Шынайы сүйіспеншілік

Шынайы сүйіспеншілік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Екі жаһан сұлтанының (с.ғ.с.) өзіне тартқан сүт кенжесі әрі ұрпағын жалғастырушы сүйікті қызы хазреті Фатима (р.а.) «Насыр» сүресі түскен кезде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірден озатынын сезіп жылаған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төсек тартып жатқанда оны қасына шақырып алып, құлағына сыбырлайды. Алғашында Фатима (р.а.) еңіреп жылайды. Екінші рет сыбырлағанда жүзі күлімдеп сала береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден озғаннан кейін мұның мәнісін сұраған Айша (р.а.) анамызға ол: «Алдымен әкем өзінің бұл дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды айтты... Қуануымның себебі сол», - деп жауап берген еді[1].

Әкесі дүние салғанда Фатима (р.а.) үшін өмірден мән-мағына кетті... Күндіз-түні көз жасын төккен ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоқтығына алты ай ғана шыдай алды. Содан кейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқаны келіп, сүйікті әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан (ақиретке аттанған) Фатиманың (р.а.) өзі болды.[2]

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын досы әрі сенімді серігі Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) төсек тартып жатқан Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): « Алла дүние мен ақиретті таңдауды құлының еркіне берді. Құлы ақиретті таңдады»,- дегенін естіді. Іштей Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірден өтетінін сезіп: «Ей, Алла Елшісі (с.ғ.с.)! Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз сен үшін садақа болсын! Сен аман қал, біз сенің орныңа бақилық болайық»,- деп жылады.[3]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы сапарға аттанбастан бір апта бұрын сахабаларын жинап, олардың Ислам үшін жасаған жанқиярлықтарын айтып, Аллаға дұға етеді. Соңында өлімінің де таяу екенінен хабар бергенде сахабалар қарадай жетімсіреп, оңаша қалған кездерінде Алла Елшісін (с.ғ.с.) өлімге қимай, іштей егілумен болды. Олар үшін жарық күн қараңғы түнге, түн болса қара түнек қабірге айналған еді.

«Мұсылман қауымның алғашқы азаншысы Біләлдің пайғамбарлар сәруары - хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Исламды қабылдағаннан кейін бір сәт болсын қасынан ажырамаған ол екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) дүние салғанда көптеген сахабалар сияқты қабырғасы қайыса қайғырып Мәдинада қала алмады. Ол үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) кетуі жарық күннің сөнуімен бірдей болды. Өйткені, Мәдинаның әр тасы мен топырағы оның есіне Алла Елшісін (с.ғ.с.) түсіретін. Біләл сол тұстағы халифа Әбу Бәкірден (р.а.) басқа жаққа кетуге рұқсат сұрады. Әбу Бәкірге (р.а.) барып:

- Ей, Алла Елшісінің халифасы! Мен Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.): «Мүміннің ең қайырлы ісі - Алла жолындағы жиһады» - дегенін естіген едім. Мен де өлгенге дейін Алла жолында жанымды пида еткім келеді, - деді. Әбу Бәкір (р.а.) :

- Ей, Біләл (р.а.)! Бізге кім азан шақырады? - дегенде, екі көзіне ерік берген ол:

- Мен Алла Елшісінен (с.ғ.с.) кейін ешкімге азан шақыра алмаймын, - деді.

Біләлдің (р.а.) алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да хазреті Біләл (р.а.):

- Уа, Әбу Бәкір (р.а.)! Рас, сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Алланың разылығын ойлап сатып алған болсаң, еркіме жібер, - деді.

Әбу Бәкір(р.а.) рұқсат берген соң Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын асқақтатуға бар күш-жігерін салады. Шамда жүрген кезінде бір түс көріп, Мәдинаға келді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірінің қасында хазреті Хасан (р.а.) мен Хусейнді (р.а.) кездестіріп, Алланың сүйікті Елшісімен (с.ғ.с.) бірге өткізген күндерді еске алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озған соң, Біләл Мәдинада азан шақырмаған еді, оған батылы да бармайтын. Өйткені, азандағы «Әшһәду әннә Мухаммадан Расулуллаһ» (Мұхаммедтің Алла елшісі екендігіне куәлік етемін) деген сөйлемді айта алмай тамағына өксік тығылып, іркіліп қалатын. Даусы шықпай көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кете беретін.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «менің дүниеде мауқымды басқан екі райханым» деп атаған немерелері Хасан (р.а.) мен Хусейннің (р.а.) өтінішінен кейін, соңғы рет Мәдинада азан шақыруға бел буды. Көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен азан шақырды. Бүкіл Мәдинада Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сағыныш жаңғырды. Ел тегіс көшеге шықты. Алла Расулының (с.ғ.с.) нұрлы өмірін көз алдарына елестетіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайта тіріліп келіп, Біләлге (р.а.) азан шақыртқандай болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады[4].

«Қандай иман! Неткен таңғаларлық шынайы сүйіспеншілік! Адамзат тарихында дәл хазреті Мұхаммедтей (с.ғ.с.) мұншама сүйіспеншілікке басқа ешкім ие болмаған»[5].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Муаз (р.а.) ибн Жәбәлді Иеменге аттандырар кезде оған біраз өсиет айтты, артынша:

- Ей, Муаз (р.а.)! қайтып оралғаныңда, бәлкім, менің қабірім мен мешітімді ғана зиярат етерсің, - деп өзінің Аллаға аттанатын күнінің жақындағанын сездірген еді. Бұл сөзді естіген Муаз (р.а.) төбесінен жай түскендей сенделіп, көзіне жас тығылды. Буын-буыны босап, қолдары қалтырап, көзі мөлтілдеп, дел-сал күй кешті. Сол сәтте оның Иеменге кетпек тұрмақ, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді[6]. Сахабалар үшін Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жырақ қалу қиямет қайымның сынағындай ауыр соғатын. Оның нұр шашып, шапағатқа бөлеген рухани кеңістігінен алыстап кету өмір шамшырақтарының маздап барып сөнуіндей үрейлі еді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанындай болды да. Муаз келесі жылы оралған кезде сүйікті Пайғамбардың (с.ғ.с.) қабірін зиярат етті.

«Маур-ражи» шайқасынан кейін Хубәйб ибн Адиді (р.а.) дарға аспақ болғанда көздері қанталап, бойларын ыза-кек кернеген мүшіріктер одан: - Қазір өзің құтылып, сенің орныңа Мұхаммедтің (с.ғ.с.) асылғанын қалар ма едің? - деп сұрағанда, Хубәйб (р.а.) басына төніп тұрған қатерге қарамастан, өктем дауыспен: - Аллаға ант етейін. Оның асылғаны түгіл аяғына тікеннің кіруін де қаламаймын, - деп жауап берген болатын. Дарға асылар кезде Хубәйб (р.а.) қолын көкке көтеріп: «О, Раббым, бұл жерге шығарда Сенің сүйіктіңмен қош айтыса алмаған едім. Менің сәлемімді Оған жеткізе гөр!» деді. Дәл осы кезде сахабаларымен сөйлесіп отырған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) орнынан тұрып: « Алланың сәлемі болсын саған, Хубәйб» деді. Қасындағы сахабалар істің мән-жайын сұрағанда Алла Елшісінің(с.ғ.с.) қос жанары жасқа толып: «Мүшіріктер Хубәйбті өлтірді. Соңғы сәтінде маған сәлемін жолдады, мен оны қабыл алдым»,- деді[7].

Хубәйбтен бір күн бұрын шейіт болған Зәйд ибн Дәсинә да дәл осы сөздерді айтқан болатын. Бұл сөздерді естіген Әбу Суфиян (ол кезде әлі мұсылман емес еді): «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабаларының Оны (с.ғ.с.) сүйгеніндей басқа ешкімді сүйгенін көрген емеспін» деген таңданысын жасыра алмаған еді[8].

«...Уһуд шайқасында Алла Расулының (с.ғ.с.) соңына ерген сахабалардың біразы шейіт болып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында аз ғана адамның қалғанын көрген қаһарман әйел Несібе Оны (с.ғ.с.) қорғауға жанұшыра ұмтылады. Пайғамбарымыз: «Уһуд соғысында оңыма да, солыма да қарағанымда Үмму Уммараның өліспей-беріспей шайқасып жатқанын көрдім»,- деп Несібенің жанқиярлық ерлігін паш еткен.

Осы шайқаста Несібенің баласы жараланады. Баласының қолын дереу таңып, оған: «Балапаным! Алла Расулының (с.ғ.с.) алдында шайқасып, Оны дұшпаннан қорға»- деп, өз баласын Алла Расулының (с.ғ.с.) жолында шайқасуға жұмсады. Несібенің өзі де бұл шайқаста қатты жарақат алған еді. Бұл ұрыста азулы мүшірік Ибн Камия Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүзін жарақаттап, екі тісін сындырды. Нәбидің қан жуып кеткен жүзін көргенде, жауыз мүшіріктің жанын жәһаннамға жөнелтуге асыққан Несібе оған қылышын сермейді. Алайда, екі қабат сауыт киіп алған дұшпанына бұл шыбын шаққан құрлы да бол­майды. Ол Несібені қатты жаралайды. Басқа сахабалар ержүрек әйелге жанұшыра ұмтылып, аман алып қалады. Оның жарақат алғанын көрген Алла Расулы Абдуллаһқа: «Анаңның жарақатын таң» - деді. Шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан бұл отбасына: « Алла сендердің отбасыларыңа мейірім-шапағатын жаудырсын» деп дұға етті. Мұны естіген Үмму Умара шабыттана түсіп: «Уа, Расулуллаһ! Алладан жәннатта бізді өзіңмен көрші етсін деп тілек тілеңізші», - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бақыттан басы айналып тұрған ержүрек әйелдің көңілін қалдырмай, алақанын көкке жайып: « Аллаһым, бұларды жәннатта маған қоңсы әрі жолдас ет», - дейді. Бұл дұғаны естіген Умму Умараның төбесі көкке жетіп, «Бұдан кейін басыма қандай қиындық келсе де көтеріп алуға мен әзірмін» - деп, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген шексіз сүйіспеншілігін білдіреді...»[9].

Алау Әділбаев

[1] Бухари, Манақыб; Муслим, Фадаилус-сахаба, 98,99.

[2] Муснәд, 1, 6; А. Әділбаев, Саңлақ сахабалар, «Алтын қалам» баспасы, Алматы, 2004, 242-243 б.

[3] Бухари, Фадаилул-асхаб: 3; Муслим, Фадаилус- сахаба: 2-3

[4] Р. әл-Баша, 1 т., 414-416 -б.

[5]« Саңлақ сахабалар», 174-175-б.

[6] Муснад, 5:235.

[7] Бухари, Мағази, 38, 9; Әбу Дауд, Жиһад, 115 (2660)

[8] Р. әл-Баша, 28-29-б.

[9] А. Халил Жум'а, Ниса'у мубашшарату бил-жанна, Бейрут, 1990, 1/124; Сахабилер ансиклопедиси, 2 т., 831-834-б. Саңлақ сахабалар, 244-245-б.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: