Шариғат және құмар ойындар

Шариғат және құмар ойындар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жалпы, «мұсылман» сөзі «Аллаға бойұсынған» дегенді білдіреді. Адам баласы қандай амал істеп, нендей іс-әрекет жасаса да, Алла тағалаға бойұсынған қалпынан айнымай, шариғат шеңберінен ауытқымауы керек. Аллаға бойұсыну адам бойындағы қуану, демалу, ойнап-күлу және көңіл көтеру секілді игі қасиеттерге қайшы келмейді. Яғни Жаратқан Иеміз бізді ойын-сауықтан тыйған емес. Ол тек біздің көңіл көтерер әрекеттеріміз Ислам қағидаларына сәйкес келуін қатаң талап етеді.

Мұсылманның мұсылманмен жақын да жарқын қарым-қатынас жасауы - Алланың бұйырған жақсы амалдарының бірі. Бұл үмметтің бірлігіне бастайтын игілікті іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құдіретті әрі Ұлы Алла тағала айтты: «Бір-бірін Мен үшін жақсы көргендерге нұрдан жасалған мінберлер тағайындалған, оларға пайғамбарлар мен шейіттердің өзі қызығады», - дейді.

Ал бір Аллаға бойұсынған мұсылмандар арадағы ізгі қарым-қатынасты нығайту үшін қандай іс-әрекетке барғаны жөн? Міне, осы жерде біз ха-лық арасындағы пайдалы әрі пайдасыз ойындар туралы әңгіме қозғамақпыз.

РҰҚСАТ ЕТІЛЕТІН ОЙЫНДАР

Шариғатта рұқсат етілген көңіл көтерер ойындардың басты ерек-шеліктері - адамға пайдасы және мағыналы болуы тиіс. «Адамның денесі секілді, жүрегі де қалжырайды, сондықтан мағыналы ойын-сауық құрыңыздар», «Жүректі уақытымен демалдырып тұрыңдар, әйтпесе демалмаған жүрек соқыр жүрекке айналады» дейді Әли ибн Әбу Тәліб. Той-томалақтарда, салтанатты кеш-терде және сәби дүниеге келген кезде мұсылмандар бір үстел басына жиналып, өзара қуанышты бөліседі, сонымен қатар, шариғат әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстарға да ерекше назар аударады.

Жалпы, спорт адамның денсау-лығын жақсартып, өз-өзін сергек сезінуге күш беретіндіктен, мұндай жан күнделікті діни құлшылықтарын да құштарлықпен жасайтын болады. Өйткені, спортшыда қалжырау, еңсесі түсу деген болмайды. Қазіргі көпте-ген спорт түрлері адам бойындағы ептілікті, күш-жігерді, ширақ қимылдау қасиетін, жүректілікті арттыратыны белгілі. Сондықтан, Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарды спортпен шұғылдануға шақырған. Бірқатар сахих хадистерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүгіруден, күрестен жарысқа қатысқандығы, садақ ату, найза лақтыруға үндегені айтылады. Құран Кәрімнің «Әнфал» сүресінің 60-аятында: «Сендер де шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер», - дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Күшті мұсылман әлсізден гөрі жақсырақ», - деген сөзі осы ойымызды қуаттай түседі. Бұхариден жеткен бір хадисте Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір топ сахабалардың жанынан өтіп бара жатып, олардың садақ атудан жарысып жатқанын көргенде: «Атыңдар, мен сендермен біргемін», - деп айтқаны келтірілген.

Бүгінгі таңда да садақ ату, найза лақтыру секілді спорт түрлері олимпиада ойындары құрамында бар. Адамды ептілікке, күштілікке баулитын футбол ойыны мұсылман жастары арасында өте танымал әрі басты спорт түрі саналады. Бұл ойын жастардың бір-бірімен араласып, бауыр болуларына жағдай жасаумен қатар, жоғарыда айтқандай, денсаулыққа пайдасы зор. Сондықтан, футбол секілді спорт ойындарына, шариғат қарсы емес.

Алайда, қазіргі күні көптеген спорттық жарыстарға бәс тігу секілді харам істердің араласып кетуі және қарапайым ойын үшін екі тарап жанкүйерлерінің бір-бірін өлтіруге, екі жақ болып жауласуға дейін барып жатқандығы өкінішті.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ОЙЫНДАР

Шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады. Бұларға ақша тігілетін, тіпті ақша тігілмейтін барлық құмар ойындарды жатқызамыз. Құранда құмар ойындар арақ-шарапқа және пұттарға теңестірілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», - дейді (Бұхари, Мүслім). Яғни, құмар ойынға шақырғаны үшін ғана адам бұл күнәсін садақа беріп кетіре алады.

Бос уақытында құмар ойын ойнаған мұсылман одан көңіл де көтере алмайды, демала да алмайды және одан ақша да таппайды. Лоторея, яғни ұтыс ойындары және бәс тігу секілді ойындар адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді қылып қояды. Құмар ойынға салынған адам Алла тағала бұйырған пайдалы да парыз істерден мақұрым қалады.

Лотореяда ойламаған жерден асығы алшысынан түскен адам маңдай терімен еңбек етпей-ақ, біреудің ақшасын көзін бақырайтып қойып, тартып алып, қалтасына басқандай болады. Бірақ, бүгін ұтқан ақшасынан ертең ұтылып қалып жатады. Әрине, мұндай құмар ойындарға Ислам түбегейлі қарсы.

Қараптан-қарап ақшаларынан айырылып қалып жатқан ойыншылар мұндай жағдайда бір-біріне жауығып, өшіге бастайды. Бүгін біреуден ұтылса, ертең кегімді алам деп, құмар ойынға қайта салынады. Бүгін ақша ұтып, қалтасы қампайған адам «нәпақа табу қандай оңай!» деген оймен, табысын еселей түсу үшін, «жындыхананың» маңынан шықпай қояды.

Алайда, құмар ойынның бағзы заманнан келе жатқан тәртібі қатаң: бүгін ұтсаң, ертең ұтылдың, ақша бүгін бар да, ертең жоқ. Сөйтіп, құмарға кірген адам өз-өзін тоқтата алмай, күндердің күні бар байлығын шашып бітеді.

Ал бұның адамның өзіне де, қоғамға да пайдасы жоқ. Біріншіден, ол алтыннан да қымбат уақытты өлтіреді. Екіншіден, адам Алла алдындағы құлшылық істерді айтпағанда, қоғам үшін де пайдалы нәрсе жасаудан қалады. Егер адамның бәрі құмар ойыншы болып кетсе, үйлерді кім салады, азық-түлікті кім өндіреді? Мұндай ойынхананың тұрақты қонағына айналғандар тіпті сол жолда өз дінін, ар-намысын, ұятын сатуға дейін баруы ықтимал.

Сондықтан да, Құран Кәрімде құмар ойындар мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетілген. Құдіретті Алла тағала: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?», - дейді «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында.

МЫСАЛЫ...

Құмар ойындардың бірі - жоғарыда аталған лоторея, яғни ұтыс бәйгесі. Оның қандай түрінен болсын, бас тартқан ләзім. Қазір елімізде телеарналар арқылы да жүргізілетін ұтыс ойындары бар. Құмар ойын арқылы ақша табам дейтін адамды жезөкшелік арқылы нәпақа тапқысы келген қызбен теңестіруге болады. Алла тағала алдында тек көркем іс-әрекеттер, амалдар ғана қабыл, сондықтан біздің өмірдегі кез келген материалдық табысымыз көркем әрекет нәтижесінде, еңбекпен, маңдай термен келуі тиіс.

Тыйым салынған ойындар қатарында бүгінгі таңда көп ойналатын нарданы да атауға болады. Мұны ойнаған адам кездейсоқ сәттілік арқасында ғана жеңіске жетеді, бұл миды, күш-жігерді арттыратын сайыс емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нарда ойнаған адам шошқаның еті мен қанына қолын тигізгенмен бірдей» (Мүслім), «Нарда ойнаушы Аллаға және Оның елшісіне құлақ аспаған болады» дейді (Ахмад, Әбу Дауд).

Картамен ойналатын ойындардың көпшілігі де құмарға жатады. Сондықтан, олардан да бас тартқан абзал. Ал шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, т.б. спорттық ойындар болып табылады. Бұлар адамның ойлау, есте сақтау қабілетін, логикасын жақсартады. Әрине, кейбір Ислам ғалымдары бұлар адамның көп уақытын алады деп, тыйым салынғандар қатарына жатқызған. Алайда, көпшілік мұсылман ғұламалары бұл ойындардың адамға пайдасы зор деген пікірде болған. Сондықтан, әсіресе қазақтың тоғызқұмалақ ойыны шариғат талаптарына толық жауап береді деп айтуға негіз бар.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: