Тыныс алу не үшін қажет?

Тыныс алу не үшін қажет?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біз, осы мақаланы оқымас бұрын бір сәт өзіңізге назар аударып, деніміз сау, еш жеріміз ауырмай тұрғанда аса мән бермейтін өз денеңіздегі әрбір мүшенің қызметін ойша саралап, осының бәрін еш кемшіліксіз, қатесіз, әдемілікпен үйлестіріп, өте әсем жаратқан барша ғаламның жаратушысы Алла тағаланың қандай шебер, неткен ғажайып жаратушы екенін ойланып көріңізші. Алла тағала біздерге осыншалықты жағдай жасап, алтыннан да қымбат денсаулық пен бос уақыт сыйлап отырғанда, біздің бірер минутымызды оның асқан шеберлігіне, рақым-шапағатына шүкіршілік ретінде арнауымызға болатын шығар?! Біздің жүрегіміздің соғуы, тыныс алуымыз, асқорыту жүйесінде ас қорытыту процестері, көруіміз, естуіміз секілді қызметтердің барлығы біздің тікелей араласып, қатысуымызсыз жүзеге асып жатқан дүниелер ғой?! Егер де осының барлығын өзіміз басқарсақ, көретін күніміз не болар еді? Қарапайым қытайдың батареялары секілді күн демей-ақ қояйық, бірер сағатта қызметімізді тоқтатар едік. Біздің санамыз түсіне алмайтын Тәңірдің даналығы, асқан білімі, ғылымы, мейірімі, адамзатқа деген зор махаббаты арқылы ерекше дәлдікпен жаратылған біздің ағзамыздың ғажайыптарын осы қолыңыздағы газеттің түгел бетін толтырып жазып, бірнеше ондаған жылдар бойы мыңдаған таралымдармен шығарса да айтып та, жазып та тауысу еш мүмкін емес! Мүмкін болмайды да!

Ендеше, бүгін өзімізге «бізге тыныс алу не үшін қажет?» деген сұрақ қоя отырып, сол сұраққа өзіміз жауап іздеп көрелік. Бала күнімізде барлығымыз: «Кім ұзақ уақыт дем алмай тұра алады?» деп жарысып ойнаған шығармыз? Әрі кетсе бірер минут қана дем алмауға болатынын сол кездегі тәжірибелерімізден барлығымыз білетін болармыз. Әрбіреуіміз күніне 20 000 рет немесе жылына 8 миллион рет тыныс аламыз. Бұған біз аса мән бере қоймаймыз, бірақ минутына 12-20 рет тыныстайтын біздер сағат, күн өткен сайын дем алуымызды тоқтатқан емеспіз. Біздің тыныс алу жүйеміз өз алдына ерекше қызметтері бар бір ғажайып дизайнға ие! Сіз, ешқашан да қалай тыныс алып, тыныс шығарсам екен деп еш ойланбайсыз-ғой, мұның бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Өзіңіз ойланып көріңізші, егер де тыныс алуды өзіміз басқарсақ, жүргенде, жүгіргенде, тауға шыққандағы әрбір тыныс алуымызды есептеп, соны ойлап басқа дүниелерге назар аудармақ түгілі, бір секунд та уақыт таба алмас едік. Егер осылай болатын болса, түнде ұйқы кезінде не болар едік? Біздің миымыз осы қызметтің барлығын мойнымыздағы басты салатамырларда (артерияларда) орналасқан арнайы рецепторлар арқылы басқара алады екен. Қан құрамында оттегі (О2) азайып, көмірқышқыл газы (СО2) көбейіп кетсе, осы рецепторлар миға хабар жібереді. Ми өз кезегінде тыныс алу бұлшықеттеріне өкпенің тез, әрі терең дем алуы үшін хабар береді. Тыныс алу процесі мұрын қуысынан басталады. Мұнда еш ерекшелік жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ та оның құрылысының күрделілігі мен қызметінің аса маңызды, сан алуандығына назар аударсақ, осының өзінен Алланың даналығын сезінуге болады.

Мұрнымыз ауаны тазартқыш, жылытқыш, салқындатқыш, ылғандан-дырғыш, т.б. көптеген қызметтер атқарады. Күн сайын 50 шаршы метр ауаны тазартып, ауа тым салқын болса жылытып, ыстықтау болса салқындатып, әрі ылғалдандырады. Мұрын қуысында арнайы жасушалар бар, олар жабыс-қақ сұйықтық бөліп шығарады. Осы сұйықтықта мұрын қуысына келіп түскен микробтар мен шаң-тозаң жабысып, ұсталынып қалады. Сұйықтыққа жабысқан шаң-тозаң мен микробтар мұрын қуысында толып қалмас үшін, мұрын қуысындағы арнайы жасушалар әрбір 20 минут сайын жабысқақ сұйықтықты жаңар-тып отырады. Сонымен қатар, мұрын қуысында мыңдаған өте ұсақ талшық-тар болады. Сонда бұл талшықтардың қажеті не еді, эволюционистердің айтуы бойынша өздігінен пайда болған ба? Бұл талшықтар секундына он рет діріл тәрізді өте жылдам қозғалыстар жасаса және де мыңдаған талшықтардың барлығы тек бірдей қозғалса, қалай ғана өздігінен пайда болды деп айта аламыз? Осының көмегімен жабысқақ сұйықтықтың ескі қабаты жұтқыншаққа қарай итеріліп тасталынып отырады. Жұтқыншақтан әрі асқазанға барып түседі де, асқазан сөлімен залалсыздандырылады. Өйткені, асқазан сөлі микробтарды өлтіретін бактерицидтік қасиетке ие. Жоғарыда аталған қызметтер болмаған болса, адам өкпесі тез шаң мен микробқа толып, аз күннің ішінде өкпе қабынуының салдарынан адам өліп кетер еді!

Кейде біз бір нәрсеге қол жеткізе алмай, ауруға шалдығып немесе үлкен бір сәтсіздіктерге ұшырап жатсақ, ең алдымен айтар сөзіміздің «Мен соншама Құдайға не жазып едім?! Мен не істедім соншама?!» болғаны еш жалған емес шығар?! Ал, Алланың бізге өміріміздің әрбір сәтінде орасан зор махаббаты мен қайырымын төгіп тұрғанын білесіз бе? Біздерге осыншама жақсылығын аямай беріп тұрған Тәңірімізге өзіміз алғыс ретінде бір нәрсе істей алдық па? Алланың біздерге бұйырған күнделікті 24 сағаттың барлығы бір-ақ сағатын алатын бес уақыт намазы мен жылдың бір айы ғана болатын оразасын орындап жүрміз бе? Тіпті, жұма күні жуынып, шайынып, хош иістеніп, таза киіміңізді киіп, жұма намазына барып, имамның уағызын тыңдап, ата-баба әруағына құран-хатым оқыттыңыз ба? Күнделікті өміріңізге ылғи харам нәрселерді араластырып, харам сөйлеп, харам жолмен табыс тауып, Құдайды есіңізге де алмай тәп-тәтті сайран салып жүрдіңіз де, аяқастынан үлкен сәтсіздікке ұшырап, барлық сауық көз алдыңыздан әп сәтте ғайып болғанда: «Мен соншама құдайға не жазып едім?! Мен не істедім соншама?!» деуіңіз әбестік болар! Алла тағала адамзат баласын соншалықты сүйіп жаратқан және де өзінің ешбір басқа жаратылыстарына берілмеген бір сыйлығын тек адамзат баласына ғана сыйлаған! Ол - ақыл. Егер де сізге бір бейтаныс, ешқашан сіз көрмеген, білмейтін адам келіп, сізге өте қымбат, тамаша бір бұйым сыйлап кетсе, сіз міндетті түрде ол адамның кім, қандай екенін, ол сыйлықты не үшін бергенін білуге ұмтыларыңыз хақ. Өзіңіз алғыс ретінде дәл сондай қымбат сыйлық бере алмасаңыз да, ол адамға шексіз түрде рахмет айтарыңыз сөзсіз. Әр кез есіңізге түскен кезде, жүрегіңізде ерекше жылылық пайда болады емес пе?! Міне, сол сияқты, бізге барша ғаламның Иесінің Өзі берген сыйлықты дұрыс қабылдай біліп, сол сыйлықтың алғысы ретінде оны Алланы тану жолында аямай жұмсасаңыз, сіз, ешқашан еш нәрседен ұтылмайсыз! Абай атамыз да: «Адамшылықтың алды - махаббат, ғаділет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ. Ол - Жаратқан Тәңірінің ісі. Бұл ғаділет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деп қалай тамаша айтқан.

Сонымен, біз не үшін тыныс аламыз? Тыныс алу жүйесі ағзаға оттегіні жеткізіп, көмірқышқыл газын сыртқа шығарады. Сонда бізге керегі оттегі болғаны. «Ал, оттегі не үшін керек?» деген орынды сұрақ туады. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, біз не үшін тамақтанамыз деген сұраққа жауап берейік. Әрине, «ас - адамның арқауы», тамақ арқылы біз ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер, минералдар, су, т.б. ағзаға қажетті заттарды аламыз, яғни ол - күш, қуат көзі. Міне, оттегі, тамақ молекулаларынан осы қуат көзін бөліп алу үшін қолданылады екен. Оттегі ағзаға біраз уақыт түспей қалса, ағзамыз оттегі жетіспеушілігі салдарынан өте үлкен зардап шегеді. Әсіресе, ми мен жүрек тіндері аса сезімтал келеді. Оттегін қолдану арқылы қуатты алғаннан кейін су мен көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Ал, осы оттегін қандағы қызыл қан түйіршіктері эритроциттерге жеткізу мен ағзаға қажетсіз қанға шығарылған көмірқышқыл газын шығарып тастау қызметі осы тыныс алу жүйесіне жүктелген екен. Ал енді өкпеміз осы өте қиын, әрі маңызды жұмысты еш ауытқусыз, сондай дәлдікпен, белгілі бір реттілікпен қалай атқаратынына назар аударайық. Тыныс алу жүйесінде көк ет пен қабырға аралық бұлшықеттер деп аталатын арнайы тыныс алу бұлшықеттерінің қызметтері айрықша. Олар дем алу мен дем шығару қызметтеріне қатысады. Біз демімізді ішке алғанда, бұл арнайы бұлшықеттер жиырылып, қабырғалар жоғары көтеріледі, соның нәтижесінде, кеуде қуысы кеңейіп, өкпе ауаға толып, ұлғаяды. Өйткені, мұндағы қысым атмосфералық қысымнан әлдеқайда төмен болады да, ауа сырттан ішке қарай жылжиды. Ал енді дем шығарған кезде, булшықеттер жазылып, кеуде қуысы өзінің қалпына келеді де, өкпедегі ауа сыртқа итеріліп шығарылады.

Өкпеге ауа трахея арқылы өтеді. Бұл трахея жай ғана ауа өткізгіш түтікше, ал осы түтікте Құдайдың қандай даналығы бар екен деп кейбіреулері ойлануы мүмкін. Бұл түтікшенің негізін 16-дан 20-ға дейінгі «С» әрпі тәрізді шеміршектер құрайды, яғни толық емес жарты сақина тәрізді. Шеміршектері жоқ «С» әрпінің ашық жағы өңешке тиіп тұрады. Неге өңешке тиіп тұрған жағында шеміршек жоқ, неге ол тек «С» әрпіне ұқсас жарты сақина емес, «О» әрпіндей толық шеміршекпен қапталмаған? Осыны ойланып көріңізші? Осы жерден де біз Алланың даналығын көреміз! Егер де кеңірдегіміз толықтай «О» әрпіндей толық шеміршектен қапталған болса, өңеш арқылы жұтынуымызға кедергі келтіріп, әрбір тамақ жұтуымыз қиынға соғар еді! Бұл шеміршек жартылай сақиналары трахеяны ылғи да ашық қалпында ұстауға септігін тигізетін мықты болып келеді. Бірақ, олар сонымен қатар жұмсақ, әрі майысқақ келеді, бұл қасиеті арқылы мойын қисая алады. Трахея екіге бөлініп, бірі оң, екіншісі сол өкпеге барады. Олар өз кезегінде үлкен, кіші бронхтарға бөлініп, тоғай бұтақтары тәрізді тарамдалып, ерекше кейіпке енеді. Бұл одан әрі «бронхиолалар» деп аталатын одан да кіші түтікшелерге бөлінеді. Барған сайын саны артып, диаметрі кішірейе береді. Бронхиолалар бөліне келе өте ұсақ көптеген қантамырлармен қоршалған қапшық тәрізді альвеолаларға айналады. Міне, тек осы альвеоларда ғана оттегі қанға өтіп, көмірқышқыл газы сыртқа шығарылады. Альвеолалар 0,25 мм диаметрлі өте кішкене шар тәрізді болып келеді. Шар тәрізді болуы оның ауда-нының аз орын ала отырып, неғұрлым үлкен болуына септігін тигізеді. Адам өкпесінде шамамен 500 миллионға жуық альвеола бар екен, барлық альвеола-ларды жазып, біріктіріп, бетінің жалпы ауданын есептесек 160 шаршы метр болады! Бұл аудан үлкен теннис алаңының ауданына тең емес пе?! Осындай ауданның үлкендігі және ауаның қанға жетуге дейінгі жолының қысқалығы өкпеде өте тиімді газ тасымалын жүзеге асырады! Альвеолаларда арнайы сурфактант деп аталатын керемет жасушалар бар. Бұл жасушалар беттік тартылуды азайтып, 0,0001 мм ғана болатын альвеола қабырғаларының бір-біріне жабысып қалмауын қамтамасыз етеді! Және де альвеолалардың тағы да бір қызық қасиеті - оның қабырғаларында макрофагоцит деп аталатын ақ қан түйіршіктерінің жүруі! Бұл жасушалар теңіз түбіндегі балықтар тәрізді қозғалып жүріп, жоғарғы тыныс алу жолдарының тазартқыш жүйесінен өтіп кеткен барлық зиянды заттарды жойып отырады! Осы қасиеті арқылы өкпеміз ұзақ уақыт бойы түрлі ауруларға төтеп бере алады. Осының өзінен біз шексіз білімнің иесі Алланың құдіретін сезінеміз! Осы жазылғандардың ішінен адам ағзасының жаратылуындағы бір қателікті таба алдыңыз ба? Қанша ойланып, қанша іздесеңіз де, ешқашан бірде бір кінәратты таба алмайсыз! Онда жаратушының шебер сызбасы бар! Біз тек соны ғәна мойындай аламыз, тек Тәңіріміздің құдіреттілігіне ғана бас иеміз! Одан басқа біздің қолдан келер ештеңе де жоқ!

Ойланып қарасақ, өкпенің қызметі өте қарапайым, оның жұмысы тек қанды оттегімен байыту, одан көмірқышқыл газын шығару болды. Бірақ, өкпеміз өте белсенді мүше болып келеді. Біздің әрбіріміздің өкпеміз арқылы күніне 12 тонна ауа, 6 тонна қан өтеді екен! Өкпеде 3 мың шақырымға жуық ауа өтетін жолдар бар! Біздің жүрегіміз үлкен теннис алаңына тең альвеолалар арқылы қанды небары 1,5 секундта ғана айдап өтеді! Бұл күніне 100 мың рет жүзеге асады! Осыншама қызметтер атқарса да өкпеміз күніне қолданылатын ағзадағы қуаттың тек шамамен 5 пайызын ғана шығын қылады! Сіз әлемде үлкен теннис алаңын күніне 100 мың рет жуып өтіп, осынша аз қуат шығындайтын қандай техниканы көрдіңіз? Көрмек түгілі, естіп те көрмеген боларсыз?! Біздер егерде, бір елде осындай техника жасап шығарыпты десе, таңданысымызды еш жасыра алмасымыз анық! Ойлап тауып, жасап шығарған адамдар неткен білімді, дарынды, керемет деп таң қалып, демімізді ішімізге тартамыз! Ал, осындай әлемдегі ең озық технологиялармен жасалған әрбір техниканың, дүниенің өзіміздің ағзамыздағы ешбір мүшемізбен бәсекелесе алмайтынын біліңіз! Өйткені, бізді және де біздер үшін жер бетіндегі барлық сұлу ғажайыптарды Алла тағала жаратқан! Біздің тыныстауымыз үшін жер бетін оттегімен байытып және сол оттегімен дем алуымыз үшін біздерге осыншалықты күрделі, тамаша және өте қарапайым жүйе - тыныс алу жүйесін сыйлаған Алланы біздің танымауымызға, оған алғыс ретінде құлшылық етпеуімізге болмас! Жүрегіміз әр соққан сайын «Алла» деп соқса, әрбір тыныс алғанымыз «бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп жүзеге асатынын есте ұстаңыз! Сондықтан, біз әрқашан тек бәрін білуші Аллаға жүгінеміз және сыйынамыз! Алла бәрімізді өзінің шүкіршілік етуші сүйікті құлдарының қатарынан болдырғай деп тілеймін! Әмин!

Қуантқан ЖАБАҒИН

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: