Сабыр – Нұр

Сабыр – Нұр

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде былай дейді:

«Тазалық – иманның жартысы. Әлхамдулилләһ оның таразысы, СубханАллаһи уәл-хамдулилләһи сөздері жер мен көкті сауаппен толтырады. Намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарық. Құран сенің пайдаңа немесе зияныңа дәлел. Әркім таңертеңнен (базарға шығады) нәпсісін сатады, кейбіреулері оны азат етеді, ал кейбіреулері жоқ қылады» (Муслим, Тирмизи).

Жоғарыдағы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) сабырды жарық ретінде сипаттаған. Жарықтың сәулесі өзінен болған заттар үшін қолданылады. Сондықтан, сабыр мұсылманды дүние және ақырет бақыттылығына жетелейтін жолдар. Яғни сабыр барлық іс-әрекеттерді түгелдей қамтитын жарық сәулесі іспеттес.

Сабыр сөзіне көптеген даналар даму сезімдер мен ақыл-ойды шариғат шеңберінде ұстау деп анықтама берген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) намазды нұр, сабырды жарық ретінде сипаттауы адам өмірін қай жағын алып қарасақ та нұрландырып тұратындығына дәлел болса керек. Сондай-ақ, оның сәулесі де өзіне тарайды. Діннің тірегі саналатын намаздың дұрыс әрі тәртіппен оқылуы табандылықты, сабырлылықты талап ететіндіктен сабыр осындай ұлық ғибадатты да қамтиды.

Жоғарыда аталмыш хадистің мазмұны бойынша, яғни анықтамасының негізгі сілтемесіндегі сабырлылық – адамның жүріс-тұрысына, сезімі мен ой-түйсігіне тежегіш құралындай әсер етіп, адамзатты ашуға булығудан қорғауда. Олай болса сабыр – адамды қоршап-қорғап тұратын маңызды іс-қимылдар нәтижесі.

Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сабырдың жайында мадақталуы, оның мәні мен маңызын білдіруде. Аятта: «Әй, иман келтіргендер! Сабыр етіңдер, сабырлылық танытуда (дұшпандарыңыздан) асып түсіңіздер» (Әли Имран сүресі, 200-аят).

«Сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктерің мен жандарыңды және астықтарыңды кемітумен сынаймыз. Ал сабырлық сақтағандарды сүйіншіле!» (Бақара сүресі, 155-аят).

«Сабырлық сақтағандарға, апат-бәлелерге табандылық танытқандарға есепсіз сыйлықтар беріледі» (Зүмәр сүресі, 10-аят).

«Әй, иман келтіргендер! Бастарыңа келген нәрсеге сабыр етумен және намаз оқумен Алладан жәрдем сұраңдар! Алла сабыр етушілермен бірге» (Бақара сүресі, 153-аят).

Сабырға байланысты аяттар мен хадистерге назар аударар болсақ, сабыр сақтауды қажет ететін мына бес нәрсені айта кетуге болады:

1. Ғибадаттардың орындалуында және тыйымдардан бойды аулақ ұстауда – сабыр.

2. Әртүрлі апат-бәлеге және қайғы-қасіретке – сабыр.

3. Халықтың басына түскен қиыншылықтарына – сабыр.

4. Аллаға дағуат еткенде, жақсылықты айтып жеткізуде, жамандықтан тыюда – сабыр.

5. Соғыс майданында және кәпірлермен күресуде – сабыр.

Яғни Алла Тағаланың және Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бізге осындай жағдайларда сабырлылық танытуымызды өсиет етуінің өзі өміріміздің барлық кезеңін қамтитындығының айғағы.

Тарих сахынасына көз жүгіртетін болсақ сүйікті Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бастап, сахабалар, ғалымдар, әулие құлдар және т.б. салих пенделердің барлығының сабырлылықтағы үлгі-өнегелеріне куә боламыз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмір тарихы біздер үшін сабырлылықтың дастаны. Он үш жылдық Мекке кезеңі әрі Пайғамбарымыз үшін әрі Меккелі мұсылмандар үшін сабырдың ұйытқысы, әрбір басқан қадамдары сабырдың жарығымен сәулеленген қиын-қыстау кезеңі болды. Мүшриктердің көрсеткен зорлық-зомбылықтарына Пайғамбарымыз (с.а.у.) сабыр сақтап маңайындағыларға үлгі-өнеге бола білді, сондай-ақ қиыншылықтарға тап болған сахабаларына да: «Сабыр сақтаңдар! Алла бізбен бірге» деп үнемі сабырлыққа үгіттеп отырды. Мұнымен қоса он жылдық Мәдина кезеңі де сабырлылық танытумен өтті. Ислам мемлекеті құрылғаннан кейін оның ыдырап кетуіне, алдынан шыққан кедергілерге және қарсы жасалған жорықтарда екіжүзділердің, яһудилердің арам пиғылдарына сабырлылық сақтау арқылы төтеп берді. Міне соның нәтижесінде мұсылмандардың жеңісімен аяқталды. Ақиқат үстемдік құрып, жалғанның негізсіз екендігі дәлелденген-ді. Әрине бұл сабырлылық сақтаудың жемісі.

Адам жақсы бір шаруаны бастап, жаман іс-қимылдардан бойын аулақ ұстауға күш-жігерін қолданған уақытта, оны сабырмен шешкен кезінде ғана табысқа қол жеткізеді. Яғни игі іс-шараларды атқарарда нәпсінің ықпалына, оның жамандығына қарсы тұрып күресу тек сабырмен ғана мүмкін болмақ.

Қазіргі кезде нәпсінің қалауларын қамшылайтын себептерге назар аударсақ, өткенге қарағанда көш ілгері болғанымызды көреміз. Адамның шақуатына әсер ететін, дүниеге деген құштарлығын арттыратын, жақсылық жасаудан ұзақтаттырып, жамандық жасауға итермелейтін барлық себептердің бекершілік екені мықты күш-жігер мен сабырлылықтың арқасында мүмкін болмақ. Олай болса сабырлылық – өткенге қарағанда бүгінгі күнімізге ауадай қажет. Сондай-ақ, ғасырдың індетіне айналған стреске яки күйбелең-күйзелістерге қарсы тұрып сабыр етуге әбден мұқтажбыз. Біз бұған байсалдылықпен әрекет жасау десек те болады. Байсалдылық – бір істі істегенде асықпау, яғни жеті өлшеп бір кесу қағидасы бойынша әрекет ету дегенді білдіреді.

Әлдебір адам хақсыз бола тұра сізге қол жұмсауға келе жатса, сіз бұл істің нәтижесін жақсылап ойланып, әрекет жасағаныңыз байсалдылық болып саналады. Бұл да сабырмен әрекет жасағаныңыздың айғағы дегенге саяды. Айналамыздан сабыр сақтай алмай ақ болса да, қара болса да келеңсіз жағдайға тап болған, тіпті кісі өлтірген, оған қарамай өміріне соң берген көптеген адамдармен кездесіп, естіп-біліп, көріп те жүрміз.

Бір досым болған оқиғаны былайша баяндайды. Мұны оқиғаға қатысқан адамнан өзі естіген екен: «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары болатын. Қуаңшылық белең алған Түркияда нанның өзі талонмен берілетін еді. Мен өзімізге жақын маңайдағы наубайханадан үнемі нан алып тұратын едім. Әркүні қатарға тұрып әр отбасы өзіне бөлінген нандарды алып кететін едік.

Бір күні қатарға кіріп, кезегімді күтіп тұрған едім. Тура маған кезек келгенде наубайхананың қожайыны еш себепсіз аузына келгенін айтып, айғайлап мені қатарымнан шығарып тастады. Ішімнен бір дыбыс «Ана жатқан тасты алда оның басын жар» деді. Өз-өзімді сабырға шақырып ол жерден кетіп қалдым. Бірнеше күн өткеннен кейін наубайхананың алдынан өтіп бара жатыр едім, маған айғайлаған адамды көре алмадым. Адамдардан сұрасам «Үйінде ауырып өлім төсегінде, хал үстінде жатыр» деді. Мен де ол адамның көңілін сұрауға қарар бердім. Бірақ жаныма: «Ана жатқан тасты алда оның басын жар» деп нәпсімнің үгіттеген тасты алып бір шүберекке орап, бірге алып бардым. Ол адам төсегінде, яғни хал үстінде әрең демалып жатыр екен. Жанына барып, шүберекке оралған тасты алып жастығының үстіне қойдым, ол кісі соңғы демін алды да жан тапсырды. Демек, адамның өліміне ол тас себеп болатын екен. Егер мен сол уақытта сабыр сақтамай тасты алып ол адамның басынан ұрған болсам адам өлтірген болар едім».

Аталарымыз қандай тамаша айтқан: «Сабырдың дәмі – ащы, жемісі – тәтті».

Әрине, сабыр сақтау өте қиын. Оның арнайы мектебі де жоқ. Бірақ көпшілік адамдар сол мектептен оқып, дипломын қолына алып сабырлылардан болуға. Алайда, дұрыс діни тәлім-тәрбие алған адам оған қол жеткізе алады. Яғни күніміздің міндеттерін орындап, Алла Тағаланың сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың жақсы көрген үмбеті болсақ, басымызға түскен қайғы-қасіреттерге сабыр сақтасақ, алдымыздан шыққан көптеген белестерге байсалдылықпен әрекет жасайтын болсақ, міне сонда ғана табысқа қол жеткізе алмақпыз.

Ең бастысы сабырға қол жеткізуіміз үшін Алла Тағалаға көп-көп дұға жасауымыз керек. Әрі Оның кітабында айтылғандай: «Уа, Раббымыз! Бізге сабыр бер, табандылығымызды арттыр, бас көтерген халыққа тік тұруға біздерге жәрдем ет» (Бақара сүресі, 250-аят).

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: