«Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сендердің: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», – деп асықтырмаған дұғаларың қабыл», – деді». Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
Түсініктеме: «... асықтырмаған дұғаларың қабыл» – дұғаның жүзеге асуын асықтырмау тілектің қабыл болуының шарты. Біз әдетте қажетімізді тілеп, пендешілікпен Алла Тағала сұрағанымызды бере қалады деп бір керемет болуын күтеміз. Алайда тілегіміздің қабыл болуына лайық болу жағын ойламаймыз. (Аудармашыдан).
«Нәби (с.ғ.с.): «Күнәлі іс пен туыстық қатынасты үзуді тілемесеңдер және: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», – деп дұғасы қабыл болуын асықтырып, үмітін үзіп тілеуін доғарған адам тәрізді болмасаңдар дұғаларың міндетті түрде қабыл болады», – деді».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
Алла Тағаладан жалқаулықтан пана тілеу
«Нәби (с.ғ.с.): «Иә, Тәңірім! Мен жалқаулықтан, шығынға ұшыраудан, Дажжәлдің азғыруы мен тозақ азабынан Өзіңнен пана тілеймін», – деп дұға ететін».
Хадисті Әмір ибн Шуайб (р.а.) риуаят етті.
«Нәби (с.ғ.с.) Алла Тағаладан тіршіліктің арбауы мен өлімнің қиыншылығынан, қабір азабынан және Дажжәлдің азғыруынан пана тілейтін».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
Қажеттілікті Алла Тағаладан ғана сұрау
«Нәби (с.ғ.с.): «Алла Тағала қажетін Өзінен тілемеген пендеге қаһары келеді», – деді».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
«Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан қажетін тілеген адам тілегінде табанды болсын. Тілегенде: «Уа, Тәңірім! Қаласаң сұрағанымды бер», – демеңдер. Өйткені Алла Тағалаға ешкім нұсқаушы бола алмайды», – деді».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
«Осман (р.а.) Нәбидің (с.ғ.с.): «Таңертең және кешке үш рет: «Есімі аталса жер мен көкте ешбір нәрсенің жамандығы болмайтын Есітуші, Білуші Алла Тағаланың атымен бастаймын!», – деп айтқан адамға ешбір нәрсенің зияны тимейді», – деп айтқанын естідім».
Хадисті Абан ибн Осман (р.а.) риуаят етті.
«Сәһл ибн Сад (р.а.): «Екі уақытта аспанның есігі ашылады. Ол: жиһадқа үндеу болғанда және Алла Тағала жолында сапқа тұрғанда. Осы екі уақытта дұғасы қабыл болмайтын адам аз», – деді».
Хадисті Әбу Хазим (р.а..) риуаят етті.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) дұғалары
«Расулуллаһ (с.ғ.с.) дұға еткенде: «Уа, Алла Тағала! Маған дәулет нәсіп етуіңді және жарылқауыңды тілеймін», – деп тілейтін».
Хадисті Әбу Сырма (р.а.) риуаят етті.
«Шәкәл ибн Хумайд (р.а.) айтады: «Мен Нәбиге (с.ғ.с.): «Ия, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Маған бір пайдалы дұға үйретсеңіз», – дегенімде, Ол (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан: «Уа, Тәңірім! Мені құлақ, көз, жүрек және бұзықтықтың жамандығынан сақтай гөр», – деп тіле», – деді».
Хадисті Шутайр ибн Хумайд (р.а.) риуаят етті.
Түсініктеме: «... бұзықтықтың» – яғни, зинақорлықтың, ойнастықтың (Аудармашыдан).
«Нәби (с.ғ.с.): «Уа, Алла Тағала! Маған қамқорлық етіп, дұшпандарыма маған қарсы қамқорлық етпе. Мені үстем етіп, жеңілуімнен сақтай гөр. Дұрыс жолда болуымды жеңілдете гөр», – деп дұға ететін».
Хадисті Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) риуаят етті.
Түсініктеме: «... үстем етіп» – яғни, нәпсіден немесе кәпірлерден (Аудармашыдан).
«Мен Нәбидің (с.ғ.с.): «Уа, Раббым! Маған қамқорлық етіп, дұшпандарыма маған қарсы қамқорлық етпе. Мені үстем етіп, жеңілуімнен сақта. Алдануымнан сақтап, дұрыс жолда болуымды жеңілдет. Маған зұлымдық етушіні жеңуді нәсіп ете гөр. Уа, Раббым! Мені Өзіңе шүкіршілік етуші, Сені әрдайым еске алушы, қаһарыңнан қорқушы, әміріңе көнуші және талабыңа бойсұнушы, тәубеге келіп, жарылқау тілеуші етіп тәубемді қабыл ете гөр. Күнәларымды кешіріп, тілегімді қабыл ет. Дәлелімді басым етіп, жүрегімді дұрыстыққа баста. Тек шындықты айтуды нәсіп етіп, көкірегімді жаман ниеттен тазарта гөр», – деп дұға ететін».
Хадисті Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) риуаят етті.
Түсініктеме: «Дәлелімді басым ет...» – яғни, дүние және дін ісінде және қабір сұрағы болған уақытта екі періштеге жауап бергенде.
«... жүрегімді дұрыстыққа баста» – яғни, дұрыс жолда болуымды нәсіп ет.
«... көкірегімді жаман ниеттен» – яғни, жеккөрушілік, көреалмаушылық, жалғандық т.с.с. (Аудармашыдан).
«Муауийа ибн Әби Суфйан (р.а.) мінберде тұрып: «Уа, Алла Тағала! Сен бергенді нәсіп болуына бөгет болушы және Сен нәсіп етпегенді беруші жоқ. Дәулеттінің байлығы Сенің азабыңнан құтқара алмайды. Алла Тағала игілік тілеген пендесін дін ғылымынан ғұлама етеді. Мен Нәбидің (с.ғ.с.) осы мінберде тұрып осы сөздерді айтқанын естідім», – деді».
Хадисті Мұхаммед ибн Кәб әл-Курзи (р.а.) риуаят етті.
«Нәби (с.ғ.с.): «Дұғаның абзалы: «Иә, Алла Тағала! Сен менің Раббымсың, мен Сенің құлыңмын. Мен өзіме зиян келтірушімін, әрі өзіме зиян келтіруші екенімді мойындаймын. Күнәні Сенен басқа ешкім кешіре алмайды. Менің барлық күнәмді кешіре гөр», – деп тілеуің», – деді».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
«Расулуллаһ (с.ғ.с.) дұға еткенде: «Иә, Тәңірім! Тіршілігімнің қорғаны болған дінімді дұрыстап, уақытша мекенім болған дүниені берекелі ет. Жан тапсыруымды рахметіңе айналдыра гөр», – деп тілейтін».
Хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етті.
Түсініктеме: «Жан тапсыруымды рахметіңе айналдыра гөр» – яғни, жан тапсырғаным дүниенің жамандығынан қорғаныш болсын (Аудармашыдан).
«Нәби (с.ғ.с.) Алла Тағаладан басына шамасы жетпейтін іс түсуден, ауыр жағдайға тап болудан, жаман жазадан және дұшпанға күлкі болудан пана тілейтін. Суфйан (р.а.): «Хадисте үш нәрсе айтылған болатын. Мен біреуін қостым. Алайда қайсысы екенін білмеймін», – деді».