Хадис пен сүннет

Хадис пен сүннет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хадис сөзі сөздікте «хабар», «мәлімделген не айтылған нәрсе», «жаңа» деген мағыналарға саяды. Құран Кәрімде хадис сөзі «сөз», «хабар» мағыналарында қолданылған («Ағраф» сүресі, 185-аят; «Уақиға» сүресі, 81-аят).

Сүннет болса сөздікте «жол», «жүріс-тұрыс», «әдет», «адам табиғаты», «мінез-құлық» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде ол жекеше түрде 14, көпше тұрде 2 жерде кездеседі. Сүннет сөзі көбінесе «сүннәтуллаһ» («Ахзаб» сүресі, 62-аят, «Муминүн» сүресі, 85-аят), «Суннәтунә» («Исра» сүресі, 77-аят), «Суннәту мән...» («Исра» сүресі, 77-аят) «Суннәтул-әууәлин» («Әнфәл» сүресі, 38-аят) сияқты сөз тіркестерінде қолданылған. Құранда бұл сөздің негізінен екі мақсатқа орай қолданылғанын көруге болады: 1. Бұрынғы үмметтердің, қауымдардың жүрген жолдары, қарым-қатынастары, үкімдері, жаза түрлері; 2. Алланың заңы, бұлжымас қағидасы.

Хадистерде де сүннет сөзі әртүрлі сөз тіркестерінде, көбінесе «жол, әдет» мағыналарында берілген.

Хадис және сүннеттің терминдік мағынасы

Термин ретінде хадис: хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сөзі, іс-әрекеттері және жүзеге асуын мақұлдаған өзге де әрекеттер. Хадис сөзінің термин ретінде қолданылуы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында-ақ басталған. Бір күні Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Қиямет күні сенің шапағатыңа ие болатын ең бақытты адам кім?» - деп сұрағанда, хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сенің хадис үйренуге деген талабыңның таудай екенін білгендіктен, мұны сенен бұрын ешкім сұрамайтынын сезген едім. Қиямет күні менің шапағатыма ие болатын ең бақытты кісі - «Лә илләһә иллАлла» деген адам» - деп жауап береді.

Хадис ғалымдары хадис пен сүннеттің мағынасын бір деп қабылдап, олардың синоним екенін айтқан. Алайда кейбір ғалымдар олардың мағынасы бір еместігін, хадистің мағынасы сүннетке қарағанда ауқымдырақ екенін айтады. Екеуінің арасындағы айырмашылықты белгілі хадис ғалымы Субхи ас-Салих: «Сүннет - негізінен хадистің синонимі емес. Ол сөздік мағынасы есепке алына отырып, Алла Расулының (с.ғ.с.) күнделікті тұрмысында жүрген діни жолы мағынасында қолданылған. Себебі, сүннеттің сөздік мағынасы «жол» дегенді білдіреді. Хадис - Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзін әрі іс-әрекетін қамтып, жалпы мағынаға ие болса, сүннет - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тек қана іс-әрекеттерін білдіріп, шектеулі мағынаға ие», - деп топшылайды.

Ислам ғалымы Ибн Хажәр: «Хадис дегеніміз, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты барлық нәрсе», - деген. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері, іс-әрекеттері, мақұлдағандарымен қоса өмірі, түр-сипаты, өміріне қатысты мағлұматтардың бәрі хадис деп аталады. Кейінірек, хадис өз алдына Алла Елшісінен (с.ғ.с.) келген сөздер мен ол туралы баяндалған хабарлардың бәрін зерттейтін ғылыми бір сала ретінде қалыптасып, бұл салада атақты ғұламалар жетіліп, том-том кітаптар жазылды.

Ал, он төрт ғасырлық Ислам мәдениетінде сүннет сөзінің төрт анықтамасының кең тарағаны байқалады. Бұл төрт анықтама хадис, фиқһ (Ислам құқығы), фиқһ әдістемесі, кәләм сияқты салалардағы мұсылман ғалымдардың берген анықтамасы:

1. Хадис ғалымдары: «Сүннет - шариғат үкімдерін қамтамасыз етсе де, етпесе де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан барлық сөздері, іс-әрекеттері, мақұлдағандары, яғни оның өміріне қатысты мәлімдемелері»;

2. Фиқһ ғалымдары: «Сүннет - парыздар мен уәжіптердің тысында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) келген нәрселердің бәрі»;

3. Фиқһ әдістемесінің ғалымдары: «Сүннет - Құранның тысында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) шариғат үкімдерін қамтыған сөздер, іс-әрекеттері мен мақұлдағандары»;

4. Кәләм ғалымдары: «Сүннет - бидағаттың антонимі», - дейді.

Сөздікте «жол», «бағыт», «әдет» және «мінез-құлық» мағыналарын беретін сүннет кейін әртүрлі ғылым салаларының мамандары ұсынған терминдік мағыналармен байи түсті. Фиқһ ғалымдары оған нәпіл ғибадат мағынасын таңса, әдістеме саласындағылар шариғаттың бір дәлелі ретінде қарап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі, іс-әрекеті және мақұлдағандарымен шектеген. Хадисшілер болса Ардақты Елшінің (с.ғ.с.) өмір жолына қатысты мағлұматтардың бәрін қамтып, хижраның 463 жылынан кейін өмір сүрген хадисшілер (мутааххирун мухаддистер) сүннет пен хадисті синоним ретінде қабылдаған.

Сүннет сөзі термин ретінде сахабалар дәуірінде-ақ қолданыла бастаған. Бұл жерде сахаба Сәһл ибн Сад әс-Саидидің (р.а.): «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында жасалған іс-әрекеттер де сүннет деп қабылданатын», - деген сөзін дәлел ретінде келтіруге болады. Яғни, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ой-елегінен өтіп, оның мақұлдағандарын, құптағандарын да сүннет деп сонау сахабалар дәуірінде-ақ басталған-ды. Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірде көбінесе «аталар сүннеті» мағынасындағы сүннет сөзін сахабалар енді тек қана хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті үшін қолданған.

Сүннет сөзінің термин ретінде қалыптасу кезеңдері жайында хадис ғылымдарының докторы Б.Ерул: «Сүннет ұғымының термин болып қалыптасуы мен халық арасында кең таралуы хазреті Айша (р.а.), Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.), Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) сияқты жас сахабалар кезеңінде, солардың қолдауымен дами түскен. Яғни, сүннет сөзінің термин болып қалыптасуының іргетасы үлкен сахабалар кезеңінде қаланса, кіші сахабалар осы құрылысты толығымен аяқтаған. Жәһилдік дәуірде «аталар сүннеті», «қауым сүннеті» деп қолданылған сүннет сөзі - Құранда «сүннетуллаһ» (Алланың сүннеті), «сүннетул-әууәлин» (алдыңғылардың сүннеті), ал Расулуллаһтың (с.ғ.с.) хадистерінде «сүнен» (сүннеттер), «сүннет», «сүннетіміз» деп қолданылса, үлкен сахабалар кезеңінде «сүннету Расулиллаһ» (Расулуллаһтың сүннеті), «сүннетун-Нәби» (Пайғамбар сүннеті), кіші сахабалар кезеңінде «әс-суннә» (сүннет), «сүннетун-Нәби» деп қолданылып, осы кезде «сүннет» деген кезде тек қана Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті меңзелетін еді», - деген.

Расулуллаһтың (с.ғ.с.) хадистерінде сүннеттің орны мен маңызы айтылып, оған үлкен мән берілген. Мысалы, бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Маған бағынған Аллаға да бағынған болады, маған қарсы шыққан Аллаға қарсы шыққан болады», - деп айтқан.

Ал, жалпы үммет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келген сөздерді - хадис, оның Алланың әмірлеріне сай орындаған әрбір ісін, өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен жүрген жолын сүннет деп қабылдап, сол сүннет бойынша жүруді мойындаған борышы деп санаған.

Алла тағала адамзат үшін Құран кәрімнен жаңа жүйе құрып, осы жаңа өмір салтында адамдарға үлгі, әрі жол көрсетуші етіп Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды жіберген. Яғни, сүннет - Алла тағала тарапынан түсірілген кітаптың Оның пайғамбары арқылы іс жүзіне асқан жарқын көрінісі. Демек, хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) - Құранның тіршіліктегі тәпсірі. Оның сүннеті - әрбір мұсылман және әрбір қоғам үшін өмірдің бар саласын қамтыған егжей-тегжейлі жоба іспеттес. Сондықтан, пайғамбар жолы - Алланың жолы. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолымен жүру - иллаһи әмірлердің сәулесіне шомылу деген сөз. Ал сүннетті қабылдамай, оған қарсы келу Аллаға қарсы келумен тең. Бір күні Алла Елшісі (с.ғ.с.):

«Қарсы шыққан адамдарды есептемегенде үмметімнің бәрі жәннатқа кіреді», - деген. Сонда сахабалар: «Қарсы шығушы кім?» - деп сұрағанда, «Маған бағынған жәннатқа кіреді, маған бағынбаған адам да қарсы шығушы болады», - деп жауап берген.

Шәмшат Әділбаева

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: