халал, өсімді харам етті» деген аяты түскен уақытта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға бұл аятты оқып берді. Әрі арақ саудасы харам деді. Демек, осы хадистің өзінен Алла тағаланың сауданы халал кәсіп етіп, өсімді харам еткендігін, ал сол халал саудаға арақ саудасын араластырса өсім жемеген күннің өзінде, бүкіл сауданың харамға айналып кететіндігін білуімізге болады. «Кемшіліктің кебінін киіп ешкім тумайды. Кемшілікті көрсететін үлкендер, ішімдікке салыну, ана тілінен жирену, дәстүр мен салтты саудалау... тағысын тағыларды солар ...үйретеді, үйренеді...» дейді жазушы, марқұм Оралхан Бөкей. Расында солай, әдеп - ақылақ, өнер - білімнің үйрету және үйрену арқылы ұрпаққа мирас болып, жалғасып, жалғасу барысында бұрынғыдан да кемелденіп, дами түскендей ішімдікке салыну, ұрлық істеу, зина жасау, өтірік айту... бәрі де көп жағдайда атадан балаға, анадан қызға, үлкеннен кішіге мирас болып жалғасуда. Самайын ақ шалған аналар мен сақалы қылаң тартқан ағалардың да аузынан арақ үзілмейді. Кейбір жерлерде иығына жаулығын салып, өзінше сауаттанған мұғалима апайлардың өзі ерлермен бірге отырысқа барып, ақ пен қараны араластыра сіміріп «агугайға» басып жүргенін көргенде, жүрегің тітіркенеді. Өздерін халықтың рухани тірегі санайтын кісілердің оқушыларына: «Темекі тартпаңдар, денсаулыққа зиян, арақ ішпеңдер, айықпас дертке қаласыңдар»,- деп насихат айтуы мүмкін. Ал өздері не істеп жүр?!. Олар адамның адамға ақылмен ғана емес, ісімен де үлгі болатынын білмей ме?! Дүниедегі қандай да бір ұлттың мәдени өресі, ұлттық танымы, тілдік сапасы солардың өз ағартушыларымен тікелей байланысты. Оның тізгіні сол ұлт ағартушыларының қолында. Олар өз халқының келешегін ойлап, рухы мықты, дені сау, ақылды, ана тілін қадірлей білетін, асыл тектілік пен ізгі әрекеттер үшін күресетін ұрпақ тәрбиелейді. Сонда ғана халық пен халық, адам мен адам теңеседі. Бүкіл адамдар арасындағы теңсіздік идеясы аласталып, татулық, тыныштық орнайды. Ендеше, осындай ұлы іске жетекшілік ететін ұлтымыздың ұландары азғындық жолына түсіп, делқұлға айналса, ғасырлық езгіден құтылып енді ғана көсегесі көгеріп келе жатқан халықтың құрығаны сол емес пе?! Немістердің дәуірлеп, салтанат құрған заманында еврейлер өз ұлтын залымның шеңгелінен оқу-біліммен алып қалса, біз спиртті ішімдік, нашақорлық арқылы зауалға бет алып бара жатқан жоқпыз ба? Мен осы мәселелерді көтере отырып оқырманға мына бір мысал арқылы ой салғым келеді: бір кезде АҚШ үкіметі халықтың қалыптан тыс бұзылып, жоғары оқу орнының оқушыларының сабақтан гөрі ішімдікке салынып, ойнап-күлетін уақытының артып кеткенін, дәмхана, дүкендерде адамдардың тоқтаусыз арақ ішетінін көріп, қатты алаңдаған. Сонымен бірге жалпы қызмет салаларын маскүнемдікке қарсы күреске жұмылдырып халықты ішімдікке шектен тыс салынбау туралы ресми жарлық шығарады. Қазынадан көп қаржы бөліп, органдар жауапкершілігін күшейтті, арақ өндіруге және сатуға тыйым салады. Бірақ, көп өтпей бұл іс-шара сәтсіздікке ұшырайды. Арақ ішуге тыйым салған органдар қайтадан: «Арақ ішуге болады» деп хабарлайды және «Біз, арақтың зиянды екенін мойындаймыз. Бірақ, америка халқы бұған қанағаттанбайды» дейді. Дүниеде өздерін мәдениетті, барлық ғылым-техниканың жетістігіне жеткен деп есептейтін АҚШ миллиондаған қаржы бөліп, үкімет тарауларымен іске кірісе отырып не үшін жеңіліске ұшырайды? Ал, бір кезде дамымаған, мәдениеттің затын қойып атын естімеген, мешеу қоғамда жасаған, айналасындағы халыққа маскүнем, бұзақылығымен аты шыққан надан Араб түбегінің халқына Алланың: «Ей, мүминдер: арақ ішу, құмар ойнау, бұттарға табыну, бал ашу жиіркенішті қылық, шайтанның ісі, тілекке жетеміз десеңдер бұл істерден аулақ болыңдар. Шайтан арақ, құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, араздық салмақшы және намаздан, Алланы еске алудан тоспақшы болады. Сендер, әлде де тыйылмайсыңдар ма?» («Майда» сүресі, 91-аят),- деген аяты түскенде олар: «Ей, Алла, тыйылдық!»- деді. Арақ ішіп отырып осы аяттың түскенін естігендер қолындағы кеселерін жерге ұрады. Әбу Нұғман деген сахабадан риуаят етілген хадисте ол былай дейді: «Мен Әбу Талханың үйінде қонақтарға арақ құйып отырған едім. Сол уақытта Алла тағаланың арақты харам еткендігі туралы үкім аяты түсіпті. Сырттан бір айқай шыққан еді, Әбу Талха маған: «Шығып қарап көрші. Не айқай екен?»- деді. Мен сыртқа шығып, айқайдың мән-жәйін білгеннен кейін қайтып келіп көпшілікке: «Ол адам арақтың харам етілгендігі туралы аят түскендігін ескертіп айқайлапты»,- дедім. Әбу Талха маған: «Арақты сыртқа апарып төгіп таста»,- деді. Сол күні Мәдина көшелерінен арақ өзен болып аққан еді»,- дейді.
Міне, сол күннен бастап қай мұсылман болмасын бұл сасық суды қайтып қолына алмады. Бүкіл қауым Алланың бұйрығына сөзге келместен мойынсынды. Алланың адамзатты харамнан шектегеніне шексіз шүкірлік етті. «Атыңнан айналайын адамзаттың ең сұмдық қатесі сол - ол асығыс аттанғаны соншама, қайда бара жатқанын және жер бетінен қашан жойылып кететінін білмеуі еді»,- дегендегі «адамзаттың қателігін» өз кезінде арабтар Жаратушының тура жолға салған жәрдемімен тез біліп, ақылға келді. Өздерінің қаншалық қателескені үшін кешірім сұрап, тәубе десті. Осындай ақылдың оянуы иман нұрының көңілге берік орнаумен олардың ұлттық мәдени сапасы жоғарылап, діннің күшеюіне жол ашты, болашаққа білім нұрын төкті. Осылайша дүние бұрын көріп, білмеген жаңа бір мәдениет жарыққа шықты. Бұл мұсылмандар әлеміндегі иманның күші, исламның хикметі еді. Ата-бабаларымыз да осы хикметті бойларына жинай отырып, рухымызға сіңіруге тырысты. Алайда, біз бүгіндері Алланың үкімдеріне қарсы шығу, ішімдікке салыну, адамдық, адалдықтан безініп харам нәрселерге бой ұруымыздан осы тектілік пен асыл қасиеттерден алыстап бара жатқандаймыз. Тіпті, анау Американың жартысын Англия теңізшілеріне 500 құмыра араққа айырбастап жіберген үнділіктердің кебінін кимесімізге кім кепіл? Сондықтан, ессіздеріміз есімізді жинап ақылдан алжасқандарымыз ертерек ақылға келуіміз керек сияқты. Өйткені, «ақылға келмей тұрып еш опа таппаймыз. Ол жетілмей тұрып ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсегесі түгіл өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыстан тұл. Онсыз қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай үйреншікті үрдістің қара дүрсін соқпағынан шыға алмай заманалар шырғалаңында басы айналып дағдарыс хал кешеді.
Ал ақылға келгенде ақиқатты танимыз. Ақиқатты тану арқылы бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаға иман келтіреміз. Өткен қателіктерімізге Алладан кешірім сұрап әрі Алланың жәрдемімен жоғарыда айтылған асыл қасиетімізге қайта қол жеткіземіз. Оларға қол жеткізу «жоғалып табылған жақұттың» дәл өзі болмақ.
Еркінбек ДӘКЕН,
дінтанушы.