РАББЫМ! БІЛІМІМДІ АРТТЫР!
Алла Тағала мына бір қасиетті аятта: «(Расулім!) «Раббым! Білімімді арттыр!» де» - дейді (Таһа сүресі, 114-аят).
Өйткені бұл жердегі білімнің артуы адамның қадір-қасиетінің артуы деген сөз. Бұл қадір-қасиет кісіні екі дүниеде де абыройға бөлейді. Себебі білім – әуелі өзін, сосын айналасындағыларды сондай-ақ Раббысын тануына жол ашатын құрал. Мұнымен қоса о дүниелік болғаннан кейін де кісінің мәртебесінің артуына себеп болатын сарқылмас қазына.
Хадис шәрифте былай айтылады: «Адам өлгеннен соң үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтайды. Олар: «садақатун жария» үнемі жалғасып отыратын садақасы, пайдасы тиетін ғылымы, артынан дұға жасап жарылқау тілейтін ізгі перзенті» (Мүслим, Уасият 14).
ПАЙДАЛЫ ҒЫЛЫМ
Бірде араб тілінің грамматикасын жетік білетін ғалым кемеге мінеді. Жолда ғылымымен мақтанып, кемешімен әңгімелесе кетеді. Арада кемешіге түрлі-түрлі сұрақтар қойып, одан «білмеймін» - деген жауап алғанда ғылымына тәкаппарланып:
«Өкінішті! Өміріңнің жартысын босқа өткізіпсің ғой!» - деп, оны мұқатып, кекетеді.
Кішіпейіл кемеші оның бұл әрекетіне ренжігенімен, сабырлылық көрсетіп ғалымға жауап қайтармай үнсіздік білдіреді. Сол мезетте қатты дауыл соғып, кемені шыр айналдырып, теңселтіп ала жөнелді. Барлығы абыр-сабыр болып әбігерге түсіп жатқанда кемеші ғалымға бұрылып:
– Ей, ұстаз! Сен жүзуді білесің бе? - деп сұрайды.
Әлгі ғалымның түрі сұп-сұр болып, дірілдеп-қалтырап:
– Жоқ, білмеймін, - дейді.
Сонда кемеші жаны ашып:
– Ғылымды білмегенім үшін менің өмірімнің жартысы босқа өтіпті деп едің. Ал жүзуді білмейтін сенің бүкіл өмірің босқа өткен екен ғой. Дауылдан құтылудың жолы жүзу ғылымының өте маңызды әрі қажет екенін білмейтін бе едің?..» - депті.
Бұл хикаяда айтылған грамматика ғылымы тек дүниелік, сыртқы формадағы (заһири) ғылымды білдіреді. Ал ең пайдалы ғылым – мұқтаждықты қажет ететін ғылым. Адамзаттың ең маңызды қажеттілігі – тәнмен қоса рухтың да мәңгілік бақытын қамтамасмыз ету. Бұл да Алланың ризалығын алуға байланысты. Алланың ризалығына кәміл иманмен қоса ізгі амал арқылы қол жеткізіледі.
Бұл қиссадан мына мәселені ұға аламыз: Бұл фәнилік тән кемесі өлім дауылына ұшырағанда, яғни ажал келген сәтте негізгі қажеттілікті қанағаттандырмайтын, іске аспайтын, рухсыз, тек нәпсінің құмарлықтарын ғана қанағаттандыратын мағлұматтар пайдаға аспай қалады.
Пайдалы ғылымнан құралақан кісі құқықты үйренетін болса, ақиқат пен әділетті орнатудың орнына қанішер болуы мүмкін. Медицина ғылымын үйренетін болса, емдеудің орнына кісі өмірін қатерге тігуі әбден мүмкін. Ғылымы, қабілеті бола тұра мейірімділік, рақымдылық танытпайтын басшы болса, ол қолы астындағыларды билеп, жаншып тастар еді.
Мұндай адамдар ғылымды жеке бастарының пайдасы үшін қолданып, надан кісі жасай алмайтын зияндар келтіруі мүмкін.
Шын мәнінде, адамды тәкаппарлыққа, дөрекілікке жетелеп, соңында опық жегізетін ғылым сырт көзге керемет, пайдалы болып көрінгенімен, ақиқатына келгенде, обалдан басқа еш нәрсе емес. Міне, сондықтан Алла Расулі саллАлла аләйһи уә сәлләм Жаратушыдан үнемі пайдалы ғылым сұрап, үнемі: «Аллаым! Пайда бермейтін ғылымнан, қорықпайтын жүректен, тоймайтын нәпсіден және қабыл болмайтын дұғадан Саған сыйынамын!» - дейтін.
Осыған орай, ғылым дегеніміз – хикметке (даналыққа) терең бойлай білу. Жұмбақтың шешімін табу; барлық нәрсеге қарап Алла Тағаланың құдіретін тани білу. Мысалы, медицина ғылымы Алланың адам денесіне қойған керемет заңдылықтарымен айналысады. Бұл ғылыммен айналысқан кісі тек осымен ғана қалып қоймай, одан әрі ілгерілеп, адам денесіндегі заңдылықтарда жасырын тұрған иләһи сырларды көре алуы тиіс. Өйткені ғылым – тамашалау емес, сырларды ашу.
ҒЫЛЫМДАҒЫ МАҚСАТ
Ғылымдағы ең өзекті мәселе, ондағы басты мақсат алдымен Алланы танып, кейін дүние мен ақырет бақыты үшін қажетті мағлұматтарды игеріп, екі дүниеде бақытқа жету. Әйтпегенде ғылым дегеніміз сырат көпірінде аяқтан шалып, тозаққа терең бойлауымызға себеп болмақ.
Хадис шәрифте бұл жайында былайша баяндалады:
«Қиямет күнінде ғылым үйреніп оны үйреткен және Құран оқыған кісіні Алланың құзырына алып келеді. Алла Тағала оған берген нығметтерін есіне салады. Ол да есіне түсіріп, растайды. Одан:
– Ал бұл нығметтерімді қалай қолдандың? - деп сұрайды.
Ол болса:
– Ғылым үйрендім, үйреттім және сенің ризашылығың үшін Құран оқыдым, - деп жауап береді.
Алла Тағала:
– Өтірік айтасың. Сен «жұрт ғалым екен десін деп» ғылым үйрендің, «өте керемет оқиды екен десін» деп Құран оқыдың. Расында, сен үшін осылай да айтылды, - дейді. Сонан соң әмір беріледі де, ол адам екбетінен тозаққа тасталады» (Мүслим, Имара 152).
Тағы бір хадисте: «Кімде-кім білімін арттырып (соған лайықты түрде) дүниеде тақуалығы мен діндарлығын арттырмайтын болса, ол тек Алла пен өзінің арасындағы қашықтықты арттырған болады…» - дейді.
ҒЫЛЫМДА ПАРАСАТТЫЛЫҚ
Егер де кісі білгенін амалға асырып, оны парасаттылықпен, Алланы танумен алып жүретін болса, ол ғылым иесінің жүрегіне орнығады да оны мәңгіліктің жолаушысы қылады. Оның жүрегі залым Хажжаждың қатыгездігінен арылып, Юнус Әмренің кішіпейіл шапанын жамылады.
Осы тұрғыдан алғанда ғылым алдымен кісіге өзін-өзі танытуы үшін керек. Жаратылыстың мақсатын білдіріп, Алланы тануға есік ашуы тиіс. Яғни ғылым парасаттылық пен даналыққа жетелеуі қажет.
Парасаттылық (ирфан) дегеніміз – мағлұматтың пәк сана-сезімге терең бойлап мықтап орнығуы. Ариф (білгір, данышпан) деп алған мағлұматтарының сырын, хикметін және иләһи сырларды игерген парасатты кісіні айтамыз. Мұндай жетістікке жете алмаған ғылым иелері үшін: «Ғалым, бірақ ариф емес» - деп айтылады.
Мұндай кісілердің мағлұматтары кітаптағы секілді сенімді әрі нақты. Бұл жағдай қоймада тұрған тұқымға (ұрық, дән) ұқсайды.
Ол ұрық топыраққа түскенде ғана өніп-өсіп, көбейеді. Әйтпесе ондай мағлұматтар жаңа пікірлер тудыруға, санадан жүрекке еніп сезімдерді арттыруға жарамай калады. Сондықтан мұндай мағлұматтарды кітаби мағлұмат дейді.
Ислам данышпандары ғылым жайында былай деген: «Ғылым дегеніміз – сезіне білу. Сезім пайда болмайынша ғылым орнықпайды. Ал бұл сезімнің соңы мағрифатұллаһқа алып барады. Сол себепті мағрифатұллаһ – бүкіл ғылымның негізі. Ғылымдар осы ғылымға жақындау арқылы қадір-қасиетке ие болады…»
Хазірет Мәулана былай дейді:
«Кісінің өнерлі, білімді болғаны жақсы. Бірақ, Іблістен ғибрат алып оған (өнер мен білімге) онша мән бере берме. Себебі Ібіліс те білімді болатын. Ол Адамның топырақтан жаралғанына, яғни сырт көрінісіне қарап, оның ақиқатын пайымдай алмады».
«Ғылымның, ақылдың және де пікірдің көпшілігі ақиқат жолаушысының жолын тосып қарақшылық жасайды. Сондықтан жәннаттық кісілердің басым көпшілігі философтардың көлеңкесінен аулақ болған пәк кісілер».
«Ей, ғапыл адам! Тәкаппарлықтан, менмендіктен арылып қажетсіз нәрселерді доғар. Сонда барып саған Тәңірдің мейірімі жауады».
ҒЫЛЫМ МЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА ДАЯРЛАНУ
Ғылым мен парасат – өте қымбат қазына әрі жарық нұр. Бұларды қолға түсіру үшін, ең алдымен, олардың мекенін, яғни жүректі қажетсіз, зиянды нәрселерден арылдыру қажет. Сондықтан пайғамбарлар ең әуелі аяттарды оқитын. Кейін бұл аяттарға сенген, ден қойған кісілердің нәпсілерін қыңырлықтан, астамшылықтан арылдырып, жүректерін рухани кірден тазартқан. Артынан тазарып, арылған кісілерге кітап пен хикметті үйреткен.
Мына әлемдегі құдірет пен сырларға тәнті болған ғашықтарға тек осындай данышпан кісілер ғана ұстаздық ете алады.
ҒЫЛЫМ – КӨПСАЛАЛЫ
Құран Кәрімде айтылғанындай Мұса аләйһиссәләмға Хазірет Қызырға берілмеген бір ғылым берілген еді. Қызыр аләйһиссәләмға да Хазірет Мұсаға берілмеген бір ғылым берілген болатын.
Сол секілді Хазірет Гейлани Хазірет Мәулана секілді бола алмайтынындай, Хазірет Мәуләнә да Хазірет Гейлани бола алмайды. Сондай-ақ, Шах Нақшибәнди Ахмед әр-Рифаи бола алмайтынандай, Ахмед әр-Рифаи да Шах Нақшибәнди секілді бола алмайды. Себебі екеуіне берілген нәрселер мен екеуінен талап етілген қызметтер екі түрлі болатын.
Бірақ барлығының басты мақсаты құлшылық әрі мағрифат болды. Өйткені Хаққа апарар жолдардың саны өте көп.
Екіншіден Алла Тағала өзінің сансыз достарының әрбірін қияметке дейін жалғасатын ұлы нұрының сәулесі шағылысқан айна іспетті қылған. Осылайша әр түрлі жолдармен өз қүдіретін көрсеткен. Сол үшін әрбір Алла досының бойында өз міндеті бар. Осыған орай захири (сыртқы) білімге жорым жасап, тәпсірлеп, түсіндіру үшін ғалымдар қажет болғанындай, рухани білімдерді де сол секілді көңілге құя білетін әулие қажет. Имам Әбу Ханифа қаншалықты маңызды болса, Хазірет Бахауддин Нақшибанди де соншалықты маңызды.
УӘҺБИ ҒЫЛЫМ
Ғылымдардың ішінде Алла Тағаланың таңдаулы құлдарына ғана сыйлаған «уәһби ғылымның» орны өзгеше. Бұл ғылымды тек Алла Тағалаға шын тақуа, жаратылысқа мейірімді, дүние-мүлік сүйіспеншілігін жүрекке ұялатпай, нәпсімен тынбай күресу арқылы игеруге болады.
«Білген нәрселерімен амал жасағандарға Алла білмеген нәрселерін де үйретеді» - деген хадис шәриф те осыны меңзейді (Әбу Нұайм, Хилья X. 15).
Демек, Алланың аяттарын түсінуге кедергі болатын тәкаппарлық, менмендік, қызғаншақтық, дүние-мүлікке деген сүйіспеншілік секілді рухани дерттерді тасаууфи тәрбие арқылы емдеп жазбайынша, Құранның сырларын түсіну мүмкін емес. Қасиетті Құранда бұл хақында: «Жер жүзінде астамшылдық жасап, паңсығандарды аяттарымды қажетінше түсінуден аулақ қыламын…» деп баяндалады (Ағраф сүресі, 146-аят).
Жинақтай келгенде, ішкі жан дүниені рухани тәлім-тәрбиемен өңдемейінше Құранның, табиғаттың және адамзаттың сырларын ұғыну әсте мүмкін емес.
ҒЫЛЫМ ТӘЛІМ–ТӘРБИЕ ҮШІН ҚАЖЕТ
Туылғанынан бастап білімге мұқтаж өсетін адам баласы үшін ғылым – негізінде өмір бойы адамды тәрбиелеуден тұрады. Құран Кәрімде айтылғандай шынында да білгендер мен білмегендер еш уақытта тең болмаған.
Бұл жерде айтылған білімділер мыналар:
а) Қиямда (тік тұрғанда) және сәждеде Алламен бірге болғандар.
ә) Ақыретті уайымдағандар.
б) Алланы паналағандар.
Ал бұдан тыс қалған адамдар, шын мәнінде, білімділер санатына қосыла алмайды.
Өйткені кісі бойында бұл үш ерекшелік болмайтын болса, көзімен көрген нәрсесін жүрегі көрмейді деген сөз.
Сондықтан Құран Кәрімде: «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қорықты. Оны адам қабыл алды. Шынында ол өте залым әрі надан» (Ахзаб сүресі, 72-аят) деген аятта айтылғандай ғылым арқылы күнәға батқан адамды «залым» және «надан» сипатынан құтқарып, кәміл адам дәрежесіне жеткізуді мақсат етеді.
«Зұлымдықтың» антонимі «әділдік», яғни құлдың ізгі амал жасауы. «Надандықтың» антонимі болса «білімділік». Нағыз ғалым болу үшін заһири (сыртқы) ғылыммен қатар, батыни (рухани) ғылымды да игеру қажет. Дүние есігін надан болып ашқан адам баласы ғылыммен тәрбиеленіп, ғалым және кәміл сипаттарымен пікір мен сезім қалыптастырып періштелерден жоғары, пайғамбар мұрагері бола алады.
Имам Ғазали рахматуллаһи аләйһи бұл тұрғыда:
«Пайғамбарлардың нағыз мұрагерлері – заһири әрі рухани ғылымдарды игерген ғалымдар», - деген.
ТӘЛІМ–ТӘРБИЕ АДАМ ҮШІН
Небір жыртқыш жануарларды үйретіп, оларды игілігіне қолданған және небір ағаш-дөңкелерді өңдеп олардан керемет өнер туындыларын шығарған адам баласы негізгі тәрбиенің өзі үшін, яғни адамдар үшін қажет екенін естен шығармауы кажет. Өйткені ең ауыр, күрделі қызмет – адам тәрбиелеп жетілдіру.
Тәрбие көрмеген нәпсі үнемі кісіні жамандыққа итермелейді. Алла Тағала адам баласының жаратылысына күнә мен тақуалыққа бейімделу қабілетін берген. Сондықтан сәби кезінен бастап, оның бойынан осы екі қабілет көріне бастайды.
Кісі күнәға деген бейімділігін тежеп, тақуалығын арттыру арқылы бақытқа қол жеткізуіне болады. Бұл да тәрбиелеу арқылы іске асады. Жыртқыш жануарды тәрбиелеу, нәпсісіне берілген адамды тәрбиелеуден әлдеқайда оңай.
Тәлім-тәрбие беру – пайғамбар кәсібі. Тәрбиеші бола білу үшін өте сезімтал болу қажет. Себебі шәкіртпен қарым-қатынас құрған кезде олардың да сезімін түсініп, есепке алып, сол бойынша әрекет ету керек.
Бұл – дәрігердің емдеуден бұрын анализ жасауы, яғни аурудың себебін анықтауы секілді нәрсе. Қиыншылығы мен мәселесін шешіп, қол ұшымызды берген адамдардың ғана жөнге келетіндігін естен шығармауымыз керек.
Адамдардың қабілеттері әр түрлі болатынындай, әлсіз тұстары да әралуан болмақ. Сол себепті тәрбиешілер рухани дәрігер секілді әрекет етуі керек.
Біреуге пайдалы болған сөз немесе әрекет басқа біреуге зиян беруі мүмкін. Сондықтан тәрбиесінен жауапты болған адамдарымыздың мінез-құлқын жақсы білуіміз шарт. Сонымен қатар түсіндіріп, үйреткен кезде уақыты мен мөлшерін де дұрыс таңдап, белгілей білу қажет.
Қатты затты иген кезде оның морт сыну ықтималдылығын есепке алатынымыз секілді, нәпсіқұмарлығы мен қалаулары басым кісіні бұл дертінен құтқару үшін де асығыстық жасамауымыз қажет. Алдымыздағы кісіге бірден қатты айтып шошытып алмауымыз шарт.
Ыдыстағы толы затты дәл сондай көлемдегі ыдысқа дереу аударатын болсаңыз, жартысы сыртқа төгіліп, зая кетеді. Ал егер асықпай жай әрекет ететін болсаңыз, ол ыдыстағы затты екінші ыдысқа еш ысырапсыз, төкпестен құйып аласыз.
Адам тәрбиелеу барысы кезінде де осы физикалык заңдылықты жоққа шығаруға болмайды. Яғни бір кісіге бағыт-бағдар көрсетіп, тәрбиелеу үшін ең алдымен ұстамды болып, ол адамның қабілеті мен түсінігін ескеріп, оны жақсылап танып алу қажет.
Түптеп келгенде, тәрбиеші шәкіртінің мінез-құлқы мен қабілетін бес саусақтай танып, кім не нәрсеге қабілетті болса, оны сол бағыт бойынша жетілдіруге тырысуы тиіс. Мысалы ақындыққа жақын кісіні адамның рухани дүниесіне бағыттау қажет. Ал жетекшілікке, басқаруға қызығатын кісіге басқарып қадағалаудың әдістерін, яғни әрбір істі өз маманына берудің қажеттілігін, мейірімділік пен әділдік жайлы әңгімелеу қажет. Өзге кәсіптер де осы секілді. Бірақ қоғам үшін бұл қабілеттерді тәрбиелеудің әдістері алуан түрлі болады.
Тәлім-тәрбие беру барысында адам бойындағы тән мен рух, ақыл мен жүрек арасындағы нәзік байланыс ескерілуі тиіс.
Егер де кісіге тек ақыл тұрғысынан айтылатын болса пайдакүнемдік, мәртебе, дүниеқоңыздық сезімдері ауыр басып, рухани жетістіктен құр алақан қалады. Осылай тәрбие көрген адам соңында дүние-мүліктің, абырой-даңқтың құлы болады. Ал, егер ақылымен қатар ішкі жан дүниесі де тәрбиеленген болса ғана жаратылысындағы қабілеттерін Хақ жолына бағыттауға болады.
Мына мәселені ұмытпауымыз қажет: жүрекке қонбаған білім парасаттылыққа алып бармайды. Парасатсыз білім болса иесін адастыруы әбден мүмкін. Рухани сезімдер мен қасиеттерді бойына дарыта алмаған адам үнемі жамандықты үгіттейтін нәпсінің тұзағына түскен болады.
Ысырапшылықты тек қолымыздағы мал-мүлікті оңды-солды шашу деп түсінбеуіміз қажет. Қасиетті аяттағы: «Алла ысырапшылдарды жақсы көрмейді» деген иләһи ескертуді бүкіл өмірімізге бағыт етіп алуымыз қажет.
Ұстаз қызметінің маңызды екенін ескере отырып шәкіртінің уақытын ысырап етпеуі керек, тіпті ысырап етуіне жол жоқ.
Өмірді босқа өткізудің ысырап екенін де жадымыздан шығармауымыз керек. Қолымыздағы ұлы аманатты сақтай алмау да ысырап. Әсіресе жаратылыстың ең ұлығы болған адамды осы мақсатта тәрбиелеп жетілдірмей, зардап шектіретін болсақ, ысыраптың ең сорақысы сол.
Олай болса, кісі тәрбиелеуде барынша ықтият болу қажет. Оны Ұлы Жаратушының қалағанындай етіп, яғни бұл сырлы ғалам кітабын оқи білетін, ондағы иләһи тәртіп пен үйлесімділікті тамашалап, терең ойға шомып иманын ихсан дәрежесіне жеткізе білетін кәміл адам етіп жетілдіру.
Сондай-ақ кезінде Ислам тәрбиелеген «Алтын» ғасырдағы қоғамның сипатын өз бойларына дарыта алатын тұлғалар даярлау қажет. Әйтпесе миллиярдтаған адамзаттың кәміл адамға деген мұқтаждығы орындалмай қалуы мүмкін.
Ең басты мәселе – мына ақыр заманда бір адам болса да жетілдіру… Алаулаған жалыннан бірнеше жасөспірімді болса да құтқарып қалу…
Кім білсін, біз қол ұшын берген жастар, бәлкім, ертеңгі күннің Ахмет Яссауилері, Мәшһүр Жүсіптері, Абайлары, Шәкәрімдері, Ыбырайлары болар… ИншаАлла!
Бір ұлт осындай дана, біртуар азаматтар жетілдіру арқылы ұлы ұлтқа айналады әрі ұзаққа самғайды. Осман қағанаты Анадолыда қоныстанған ең кіші тайпа болғанымен, ұлы тұлғалардың арқасында ұлғая-ұлғая үш құрлықты иеленген ұлы бір бәйтерекке айналды. Кейіннен алып мемлекет бола тұра, ой-өрісі тар, санасы уланған, тек өз мүддесін, яғни халықтың болашағын емес, өзінің қара басын ойлайтын кісілердің қолына түскен соң кішірейе-кішірейе соңында тарих беттерінде аты ғана қалды.
Қысқасы, адамдарға тәлім-тәрбие беріп жетілдіретін тәрбиеші, ұстаз, мүғалім секілді қызмет жолындағы кісілер ең алдымен өз көңілдерін, жан дүниелерін тақуалықпен безендірулері шарт. Ішкі жан дүниесі тақуалықпен безенбеген кісілердің белгілі бір уақыттан кейін кұлап, қирап қалатын үйдің кабырғаларынан еш айырмашылығы жок.
Ал көңілдерін адамдарға айқара ашып, оларды құшақ жая қарсы алғандар Хазірет Мәуләнә, Шах Нақшибанді, Абдулқадир Гәйлани және Юнус Әмре секілді аты мен еңбегі өшпей қияметке дейін өмір сүреді және мектептеріндегі дәрістері де тоқтаусыз жалғасады.
Уа, Раббым! Бізге үнемі пайдалы білім нәсіп ет. Пайдасыз білімнің жамандығынан сақта. Ұрпағымызды нағыз ғылыммен, парасаттылықпен өз мәдениетіне сай түрде тәрбиелеп, болашақ үшін кәміл де ұлы тұлғалар даярлауды нәсіп ет!.. Әмин!