Тақуалық туралы түсінік

Тақуалық туралы түсінік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Тақуалық» сөзiнiң түп негiзгi мағынасы – «аз сөйлеу». Сонымен қатар, «сақтау», «қорғау» және «жеккөрiнiштi, әдепсiз, зиянды нәрседен аулақ болу» мағыналарында кеңiнен қолданыс тапқан. («Ислам энциклопедиясы»).

Шариғи мағынасына келер болсақ, тақуалық-тың мәнiсi – тек күнәлi және ұятты iстен сақтанумен шектелмей, өзiне игiлiк iстеу және Жаратушыға бойұсыну ұғымдарын да қамтиды.

Адам баласы әр iсiне мұқият болып, Қиямет күнi Алла тағаламен жүздескенге әзiрленуi – тақуалықтан. Ал тақуалық дегенiмiз – Алла тағалаға бойұсынып, шариғатқа сай тiршiлiк ету, күнә iстеуден сақтану.

Алла тағала айтады: «Игiлiк – намазда жүздерiңдi шығыс, не батысқа қаратуда емес. Бірақ, игiлiк Алла тағалаға, Ақырет күнiне, перiштелерге, Кiтапқа, пайғамбарларға иман келтiруде, өзi жақсы көрген малын туыс-жақындар мен жетiмдерге, кедейлер мен жолаушыларға, жәрдем сұраушыларға және құлдықтан азат ету жолына жұмсауда, намаз оқу мен зекет беруде, уәденi орындауда, қиыншылық пен қасiретке және Алла тағала жолындағы күресте сабырлық етуде. Осы iзгi сипаттарды иеленгендер имандарында кiршiксiз адал болғандар және шын тақуалар» («Бақара» сүресi, 177-аят).

Маймун ибн Миһран (р.а.) тақуа адамды былайша сипаттайды: «Жолдасының азығы мен киiмi қандай жолмен келiп жатқанына сын көзбен қарағанындай, өзiнiң де iшiп-жегенiне сын көзбен қарамайынша ешбiр пенде тақуа бола алмайды» («Тухфатүл-Ахуази»).

Осы себептен ғалымдар «тақуалық» сөзiнiң шариғи мағынасына қатысты: «Тақуалық – Алла тағалаға, Оның қаһары мен азабынан сақтану мақсатында, бойсұнып әмiрлерiн орындау», – деген («Ислам энциклопедиясы»).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тақуа-лықтың сипаттамасына қатысты айтады: «Сырт көзге жақсы болып көрiнгенiмен, бiрақ iшi күмәндi болған нәрседен сақтанбайынша пенде тақуалар қатарына қосыла алмайды» («Сунәну Ибн Мажәһ», 4215).

Убәй (р.а.) Омар ибн Әл-Хаттабтан (р.а.) тақуалық жайында сұрағанда, ол: «Сен тiкенегi бар жолмен жүрдiң бе?», – дедi.

– Иә, жүрдiм.

– Сонда қалай жүрдiң?

– Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.

– Мiне, тақуалық дегенiмiз осы («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Алла тағаланың адам баласына қойған алғашқы талаптарының бiрi – тақуа болу («Аъраф» сүресi, 26-аят). Сонымен қатар, Хақ тағала барлық пайғамбардың үмметiне тақуа болуды мiндеттеген («Ниса» сүресi, 131-аят).

Тақуалықтың артықшылығы мәселесіне келер болсақ, тақуалық барлық жақсылықтың негiзi. Өйткенi тақуалық Алла тағаланың разылығын, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) достығын және екi дүниенiң игiлiгiн нәсiп етедi.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Менiң досым араларыңдағы бiреудiң ұрпағы емес, бәлкiм, тақуаларың» («Канзүл-Ъүммәл», 5661).

«Алла тағала Қиямет күнi белгiлi уақытта (яғни, Қиямет күні) адамдарды жинап, бәріне естiртiп: «Уа, адамдар! Мен сендердi жаратқан күннен бастап осы кезге дейiн өз ерiктерiңе қойдым. Ендi амалдарыңа есеп бересiңдер. Мен өзiммен қатынас жасаудың жолын белгiледiм. Сендер де өзара мансап, атаққа қарай қатынаста болу жолдарын белгiледiңдер. Алайда, сендер Менiмен қатынаста болудан гөрi, тек өзара қатынаста болуды артық көрдiңдер. Мен: «Тәңiрлерiңнiң жанында ең жоғары дәре-жеге тақуаларың ие болады», – дедiм. Алайда, сендер бар болғаны: «Пәленше ұлы пәлен-ше пәленшеден дәулеттi», – деген сөздi есту мақсатында Маған қарсы келдiң-дер. Бүгiн Мен сендермен қатынасымды үзiп, Менiмен қатынаста болғандардың мәрте-бесiн көтеремiн. Тақуалар қайда?», – дейдi. Осыдан кейiн тақуалар үшiн ту көтерiлiп, олар туға ерiп жәннатқа сұрақсыз кiредi» («Тахрижү әхәдисил-Их'йа»).

Тақуа адамға берілетін артықшылықтар:

1. Алла тағаланың разылығы мен сүйіс-пеншілігіне лайық болады («Әли Имран», 76. «Тәуба», 4);

2. Алла тағаланың сүйiктi құлына айналады («Юнус», 62-63);

3. Осы дүниеде және Ақыретте Алла тағаланың құрметiне лайық болады («Хужүрат», 13);

4. Жәннатты үйi ретiнде иеленедi («Нәхл», 30. «Мәриям», 63);

5. Жаратушы Ие тақуалықты берекеге қол жеткiзу құралы етеді («Талақ», 2-3);

6. Тақуалықтың сыйы тек жәннат болады («Әли Имран», 133);

7. Тақуалық жүректі пәктеп, соның нәтижесінде бүкіл дене жаман қасиеттерден тазарады («Сунәну Ибн Мажәһ», 3984);

8. Тақуа пенде екі дүниеде де Жаратушының рахметіне бөленеді («Ағраф», 156);

9. Тақуа адам Алла тағаланың қамқорлығына қол жеткізеді («Нәхл», 128);

10. Тақуа пенде екі дүниеде де түрлі бәледен аман болады; («Ағраф», 35. «Зумәр», 61. «Талақ», 2-3).

11. Тақуалық адамның жүрегін нұрландырып, нәтижесінде ол ақиқатты жалғаннан айырады («Әнфәл», 29);

12. Тақуалық пендені лағнеті шайтаннан қорғайды («Ағраф», 201);

13. Тақуа пенде мол сауапқа қол жеткізеді («Талақ», 5. «Әли Имран», 179);

14. Тақуа адам дұшпанның қастығынан аман болады («Әли Имран», 120);

15. Тақуа пенде екі дүниеде де сәттілікке қол жеткізеді («Ағраф», 128. «Нұр», 52);

16. Тақуалық – азықтың абзалы («Бақара», 197);

17. Тақуаның амалдары қабыл («Мәида», 27);

18. Тақуалық күнәлардың кешірілуіне септігін тигізеді («Хадид», 70-71);

Хақ тағала баршамызға тақуа және Өз разылығына лайық болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

Мұхаммад Қайсар,

Алматы қаласы

«Ислам және өркениет», №15 (231)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: