Ұлық Раббымыз Құран Кәрімде жиі-жиі өзінің кешірімшілдігіне, мейірімділігіне қатысты көптеген сипаттарын атап көрсеткен. Тіпті «Рақымдылардың ең рақымдысы»1 екендігін, рақымдылығының барша нәрсені қамтитындығын2 айтады. Он сегіз мың ғаламда-ғы күллі рақымдылық Алла тағаланың шексіз мейірімділігінен бастау алады.
Алла Елшісі (с.а.у.): «Хақ тағала рақым-дылығын жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғызын өзінің құзырында алып қалды. Ал қалған бір бөлікті жер жүзіне жіберді. Міне осы бір пайыз рақымдылықтың арқасында барша махлұқат бір-біріне рақымдылық танытады. Тіпті биенің құлынына зиянын тигізбеу үшін аяғын көтеруі, осы бір рақымдылықтың әсері», – дейді (Бұхари, Әдеп 19; Мүслим, Тәубе 17).
Рақымдылығы шексіз Раббымыз, құлдарының бір-біріне рақымдылық пен мейірімділік танытуларын мұрат етеді. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) рақымды жан болатын. Бұл оның басты сипаттарының бірі еді. Алла тағала оны жер жүзіне «рақымдылықты таныту» үшін жіберді.3 Алла тағала өзінің көркем есімдері болып табылатын «раууф» (аса рақымды) және «рахим» (ерекше мейірімді) сипаттарын Пайғамбарымызға (с.а.у.) нәсіп етті.4 Ал ақиқатына жүгінсек, одан бұрын келген пайғамбарларға бұл сипаттардың екеуі бірдей нәсіп болмаған.5
Күллі махлұқатқа рақымдылық таныту, жылы шырай көрсету иманның кемелдігіне ишарат етеді. Кәміл мүмин қараңғы түндегі толған ай секілді нұрын шашады. Халықшыл, көпшіл болады. Оның басты ұстанымдарының бірі жомарттық, сақилық. Сонымен қатар бойынан сезімталдық, сыпайылық, биязылық байқалады. Рақымдылық пен мейірімділік оның ажырамас серігіне айналады. Мейірімділік пен рақымдылық атаулыдан жұрдай жандар, кеудесінен жаны шыққан өлік секілді жылуы болмайды.
Хадис-шәріптерде былай деп айтылады:
«Рақымдылық танытқанға Рахман (аса ра-қымды) Алла тағала рақымдылық көрсетеді. Жер жүзіндегілерге рақымдылық танытсаңдар, көк жүзіндегілер де сендерге рақымдылық танытады» (Тирмизи, Бирр 16/1924).
«Мейірімділік танытпағанға, мейірімділік көрсетілмейді» (Бұхари, Әдеп 18; Мүслим, Фадайл 65).
«Мейірімділік тек бақытсыздың жүрегінен алынады» (Тирмизи, Бирр 16/1923; Әбу Дәуіт, Әдеп 58/4942).
Жаратушының назарымен, махлұқатқа рақымдылықпен назар салу Алла Елшісінің (с.а.у.) төмендегі мына хадисінде айтылған.
Бір күні Алла Елшісі (с.а.у.) сахабаларына қарап: «Жанымды қолында ұстап тұрған Аллаға ант етейін, бір-біріңе мейірімділік танытпасаңдар жәннатқа кіре алмайсыңдар», – деді.
Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз», – десті.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі махлұқатты қамтитын мейірімділік. Иә, күллі махлұқатты қамтитын мейірімділік», – деп сөзіне түсініктеме берді.6
Мүминдердің иман сезімін толқытатын, нәпсі өзімшілдігінен құтқаратын, рухани деңгей тұрғысынан кемелдендіретін ең бас-ты қасиеттердің бірі мейірімділік болып табылады. Мейірімділіктің жемісі жомарттық, қарапайымдылық, еңбектену және күңшілдіктен құтылу.
Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Мүминдердің бір-біріне деген сүйіспеншілікте, бір-біріне деген жанашырлықта және бір-бірін қорғауда бір денеге ұқсайды. Дененің кез келген ағзасы ауырғанда, өзге ағзалар да ұйқысыздыққа тап болады. Мазасы қашып, қызуы көтеріледі» (Бұхари, Әдеп 27; Мүслим, Бирр 66).
Мейірімділік, бұл дүниеде ар-ождан тыныштығы. Пейіштің сүйіншісі. Ал ақыретте бақытты болудың кепілі.
Бір кісі Мұғаз ибн Жәбалға келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен.
Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Пейішке кіруі-ңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.
Осман Нури Топбаш