Сайтани сайттардан сақтанайық!

Сайтани сайттардан сақтанайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі таңда ғаламтор жүйесінің шапшаң дамуы ықылас білдіруші кім-кімнің де бұл желіге емін-еркін қосылуына мүмкіндік беріп, жол ашуда. Енді ол арқылы қажетті ақпараттарды еш қиындықсыз алуға, түрлі бейне түсірілімдерді көріп, музыка тыңдауға, әлемнің кез-келген елінің тұрғын-дарымен қарым-қатынас жасауға, көптен хабарласа алмай жүрген достарымыз бен сыныптастарымызды тауып алып, пікірлесіп, сырласуға, тиісінше мәліметтер алмасуға зор мүмкіндік туып отыр. Әрине, мұның бәрі, сөзсіз, ғаламтор желісінің артықшылықтары екені даусыз.

Бұл жүйе біз үшін тосын жаңалық болудан қалды. Қыр-сырына да қаныға бастағандаймыз. Пайдалы жағымен қатар өкінішке орай, оның зиянды тұстарының да жетерлік екеніне оған алданғандардың «әттеген-айлары» көзімізді жеткізе түскендей. Атап айтқанда, бұлар: алаяқтық жолмен біреудің ақшасын иемдену, жеке мәліметтерді ұрлау, авторлық құқыққа қол сұғу және т.б. Бұлардың ішіндегі ең сорақысы – нәпсіні қоздырып, азғындықты насихаттайтын тәнін саудалайтын жезөкшелік (жалаңаш әйелдердің суреттері) жарнамалары. Бірнеше жыл бұрын ғана бұл мәселе қазіргідей өзекті емес еді. Алайда, соңғы екі жылдың ішінде «жезөкшелік» қызмет көрсеткісі келушілер өздерінің сайттарын дамытып жетілдіре түсуге бар қабілеттерін аямай жұмсап бақты. Соның «нәтижесінде» бұл күндері кез келген сайтқа оның алдындағы жезөкшелікті насихаттайтын жарнамаларсыз кіру мүмкін емес. Мұндай әзәзілмен бетпе-бет кездесу қаупі туғандықтан, ата-аналар мен балаларының, жолдас-жоралар мен таныстардың бір-біріне ғаламтор арқылы қандай да бір ақпаратты көрсетуде қысылып, ұялатын деңгейге жетті.

Жалпы тәртіпке сәйкес, кез келген сайтқа кірерде SMS-ке тиісті нөмір бойынша хат жіберіп, оның кодын алуға болады. Мұның өзі әлі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бұл сайттарға кіруіне кедергі келтіретін. Ал, қазір желіде тегін кіруге болатын сайттардың саны өте көп.

Кейбір сайттар ізгі ниетті адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқына мүлдем сәйкеспейтін, тіпті жасөспірімдер тұрмақ, ересектердің де жүйкесіне тиетін небір әдептен жұрдай материалдарға толы.

Ең қауіптілігі сол мұндай ардан безген ұятсыздықтың бірте-бірте етек жая түсуі. Оларға кіру оп-оңай, оны дүниетанымы мен көзқарасы жаңа қалыптасып келе жатқан бала да, жасөспірім де көре алады. Мұндай әдепсіз де ұятсыз тірлікпен шұғылданушыларды қоғамда белгілі бір орны мен салмағы бар кәсіп иесі деп айта аламыз ба? Әлбетте, жоқ. Мұндай жолмен тапқан табысы адалға жатпайды, харам! Тіпті, оны қазақтың: «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтініне де жатқыза алмайсыз. Некесіз қосылатын жезөкшелік те, оған жеңгетайлық ету де аса ауыр күнәға жатады.

Әрине, мұндай сайттар шетелде жетерлік. Мұның зияндылығын ескерген бірқатар елдерде үзілді-кесілді тыйым салынған. Соның бірі – көршілес Қытай. Бұл елде биылғы қаңтар айының өзінде 1000-ға тарта порнографиялық сипаттағы сайттар жабылып, 42 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Алысқа ұзамай-ақ ТМД-дағы Белорусьты алайық. Бұл елдің Бас прокуратурасы жезөкшелікті насихаттап-таратудың жасөспірімдер үшін қауіптілігін ескеріп, мұндай сайттарды ашуға тыйым салды.

Ал, бізде «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының адамгершілік құндылықтарын аяққа басып, жезөкшелікті насихаттап, нәпсіні қоздыратын, азғындыққа шақырушы кез келген сайтты оның қаншалықты доменге ие екендігіне және қандай да заңға сүйенетініне қарамастан жауып тастауына толық мүмкіндігі бар. Бізде осы ғаламтор желісінде сайттарды үнемі қадағалап, адамгершіліктен аттап, ел бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіндеріне тиісті шара қолданып отыратын құзырлы мониторинг топты неге құрмасқа?

Жезөкшелікті жарнамалау – халықты азғындыққа шақыру. Жезөкшелік Алла тағаланың қаһарына ұшыратып, елге тосыннан апат әкелуі әбден мүмкін. Мұндай жерден Алланың өз берекетін көтеріп әкетуі де ғажап емес. Жалпы арсыздық пен азғындық ешкімге де абырой берген емес, керісінше абыройсыз еткен. Бұл хақында Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Арсыздықтардың ашық болғанына да, жасырын болғанына да жақындамаңдар» («Әнғам» сүресі, 151-аят),– деп ескертсе, ал сүйікті пайғам-барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадис-шәріпінде: «...Алладан басым ешкім жоқ, сол үшін Ол әшкере және жасырын арсыздықтарды харам етті», – деген.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді. Мұның мәні терең. Ұлтты ұлт ететін – ана. Ол бір данышпан айтқандай: «Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Осыдан да болар қазақ қызына жат жұрттық деп дүниеге шыр етіп келгеннен оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Еркелететін жерінде еркелетіп, тыйып ұстайтын жерінде әдептілік аясынан шығармаған.

Сондықтан да өсер ел «қызға қырық үйден тыю салған». Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуын барынша күстаналаған. Құнанбай сұлтан өз заманында Қодар мен келіні Қамқаны қаншама ру басыларының қатысуымен неге тас боратып өлтірген? Кейінгі ұрпаққа сабақ болсын деді. Зинақорлық пен некесіз қосылудың бұл дүниедегі жазасы осындай болған. Ал о дүниедегі жазасын тілмен жеткізу өте қиын. Тозақтың алаулаған отына күйеді... Жезөкшелікті ғаламтор сайттарында ашықтан-ашық жарнамалап, насихаттаушылар мұны білер ме екен?! Бұлар www.almatinki.com халықаралық кең ауқымды доменді пайдаланып, өздерін емін-еркін жарнамалауда. Алматы қаласы тұрғындарының бетінен отын шығарып ұялтушы сайттың белсенді әрекетін байқамау мүмкін емес. Қала үйлерінің қабырғаларына да олар өз мекенжайларын көрсетуде. Бұл сайттың жарнамалық баннері танымал www.resurs.kz каталогының бірінші бетіне берілген. Бұл – заң бұзушылық екені ақиқат. www.almatinki.com сайтының егіздің сыңарындай www.astaninki.com сайты тағы бар. Ал бұлардың ізін ала karagandinki.com, chimkentki.com және т.б. сайттары да қылаң бере бастады. Бұған да таңдануға болмас. Әдетте жаман іс-әрекет пен қылыққа дер кезінде тыйым салынбаса, тез жұғып, жылдам тарайды. Осылайша, халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын еліміздің ірі-ірі қалаларының жалпы тұрғындары туралы сайттардан оны пайдаланушы шетелдіктердің не ойлап, қандай ой-пікір қалыптастыратыны айтпаса да түсінікті. Жалпы біз «өлімнен ұятты жоғары» қойған халықпыз. Құзырлы орындар бұл сайттарды басын қылтитқаннан еңсесін көтерткізбей «тұншықтырып» жатса, қауіпті індет тарамай өз ұясында жойылары хақ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір топ діндарлары өз халқының ар-намысын жоғары санап, ел болашағына жанашырлық танытар деген үлкен үмітпен жоғарыда аталған сайттарға қатысты Республика Үкіметі мен Парламенті Мәжілісінің депутаттарына арнайы үндеу хат жолдады. Онда: «Аяулы да ардақты аналарымыздың атына кір келтірер, ұлтымыздың тамырына балта шабар бұл аса қауіпті дерт – зинақорлыққа тосқауыл қоюға Үкімет пен бүкіл халық қалаулылары бірлесіп бар күш-жігерлерін аямас деп сенім артамыз» делінген.

Қазірге сайтани сайттар итше күшіктеп, көбею үстінде. Бәрі де беттің арын белбеуге түйіп, жезөкшелікті табыс көзіне айналдырар белгілі кәсіп етуге жанын салуда. Бұған мұнан әрі жол беру, не біржола тыйым салу құзырлы орындардың оған қалай қарайтынына тікелей байланысты болып отыр. Сонымен аты жиіркенішті жезөкшелік мәселесі күнтәртібіне ашықтан-ашық көтерілді.

 

Оңғар ӨМІРБЕК

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: