Жетім мен жесірге қамқорлық – мұсылман парызы

Жетім мен жесірге қамқорлық – мұсылман парызы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы (яғни, жетімдерді тәрбиелеп өсірген жақсы, жетімнің әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген жақсы), (әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі...» («Бақара» сүресі, 220-аят).

Қасиетті Құрандағы бұл аят жетімдер туралы тақырыпты көтереді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жетімдер туралы сұралғанда бұл аят Алла тарапынан уахи боп түсті. Демек, жетім қалғандарды тәрбиелеп өсірген, әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген жақсы.

Жетім кім? Әкесі қайтыс болған бала – жетім. Шариғат бойынша, анасы бар болса да, әкесіз баланы «жетім» дейді. Әкесі бар болып, анасыз қалса, «жетім» демейді. Балиғат жасына толғаннан кейін бала жетім деп айтылмайды.

«Жетімдерді үйлену (жасына) жет-кенше сынап тұрыңдар. Егер олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық (қабілетін) байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер. Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып) тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті» («Ниса» сүресі, 6-аят).

Бұл аятта жетім балиғат жасына жеткенде оған ата-анасынан мұра болып қалған байлығын дереу тапсыру қажет екені айтылады. Демек, жетім баланы бағу үшін қолына алған адам оның әкесінен қалған мал-мүлкін шашпай, ол балиғат жасына жеткенде қайтарып беруі керек. Имам Қатада (р.а.) бұл аят туралы былай дейді: «Катафан қауымындағы бір адам өз ағасынан жетім қалған кішкентай балаға әке орнына әкелік етті. Жетім баланың өз әкесінен қалған мал-мүлкі көп еді. Екінші әкесі ол мал-мүлікті жеп қойды. Сонда Алла тағала «Ниса» сүресінің 6-10 аяттарын пайғамбарымызға уахи етті».

Сонымен қатар, бұл аяттан байқағанымыз, баланы бағуға алған адам бай болса, жетімнің малына жаудай тимеуі керек, ал кедей болса, шамалап пайдалануына рұқсат бар. Әрі әкесінен мұра боп қалған малды жетімге қайтарып бергенде адамдардан айғақшы болғаны жөн. Ал, фиқһ ғалымдарының нұсқауы бойынша, жетімді бағуына алған адам бала балиғат жасына жетісімен оған малын тапсырмайды. Жоғарыдағы аятқа сәйкес алдымен оның байлықты жөнімен жұмсау қабілетін, сана-сезімінің қаншалықты жетілгенін сынап көреді. Бұл мәселеде әр қоғамның өзіндік тәжірибиесі бар. Ислам шариғаты бойынша, егер жетім баланың ақыл-парасаты мен қабілеті жеткілікті болса, дереу байлығын қолына тапсыру керек.

Бай адам жетімнің малына мұқтаж болмағандықтан өзін күмәнді нәрседен қашық тұтқаны дұрыс. Жетімдерді баққаны, олардың мал-мүлкін сақтағаны үшін сауабын алады. Ал, баланы баққан адам кембағал болса, онда жетімнің малынан қызметі үшін ақы алады. Имам Әбу Дауд пен Имам Насайдың (р.а.) риуаяты бойынша, бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құзырына келіп: «Қарамағымда бір жетім бар. Оның байлығы бар. Менікі жоқ. Оның байлығын өзіме жаратсам бола ма?», – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ысырап қылмай, ынсаппен дұрыс пайдалан», – деп жауап береді.

Имам Мәліктің мына риуаятына назар аударайық. «Бір күні сахара арабы Абдулла ибн Аббастың (р.а.) алдына келіп: «Қолымда жетімдер бар. Олардың түйелері көп. Менің жалғыз түйем ғана бар. Мен түйемнің сүтін кедейлерге беріп отырсам, жетімдердің түйесінің сүтін ішу маған адал ма?», – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Егер жоғалса, тауып келсең, қотырына, жарақатына қарасаң, (жем-шөбін берсең), су ішетін орнын тазалап отырсаң, түйенің баласына зиян келмесе, сүтін іш. Зиян келетін болса, сауып алудан қайтарам», – дейді.

Жоғарыда айтылған аяттың соңында «Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар» деген тағы бір қажетті шарт бар. Өйткені бұл өте нәзік мәселе. Мұнда біреудің ақысына қиянат жасалуы да мүмкін. Сондықтан, Ислам дінінде мұндай іс құжат-дәлелмен, әділ куәлардың қатысуымен амалға асуы ескертіледі. Осылай жасалса, біреудің ақысына қиянат жасалу мүмкіндігі жойылады, бір келіспеушілік шыға қалса, куәлар әділдікті орнатуға жәрдем береді. Аят «Есеп алуға Алла жеткілікті» деп аяқталады. Бұл әрқашан Алладан қорқып тұру қажеттігін ұқтырады.

«Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын. (Жетімдер туралы) Алладан қорқып, турасын айтсын». «Ниса» сүресіндегі бұл, 9-аяттың тәпсірі, жетім қалған балаларды асырап алған адам солардың орнына өз балаларын қойып, ойлап көрсін деген мағынаны білдіреді. Кімге не істесең, алдыңа сол келеді. Жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңнің немесе бала-шағаңның алдынан шығады. Егер бір жетім баланың басынан сипап қайырымдылық көмек көрсетсең, жылы сөз сөйлеп мейірімділік жасасаң, сол жасаған ісіңнің жақсылығы жалған дүниеден өткеннен кейін бала-шағаңа міндетті түрде қайтады. Жамандық та солай.

«Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар, ішіне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады» («Ниса» сүресі, 10-аят).

Бұл аяттан ұққанымыздай, кім жетім-нің ақысын әлімжеттік жасап жесе, қиямет болғанда жегені қарнында отқа айналады. Сөйтіп, қарны отқа толып, тозақ отына тасталады. Тозақтың өзі от екенін ескерсек, жетімнің ақысын жеген адамның іші мен сырты от азабына салынады. Бұл аса қорқынышты жағдай. Ибн Мұрдауайһ Әбу Барзодан (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпте: ««Қиямет күні бір қауым ауыздарынан от лаулап тұрған бойда тіріледі», – деді. Адамдар: «О, Алланың елшісі, олар кімдер?», – деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с.): «Алла тағаланың: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады» деген аятын білмейсіңдер ме?», – деді», – делінген.

Тәпсір ғұламасы Ас-Судий (р.а.): «Қиямет күні жетімнің малын жеген адам аузы-мұрнынан, құлақтары мен көздерінен от лаулап шығып тұрған бойда тіріледі. Әрбір көрген адам оны жетімнің малын жегенін біліп тұрады», – деген. Имам Мүслімнің сахихындағы «Миғраж» туралы хадистен үзінді келтірейік: «Бір кезде бір топ адамдармен бетпе-бет келіп қалдым. Олардың бастарына басқа кісілер отырып алған еді. Бастарында отырған кісілер олардың сақалын жұлып жатты, сол араға қолдарымен шоқ боп тұрған тастарды көтеріп келген тағы бір топ кісілер келіп қосылды да, сол шоқ боп тұрған тастарды сақалдары жұлынған адамдардың ауыздарына бірінен кейін бірін салды. Ауыздарынан кірген шоқ тас арттарынан шығып жатты. «О, Жебірейіл періште! Бұлар кімдер?», – деп өтіндім. Ол: «Жетімдер-дің мал-мүлкін зұлымдықпен жегендер. Олар қарындарына тек от толтырып алғандар», – деді. Алла сақтасын!»

Имам Бұхари Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрдымға кетіретін жеті түрлі пәлекеттен сақтаныңдар», – дейді. Сахабалар: «О, Алланың Елшісі, олар не нәрселер?», – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сиқыршылық, адам өлтіру, сүтқорлық, жетімнің малын жеу, соғыстан қашу, мұсылман ар-намысты әйелді зина жасады деп айыптап, жала жабу», – деп жауап берді» делінген. Әл-Хакимнен риуаят етілген хадисте: «Төрт адамның жәннатқа кіруге ақысы жоқ. Олар: маскүнем, сүтқор, жетімнің ақы-сын жеген және ата-анасының қарғысына қалған адам» делінген.

Бұл хадистің мұсылман үмметке тигізер әсері зор екені сөзсіз. Сондықтан шын және толық мұсылмандар жетім мен жесірдің малын жемек түгілі, оған жақындауға қорқады.

Имам ибн Мажәһ Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген мына хадисте пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі әлсіздің – жесір мен жетімнің малынан қашық жүрулеріңді өсиет етем», – деген. Қорыта айтсақ, әкесіз немесе ата-анасыз қалған жетімді қолына алып тәрбиелеу, әке-шешесінен қалған байлығы, мал-мүлкі болса, оны қорғау – жауапты да сауапты іс. Ислам діні бойынша, әке-шешесінен жетім қалған баланы бірінші боп әке тарапынан туыстары, сосын кейінгі қатардағы туыстар қарамағына алуы қажет. Туыстары жоқ жетімдерді басқалар қолына алады. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға-інідей туыс) боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусақтарын көрсетті. Имам ибн Мажәһ риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді қинайды», – деген.

Осы ретте ғибратқа толы мына хикаяны келтірейік. «Бір кездерде, арақ ішкіш маскүнем жан болыпты. Арақ ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті одан да артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып келе жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің Раббыма арызым бар», – деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін: «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!», – деген дауыс естілді. Сөйтіп тұрғанда, мен оянып кеттім». Сол түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді бір жола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты». Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген.

«Бір әйелдің көп қыздары бар еді. Күйеуі өлгеннен кейін ол әйел балала-рымен жалғыз жесір қалды. Көп қиналды, бейшара күйге түсті. Өз жағдайынан өзі намыстанып, қыздарымен басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болды. Бір елге көшіп барды. Ол елде намаз оқылмайтын бір мешітті паналады. Әйел қыздарды ол жерге қалдырып, азық-ауқат тауып келуге шығып кетті. Сол елдегі аса бір дәулетті мұсылман байдың үйіне барып, есігін қақты. Әйел оған жағдайды түсіндірді. Бірақ, үй иесі: «Шынымен кедей екеніңді анықтайтын бір анықтама қағаз алып кел!», – деді. Әйел: «Мен жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім», – десе де бай түсінгісі келмеді. Сөйтіп, басқа есікті қақты. Ол үйдің иесі отқа табынатын еді. Оған да жағдайды айтты. Отқа табынушы өз әйелін әлгі жесір әйелге қосып жіберіп, мешіттегі қыздарды үйіне алдырды. Келген қыздарды үй иесі тамақтандырды.

Сол түні жесір әйелге көмек қолын созбаған мұсылман кісі түс көрді. Түсінде қиямет-қайым. Бір тудың астында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұр. Қасында үлкен бір қасыр бар. Мұсылман кісі: «О, Алланың Елшісі, бұл қасырға кім кіреді?», – деп сұрады. Расулулла: «Бір мұсылман кіреді», – деді. Ол кісі: «Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма?», – деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Мұсылмандығыңды анық-тайтын анықтама қағаз алып кел!», – дейді. Ол кісі түсініңкіремей таң қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда оған күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің оқи-ғасын есіне салды.

Ол адам шошып оянды, түсі туралы ойлап, жесір әйелге істеген қиянатына өкінді. Өйткені, жесір әйелден анықтама қағаз сұрағаны рас, қағаз әкелмегені үшін оны құр қол қайтарғаны да рас. Ертесіне төсегінен тұра сала жесір әйелді іздеді. Жесір әйел балаларымен мешіттен кетіп қалғанын, бір отқа табынатын кісінің үйіне қонғанын сұрап білді. Әйелді іздеп отқа табынушының үйіне келіп, оған жесір әйелді қыздарымен бірге алып кетпек ойын айтты. Бірақ, үй иесі оларды қайтарудан бас тартты. Ол: «Бұл жесір әйел қыздарымен үйге келген сәттен үйіме береке кірді», – деп себебін түсіндірді. Сонда әлгі мұсылман кісі отқа табынушыға ақша беретінін, оларға кеткен ақысын төлейтінін айтты. Үй иесі оған күлді де: «Сен менен алып кетпек болғандарға мен де лайықпын. Сен түсіңде көрген қасырды Алла маған арнап дайындап қойып еді. Мұсылман болғаның үшін менен артықпын деп тұрсың ба?! Біз бүгін үйдегі бәріміз бірдей түс көрдік. Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып, бәріміз хақ дін Исламды қабылдадық. Мұсылман болдық. Түсімде Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) менен: «Жесір әйел мен жетім балалар қасыңда ма?», – деп сұрады. Мен: «Иә, Расулулла!», – дедім. Ол: «Мына қасыр сен және отбасың үшін», – деді. Бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, өкініштен өзегі күйіп үйден шығып кетті.

Имам Бұхари мен имам Мүслімнен келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад қылғанмен тең», – деген. Ал Имам Мажәһдан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін істегендер Алла жолында жихад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – дейді.

Алла тағала баршамызға осындай сауапқа кенелуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ,

«Ислам және өркениет», №29 (245)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: