Рақымды Пайғамбардың бойындағы зүһд, тақуалық және нәпсі тәрбиелеудің жолы

Рақымды Пайғамбардың бойындағы зүһд, тақуалық және нәпсі тәрбиелеудің жолы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Мырзамыз барлық адамзатқа Жаратушының сыйы әрі адами болмыстың нағыз үлгісі. Сондықтан әркім өз бақыты үшін шама-шарқына қарай оған еліктеп, оның ізімен жүруге зәру. Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірі Ислам дінін өз деңгейінде ұстанып, жүзеге асыруда керемет үлгі. Дегенмен шын мәніндегі Пайғамбарымыздың ақиқат жолынан өз үлесімізді ала білу үшін аса назар аударатын бірнеше мәселелер бар:

1. Кейбір іс-амалдар тек пайғамбарларға ғана тән күш-қуат пен қабілеттің арқасында орындалады. Өзге адамдар мұндай істерді атқаруға күш жеткізе алмайды. Мысалға айтар болсақ, анда-санда емес, күн сайын аяқтары іскенше түнгі уақытын намаз оқумен өткізу, «сауму уисал» яғни ауыз ашпай бірнеше күн ораза ұстауды жалғастыру және т.б. сияқты. Сондықтан Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай тауқіметі биік ерекше жағдайлар туралы мұсылмандарға ескерткен еді.

2. Хазіреті Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) кейбір амалдары мен іс-әрекеттері оған ғана тән және өзіндік сырлар мен қажеттіліктерден туындаған. Мәселен, төрттен көп әйелге үйленуі, өзі мен отбасындағы жандардың қияметке дейін зекет пен қайыр-садақа алуына тыйым салғаны сияқты.

Пайғамбар әулетінің зекет пен садақа алмағандығы туралы көптеген мысалдар бар. Соның бірі:

Бір күні Хазіреті Хасан (радиАллаһу анһу) Қағбаны тауаф етіп болған соң, Мақаму Ибраһимде екі рәкәғат намаз оқыды. Сонан соң сол жерде тұрған күйі қайтадан сәждеге жығылып, жылай бастады:

«Уа, Раббым! Сенің мына кішкентай да әлсіз құлың есігіңе келіп тұр. Аллам! Әлсіз қызметкерің есігіңе келді. Ей, Раббым! Тіленшің есігіңе келді. Сенің есігіңе келді!» деп, есінен танғандай, осы мінәжәтын қайталап жатты.

Біраз уақыттан кейін ол жерден кетіп, жол бойында кеуіп қалған нанмен қарындарын тойғызып жатқан кедей адамдарды жолықтырды. Сәлем берді. Олар Хазіреті Хасанды тамаққа шақырды. Хасан (радиАллаһу анһу) олардың қасына отырып:

«Мына нанның садақа емес екендігін білсем, сендерге қосылып жер едім. Қанеки, жүріңіз. Біздің үйге барайық!» - деді.

Сөйтіп, кедейлер онымен бірге үйіне барды. Хазіреті Хасан (радиАллаһу анһу) оларды тамақтандырды, киіндірді және қалталарына біраз ақша салды». (Әбшиһи, әл- Мустатраф, Бәйрут 1986, 1, 31)

Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өз үлесіне тиесілі болған олжаларды дер кезінде хайырға (сауап, игі жолға) жұмсап таратуы және дүниеден озып бара жатқан кезінің өзінде, төменде баяндалғандай ұқыптылық танытуы қандай ғибратты десеңізші!

Алла Расулі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) науқастанып, хал үстінде жатқан-ды, яғни Раббысына қауышудың уақыты әбден таяған еді. Сол күндердің бірінде Айшаға (Алла оған разы болсын) қарап, қасындағы алты-жеті динар ақшаны пақырларға таратуын бұйырды. Біраз уақыттан соң әлгі ақшаны не істегендігін сұрады. Оның науқастығы салдарынан жан таласып жүрген Хазіреті Айшаның ақшаны таратуды ұмытып кеткендігін білгенде, сол ақшаны сұрады да қолына алып:

«Алланың Пайғамбары Мұхаммед бұларды кедейлерге таратпай тұрып Раббысына қауышуды жөн көретін емес!» - деді. Сонан соң ақшаның барлығын ансарлық бес кедей отбасыға бөліп берді. Сонда:

«Міне, енді тынышталдым» - деді. Кейін жеңіл ұйқыға кетті. (Ахмед 6/104; Ибн Сағд 2, 237-238)

Ұбайдуллаһ ибн Аббас айтады:

Бір күні Әбу Зәр (радиАллаһу анһу) маған:

– Ей, баурымның баласы! (Саған бір әңгіме айтамын):

– Бір жолы Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында едім. Қолымнан ұстап:

– Ей, Әбу Зәр! Ұхұд тауы мен үшін алтын мен күміс болса, барлығын Алла жолына жұмсаймын, жан тапсырған кезімде одан бір қырат[1] та болса қолымда болуын қаламас едім» - деді.

Мен:

– Уа, Расулуллаһ! Қырат па, әлде бір қантар ма, қайсысын қалдырмас едіңіз? - деп сұрадым.

– Ей, Әбу Зәр! Мен азайтып тұрмын, сен көбейтіп тұрсың (яғни титтей де болса дүниелік қалдырмас едім). Мен ахіретті қалап тұрмын, сен болсаң дүниені. Бір қырат қалдырмас едім, бір қырат, бір қырат! - деп үш рет қайталады. (Һәйсәми Х, 239)

Алла Расулінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл аса жоғары ахуалы бейне бір жұлдыздардағы өлшемдер іспеттес. Оған еліктеп, жолын қууға міндетті болған үмметі бұған жауапты емес. Үммет өкілдері дәл сол өлшемдер бойынша амал қолдануы дұрыс емес. Онсыз да бұған күш келтіре алмайды. Өйткені мұндағы ерекшелік тек оған ғана тән.

Хазіреті Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне ғана тән ерекшеліктер тек осы айтқандарымыздан ғана тұрмайды. Хазіреті Пайғамбардың (аләйһиссаләту уәссәләм) мирас мәселесі туралы өзіндік ұстанымын өзгелер үлгі тұта алмайды. Сондай-ақ Оның:

«Біз – Пайғамбарлар мирас қалдырмаймыз» (Бұхари, Фардул- Хумус 1) деп, қолындағысының барлығын көзі тірісінде таратуын, мұсылмандар өздеріне үлгі ретінде қабылдай алмайды.

Хазіреті Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қолына түскен мүлікті инфақ қылып, яғни таратып көбінесе пақыр күйде өмір сүруді таңдағаны да шындық. Бұл ұстаным да оның жеке дара тұлғасына тән қажеттіліктің көрінісі ретінде іске асатын-ды. Осы орайда пақырлыққа нақты түрде ынталандыру бар деп ойлап қалмағанымызды ескеріп өткеніміз жөн болар. Керісінше ол орнатқан «Берген қол алған қолдан артық,үстем» (Бұхари, Зекет 18/50) деген қағидасы арқылы бере алатын жағдайда болу, яғни заңды жолдармен бай болуға ынталандырады.

Сол себепті пақырлық хақындағы үкімдер оған ынталандыру мәнінде емес, иләһи тағдырға разы болу, тәуекел мен берілуге (тәслім) арналған үкімдер болып табылады.

3. Зүһд пен тақуалыққа сай ғұмыр кешу, артықшылық, белсенділік және Хазіреті Пайғамбарға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жақындай түсу болып табылады. Алайда, қоғамдағы барлық адамдарды мұндай өмір сүруге күштеуге болмайды. Өйткені, бұл күш-қуат пен қабілетке байланысты жағдай. Сондықтан дүние нығметтеріне қарсы тұру, оларға мән бермеуді бейнелейтін зүһд пен тақуалық қоғамдық өмірдегі күшке, тәртіпке зиян тигізеді, соның салдарынан мемлекет дұшпандарынан артта қалып қояды, жеңіліске ұшырап быт-шыт болады деп ойламау керек. Барлық қоғам мүшелері атқаруға міндетті болған және шариғат өлшемдеріне сай түрдегі іскерлік пен құлшыныс сондай бір ыңғайсыз жағдайдың алдын бөгейді әрі жояды. Екіншіден «Екі күні бір-біріне тең болған адам зиян шегуде» деген қағидамен дүние нығметтеріне ілтипат танытпау, көңіл бөлмеу деген мағынаны білдіретін зүһд пен тақуалықтың арасында қайшылық бар екендігін айта алмаймыз. Өйткені негізгі мағынасы бойынша дүниеден күдер үзу дегеніміз – көңіл тоқтығы тұрғысынан іске асып, іс-пиғылдан гөрі жүрек пен сана әлемінде іске асатын жағдай болып табылады. Сондай-ақ Хазіреті Мәуләнә құдисә сирруһ былай деген:

«Дүние – Алладан ғапыл болу, қапыда қалу. Дүние дегеніміз ақша, әйел және киім-кешек емес. Осыны жақсы білгейсің!»

Демек, дүниенің жүректен орын алмауы және жұмсаған кезде ысырапқа бармау шартымен көптеген мал-мүлікке ие болу зүһд пен тақуалыққа қайшы емес. Алайда сүйіспеншілік жүрегімізді жаулап алған болса және соның салдарынан пұт іспеттес болған азғантай мал-мүліктің зүһд пен тақуалыққа қайшы екендігі аңғарылса бұл шындық жақсырақ түсінілген болар еді. Пайғамбарлардан Сүлеймен аләйһиссәләмның және қадірменді сахабалардан Хазіреті Әбу Бәкір, Хазіреті Осман, Хазіреті Талха және Хазіреті Абдуррахман ибн Ауфтың (радиАллаһу анһум) жағдайы бұл туралы нендей жақсы үлгі болады.

Екіншіден, кейбір зүһд пен тақуалық жағдайлар адамның көңіл тоқтығынан емес, мүмкіншілігі болмағандығынан, қолы қысқа болғандығынан туындаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қарсы келмей, Хақ Тағаланың үкіміне, бұйырғанына шын көңілден разылық таныту, негізінде зүһд пен тақуалықтың өзі болып табылады. Алайда адамның қолында бар бола тұра жоқ сияқты ұстанымда болуы зүһд пен тақуалықты қате түсінгендігінен туындаған жайт.

Мысалға, Хазіреті Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) кей уақыттары амалын таба алмағандықтан, аш қалғанда қарнына тас байлап жүргені сияқты жағдайлар зүһд пен тақуалықтың өзегі болып табылады. Сонымен қатар ғапыл, бейқам адамдарды жақсылық жасауға, хайыр істерге ынталандыру бағытында иләһи нығметтерді мойындап, шүкірлік айту дегенді білдіретін «тахдису нығмет» нығметті көрсетудің әсіресе молырақ инфақ қылу, яғни қайыр-садақа беру арқылы іске асқаны зүһд пен тақуалыққа жатады. Ал, қолындағы дәулетін жасыру үшін өзін-өзі мақрұм адам сияқты көрсету болса, сараңдығын тақуалықты жамылу арқылы жасырған болады. Алайда, адамның өзін және де басқаларын осылай істеп алдағаны мүлде дұрыс емес.

Бұл өлшемдер талқыланғанда Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) адамзаттың ең тақуасы екендігін байқаймыз. Ол тақуалықты ұстап пақыр күйде ғұмыр кешті. Айша (радиАллаһу анһа):

«Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір бойы екі күн қатарымен арпа ұнынан піскен нан жемей дүниесін ауыстырды…» деген. (Бұхари, Әймән 22; Ибн Мәжә, Әтғим 48)

Әнәс (радиАллаһу анһу) былай жеткізеді:

«Адамдар кейде Пайғамбарымызды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) арпадан жасалған нан мен бұзылып бара жатқан құйрық май не іш майды жеуге шақыратын. Ол ұлы тұлға да бұл шақыруға баратын-ды». (Ибн Сағд 1, 407; Һәйсәми 9, 20; Бұхари, Бүюғ 14)

Ол өз сауытын еврейдің біріне кепілдемеге (залогқа) берген еді. Бірақ қолындағысын үнемі хайырға жұмсағандықтан, әлгі сауытын қайтарып алатын қаржылай мүмкіндік таба алмай дүние салған еді. (Бұхари, Жиһад 89; Буюғ 14)

Бұлардың барлығы иман шаттығына бөлене отырып жасалған жомарттық пен жан кештіліктің ең күшті мысалдары болып табылады.

Сонымен қатар Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) халал азық-түлікті зүһд пен тақуалық деп, адамның өз нәпсісіне харам қылуына тыйым салған еді. Ол халал азық-түлікті ішіп-жейтін-ді. Бірақ, ешқашан «мынау халал ғой!» деп, өлгенше тойып жемейтін-ді. Тіпті бір кезі алдында кекірген бір адамға:

«Кекірме! Өйткені, дүниеде көбірек тойғандар қиямет күнінде ұзақ уақыт аш қалатындары» деп ескерту жасаған еді. ( Тирмизи, Қиямет 37/2478)

Ол басқа бір хадис шәрифінде болса, адамдарды тамақ құмар болмауға үгіттеу ретінде:

«Ешбір адам асқазанындай қауіпті бір ыдысты толтырмаған. Алайда, адамға өзін-өзі аяқта тік ұстауға жететіндей бір неше шайнамдық тамақ жетеді… Қайткенде де, көбірек жеуден басқа амалы болмаса, асқазанының үштен бір бөлігін тамаққа, екінші үштен бір бөлігін сусынға, ал қалған үштен бір бөлігін болса дем алуға бөлуі керек!» (Тирмизи, Зүһд 47/2380) деп ішіп-жеудегі орташа жолды білдірген еді.

Бұл көркем өнегелер адам баласының әуесқойлықтары мен ашкөздігін тізгіндеуге арналған керемет мысал болып табылады. Сондықтан Хазіреті Мұхаммедтің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мектебі қоғамның ең әлсіз, төменгі сатысындағы пақырлардан әл-ауқаттылар мен мемлекет қызметкерлеріне дейін қоғамның әр сатысындағы адамдарды кемелді әдіс-тәсілмен және сондай керемет бір ортада тәрбиелеген. Сондай-ақ адамдар оған тәуелді болған мөлшерде ғана рахат пен бақытқа кенелген.

Ұлағатты Пайғамбарымыздың мектебінде бір бай адам іспетті шүкірлікпен өмір кешкен көптеген кедейлер әуесқойлықтарына жол бермей, үнемі қайыр (инфақ) жасаған байлар мен басқарушылар жетілген еді. Ислам тарихында ел билеген халифалардың өздері жүк тасушы сияқты, арқалаған азық-түліктерді мұқтаж адамдарға апарып беріп және олардың тамағын пісіріп бергені тәрізді аса танымал оқиғалар қатарынан табылады.

Аллаh Расулі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) төмендегі хадисінде зүhдтің не екенін өте көркем баяндаған:

«Дүниедегі зәhидтік халалды харам қылу немесе дүниеден безіп кету арқылы болатын жағдай емес. Дүниедегі зәhидтік – өз қолыңдағы мүмкіндіктерден гөрі тек Аллаhтың қолындағысына ғана көбірек сенуің және басыңа қиын іс түсіп, одан құтылғанға дейін оның салдарынан берілетін сауап пен сый туралы үміт артуың…». (Тирмизи, Зүһд 29/2340)

Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қанағат пен зүһд тұрғысынан да барлық адамзатқа ең кәміл үлгі-өнеге болған жан еді.

Зүhд – дүниеге деген шектен тыс құмарлық пен әуесқойлықты жою, өткінші, алдамшы дүние ләззаттарына берілмеу, дүниеге жүректен орын бермеу, Аллаh және Расулінен өзгеге мән бермеу, құлшылыққа кедергі болатын және ахіретке пайдасы тимейтін нәрселерден бас тарту. Сондай-ақ зүһд адамның ішкі жан дүниесін һәм денелік болмысын рахатқа бөлейтін құбылыс. Бұған қарама-қайшы түрде өмір сүріп дүние-байлыққа шектен тыс мән беру әрі жүректі, әрі тәндік болмысты әбігерге салатын, қайғы мен азапқа толы бәлекет болып табылады.

Расында Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Дүние тіршілігінде зүһд жолын ұстану жүрек пен денені рахатқа бөлейді, ал дүниеге қызығу болса, қам мен қайғыны көбейтеді…» - деген. (Ахмед, Китабуз-Зүһд 24 б.; Бәйхаки, Шуаб 7/347)

Басқа бір хадис шәрифінде де:

«Дүниеде зәhид бол, Аллаh сені сүйсін; адамдардың қолындағысына қызықпа, адамдар сені сүйсін !..» - деген еді. (Ибн Мәжә, Зүһд 1)

Бұл хадис шәрифтерден де байқағанымыздай, дүниеқұмарлықтың қауіп-қатеріне қарсы қолданылатын шаралардың басында зүhд орын алып тұр.

Тағы да Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде:

«Сен қоңыр қызылдан да, қара түстіден де артық емессің. Олардан тек тақуалық тұрғысынан ғана артық бола аласың» - деп, Хақтың құзырындағы құндылықтың бірден бірі «тақуалық» екендігін айтқан. (Ахмед, 5/158)

Сондай-ақ аятта да:

«… Алла алдында ең ардақты болғандарың – ең тақуа болғандарың…» деп айтылған. (Хұжурат сүресі 13-аят)

Тақуа – нәпсіқұмарлықты жойып, рухани қабілетті жетілдіру. Сондай-ақ Құран мен Сүннетті өмірдің барлық сатыларына енгізу. Діннің бұйрықтарын сүйсіне отырып, қажыр-қайрат таныта отырып, ынталықпен орындай білу деген сөз. Ішкі жан дүниемізді тәрбиелеп, ғибадаттарымыз бен мәмілемізден ләззат ала білу деген сөз. Құлдың көңіл әлемінде өз Раббысына қауышуы, Оның мәрхаматы мен мейірімділігі сияқты жамалдық сипаттарының жүректе көрініс табуы. Сондай-ақ тақуа – құлдың тәубеге келгендегі тілі мен ділінің бірдей болуы, яғни Раббысына шынайы болуы және барлық күнәлардан жиіркенуі, ғапу етудің оның үйреншікті халі болып, негізгі табиғатына айналуы деген сөз. Құл кешіре отырып, иләһи кешірімге лайық болады, соған қол жеткізеді.

Демек, Хақтың алдында абыройға бөленуіміз осы жоғарыда айтқан керемет ахуалды өз бойымызға дарыту арқылы, яғни тақуа болуымызбен мүмкін екен.

Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде былай деген:

«Алла Тағала маған мал-мүлік жинап, саудагер болуым үшін уахи жіберген емес. Ол маған тек қана: «Енді сен Раббыңды хамд/мадақпен тәсбих қыл және сәжде еткендерден бол! Сондай-ақ өзіңе яқин (өлім) келгенге дейін Раббыңа құлшылық ет!» (Хижр сүресі 98-99 аяттар) - деп уахи жіберді». (Әбу Нуайм, Хиля 2/131; Айни, Умдәтул-Қари 19/14)

«Намазға тұрғаныңда, дүниеге қош айтқан адамдай намаз оқы! Кешірім сұрауыңды қажет ететін сөз айтпа! Адамдардың қолындағысынан да үмітіңді үз». (Ибн Мәжә, Зүһд 15; Ахмед 5/412)

«Адамдардың ең қайырлысы кім?» деп сұрағандарға ол (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Жан-тәнімен, мал-мүлкімен Алла жолында жиһад еткен адам, кең жазықта оңаша қалып Раббысына құлшылық қылған және адамдарды өз жамандығынан аман қалдырған (яғни адамдарға зияны емес, пайдасы тиген) адам» - деп жауап берген еді. (Бұхари, Риқақ 34; Әбу Дәуіт, Жиһад 5/2485)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: