Күшіміз бірлікте

Күшіміз бірлікте

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Отанымыз Қазақстан – сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан киелі шаңырақ. Татулыққа, бірлікке негізделген ұлтаралық бірліктің бірегей отандық нұсқасына қаншама мемлекеттер қызыға да, қызғана қарайтыны ақиқат. Ата-баба діні болған Ислам сыйластыққа, төзімділік пен қолдау көрсетуге де ерекше көңіл бөледі.

Дін – жарық дүние де адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі түрлі қоғамдарды төзімділік пен ізгілікке тәрбиелейтін қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Атауының өзі бейбітшілік деген мағына беретін Ислам дінінің келісім мен жарасымдылыққа қосар үлесі шексіз. Ислам діні іргетасын қалаған күннен бері дінаралық түсіністіктің қажеттілігін уағыздап келеді. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін де ешбір пендені Ислам дінін қабылдауға мәжбүрлеген емес. Қайта өзге дін өкілдерімен жақсы мәміледе болуды насихаттаған. Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көршілермен қандай мәміледе болу керектігі туралы өз хадисінде: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар. Ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол – бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – көршің, мұсылман әрі туысқаның болғаны үшін», – деген екен. Аталмыш хадиске үңіле қарасақ, қоғамда бізбен бірге өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың әр нәрсеге өз құқы бар. Ол қандай дінде болсын, онымен біз жақсы мәміледе болуымыз керек. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге діндегілердің құқығын қорғау және олармен жақсы мәміледе болу мұсылманшылықтың міндеті екендігі жайлы да бірқатар хадистерінде айтып кеткен.Екі дүние сардары болған Мұхаммед (с.ғ.с.) мүміндерге көршілермен жақсы қарым-қатынас жасаудың, адамдарға мейірімділік танытудың, туысқандық қатынасты үзбеудің маңыздылығын ескертеді. «Шын мәнінде Алла барлық істе жұмсақтықты (ізгілікті) жақсы көреді»-деген Алла Елшісі мұсылман еместерге, өзінің өміріне бірнеше рет қауіп төндіргеніне қарамастан, әрдайым кеңпейілділік танытты. Басқа бір хадисінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің-біріңнің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын», – деп ынтымақ жайлы анық түсіндіреді.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен дінаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.Ең алдымен, ұлан-байтақ жері, көп ұлтты халқы бар еліміздегі дінаралық және этнос аралық толеранттылық жаңадан ғана пайда бола қалған жоқ, бұл ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы. Қазақ халқының өткен ғасырларда көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі, осы арқылы ол басқа халықтармен байланыс жасауды үйренді, ауыр табиғи жағдайда өмір сүре отырып, өз қандастарына ғана емес басқа да сыртан келген ұлттар мен ұлыстарға қонақжайлық пейіл таныта білді.

Қырық кісі — бір жақ,

Қыңыр кісі — бір жақ дегендей, қазіргі таңда кейбір сеніміне сергелдең түскен террорлық әрекеттермен көзге түсіп Исламды басқа қырынан көрсетуге тырысып бағып, адамдарды тура жолдан тайдыруды қалайтындар да жоқ емес. Бұған мысал ретінде еліміздегі түрлі Исламды жамылған өзін тура жолдамыз деп көрсеткісі келетін діни экстримистік ағымдарды айтуға болады. Олардың мақсаты ел ішіндегі ауызбіршілікке сызат түсіру, ел болашағына балта шабу. Міне осындай арам пиғылды адамдардың құрбанына айналмас үшін өз дінімізді жетік түсініп, діни сауаттылығымыз бен бірлігімізді одан әрі нығайтуымыз қажет. Өйткені, пайғамбарымыз Мухаммед (с.ғ.с.) өз үмметін ынтымақта, ауызбірлікке шақырып, араға іріткі салушы бірлікті бұзатын әрекеттерден тыйды. Хадисінде: «Сіздер бір кемеге мініп жолға шыққан жолаушы сияқтысыздар. Араларыңыздағы біреу қолына балта алып кемені шаба бастаса, егер сіздер оны тоқтатпасаңыздар барлықтарыңыз суға батасыздар, тоқтатсаңыздар барлықтарыңыз аман қаласыздар»-деп ауызбірліктің маңыздылығын ескерткен болатын.Осы хадис бізге қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адам бір-бірінің тыныштық пен ынтымақтықта өмір сүруі үшін жауапты екендігін ұғындырады. Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматы өздері және келешек ұрпақтың бақытты, тыныштық пен ынтымақтықта өмір сүруі үшін өз үлесін қосуы қажет. Сондықтан қазірден бастап ел болашағын ойлап қолдан келгенше ізгі амал жасау қажет. Әрбір қоғам мүшесінің іс-әрекеті, ниеті барша ықыласы осы тұрақтылықты сақтап қалу мен бейбітшілікте біте ұстау болса, сонда ғана дінімізді ұштастыра отыра бақытқа кенелеміз. Кезінде Қаблиса жырау «Бақыт, қайдан келесің?» деп сұрағанға:

Сыйламаған көршісін,

Ұрыспен алған еншісін,

Сұмдардан қашып келемін, -

дей келіп, «Бақыт, қайда барасың?» деген сұраққа:

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, -

деп жауап берген екен. Қасиетті Құранда: « .... жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Маида» сүресі, 2-аят), - деп Алланың тура жолымен жүруге, иман мен ізгілікке шақырып, жамандық атаулыдан сақтандырады.Ислам – таза және ізгі дін, қазақ халқы кең пейілді ізгі ұлт. Біз осыны өз мысалымызбен, өмірімізбен және өз бірлігімізбен дәлелдеп, барлығына көрсетуіміз керек. Осы мақсатта күш-жүгерімізді жұмсауға Алла нәсіп етсін!

Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ

Аудандық «Қордай» мешітінің

Найб имамы, дінтану магистрі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: