Ұлы тәрбиеші

Ұлы тәрбиеші

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Исламның асыл құндылықтарын адамдардың бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарып етті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрбір кісіге ерекше мән беріп, оның ұстазына айналды. Расулуллаһ (с.ғ.с.) өз іс-әрекетімен және көркем мінезімен көпшілікті тәнті етті. Соның нәтижесінде тұла бойлары асыл қасиеттерге толы сахабалар үмметі пайда болды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай адам болмасын, онымен тіл табысып, жақсылыққа шақыратын. Бір мысал. Мұсылмандықты қабылдағанымен қараңғылық дәуірде бойына сіңіп қалған зинақорлық сынды жиіркенішті әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

Ей, Алланың Расулы(с.ғ.с.)! Маған зина жасауға рұқсат берсеңіз, - дейді. Мұндай сөзден жандары түршіккен сахабалар өре түрегеліп, әлгі жігітке тап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын сабырға шақырып,өзіне жақындауды бұйырды. Жігіт Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қасына келгенде, оған: «Отыр!»,-деп әмір етті. Жігіт отырғаннан кейін Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сен біреудің анаңмен ойнастық жасағанын қалайсың ба?»,-деп сұрады. Жігіт: «Алла тағаламен ант етемін, мен оны қаламаймын! Жаным Сіз үшін құрбан! Ешбір адам біреу оның анасымен ойнастық жасағанын қаламайды»,-деді.

- Сен біреудің қызыңмен ойнастық жасағанын қалайсың ба?

- Алла тағаламен ант етемін, мен оны қаламаймын! Жаным Сіз үшін құрбан! Ешбір адам біреу оның қызымен ойнастық жасағанын қаламайды.

- Сен біреудің әпкеңмен ойнастық жасағанын қалайсың ба?

- Алла тағаламен ант етемін, мен оны қаламаймын! Жаным Сіз үшін құрбан! Ешбір адам біреу оның әпкесімен ойнастық жасағанын қаламайды.

- Сен біреудің жиен әпке-қарындасыңмен ойнастық жасағанын қалайсың ба?

- Алла тағаламен ант етемін, мен оны қаламаймын! Жаным Сіз үшін құрбан! Ешбір адам біреу оның жиен әпке-қарындасымен ойнастық жасағанын қаламайды.

- Сен біреудің нағашы әпке-қарындасыңмен ойнастық жасағанын қалайсың ба?

- Алла тағаламен ант етемін, мен оны қаламаймын! Жаным Сіз үшін құрбан! Ешбір адам біреу оның нағашы әпке-қарындасымен ойнастық жасағанын қаламайды.

Осыдан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жігіттің иығына қолын қойып: «Тәңірім! Бұл пендеңнің күнәсін кешір. Жүрегін жаман ниеттен тазартып, өзін ойнастықтан сақта!»,-деп дұға етті».

Міне, осылай ашуланбай-ақ, зинақорлықтың өте зиянды екенін айтып, жігіттің тамырын дөп баса біліп, жаманшылықтан қайтарды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кісінің жүрегін қарайтатын әрекеттерден мейлінше сақ болуды бұйырып:

«Кімде-кім зорлықпен біреудің бір қарыс жерін тартып алса, қиямет күні сол жердің жеті есесі оның мойнына жүктеледі»;

«Сараңдық сендерден бұрынғылардың жойылуына, олардың бір-бірінің қанын төгуге, Алланың харам деген нәрсесін адал деп қарауға әкеліп соққан».

Адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қылау түсіретін қасиеттің бірі - өркөкіректік. Бұл жайында Алла Расулы (с.ғ.с.):

«Ей, сахабаларым! Жақсылап тыңдап алыңыздар, сіздерге тозақ тұрғындары туралы айтайын. Олар - тасжүрек, өркөкірек, қу және тәкаппарлар», - деген.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандар арасындағы бауырмалдыққа үлкен мән берді. Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда мұһажирлер мен аңсарларды бір-біріне бауыр деп жариялады. Бауырластық арқылы адамдарды жақындастыруды мақсат етті. Ал, жақын, туыс кісілер бір-бірін қалай жеккөрсін?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде:

«Мұсылман мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, оны дұшпан қолына бермейді. Мұсылман мұсылман үшін кірпіштен өрілген қабырға іспеттес. Олардың бірі екіншісін бекітеді»,- дейді.

Алла Расулы (с.ғ.с.) өзінің атақты қоштасу құтпасында да бауырмалдыққа арнайы тоқталған:

«Ей, адамдар! Раббың бір, аталарыңыз бір. Бәрің де Адам(ғ.с.) пайғамбардан тарағансыңдар. Ол (ғ.с.) болса топырақтан жаралды. Алланың алдында ең қадірлілерің - Одан қорқып, күнәдан бас тартқандырың. Арабтың басқалардан ешқандай артықшылығы жоқ. Егер артықшылығы болса, ол тек қана тақуалығында ғана...».

Шәмшат Әділбаева

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: