Әһлі сүннат уәл-жамағат ғалымдары қайтыс болған кісілерге тірі адамдардың жасаған амалдары пайда беретінін бір ауыздан құптайды. Бұл пайда екі түрлі амалдан шығады. Біріншісі адам тірі кезінде өлгеннен кейін де сауап алуға себеп боларлықтай жасаған амалдары. Мұны хадис тілімен жария садақа деуге болады. Екіншісі мұсылмандардың қайтыс болған кісіге арнап жасаған дұға-тілектері, Алла Тағаладан кешірім сұраулары мен садақа берулері және қажылыққа барулары сияқты. Тірі адамдардың өз денесімен орындаған ғибадаттарының сауабы өлген кісіге жетуі туралы ғалымдардың пікірлері әр түрлі. Дене ғибадаттарына намаз оқу, ораза ұстау, құран оқу және Алланы зікір ету сияқты түрлерін жатқызуға болады. Имам Ағзам Әбу Ханифа, Имам Ахмад және басқа да бір қатар ғұламалар: «Тірілердің өз денесімен атқарған ғибадаттарының сауабы қайтыс болғандарға тиеді» десе, Имам Шәфи мен Имам Мәлік болса: «тимейді» деп бұған қарсы пікір айтады. Кейбір философтар да: «Өлгендерге дұға-тілек те және одан басқасы болсын пайда бермейді» деп қате ойлайды. Бұл сөздерді қасиетті Құран және Пайғамбар сүннеттері жоққа шығарады. Тірілердің жасаған амалына қайтыс болған адам қатыспаған күннің өзінде одан сауап алады. Қасиетті Құранда Алла тағала мүһажирлер мен ансарларды мақтап, сосын олардан кейін келетін мүміндер жайында: «Мүһажирлер және ансарлардан кейін келген кісілер, өздеріне және басқа мүміндерге насихат етіп айтады: «Ей Раббымыз, бізді және біздің алдымызда иманмен өткен бауырларымызды кешіре гөр. Біздің жүрегімізде иман келтіргендерге деген жек көрушілік, жаулық және қызғаныштыққа жол қойма. Ей Раббымыз, Сен мейірімді де рахымдысың!».
Бұл дұға барша мүміндерді сахабалардан алдыңғы және кейінгі барлық иман келтіргендерді қамтиды. Иә, осы қамқорлық иман қасиеттерінен мүміндер бір-бірінен пайда алысады. Иман – Алла Тағаланың берген сондай ұлы нығметі, иман келтіргендер сол арқылы бір-бірімен бауыр, туыс болады. Бұл бауырмалдықтың бір тармағы бір-біріне жақсы дұға жасау және жақсы көру. Сондықтан Алла Тағала бұл дұғада жүректегі жек көрушілік пен көреалмаушылық кеселінен арылуды еске салады. Әрине бұл кеселден жүрек тазарғаннан кейін, оның орнын шынайы иман келтірушілерге деген бауырмалдылық пен сүйіспеншілік басады. Ал, бұл мұсылмандардың бір-бірінің арасындағы ақысы. Бұл – әһлі сүннат уәл-жамағат жолы.
Алла Тағала мүміндерді бір-біріне истиғфар (күнәларына кешірім тілеу) айтулары себепті мақтады. Демек, қайтыс болған мүміндер тірілердің жасаған дұғаларынан пайда алады.
Мысалы, мәйіт жаназа намазында оқылатын дұғадан пайда алатынына бүкіл үммет ғалымдары бір ауыздан келіскен. Жаназада оқылатын дұғаның мағынасы кең. Ендеше, сол жаназа намазында оқылатын дұғаның бірімен танысып көрелік. Ауф ибн Мәлік (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Расулуллаһ (с.а.у.) бір жаназа намазын оқыған сәтте, мәйітке арнап айтылған дұғаны жаттап қалдым» деді. Екі әлем сардарының сондағы оқыған дұғасы: «Ей, Аллам! Бұл мәйітті кешір, оны рахметіңе ал, жамандықтардан құтқар, оны кешір, жаннаттағы несібесін көркем қыл, ақ киімнің кірден тазарғанындай оның қателіктерін су, қар және бұршақпен тазарт. Оған дүниедегі үйінен де жақсы үй бергін, бұл дүниеде қалдырған отбасынан да жақсы отбасы бергін. Оны жәннатқа кіргіз және қабір мен тозақ отынан сақта!».
Егер бұл дұға шын ықыласпен оқылса, мәйіт одан әлбетте пайда алады. Сондай-ақ қайтыс болған адам жерленгеннен кейін де біздердің жасаған дұға-тілектеріміздің сауабы тиеді. Осман ибн Аффан (р.а.) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәйітті жерлеп болғаннан кейін, оның қабірінің жанында тұрып: «Бауырларыңыз үшін кешірім сұраңыздар. Оған табандылық тілеңіздер, өйткені ол қазір сұралады» деп сахабаларға дұға жасау жайында өсиет етті. (Әбу Дәуід, Байхакий, Әл-Хаким).
Сол сияқты марқұмдардың қабірлерін зиарат етуге барғанда оларға арнап дұға оқу хадистерде баян етілген. Бурайда бин әл-Хасийб былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) зиратқа барғанда сахабаларға төмендегі дұғаны оқуды үйретті: «Ей, мүмін-мұсылмандардан болған осы зират тұрғындары, сіздерге Алланың сәлемі болсын! Біз де иншАлла сіздерден кейін осында келеміз. Алладан өзімізге және сіздерге тыныштық (кеңшілік) тілейміз». Осы келтірілген аят пен хадистер, тірілердің дене ғибадаттарынан қайтыс болған мұсылмандар үшін пайда бар екендігіне куәлік болады. Сондай-ақ дүние-мүлікпен жасалған ғибадаттардың да сауабы тиеді. Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Бір кісі пайғамбарымыздың алдына келіп: «Иа, Алла Елшісі, менің анам кенеттен қайтыс болды. Бірақ өсиет айтпады. Егер анам өсиет айтса, садақа беруге әмір еткен болар еді деп ойлаймын. Анамның атынан берген садақамның сауабы оған тиеді ме?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә» деп жауап берді. Артта қалған кісі садақа беріп, сауабын мәйітке сыйласа, сауабы тиетінін осы хадистен үйренуге болады.
Айша анамыз (р.а.) тұтқан оразаның сауабы мәйітке тиетіні жайында: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қайтыс болған кісінің ұстай алмаған оразасын оның жақын туысы тұтып беруі керек» деген. Хадистен мәлім болғандай ұстаған оразаның марқұмға сауабы тиіп, ақыретте марқұмға Жаратқанның жеңілдіктері болады.
Әлем мұсылмандарының басын біріктіретін маңызды қажылық амалынан да олар үшін сауап бар. Ибн Аббас (р.а.): «Жухайна тайпасынан бір әйел пайғамбарымызға келіп: «Менің анам қажылыққа нәзір (уәде) қылған болатын. Бірақ, ол кісі қажылықты өтей алмай қайтыс болып кетті. Мен анамның атынан қажылыққа баруым керек пе?» деп сұрады. Алла Елшісі (с.а.у.): Әрине оның атынан қажылыққа бар. Егер анаңның артында берешек қарызы болғанда, оны өтер ме едің? Алланың қарызын өтеңіз! Ақыны орындауда Алла Тағала көбірақ ақылы» деп әлгі сахабаға анасының орнына қажылық жасауына бұйырды. Амалдардың сауабы сол амалды істеген адамның үлесі. Егер сол үлесін мұсылман бауырына сыйласа, оған ешқандай кедергі жоқ. Бұл іс тірі мұсылман баласының дүниесінен өзге тірі бауырына сыйлық бергені секілді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оразаның сауабы мәйітке тиетіні турасында айтқан сөздерімен Құран оқудың да сауабы тиетінін ишара еткен. Құран оқу дене ғибадаты сияқты. Оразада ниет пен амал болғанындай, құран оқуда да ниет пен амал бар. Демек, қасиетті құранның құтты аяттарын оқып, оның сауабын марқұм болған туыстары мен жақындарына және басқа мұсылмандарға бағыштаса сауабы тиеді. Алла Тағала баршамызды екі дүние бақытына бөлеп, бір-бірімізге ізгі тілек пен жақсы дұға сыйлауды нәсіп еткей!