Періштелердің өмірінде ішіп-жеу, жұптасу, үйлену деген адамдарға тән жағдаят-тар болмайды. Себебі, олардың өмір сүру шарттары бізден мүлде бөлек. Періштелердің ішіп-жемейтіндігін, бас құрап үйленбейтіндігін ислам ғұламалары тегіс құптаған.
Періштелердің жаратылысы нұрдан болғандықтан, олар-дың қажеттіліктері де тек рухани тұрғыдан өлшенеді. Олар үнемі құлшылық жасап, Алланы еске алу арқылы рухани ләззат алады.
Бұған дәлел ретінде жоғарыда Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға келген кездегі болған оқиғаға тоқталған дұрыс.
Періштелер адам кейпіне еніп оған келген кезінде, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қонақжайлық әдетімен дереу дастархан жайды. Алдарына дәм тартса да, қонақтардың дастарханға қол соза қоймағанын көріп бойын үрей билей бастады. Құранда бұл оқиға былайша баяндалады: «Саған Ибраһимнің ардақты қонақтарының әңгімесі келді ме? Олар Ибраһимге кіргенде «Сәлем» деді. Ибраһим де «Сәлем, бөгде қауым» деп жауап берді. Дереу үйіне барып семіз бұзау (етін пісіріп) әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіңдер ме?»- деді. (Жемегендігін көріп) Олардан қорқа бастады. Олар «Қорықпа!» - деді де, оны парасатты бір ұлмен қуантты».1
Тағамнан ауыз тимеген қонақтардан Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар сескеніп қалып еді. Періштелер пайғамбардың сескенгенін байқап: «Қорықпа, біз Лұт қауымына жіберілдік»,2- деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар олардың кім екендігін сонда ғана ұғынып, көңілін билеген күдіктен арылған еді.
Періштелер жынысқа бөліне ме?
Періштелер ұрпақ қалдырып, көбеюге мұқтаж емес. Яғни, олар жынысқа бөлінбейді. Ислам діні келгенге дейінгі араб қоғамының періштелер жайлы сенімдері тым таяз болатын. Олар періштелерді «Алланың қыздарына» балап, ұл балаларды артық көретін.3
Ұлы Жаратушы бұл айтылған пікірлерді жоққа шығару үшін «Олардан (меккеліктерден) сұра: Қыздар Раббыларынікі де, ұлдар олардікі ме? Немесе, періштелерді әйел жынысынан жаратқанымызға олар куә ме? Сақ болыңдар! Олар жалғандарын айта береді: Алланың баласы бар деп олар мүлде өтірік айтады. Алла ұлдардан гөрі қыздарды артық көре ме? Сендерге не болды? Қалай шешім етесіңдер? Түсінбейсіңдер ме? Не сендердің ашық бір дәлелдерің бар ма? Шыншыл болсаңдар кітаптарыңды әкеліңдер. Олар Алла пен періштелер арасында ұрпақтық байланыс ұйғарды. Расында, періштелер олардың Алланың алдына келтірілетінін біледі. Алла олардың сипаттауларынан пәк»,4 - деді.
"Зұхрұф" сүресінде: «Олар Алланың құлдары періштелерді өздерінше әйелдерге балайды. Олар (періштелердің) жаратылуын көріп пе еді? Олардың бұл куәліктері жазылады және сұраққа алынады»5.
Және "Нахыл" сүресінде: «Олар: Алланың қыздары бар, - деседі. Алла одан пәк»,6- деу арқылы бұл пікірдің мүлдем теріс екендігін аңғартады.
Періштелердің қанаттары бар ма?
Әдетте періштелер жайлы сөз еткенде, олардың қанаты бар ма, жоқ па деген сұрақтың ойға оралатыны белгілі. Періштелердің қанаттары мен олардың саны жайлы мәліметтер Құран аяттары мен хадистерде де көптеп кездеседі. Құранда: «Көктерді және жерді жасаған сондай-ақ, екі, үш жә-не төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаға барлық мақтау лайық. Ол жара-туда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың кез келген нәрсеге толық күші жетеді»,7 - деп екі, үш және төрт қанатты періштелердің бар екендігі айтылған.8 Аят соңындағы «Ол (Алла) жаратуда қалағанын арттырады» сөзі Алла тағаланың одан да көп қанатты періштелерді жаратқандығына ишара болса керек. Алайда, періштелердің қанаты біздің түсінігіміздегі яғни құстардікіндей қанат емес. Қанаттарының бір ерекшелігі сол - олар өте жылдам қимылдайды. Сол себепті олар Алла тағаланың әмірін қас-қағым сәтте орындайды.
Куртубидің «әл-Жамиу ли-әһкамил Құран» атты тәпсірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражға шыққанда Жәбірейілді 600 қанатпен9 көргендігін айтса, Исрафил періштенің 12 000 қанатты екендігін, олардың бір қанатының өзі көкпен жердің арасындағы кеңістікті жауып тұрғандығын айтады. Әрине, бұны біз білетін қанат деуге келмейді. Періштелердің жаратылысының өзі бұл дүниедегі жаратылыстарға ұқсамағандықтан, олардың қанаты да дәлме-дәл құстардікіндей не ұшақтың қанатындай дей алмаймыз. Періштелер адам ойы мен қиялынан тыс тұрады. Сол себепті олардың шынайы болмысы Ұлы Алла пен оларды көрген пайғамбарларға ғана аян.
Періштелер ғайыпты біле ме?
Періштелерде ғайыпты білу қасиеті жоқ. Олар тек Алла тағаланың өздеріне білдіргендерін ғана біледі. Себебі, ғайыпты білу - бір Алла тағалаға ғана тән.
Құранда: «Көктер мен жердегі ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді»10;
«Ғайып кілттері Оның жанында. Ғайыпты тек өзі ғана біледі. Ол құрлықтағы, теңіздегі барлық нәрселерді түгелдей біледі. Одан хабарсыз жапырақ та жерге түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы құрғақ, ылғалды нәрселер түгелдей апанық Кітапта бар»,11 - дейді. Егер де періштелерге Алла тарапынан ғайыптан хабар берілсе, олар соны ғана біледі. Алла тағала Адам атаға болмыстың атауын үйретті. Періштелерге аталған болмысты меңзеп, оларға хабар беруін бұйырды. Осы уақытта періштелер: «Алла Адам атаға (ғ.с.) барлық атауларды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді. Періштелер: Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен - толық білуші, өте данасың деді»,12 - деді. Осы уақытта Ұлы Жаратушы: «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет,- деді. Сонда Адам (ғ.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Алла: "Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?»,13- деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай періштеге қарағанда, адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі, адамның ең ұлық міндеті - Алланы танып білу.
Құранның төмендегі аятта-ры ғайыпты Ұлы Жарату-шыдан басқа ешкімнің біл-мейтіндігіне және бір дәлел болмақ: «Оларға былай де: «Жанымда Алланың қазы-налары бар демеймін, ғайыпты да білмеймін. Әрі сендерге мен бір періштемін деп те айтпаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көр соқыр мен көзі ашық тең бола ала ма?! Ой салмайсыңдар ма?»14
Сонымен қатар, «Ол барлық ғайыпты біледі. Ғайыптың сырын ешкімге ашпайды. Тек қалаған пайғамбарына ғана білдіреді. Сондай-ақ, Раббысынан алынған хабарлардың айна-қатесіз, толық жеткізілгенін білу үшін Алла өз елшісінің алды-артына күзетші қояды. Негізінде, Алла олардың жағдайын толық біліп, барлық нәрсені жеке-жеке санап жазып қойған»,15- деп ғайыптың тек Алла тағала тарапынан қалаған пайғамбарына ғана білдірілетіндігі айтылады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өздігінен еш нәрсе айтпаған. Ал айтқандары болса, уахи арқылы жеткен Алланың хабары. Сонымен қатар, Алла тағала тек пайғамбарға ғана емес, үмбет арасында салиқалы, жүрек көзі ашық жандарға да керемет ретінде ғайыпты білдірген. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үмбетімнің арасында (иләһи) шабытқа ие адамдар бар»,16 - деген еді.
Демек, Алла тағала пайғамбарлар мен салиқалы және жүрек көзі ашық жандарға біршама ғайыптан хабар берген. Бірақ, бұл олар ғайыпты толық біледі деген ұғым тудырмаса керек. Өйткені, пайғамбарлар ғайыпты білуші емес уаһи жолымен ғайыптан хабар алушы әзиз жандар.
Періштелер қандай жерлерге жоламайды?
Нұрдан жаратылған пәк періштелер Алла тағала тарапынан тыйым салынған, әрі Аллаға серік қосылатын, түрлі күнәлар жасалатын жерлерден аулақ болады.
Бұны біз төмендегі хадистерден көре аламыз:
Бірде Жәбірейіл (ғ.с.) періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уағдаласқан мерзімде келмей қалады. Таңырқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұның себебін ойлана бастайды. Содан соң менде бір кемшілік болды ма екен деп, үй ішіндегі жағдайға бір көз жүгіртеді. Үй ішінен немерелері Хасан мен Хұсейіннің кішкентай күшігін байқап қалып, оны сыртқа шығарып жіберген сәтте Жәбірейіл (ғ.с.) де кіріп келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан кешігуінің себебін сұрайды. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.) періште: «Періштелер сурет тұрған және ит болған жерге кірмейді...»17 деп жауап берген еді. Басқа бір жерде ибн Омардың (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аңшылық пен малшылықтан тыс үйінде ит асыраған адамның сауабы күнде кеміп отырады»,18- дейді. Яғни малды, үйді қорғау, аң аулау сияқты нақты қажеттілік болмаса, үйдің ішінде ит асырауға дінімізде тыйым салынған.
Қазіргі дамыған медицина иттен адамға жұғатын бір-қатар аурулардың түрлерін де анықтағаны белгілі.
Бұған қоса, ит жолдан өткен-кеткендердің есін шығарып, жеп қоя жаздап арпылдап келген қонақтарды қорқытады. Әсілі, үйде ит асырауға кететін күші мен қаражатын мүмін өзге де қайырлы істерге жұмсағаны абзал.
Ит ұстаған үйге періш-телердің келмеуі иттің ластығы не діни тұрғыдан нәжіс саналатындығы болса керек, бірақ оның басқа да себептері болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер иттер де жеке басына үмбет болмағанда, оларды қырып тастауға бұйрық берер едім»,19- деген хадисі табиғаттағы экологиялық тепе-теңдіктің сақталуында иттердің де өз үлесі бар екенін білдірген тәрізді.
Негізінде, Пайғамбарымыз-дың (с.ғ.с.): «Періштелер тірі жандылардың суреті ілінген үй мен иті бар жерге кірмейді»,- деген хадисіне байланысты ғалымдар түрлі пікір өрбіт-кен. Кейбір ғалымдар бұл жерде ниеттің өте маңызды екенін ескеріп, яғни, суреттің ешқандай құлшылықпен табынумен байланысы жоқ болған жағдайда, намазға тұрған адамның құбыла жағынан басқа қабырғаларға сурет ілуге рұқсат бар екенін айтады.
Ислам дінінде сурет пен мүсіннің тыйым салынуына қатысты көптеген себептер бар. Ең алдымен сурет пен мүсіннің тыйым салынуына исламнан бұрынғы надандық дәуірдің әсері болғандығын ескергеніміз абзал. Яғни, пұттарға табынудан енді ғана арылған қауымға көне, жаңсақ сенімдердің қайта сіңісіп кетпеуі үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сурет пен мүсінге байланысты қатаң ескертулер жасайды. Тіпті, Бухари мен Муслим риуаят еткен хадистерде осы тақырыпқа байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақыретте тірі жандылардың суретін салғандарға Алла тағала олардың салған суреттеріне жан беруін әмір етеді. Суреттерге жан бермейінше оларды азаптайды... Ұлы Жаратушыдан өзге оларға ешкімнің де жан беруі әсте мүмкін емес»,20 - деген.
Бұған қоса періштелердің жағымсыз иісті де ұнатпайтындығын айта кету керек. Муслимнің риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Са-рымсақ, жуа және куррас (пияздың бір түрі) жеген адам мешітке келмесін. Өйткені адамдар ұнатпаған иісті періштелер де ұнатпайды»,21- деген. Бұл жерде Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) мешіт немесе сол секілді өзге де ғибадат орындарына мүмкіндігінше жағымсыз иіспен бармау керектігін ескерткен.
Сарымсақ пен жуа жайлы басқа хадистерде де көп айтылады. Бірақ, бұл Алланың аталмыш нығметтерін мүлде жеуге болмайды деген мағынаны білдірмейді. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Сіз, еш сарымсақ жемейсіз бе?», - деп сұралғанда, - «Маған Жәбірейіл періште кез келген сәтте уахи әкелуі мүмкін. Сол үшін жемеймін. Ал сендер жей берсеңдер болады»,22- деген жауабын келтіруге болады.
Періштелердің саны қанша?
Әңгіме төркінін осы тақырыпқа байланысты хадистерден бастасақ. Алла тағала Жәбірейіл (ғ.с.) періштеге былай деді: «Құлым Тайфта қатты қиналып жараланса да Мені ұмытпады. Оның жолында жүргендерге дайындалған жұмақты және қарсы болғандарға дайындалған тозақты көру үшін оны алып кел»,- деп бұйырды. Жәбірейіл періште қырық жыл бойы жұмақта күткен пырақты алып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің жол бастауымен пыраққа мініп, көк жүзіне көтеріліп, теңдессіз құрметке - яғни, Аллаh тағаланың құдіретіне тікелей куә болды. Жәбірейіл (ғ.с.) періште мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражға шыққанда, көк жүзінің бірінші қабатында хазірет Адамды көреді және қиямда (тіке тұрған бойда) «Сүббуһун Қуддусүн раббил мәлаикәти уәр-рух» (Алла пәк және Ұлы, Ол Жәбірейіл мен періштелердің Раббысы) деп Алла тағаланы ұлықтап тұрған періштелерді көреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілден (ғ.с.): «Олар осылай құлшылық жасай ма?»- деп сұрайды. Жәбірейіл (ғ.с.): «Иә, бұл періштелер әу бастан осылай құлшылық етеді. Алла тағаладан өзіңнің үмбетіңнің де осылай құлшылық етуін тіле»,- деп жауап береді. Сөйтіп адам баласына да періштелер сияқты қиямда құлшылық ету осылай нәсіп болады. Сонымен қатар, бірінші қабатта жазасын тартып жатқан кейбір адамдарды көрді. «Мыналар кімдер?»- деді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Жәбірейіл (ғ.с.): «Намазда рүкүғ пен сәждесін толық орындамағандар, жұма намазы мен жамағатпен оқылған намазға қосылмағандар, зекет бермегендер, пақырларға жаны ашымағандар, харам жеп ішімдік ішкендер, жалған куә болғандар, зина жасағандар, әкесіне қарсы келгендер»,- дейді.
Келесі қабатта бір топ періштелер рүкүғде құлшылық жасап тұрған еді. Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға періштелерді меңзеп: «Бұлар осылай құлшылық жасайды. Алла тағаладан өз үмбетіңнің де осылай құлшылық жасауын тіле»,- деді. Соңынан адам баласына да рүкүғ жасау нәсіп болды. Үшінші қабатта сәжде жасаған періштелер бар еді. Жәбірейіл (ғ.с.): «Үмбетің үшін де осылай құлшылық жасауын тілеуді ұмытпа»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға етті. Осылайша адам баласына Аллаға сәжде ету де нәсіп болды. Осы жерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әзірейіл періштені көреді. Ол Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Ей, әлемдердің Сардары! Саған Алланың сәлемі болсын. Шүбәсіз сенің үмбетің де сен сияқты таңдаулылардан. Сенің құрметің үшін оларға өз әке-шешелерінен де мейірімді болуға тырысамын»,- дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Ия, мен де соны сенен тілер едім. Үмбетім әлсіз. Оларға жылы жүзбен көрініп, жанын оңай алғаныңды қалар едім»,- деді. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Жәбірейілмен (ғ.с.) Бәйтул Мамур деген қызыл жақұттан жасалған үйге келді. Жәбірейілдің (ғ.с.) ұсынысымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) періштелерге имам болып намаз оқыды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің де үмбетім осындай жамағатпен намаз оқыса екен»,- деп қалаған еді. Сөйтіп, көпшілікпен жұма намазын оқу адам баласына нәсіп болды. Жәбірейіл (ғ.с.) періште Сидратул Мунтәһаға (жұмақ бұлағының түбінен өсіп шыққан ағаш) келгенде: «Менің барар жерім осы жерге дейін. Ары қарай бара алмаймын. Егер бір қадам бассам, онда жанып күлге айналады»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұлы Алла тағала белгілеген мақамға жеткенде «Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа-таййбату» (Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік ғибадаттар Аллаға лайық) деп сәлем берді. Барлық мадаққа лайық табылатын Алла тағала былай жауап берді: «әс-Сәләәму ‘аләйка әйюһәннәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһ» (Уа, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Алланың рақымы мен берекеті жаусын!). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «әс-Сәләәму ‘аләйна уә ‘ала ‘ибәдиллаһис-саалихиин» (Уа, Раббымыз!) Сәлем бізге және Алланың салихалы құлдарына болсын) деді. Осы кезде жеті қабаттағы періштелер: «Әшһаду әлләә иләһә илләАлла уә әшһәду әннә Мухаммәдән ‘абдуһу уә расуулуһ» (Алладан өзге ешқандай Құдай жоқ екеніне және хазреті Мұхаммедтің Алланың құлы мен пайғамбары екеніне куәлік етеміз) деді.23 Осылайша мүміндер намазда «әт-тәһият» дұғасын оқу бақытына бөленген еді.
Сонымен қатар, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) Миғражға шыққанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оң жағында сексен мың, сол жағында сексен мың періште қаумалаған күйде көкке көтерілгендігі де айтылады.
Хазреті Әлидің (р.а.) риуаяты бойынша жеткен мына хадисте бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Кімде-кім ауру адамның жағдайын сұрап барса, жетпіс мың періште таң атқанша ол адам үшін салауат айтады. Ал таңертең барып көңілін сұраса, періштелер күн батқанша салауат айтып тұрады. Ол үшін жұмақта орын дайындалады»,24- дейді. Яғни, адам баласының Алла разылығы үшін жасалған кез келген амалы ескерусіз қалмақ емес.
Әрбір тамшы судан миллиондаған тірі жанды жаратқан, бір миллиметр квадрат қанда төрт-бес миллион эритроциттерді (қызыл түйіршіктерді) тіршілік еткізген, теңіздегі балықпен топырақ астындағы жәндікке өмір берген Алла тағаланың, бүріккен судай сіркіреген ақ жауын тамшыларындай жаратқан көп періштелері бар. Сонымен қатар, көк пен жерде жұмақ пен тозақта белгілі бір қызметпен міндеттелген періштелер, әр адамға жүктелген үш жүз алпыс періште,25 амалдарымызды жазатын екі періште, әр дәннің өсіп өнуіне жауапты періштелер бар.
Періштелер мен жындардың саны тек Алла тағала ғана мәлім. Құран мен хадистерде періштелердің саны туралы нақты мағлұмат жоқ. Құранда да айтылғандай: «Раббың жасақтарының санын Өзі ғана біледі».26
Періштелер де өз араларында бір-бірінен ерекшеленеді. Мысалы, Жәбірейіл, Әзірейіл, Микаил, Исрафилдер ең үлкен періштелерге жатады. Олардан кейін ретімен Хамәлат-ул Арш, Мәла-и әғла, Нәди-ия әғла, Рафиқ-и әғла секілді т.б. періштелер келеді. Тіпті ең ұсақ әрбір атомнан ең алып галактикаларға дейін жауапты періштелер бар деуге болады. Әлбетте, бұлардың әрбірінің дәрежесі әрқилы болуы заңды. Сондықтан, біз кейбір періштелерді олардың есімдерін, іс-әрекеттері мен атқаратын міндеттері арқылы танимыз.
Қалмахан ЕРЖАН
теология докторы,
СІЛТЕМЕЛЕР:
1 Зарият, 51/24-28
2 Һұд, 11/70
3 Қараңыз: Ибн Кәсир, 6/45
4 Саффат, 37/149-159
5 Зұхрұф, 43/19
6 Нахыл, 16/57
7 Фатыр, 35/1
8 Табәри, әл-Жамиул Бәйан, 22/76
9 Бухари, Тафсир, Нәжім, 1; Бәдул-халқ, 6; Муслим, Иман, 280-282; Тирмизи, Тафсир, Нәжім, 3279
10 Нәміл, 27/65
11 Әнғам, 6/59
12 Бақара, 2/31-32
13 Бақара, 2/33
14 Әнғам, 6/50
15 Жын, 72/26-27
16 Бухари, Әнбиә, 54; муслим, Фәдаилус-Сахаба, 23; Тирмизи, Мәнақиб, 17
17 Бухари, Бәдул-халқ, 7-17; Мағази, 12; Либас, 88-94; Муслим, Либас, 81-83
18 Бухари, К.әз-Зәбаиһ, 6; Муслим, К. Мусакат, 46,50,56-58
19 Әбу Дәуд, Әдаһи, 22; Тирмизи, Сайд, 16-17; Нәсаи, Сайд, 10; Ибн Мәжа, Сайд, 6
20 Бухари, Табир, 45; Либас, 97; Муслим, Либас, 100; Әбу Дәуд, Әдәб, 88; Тирмизи, Либас, 19
21 Бухари, Азан, 160; Муслим, Мәсажид, 74
22 Бухари, Әт'има, 49, Салат, 160; Муслим, Мәсажид, 73
23 Бухари, Азан, 148, Муслим, Салат, 56-60
24 Әбу Дәуд, Жәнаиз, 7; Тирмизи, Жәнаиз, 2
25 Суюти, әд-Дуррул-Мансур фи Тафсирил Мәсур, 4/615; Зәбиди, Итһафу-с-Саде, 7/288
26 Мүддәсір, 74/31.