Періште табиғаты

Періште табиғаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағаланың қай ісінен де асқан даналық пен шексіз шеберлікті байқайсыз. Оның жасағанынан ешқандай кемістік, үйлесімсіздік, оғаштық пен ақау көру мүмкін емес. Ол - бүкіл кемшілік атаулыдан пәк. Ол «бол» деу арқылы әп-сәтте қалаған нәрселерін жарату құдіретіне ие. Алла тағаланың жаратқан нәрселерін сынауға ешкімнің құқы жоқ. Сол сияқты періштелердің жаратылуында көптеген себептер бар. Біз ол себептердің кейбірінен хабардар болғанымызбен көпшілігін біле бермейміз. Құран Кәрімде періштелердің жаратылу мақсаты туралы: «Раббың періштелерге: Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын» деген кезде «онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз» дейді...»,[1] - деп, періштелердің үнемі Алланы дәріптеп, пәктейтіндіктері айтылған.

Ұлы Жаратушының шексіз ілімі мен салыстырғанда адамның білгені теңіздің тамшысындай ғана.

Осы орайда Қызыр (ғ.с.) бірде Мұса (ғ.с.) пайғамбарға: «Уа, Мұса! Біздің білгеніміз бен Ұлы Жаратушының ілімі - анау құстың тұмсығындағы су мен мұхит сияқты»,[2] - деп теңіз жағалауында тұмсығын суға батырып тұрған құсты көрсеткені бар.

Дейтұрғанмен, періштелердің жаратылу мақсатын Ислам ғалымдары төмендегіше беске бөліп қарайды:

1. Алланың құдіреттілігін көрсетуі үшін.

Алла тағала жақсылықты (яғни періште сияқтыларды) жаратқандай, жамандықты да (шайтан сияқтыларды) жарата алады. Сонымен қатар жақсылық пен жамандықты жасауға бейім (адам сияқты) болмысты да жаратуға құдіретті.

2. Адам баласы Аллаға ғана бағыну керектігін білуі үшін.

3. Пенделердің құлшылығына Жаратушының мұқтаж емес екенін білдіру үшін.

4. Жер бетіндегі сүйікті құлдар мен өзге болмыстарды қорғау үшін.

5. Адамдарға Алла тағаланың құдіреті мен ұлылығын білдіру үшін.[3]

Періштелердің жаратылысы мен санының өте көптігі мен қызметтерінің әрқилылығы шындап келгенде Ұлы Жаратушының аса құдіреттілігін паш етеді.

Періштелердің әуелгі міндеті - құлшылық. Жаратушыны ұлықтап, мінсіздігін дәріптеу, өздеріне міндеттелген істерді қадағалау. Періштелердің құлшылықтағы кейіптері әртүрлі. Кейбірі мәңгі-бақи Алланың алдында намазда тұрғандай тік тұрып құлшылық жасайды. Кейбірі иіліп рүкүғқа барған күйде құлшылық атқарады. Кейбірі сәждеге жығылған күйде ғұмыр бойы басын көтермейді.[4] Құранда:«Сап-сап тұрушы (періштелерге) серт»,[5] - делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына Алла тағаланың құзырында періштелер тәрізді сапқа тізіліп құлшылық жасау керектігін айтқан. Таңырқаған сахабалардың бірі: «Олар қалай сапқа тізіледі?», - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар әуелгі сапты толтырып араларын тығыз ұстайды»,[6] - деп жауап берген. Басқа да хадистерде айтылғандай олардың кейбірі тек қана «Лә иләһа илла Алла» (Алладан басқа Құдай жоқ) деп зікір етіп тұрса, кейбірі «Аллаһу әкбар», ал енді біреулері «СубханАлла», «Әлхамдулиллаһты» қайталап құлшылық жасаумен болады.

Құран аяттары мен хадис-шәріпке сүйеніп періштелерге жүктелген міндеттерді төмендегіше көрсетуге болады:

1. Алла тағаланы бүкіл кемшіліктерден пәктеу, күндіз-түні шүкір айтып ұлықтау.

Құранда: «...Періштелер: «Алайда біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», - деді»[7] - делінген.

2. Алла тағаланың елшілеріне уаһи ету. «Алла тағала періштелерден елшілер таңдағандай адамдардан да елшілер таңдайды».[8]

3. Пайғамбарларға салауат айтып, сәлеммен ұлықтау, осы дүниедегі күллі адамдардың жақсылығын тілеп дұға ету. «Шынында да Алла пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдайды...».[9]

Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміндер жамағатпен намаз оқығанда «Алла тағала мен періштелер намаздың алдыңғы сапында тұрғандарға дұға етеді»[10] және «Жамағатпен намаз оқуға жиналған мүміндерге намаз оқығанға дейінгі арадағы тыныштық кезінде періштелер: «Раббым, бұлардың күнәларын кешіп, мейіріміңді төге гөр!»»,[11] - деп дұға ететіндігін айтқан.

4. Пайғамбарлар мен мүміндерге рухани көмек беру, сенбейтіндердің жүрегіне үрей салу. Құранда: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) сол сәтте (Бәдірде) мүміндерге: «(Көктен) үш мың періште түсіріп Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» дедің,[12] - делінген.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәждеге бас қойған сәтте Әбу Жәһил оны аяғымен жаныштағысы келген еді. Бірақ бата алмай кері шегінді. Себебін: «Арамызда жыра бардай ары өте алмадым», - деп түсіндірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса: «Егер ол маған жақындағанда періштелер оны жоқ етер еді»,[13] - деген еді.

5. Адамдарды қорғаушы әрі қызмет етуші.

Құранда: «Алланың әмірімен әркімнің алды-артынан өкшелеп, қорғаушы және әрбір іс-әрекетін жазушы (періштелер) бар»,[14] - делінген. Алла тағала адам баласын тікелей және періштелері арқылы да қорғай алады.

6. Адамдардың амалдарын жазу. Құранда: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оңына да, солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы отырады»,[15] - дейді.

Бұл аятта адамды жаратқан Алланың пендесіне өз күре тамырынан да жақын әрі періштелер адамның әрбір әрекетін жазу үстінде екендігі баян етілген. Әлбетте, олай болса Алла - барлық нәрседен хабардар.

Періштелермен адамдардың арасындағы қарым-қатынас ана жатырында-ақ басталады. Бухари мен Муслимдегі мына хадис осы мәселені айғақтай түседі:

«Алла тағала бір періштесін жатырға тағайындайды. Ол жатырға ұрық түскеннен бастап әр жетілу сатысын білдіріп: «Раббым, сәби «нұтфа (шәует) кезеңінде», «Раббым, сәби «алақа» (жабысқақ ұрықтанған жасуша) кезінде, не болмаса «мұдға» (бір жапырақ ет пішініндегі кезі) кезеңіне келді» деп хабар беріп отырады.

Хақ тағала ол сәбидің дүниеге келуін қаласа, періште: «Раббым, бұл ұл бола ма, қыз бола ма? Жұмақтық па, әлде тозақтық па? Несібесі қаншалық? Ажалы қашан?» деп сұрайды. Бұлардың барлығы да сәби жатырда жатқанда-ақ анықталып, пешенесіне жазылып қояды».[16]

Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадисте былай делінген: «Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысы әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір шайнам етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз, не бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады».[17]

Осы тәрізді хадистерде айтылған жазу мәселесі Ләуху махфузда (сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) тіркелген мәліметтерді періштелердің басқа бір жерге қайта көшіріп жазуын білдіреді. Өйткені құбылыстар әлі жаратылмай тұрып ілім шеңберінде «Ләуху махфузу азамда» олар жайлы мәліметтердің толық жазылуы «тағдыр» деп белгіленген.

7. Ғаламдағы жүйесін қадағалау. Құранда: «Сондай-ақ (әлемдегі тәртіп пен жүйені реттеуде) өзіне міндеттелген жауапкершілікті орындаушыларға серт»,[18] - делінген.

Демек, бұдан біз «атом» деп айдар таққан ең кішкентай бөлшектен, «галактика» деген ең алып жаратылысқа дейін барлық болмыстардың іс-әрекетін үйлестіруге жауапты періштелердің бар екенін көреміз. Оларға жаратылыстың зікірлері мен амалдарын Аллаға жеткізу міндеттелген.

Хадистерде әрбір жаңбыр тамшысы мен қар түйіршігінің өзін жер бетіне бір періштенің алып түсетіндігі айтылады. Енді мына мәліметке көңіл бөліңіз: жауған әрбір қар мен жаңбырдың өз өлшемі мен мөлшері болады. Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшерді қазіргі заманның соңғы технологиясын пайдалана отырып зерттеу жүргізген ғалымдар былай дейді:

«Секундына 16 миллион тонна су жерден буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер - бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер тепе-теңдікте сәл өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғады. Жаңбырдағы мұндай шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысысындай бір зат сондай биіктен құласа, жерге 558 км/сағ. жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары - қандай биікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағаттан аспайды».[19] Яғни Алла рахымының белгісі ретінде, егер періштелер болмаса жауған жаңбырдың әрбір тамшысы батпандай тас болып түсер еді.

Періштелер міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушының рахымына бөленеді.

8. Адам баласының жаратылысы және өліміне қатысты міндеттерді орындау. Алла тағала: «Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де»,[20] - дейді.

9. Илләһи жазаларды іске асыру міндетін орындау. Аятта бұл жайлы: «Періштелер сондай қарсы болғандардың беттеріне, арқаларына ұрып: «күйдіретін азапты татыңдар!», - деп жандарын алғанын көресің»,[21] - делінген.

Періштелердің арасында ел ішін аралап, адамдарды сынайтындары да болады. Мына бір хадис соны баяндайды.

Ертеде бірі алапес, екіншісі таз, үшіншісі зағип үш дос болған екен. Алла тағала үшеуін сынау үшін оларға адам бейнесінде бір періште жібереді. Періште алапеске келіп: «Ең жақсы көретін нәрсең не?» - деп сұрайды. Сонда алапес: «Әрине, денім сау, көрікті болсам екен» дейді. Сол мезет оны періште қолымен бір сипап ажарлы адамға айналдырады. Періште одан: «Қай малды жақсы көресің?» - деп сұрайды. Алапес түйені атайды. Алдынан дереу он түйе пайда болады. Періште: «Бұларды Алла саған ұзағынан сүйіндірсін», - деп әрі қарай жол тартып тазға жолығады. Оған да алапеске қойған сұрақтарын қайталайды. Таздың жауабы бесенеден белгілі... Періште оның басынан сипаған сәтте тазға шаш бітеді. Періштенің екінші сұрағына таз сиырды атайды. Сол сәтте оның алдына буаз сиырлар пайда болады. «Бұларды Алла саған нәсіп етсін» дейді де періште келесі кезекте соқырға келіпті. Оған да әлгілерге қойған сұрақтарын айна-қатесіз қайталайды. Соқырдың да жауабы белгілі. Періште оның да тілегін орындайды. Ал екінші сұрағына ол «қой» деп жауап береді. Ол тілегі де орындалады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Оларға берілген малдың басы өсіп өріске сыймай кетеді. Күндердің бір күні періште әлгі көрікті адамға келеді: «Мына саған көрікті сыйлаған Жаратушының құрметіне маған бір түйе берші», - дейді. Көрікті адам оған жауап та қатпайды. Періште енді оған: «Әй, сен әлгі алапес емессің бе? Мына байлық Алланың несібесі емес пе?» - дейді. Сонда ол: «Жоқ, бұл аталарымнан қалған мирас» деп жауап береді. Періште: «Егер де жалған айтсаң Алла баяғы қалпыңа қайта түсірсін» дейді. Расында да көрікті адам бұрынғы алапес қалпына қайта түседі. Сараңдық танытқан таз да бұрынғы бәз қалпына оралады. Соңында періште үшінші адамға келіп: «Саған көзді сыйлаған Жаратушының құрметі үшін маған бір қой берші», - дейді. «Иә, расында мен соқыр едім. Бірақ Жаратушы ием маған көз сыйлады. Кедей едім мал беріп байытты. Оған қанша шүкір етсем де аз. Оның құрметі үшін қалаған қойыңды ал», - дейді. Сонда періште: «Байлығыңды Алла ұзағынан нәсіп етсін! Алайда, Алла үшеуіңді сынаған еді. Алла та сенен разы. Бірақ екі досың берілген нығметтің қадірін білмеді. Олар Алланың азабына тартылады» деп лезде ғайып болады.[22]

Расында да Алланың құдіреті мен шеберлігі күллі жаратылыс атаулыда айқын көрінеді. Жаратылған барлық болмыс - Ұлы Жаратушының баға жетпес өнер туындысы. Алланың рахымдылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құран бұл ақиқатты: «Қайда қарасаң да Алланың жүзі (рахымдылығы, қайырымдылығы, құдіреті) сонда»,[23] - деп түсіндіреді.

Қалмахан Ержан,

теология докторы

[1] «Бақара», 2/30

[2] Бухари, Ілім, 44; Муслим, Фәдаилус-Сахаба, 180; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, ІІ/311, V/118; Қосымша қараңыз: Ибн Кәсир, Тафсирул Қуран, V/172-185

[3] Сайд Хаууа, Ислам Ақайды, ауд:М.А.Варол; О.Актепе; А.А.Унал; Х.А.Өздемир, Стамбул, 1996, ІІ/355

[4] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1/38

[5] «Саффат», 37/1

[6] Муслим, Салат, 119; Әбу Дәуід, Салат, 94; Нәсаи, Имамә, 28

[7] «Бақара», 2/30; Қараңыз: «Ағраф», 7/206; «Әнбия», 21/19, 27; «Шура», 42/5; «Таһрим», 66/6

[8] «Хаж», 22/75; Қараңыз: «Ниса», 4/163; «Шура», 26/193-194

[9] «Ахзаб», 33/36 Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тек адамдар ғана емес, Алла тағаланың өзі де және Оның періштелері де салауат айтады. Алла тағаланың салауат айтуы: «рахым ету, дәрежесін көтеріп, мерейін үстем ету, берекетке кенелту» мағыналарын білдіреді. Ал періштелердің айтуы: «ізгі дұға және кешірім тілеу» мағынасын білдіреді. Ал мұсылман үмметінің пайғамбарға салауат айтуы - Алла тағаланың ерекше рахымына бөленіп, Оның (с.ғ.с.) дәрежесінің көтеріліп, мерейінің үстем етілуін тілеуі болмақ. Яғни, үмметінің пайғамбарына деген ізгі тілегі.

[10] Әбу Дәуід, Салат, 93; Нәсай, Имамә, 25

[11] Бухари, Азан, 30, Салат, 87; Муслим, Салат, 272

[12] «Әли-Имран», 3/124-125; Қараңыз: «Мәида», 5/110; «Әнфал», 8/12; «Нахыл», 16/28; «Фуссилат», 41/130-132; «Мужәдала», 58/22

[13] Муслим, Мунафиқун, 38; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/370

[14] «Рағыд», 13/11

[15] «Қаф», 50/16-17

[16] Бухари, Хайз, 17; «Әнбия», 1; Қадәр, 1; Муслим, Қадәр, 5

[17] Бухари, Бәдул-халқ, 6; Әнбия, 1; Қадәр, 1; Муслим, Қадәр, 1; Әбу Дәуд, Сүннет, 17

[18] «Назиғат», 79/5

[19] Қайрат Жолдыбайұлы, «Ақиқат шуағы», 4-басылым, А., 2007, 142-143

[20] «Сәжде», 32/11

[21] «Әнфал», 8/50; Қараңыз: «Бақара», 2/210; «Фурқан», 25/21-26; «Мұхаммед», 47/27; «Хыжыр», 15/7-8

[22] Бухари, Әнбия, 50; Муслим, Зухд, 10

[23] «Бақара», 2/115

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: