Сонау Ислам дінінің бастауында имам Әбу Ханифа, Имам Мәлік, имам Шафиғи және имам Ахмад ибн Ханбал тәрізді сәләф ғұламалар негіздерін қалаған, содан бері талай ғасырлар Исламның ақыл-ойы да, қаруы да болып дінді осы кезге аман жеткізген, көпті көрген төрт мәзһабтың да тағдыры талқыға түсе бастаған күндер туды. Өздері жақын арада пайда болса да, мәзһабтарды сынап, олардың жамағатын өз қатарларына тартып жатқан кейбір фитнашыл топтардың іс-әрекеті алаңдатады. Олардың бұл әрекеттерінен шамалары жетсе мәзһабтарды жойып, олардың орнын басу мақсаты анық байқалады. Бұл несімен қауіпті? Егер осы кезге дейін мұсылмандардың басым көпшілігі өзара тату төрт мәзһабқа бірігіп, үмметтің тұтастығын сақтап келсе, мәзһабтар жойылған жағдайда мұсылмандар жаппай ыдырап, бірін-бірі мойындамайтын, бір-біріне төзгісіз ұсақ топтар бірінен соң бірі пайда бола бастайды. Мұндай жағдайда діннің, мұсылман қауымының халі не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
Өз діндес бауырларының кемшіліктерін теріп, өзара дауды қоздырумен ғана әуре болып жүрген мұндай даукес ұсақ топтардың мұсылмандарды біріктірушілік әлеуеттері өте әлсіз. Сондықтан, олардың пайда болып, тарала бастауынан жақсылық күту жөнсіз. Таласып-тартысып белгілі бір шамаға дейін жамағат жинап алған соң ондай топтардың әлеуеті сарқылып, тоқырауға ұшырайтын болады. Соның нәтижесінде олар өзара дауласып, өз іштерінен бөлініп мұсылман қауымын жіктеген үстіне жіктей береді. Сондықтан да, Құранмен, сүннетпен жүретін бүкіл мұсылмандардың төрт мәзһабқа ғана бірігіп, өз тұтастықтарын сақтауы Исламның мүддесіне толық жауап береді.
Бүгінгі күні дініміздің ең өзекті мәселелерінің бірі - мәзһабтарды қорғау. Егер түрлі фитнашыл топтарға бой бермей, оларды еңсеріп отыратын болсақ, мұсылман қауымы ақырет күніне де төрт мәзһабқа біріккен біртұтас жамағат болып жететін болады. Дініміз қалыптасқалы бері Исламды берік ұстап, оны осы күнге аман жеткізген, сол үшін талай рет талқыға түсіп, қаншама сыннан өткен төрт мәзһаб қана Исламның туын ақырет күніне дейін биік ұстап жүруге толық құқылы.
Өз мәзһабтарын тастап, даукес топтарға қосылып жатқан қазіргі кейбір мұсылмандардың діни сауаттары өте жұтаң. Сондықтан да олар мәселеге терең бойлай алмай, қарапайым да ұғынықты дәлелдермен қаруланған фитнашылдардың ықпалдарына оңай түседі. Содан маңызы шамалы мәселелермен жандарын сала айналысып, өздерінің ұсақ, топтық мүдделері үшін ғана қызмет ете бастайды. Мұндай жікшілдер мешіт ішіндегі дайын намазхандармен жұмыс жасауды жақсы жолға қойған. Олар адамның дін ұстанып, мешітке келіп құлшылық етіп жүргенін мүлде қанағат тұтпайды. Олар үшін басты мақсат - ондай жанды өз топтарына қосып алу. Сондықтан да, олар намазхандарға өз дәлелдерін тықпалап үгіт айтумен болады. Осылайша мешіт намазхандарын «өзіміз» және «бөтен» деп бөліп алып, өздері «бөтен» санайтындармен салқын қарым-қатынас орнатып, оларға тіпті, төзімсіздік те танытады. Мұны жамағатты жіктеп фитна салу деп бағалағаннан басқа амал жоқ.
«Шынайы түрде сендердің достарың Алла және оның Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін, әрі рүкүғ етуші мүміндер. Кім Алланы, оның Елшісін және мүміндерді дос тұтса, шынайы түрде Алланы жақтаған топ. Солар жеңіске ие болады» (5:55-56).
Фитнашылдардың досы болу үшін осы аятта айтылғандай намазды толық орындау, зекет беру, және рүкүғ етуші мүмін болу мүлде аздық етеді. Олардың досы болу үшін жоғарыдағы талаптардан да өзге көптеген қосымша талаптарды орындау және бұлардың дәлелдерін толық қабылдап, міндетті түрде оларға қосылу қажет. Мұндай ұстаным олардың дінге енгізген өзіндік бір жаңалықтары, бидғат ұстаным болып табылады. Өйткені, бұл ұстанымдары Алланың бірлігіне иман келтіріп, намазды толық орындап, зекетін беріп жүрген және Алла мен Оның пайғамбарын (с.ғ.с.) өзіне дос санайтын әрбір мұсылманның бір-бірін де дос тұтулары жөнінде нұсқау етілген жоғарыдағы аятқа қайшы. Олай болса, жікшілдерді Құранмен, сүннетпен жүретін топ деп айтуға бола ма?
Ал, мәзһаб ұстанушы жамағат мұндай фитнашылдардың имандарына тиіспейді. Олардың да өздері тәрізді Аллаға иман келтіргендіктеріне сеніп, намазды толық орындап, зекет беріп жүргендеріне қарап, мұсылман санайды. Сондықтан да, мұндай фитнашылдарды өздеріне дос санаудан бас тартпайды. Сол арқылы мәзһаб жамағаты жоғарыдағы аятқа амал етіп жүрген, шынайы түрде Алланы жақтаушы топ екендіктерін істерімен дәлелдеуде.
Жалпы, Алланың бірлігін мойындап, намазын орындап, зекетін де беріп жүрген, өзін Алла мен пайғамбардың (с.ғ.с.) құлы санайтын әрбір мүмінді басқа топтан болғандығы үшін ғана адасқан санау ақидадағы қателіктен туындайды. Олай болса, мәзһаб ұстанушы мүміндерді тұтастай адасқандар санатына енгізіп жіберетін кейбір асыра сілтеуші топтардың ұстанып жүрген ақидаларының қаншалық дұрыстығы расында да аса күмәнді. Ал, ақида мәселесіндегі қателік өте зор қателік болып табылады.
Алла тағала: «Ей, Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар!» (5:77), - деп ескерткен.
Бұл аятта жалпы дін істерінде шектен шығуға тыйым салған. Және фитнашыл мұсылмандардың дін істерінде өрескел қателіктерге ұрынып, шектен шығып кетіп жүргендері де рас. Олардың өз топтарына қосылмаған мұсылмандарды «адасқандар» деп негізсіз айыптауларының өзі дінде шектен шығу болса, осы пікірлерін дәлелдеу үшін дау-дамай туғызып жамағат арасына фитна салулары да өз алдына бір шектен шығу болып табылады. Сонымен қатар, олардың мешіт имамдарына бой ұсынбаулары да дінде шектен шығудың бір үлкен көрінісі. Фитнашылдар тарапынан дінде шектен шығудың осындай үлкен үш түрі нақты түрде көрініс табуда. Олар ақиқатты бір өздері ғана иемденіп «жұмақтан орын алып қойған мінсіз мұсылмандар» ретінде астамсып, мәзһаб жамағатын мәзһаб ұстанғаны үшін қатаң айыптауда. Олар өзара дауға ешқандай ықыластары жоқ, оған тіпті арнайы дайындықтары да жоқ мәзһаб ұстанушы мұсылмандардың мазаларын алып өзара араздықты қоздыруда. Олар өздері ұйып намаз оқып жүрген мешіт имамдарын да мойындамай, оларға ашықтан-ашық бойұсынбай, күнәға батуда. Шындығына келгенде, имамды іштей мойындамай, оған ашықтан-ашық қарсылықта тұрып намаз оқитын мұндай мұсылманның намазын Алла тағаланың қабыл етіп жатқанына сену өте қиын.
Дінде шектен шығудың осындай зор түрлерімен айналысып жүрсе де, тек өздерін ғана ақиқатты ұстанатын, тек өздерін ғана Құранмен, сүннетпен жүретін мұсылмандар ретінде қызу жарнамалайтын мұндай фитнашылдардың сөздеріне біз қаншалықты сенуге тиіспіз?
«...түзетілгеннен кейін жер бетінде бүліншілік жасамаңдар. Егер мүмін болсаңдар, сендерге осы істерің жақсы», - де. Иман келтіргендерді Алланың жолынан тосып, бопсалап, қыңырлық іздеу үшін әрбір жол үстінде отырмаңдар» (7:85-86).
Бұл Шұғайып (ғ.с.) пайғамбардың өз еліне айтқан үгіті. Егер осы аятқа ден қойсақ, елімізде жаңа мешіттер ашылып, оларға арнайы оқып келген имамдар тағайындалып, халық мешіттерге жиі бас сұғып және азды-көпті жамағат қалыптасып, жағдай түзеліп келе жатқанда Алланың жолына бастаушы имамдар мен жамағаттың арасына отырып алып, «мәзһаб ұстану дұрыс емес» деген іріткі үгіт жүргізіп, мүміндердің ықыластарын бұзатын, «Сендер мүшріксіңдер, сендер сүннетпен жүрмейсіңдер!» деп оларды қорқытып, ұстанып жүрген жолдарынан айнытуға тырысатын жымысқы әрекеттер - иман келтірген жандарға лайықты іс емес. Сондықтан да, олар үшін «иман келтірген болсаңдар түзетілгеннен кейін бүліншілік жасамаңдар, сендер үшін сол жақсы», - деген ескертуге ден қойған жөн болар еді.
«Кітап иелері! Өздерің туралығына куә бола тұра не үшін қисықтық іздеп мүміндерді Алланың жолынан тыясыңдар. Алла сендердің не істегендеріңнен ғапыл емес» (3:99).
Бұл аят Кітап иелері еврейлер мен христиандарға қарата айтылғанмен, мұнда дау жоқ жерден дау іздейтін, мұсылманнан жау іздейтін біздің кейбір бауырларымызға да қатаң ескерту бар. Имам Әбу Ханифаның табиғин екеніне және оның туралығына, тақуалығына да куә бола тұра, сондай-ақ, оның салған жолының шайтанның жолы емес, Алланың жолы екенін мойындай тұра, одан қисықтық іздеп қыңырайып, мүміндерді ол жолдан тайдыруға тырысатын жандардың істерін Алла тағала жақсы біледі.
Намазхандарды өз мәзһабын тастап, өздерінің заңды басшыларына бойұсынбауға итермелеуі, сол арқылы жамағат арасына фитна салып, мешіттердегі жалпы ахуалды ушықтыруы мұндай жікшілдерді жақсы жағынан көрсетпейді. Және олардың бұл іс-әрекеттері жақсы амалға жатпайды.
«Ал, сондай жамандықтың тәсілін істегендер, олар үшін қатты азап бар. Олардың тәсілдері босқа кетеді» (35:10).
Алла тағала мұсылмандарды қандай себептермен болса да өзара жанжалдасудан тыйған: «Аллаға, әрі елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар. Онда үрейленесіңдер де құттарың қашады. Және сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» (8:46).
Бұл аят бойынша Аллаға және Оның елшісіне (с.ғ.с.) бойұсынған әрбір мұсылман өзге мұсылманға соқтығып, жанжал шығаруға тиісті емес. Бұл оның Аллаға және Оның елшісіне (с.ғ.с.) бойұсынған, Құранмен және сүннетпен жүретін сабырлы мұсылман екендігінің нақты дәлелі болып табылады. Алла тағала, міне, осындай сабырлы мұсылмандармен бірге.
Өзара дау-дамай туған кезде араға араздық түсіп, соның салдарынан ауызбіршілік әлсіреп, мұсылмандардан күш-қуат кетеді. Егер мұсылмандардан күш-қуат кетсе, жалпы Ислам діні әлсіреп, оның мүддесіне нұқсан келе бастайды. Сондықтан да, Алла тағала мұсылмандарды өзара төзімділікке, ұстамдылыққа, сабырлыққа шақырады. Сондықтан да, Алла тағала мұсылмандардан бөлінбеуді талап етеді: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» (3:103).
Белгілі бір жердің тұрғылықты халқы бір мәзһабты ұстанып, өз имамдарының басшылығымен құлшылықтарын атқарып, бір жамағат болып ұйып тұрған кезде сырттан келген немесе іштен шыққан біреулер жамағатты бөлмек болып араға іріткі сала бастаса, олардың бұл әрекеттері шариғат бойынша фитна болып бағаланады. Ал, фитна дініміздегі өте үлкен күнәлардың біріне жатады.
«Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай (топтарға) бөлініп қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар» (3:105).
Бұл аятта «бөлініп алып, өзгелермен қайшылыққа түсетіндерге зор азап бар» екені қатаң ескертілген. Бұл азап - ақыреттегі тозақ азабы. Демек, өзара дауды қоздырып, жамағатты жіктеп, мұсылмандар арасына фитна салып жүрген кейбір бауырларымыздың тозаққа кетіп бара жатқаны. Мәзһаб жамағатын адасқандар деп санайтын мұндай бауырларымыздың өздері адасып жүргені соншалық, олар фитна күнәсынан қорықпақ түгілі, жамағат арасына фитна салуды өздеріне міндет етіп алған. Сол арқылы мұсылмандар арасына араздық кіргізіп, өзара өшпенділікті қоздыруда. Осындай нағыз фитна саналатын істер оларды тозаққа, зор азапқа апара жатса, онда бұдан артық қандай адасу болмақ?
Олар бірін-бірі бидғатпен, сүннетті ұстанбаумен кінәлап, фитнаға итермелейді. Сонда олардың білімділері бидғаттың да жақсысы мен жаманы бар екенін және сүннет істердің бірталайы орындасаң сауап, ал орындамасаң ешқандай да күнә болмайтынын білмей ме, әлде оны әдейі айтпай бүгіп қалып жүр ме?
«...біле тұра шындықты жасырмаңдар» (2:42).
Шындығына келгенде мәзһабқа қарсы шығып жүрген мұндай жікшілдердің бидғат деп жүргендерінің түгелдей дерлігі жақсы бидғаттар және сүннет деп жабысып жүргендері орындамасаң да ешқандай күнә болмайтын сүннет істер. Олай болса, мұндай жікшілдердің мәзһабқа қарсы шығып фитна күнәсын жасайтындай себептері жоқ. Сондықтан да, олардың фитна істерінде ешқандай да қайыр жоқ. Демек, егер шын қорқатын болса, онда бидғаттан да, сүннетті орындамаудан да емес, тозаққа тура апаратын фитна істерден қаттырақ қорқулары тиіс.
Фитнашылдар өздерінің Құранмен, сүннетпен жүретін жалғыз ғана топ екендіктерін қызу дәлелдеп, соны кәдімгідей мақтан етеді. Егер олар шынымен де Құранмен, сүннетпен жүретін мұсылмандар болса, онда олар ең әуелі фитнадан қатты сақтанған болар еді. Өйткені, жамағатты жіктеп фитна салудан сақтандыратын аяттар мен хадистер өте көп. Олай болса, өз басшыларына қарсы шығып, жамағатты жіктеп жүрген фитнашылдардың Құранмен, сүннетпен жүретіндіктерін қалай түсінуге болады? Сонда олар қайда адасып барады?
Шариғат бойынша, имамға бағыну, фитнадан сақтану әрбір мұсылманға парыз әрі уәжіп. Парыз бен уәжіпті орындамаған мұсылман міндетті түрде күнә алады. Сондықтан да, парыз бен уәжіпті тиісінше орындау пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. «Сүннетті орындау керек» деп, имамға бағыну, фитнадан сақтану тәрізді парыз бен уәжіпті ысырып тастап жүрген, сол арқылы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) парыз бен уәжіпті орындауға қатысты сүннетін ұстанбай жүрген фитнашылдардың «Құранмен, сүннетпен жүремін» деуін қалай түсінуге болады? Сонда олар қайда адасып барады?
Дінімізде үлкенді-кішілі көптеген мәселелер бойынша пікір алуандығы бар екендігі жасырын емес. Осындай жағдайда да Құранмен және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен жүретін жамағат Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары арасында уақыт сынынан өткен, өзгелерге өнеге боларлықтай жақсы бір түсіністік, сыйластық, татулық орын алған. Өкінішке орай, өзіне (топтарына) қосылмаған өзге мұсылмандарға төзімсіздік танытып, оларды, тіпті, «мұсылман санатынан шығарып тастайтын» топтар да бар. Осындай ұшқары көзқарас ұстанатын топтардың кесірінен мұсылмандар арасындағы пікір алуандығы бітіспес дау деңгейіне дейін ушығуда. Мұндай жағдайда мұсылмандардың өзара қақтығысып, олардың бірін-бірі жек көру қаупі де күшейеді. Ал, иман келтірген жандардың бір-бірін мұншалық жек көруі күнә екенін білген жөн: «Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ, оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған» (4:93).
Үммет арасында фитна өршіп, өзара қақтығыстар басталған кезде мүміндердің бірін-бірі өлтіруден сақтанулары жөнінде мынадай хадис те бар:
«(Сол кезде) садақтарыңды сындырып, адырналарын үзіңдер, қылыштарыңды тасқа ұрыңдар. Егер біреулеріңе басып кіріп келсе, Адамның (ғ.с.) екі ұлының жақсысы сияқты болыңдар» (Ахмад, Әбу Дәуіт, ибн Мәжаһ).
Адам (ғ.с.) пайғамбардың ұлдарының хикаясында екі ұлдың жақсысы Абыл өзін өлтірмек болған бауыры Қабылға былай деген: «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббысы Алладан қорқамын! Сөзсіз мен өз күнәңмен менің күнәмді жүктеп тозақтық болуыңды қалаймын. Осы залымдардың жазасы» (5:28.29).
Жоғарыдағы аяттар мен хадистен белгілі болып тұрғандай, мүмінді әдейі өлтіру бұл өте ауыр күнә болып табылады. Залым болып тозаққа түсудің анық бір жолы. Сондықтан да, мүміндер өздерінің иман келтірген бауырларын өлтіріп алудан қатты қорқып, одан мейлінше сақтанып жүруге тиісті. Ал, сақтанудың ең дұрыс жолдарының бірі - бұл жамағаттан бөлініп, өзара дау-жанжалға түсуден бой тарту. Өйткені, мұндай әрекеттер мұсылмандардың өзара қақтығысып қалуларына жол ашады. Ал, қақтығыс кезінде өзара дұшпанға айналып шыға келген мұсылмандар бірін-бірі жеңуді мақсат етіп, шектен шығып, бір-бірін аяусыз өлтіре бастайды. Бұл әдейі өлтіруге жатады. Осылайша мойнына иман келтірген бауырының қанын жүктеп алған әрбір мұсылман жоғарыдағы аяттар бойынша Алла тағаланың ашуы мен қарғысына ұшыраған залымға айналып, мәңгілік азапқа душар болады. Өз қолдарымен ешкімді өлтірмесе де, осындай қақтығыстың бастауында тұрып, істің осы бағытта өріс алуына себепші болған, соңдарына ілескен мұсылмандарды қан-төгіске киліктіріп, зор күнәға батырған басшылардың қияметтегі күні қиын екені күмәнсіз. Осындай бүлікшіл басшылардың фитна істеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың жетелеген жақтарына көзсіз еріп жүре берген әрбір мұсылманның да өзіне белгілі бір жауапкершілік алары сөзсіз.
«Бізді тура жолыңа сала гөр! Нығметіңе бөленгендеріңнің жолына. Адасқандар мен ашуға ұшырағандардың жолына емес! (Әмин!)» (1:5-7).
Әрбір мұсылман күн сайын осылай деп Раббысына жалбарынады. Егер өзінің иман келтірген бауырын өлтіру Алланың ашуы мен қарғысына ұшыраудың бір себебі болса, онда өзара дауды қоздырып, иман келтірген жандарды қақтығысқа бейімдеп жүрген фитнашылдардың жолдарын неге адасу мен ашуға ұшыраудың жолдары деп білмеске? Олай болса, Алланың ашуы мен қарғысына ұшырап тозаққа түскісі келмейтін әрбір мұсылман осындай адасу мен ашуға ұшыраудың жолдарынан мейлінше аулақ жүруге тиісті.
«Раббымыз! Жыннан да, адамдардан да бізді адастырғандарды көрсет, оларды табандарымыздың астына салайық. Ең төмендегілерден болсын» (41:29).
Егер мұсылмандар осы кезден бастап фитнашылдардың қатарына қосылып, олардың бүлік істеріне қолдау көрсетуден сақтанса, онда олар ақырет күні осы аяттағы күнәһарлар тәрізді өз араларынан кінәлілерді іздеп тозақ ішінде дауласудан құтылған болар еді.
Мұндай ұсақ мүдделер қақтығысы кезінде қай тарап жеңсе де түпкі нәтижеде Ислам діні жеңіліп, бұған себепші болған адамдар сол үшін де кінәлі болып, Алла тағала алдында жауап береді. Ал, ондай кінәліні іздеген кезде айналып келіп бөлінушілерді табатынымыз анық. Өйткені, бөлектенуді бастап, араға араздық салған, тыныш жүрген діндес бауырларын қақтығысқа тартып, күнәға мәжбүрлеген фитнашылдар болмаса, мұндай сұмдықтар да бастау алмас еді. Олай болса, өзі де мәзһабтан шығып, өзгелерді де үгіттеп жүрген кейбір бауырларымыз парасатқа жүгінсе, онда біз өте зор күнәлардан сақтанған болар едік.
Осындай жікшілдік арқылы фитна күнәсін жасап жүрген намазхан: «Фитнадан да зор күнәлардан сақтанып едім» дейтіндей бір дәлел таба алар ма екен? Мүмкін, ол: «Мен ақиқатты тауып, тура жолға түстім» дер. Мұндай жағдайда оның тастап шыққан мәзһабында ақиқаттың болмағаны, ол мәзһабтың тура жол емес, адасу жолы болғаны жөнінде бір нақты пікір туындайды.
Жалпы, мәзһаб жөнінде түпкілікті шешімге келу үшін сол мәзһабтың ақида және фиқһ ілімдерін жеткілікті шамада игеріп, оның сүйенетін дәлелдерімен де жете таныс болу қажет. Және сол мәзһабтың негізін қалаған ғұлама имам жөнінде де жеткілікті мәліметінің болғаны дұрыс.
Қандай болмасын мәзһабтың артында оның негізін қалаған, сондықтан да өз мойнына тікелей жауапкершілік алатын нақты бір имам болады. Осы имам жөнінде біле отырып, оның мәзһабы жөнінде де біраз ой түйіп, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Өйткені, имамның жеке басының қасиеттері мен оның беделі көп нәрсені анықтайды.
«Әркімнің амалы бойынша дәрежелері бар» (46:19).
Әрбір имамның да өзінің ішкі тақуалығына, біліктілік өресіне және атқарған амалдарына қарай дәрежесі болады. Осы тұрғыдан алғанда Ханафи мәзһабының негізін қалаған имам Әбу Ханифа Ислам ғұламалары арасында сөзсіз мойындалып, зор құрметке ие болған өте беделді имам. Бұл оның жеке басының қасиеттері мен жасаған амалдары бойынша көтерілген дәрежесінің айғағы болса, оның мұнан өзге Алла тағаланың нығметі болып табылатын салафтық дәрежесінің де зор екенін білген жөн.
Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) жүздескен мұсылмандар сахабалар деп аталады. Осы сахабалармен жүздескендер табиғин дәрежесін иеленеді. Ал, табиғиндерді көрген мұсылмандар табаға табиғиндер деп аталады. Осы алдыңғы үш толқын өкілдері тұтастай алғанда салафтар деп аталып, олардың дәрежелерінің өзге мұсылмандардан жоғарылығы дінімізде сөзсіз мойындалады. Және осы салафтардың тұсында дініміз де өзінің таза қалпын сақтаған деп есептелінеді. Сондықтан да салафтардың ізбасарлары саналып, «салафилер» атауын иемдену мұсылмандар үшін бедел жинаудың оңай да ұтымды жолы болып табылады. Өйткені, ол ақиқатты ұстанып, тура жолда болудың бір кепілі болып бағаланады.
Осы тұрғыдан алғанда да «Ханафи мәзһабында ақиқат, туралық жоқ» деп дауласу ешкімге де абырой бермеуі тиіс. Өйткені, имам Әбу Ханифаның өзі табиғин, ал оның мәзһабты дамытуға көп еңбек сіңірген шәкірттері Әбу Жүсіп пен Мұхаммед және басқа да тікелей шәкірттері табаға табиғиндер болып табылады. Осындай салаф ұстаздар мен оларға сенім артып, олардың соңдарына ілескен мәзһаб ұстанушыларды қаралап, оларды ақиқаттан адасқандар деп айыптау өзіңе зор жауапкершілік алу болып табылады. Мұндай пікір - өте қауіпті пікір. Мұндай пікірде болу - ол адамның өзінің тура жолдан адасушы немесе екіжүзді арандатушы екеніне дәлел болып кетуі мүмкін.
Бөлінуші өзінің мәзһабты мойындамауын «Аллаға серік қосудан сақтанып едім» деп ақталуы да мүмкін. Мұндай жағдайда ұстазымыз Әбу Ханифа бізге Аллаға серік қосуды нұсқаған тәрізді болып шығады. Және «мешіт имамдары жамағатты Аллаға серік қосуға еріксіз мәжбүрлеп жүр екен» деген жалған пікір де туындайды.
«Бүкіл қорлаушы, өсекшілерге нендей өкініш!» (104:1).
Жалпы, мәселеге терең бойламай, үстірт пікірге ден қойып, өзіңді де, өзгелерді де шатастырудың қажеті не?
«Ей, мүміндер! Алла жолында (соғысқа) шықсаңдар, өте анықтаңдар! Сәлем бергенді дүние-мүлкіне қызығып «мүмін емессің» демеңдер» (4:94).
Бұл аят бойынша, тіпті соғыс кезінде де дұшпан саналатын бір адам өзінің мұсылман екендігін сездіріп сәлем берсе, оған «Сен мүмін емессің» деп үкім айтуға асықпау керек. Ал, күнделікті кездесіп, сәлемдесіп жүрген, тіпті бес уақыт намазды бір имамға ұйып, бір сапта қатар тұрып оқитын, Аллаға серік қоспай, адал құлшылық ететін жандардың бір-бірінің мүмін екендіктеріне күмәндануларына қандай себеп бар? Егер мәзһаб ұстанушылар арасында мүшріктер болса да, бұл жағдай сол мәзһабты толықтай мүшріктердің мәзһабы деп, ал ондағы мұсылмандарды түгелдей мүшріктер деп айыптауға себеп-дәлел бола алмайды.
«Араларыңдағы бәдәуи-лерден екіжүзді кісілер бар. Сондай-ақ, мәдиналықтардан да екіжүзділікте сірескендер бар. (Мұхаммед с.ғ.с.) Оларды білмейсіңдер, оларды Біз білеміз» (9:101).
Бұл аяттан біз мұсылман қауымын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі басқарып, мұсылмандардың көпшілігін сахабалар құрап, дініміз өрлеп тұрған кезде де, мұсылмандардың арасында екіжүзді мүшріктердің бар болғанын аңғарамыз. Егер сол кездің өзінде де мұсылман қауымы мүшріктерден толық арыла алмаса, онда қазіргі уақытта мүшріктерден толық тазарған, бірыңғай тақуалардан тұратын таза мұсылман топтары бар дегенге кім сенеді? Ал, қайсыбір топтар өздерінің мүшріктерден таза екендіктеріне сеніп, өздерін өзгелерге үлгі етіп ұсына бастаса, онда бұл олардың астамшылыққа бой алдырғандарының нақты бір дәлелі болып табылады. Сыртқы көрініске қарап түпкілікті қорытынды жасау асығыстық және ол тайыздықты да көрсетеді.
«Расында, Ол (Алла) өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді» (16:23).
Егер иман келтірген жандардың осыншама қателікке ұрынып, осыншама астамшылыққа бой алдырулары, олардың өзге мүміндерге өте салқын қарап, оларға төзімсіздік танытулары ақиданың шикілігінен туындап жатса, онда мұндай ақиданы ұстанудың түбі жақсылыққа апармасы анық.
Осындай мұсылмандар тарапынан мәзһаб жамағатын ширк күнәсімен қорқыта отырып, оларды фитна күнәсіне итермелеу әрекеттері орын алуда. Шындығына келгенде, бұл ешқандай да жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю амалына жатпайтын өте орынсыз әрекет. Өйткені, Аллаға серік қосу мәзһабтың ақидасында жоқ. Ал, егер мәзһаб жамағатының арасына фитна түссе, онда бұл қиындықты мәзһабтың өз күшімен еңсеру өте қиын болады. Өйткені, фитна ісіне өзге мұсылман топтары араласады және олар намазхандар арасындағы өз ықпалдарынан оңайлықпен айырылғысы келмейді. Сондықтан да, бұл фитна шешуі қиын шиеленіске айналып, намазхандар арасында қауіпті текетірес орын алады. Ширктен сақтанамын деп фитнаға бой ұру - біз үшін уақытша сырқаттан қашамын деп жүріп, ем қонбайтын дертке шалдығу тәрізді ақымақтық болар еді. Ширктен сақтану үшін мәзһабтан шығып, асыра сілтеудің ешқандай да қажеті жоқ. Бар болғаны ширктің не екенін біліп, сондай істерден аулақ жүру керек. Егер біреулер бізді ширкпен қорқыту арқылы мәзһабымыздан шығарып, өз топтарына қосып алуды көздеп жүрсе, біз неге олардың жетегіне ере беруге тиіспіз?
Негізінде, Аллаға серік қосып жүрген жандардың көпшілігі тек білместіктен ғана осындай зор күнәға барып жүр. Олардың бұлай адасуларына шындықты жеткізбей жүрген немесе жеткізе алмай жүрген біздің де белгілі бір кінәміз бар. Егер біз осындай серік қосушы жандардан басымызды ала қашатын болсақ, сонда кім олардың қателіктерін түсіндіріп, күнәдан сақтандырады?
«Бұрын сендер де сондай едіңдер, Алла (Т.) сендерге қамқорлық етті» (16:23).
Біздің кейбіреулеріміздің білместікпен Аллаға серік қосып, сол бағытта нақты істермен де айналысқанымыз рас. Олай болса, бір кездегі өзіміз тәрізді адасып жүрген қандастарымызға жауығып, оларды кеуделерінен итеріп, астамшылық жасағанымыз жөн бола ма? Мүмкін Алла тағала оларға да қамқорлық етер? Егер біз оларға мүшрік деп өшігіп, өшпенділік танытсақ, олардың тарапынан да өзімізге деген өшпенділіктен басқа не күте аламыз? Ал, өшпенділік арқылы дін тарату Құранда нұсқау етілмеген және ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде де жоқ.
«Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың жолынан адасқан кісіні де жақсы біледі. Әрі Ол тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (16:125).
Біз көбі білместікпен ғана Аллаға серік қосып жүрген жандарға олардың бұл істерінің кешірілмес күнә екенін Құран аяттары арқылы жан-жақты ескертіп, оларға даналықпен, сабырмен үгіт айтуымыз қажет. Бұл бірінші кезекте өзіміздің тура жол тапқандығымызды, Құранмен және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен жүретін мұсылман екендігімізді көрсетер еді. Міне, осылай амал еткенде ғана уақыт өте келе ақ пен қара толық ажыратылып, нағыз қыңыр мүшріктерден бойымызды аулақ салып, біз өз мәзһабымызды осы бір негізсіз айыптан аршып алатын боламыз.
Мәзһабтан бас тартушы: «Бұл мәзһабтың ақида және фиқһ ілімдерінде қателіктер бар. Сол себепті де намаздарымның және басқа да құлшылық амалдарымның қабыл болмауынан қорқамын» деп күмәншіл уәж айтуы да мүмкін. Олай болған жағдайда осы ақиданы ұстанып, осы фиқһ бойынша намаз оқып, құлшылықтарын атқарған ұстазымыз Әбу Ханифаның намаздары мен құлшылықтарының қабыл болмағандығы жөнінде бір жаман пікір туындайды. Басқаларды айтпағанда, нақты түрде халифтер Омар ибн Хаттаб пен Әли ибн Әбу Тәліптің, сахабалар Абдулла ибн Масғуд пен Абдулла ибн Аббастың (Алла бәріне де риза болсын) және табиғиндер Ибраһим мен Хаммадтың да намаздары мен құлшылықтары қабыл болмаған деп ойлауға тура келеді. Өйткені, бұл кісілердің бәрі де Әбу Ханифаның ұстаздары болып табылады. Ол жөнінде Әбу Ханифаның өзі былай дейді: «Әмирул - мүминин Әбу Жағфар менен: «Ей, Әбу Ханифа, білімді кімнен үйрендің?» - деп сұрады. Мен: «Хаммадтан (үйрендім), ол Ибраһимнен, ал ол Омар ибн Хаттабтан, Әли ибн Әбу Тәліптен, Абдулла ибн Масғудтан, Абдулла ибн Аббастан (Алла бәріне де риза болсын) үйренген», - дедім».
Осындай ұстаздарынан дін ілімін еш қоспасыз таза күйінде қабылдап алған имам Әбу Ханифаның мәзһабы шынайы мәзһабтардың бірі десек, қателесе қоймаспыз. «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, Әбу Ханифа пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын серіктерінен тікелей ілім үйренген Ибраһим мен Хаммадтың намазды қалай оқып, басқа да құлшылық амалдарды қалай атқарғандарын өз көзімен көрді. Сенім тұрғысынан алғанда бұл өте мықты дәлел болып табылады. Әбу Ханифаның Әнас ибн Мәлік, Абдулла ибн Әбу Әуфа, Саһл ибн Сағд жене Әбу Туфайл сынды төрт сахабаның көздері тірісінде ілім игергенін де ескерген жөн. Ал, бұл кезеңде дініміз әлі де өзінің саф қалпында болатын.
Осындай берік те, таза тұғырға орныққан ұстазымыз Әбу Ханифаның ақида және фиқһ ілімдерін соншалықты іске алғысыз етіп тастауға бола ма? Жоғарыдағы аттары аталған кісілердің бәрі де тиісінше халиф, сахаба, табиғин дәрежелерін иеленген, сондықтан да олар ең көрнекті салафтардың қатарына жатады. Егер олардың намаздары және басқа да құлшылықтары қабыл болмаса, онда басқа кімдердің намаздары мен құлшылықтарының қабыл болуы мүмкін?
Жалпы, имам Әбу Ханифадан өзге үш мәзһабтың негіздерін қалаған имамдар имам Мәлік, имам Шафиғи және имам Ахмад ибн Ханбалдың да табаға табиғин дәрежелерін иеленген салаф ғұламалар екенін біліп жүрген жөн. Олай болса, осы салаф ұстаздардың соңдарына ілескен төрт мәзһабтың мұсылмандары өздерін нағыз «салафилердің жолындамыз» деп санауларына толық құқықтары бар. Бұл оларға өздерінің ұстанып жүрген ақида және фиқһ ілімдерінің дұрыстығына күмәндануларына жол бермеуі тиіс. Егер біз осындай салаф ғұламалардың тақуалықтары мен біліктіліктеріне сенбесек және олар құлшылық қабыл болмайтындай өрескел қателіктер жіберді деп күмәндансақ, онда басқа кімдерге сеніп, кімдердің соңдарына еруге болады?
Егер мәзһаб ұстанушы мұсылмандар адасушылардан немесе мүшріктерден болмаса және олардың ұстанып жүрген ақида, фиқһ ілімдері де дұрыс болса, онда олардан бөлініп фитна деп аталатын өте зор күнә жасаудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ туындайды. Егер мәзһаб ісінде біліміміздің аздығынан туындап жатқан кейбір келеңсіздіктерді байқап жүрсең, онда жамағатты жіктеп, күнәға батпай, сабырмен, ақылмен іс жасауға болмас па?
Жалпы, мәзһаб мәселесіне жеңіл қарауға болмайды. Ол қажетсіз санап, оп-оңай ғана тастай салатын бір сәттік көңіл күйдің ойыншығы емес. Егер Исламның тарихына көз жүгіртетін болсақ, Құранмен, сүннетпен жүретін, дін ілімін терең меңгерген бұрынғы өткен ғұламалардың барлығы дерлік төрт мәзһабтың бірін ұстанып өткен. Бірақ, бір таңғаларлығы, «мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ» деп өздерінше жаңалық ашып жүрген фитнашылдар еш шімірікпестен осындай мәзһаб ұстанып өткен ғұламаларды да өздерінің фитна істеріне пайдалануда. Шын мәнінде, мәзһаб ұстанып өткен ғұламалардың еңбектері мен беделдерін мәзһабқа қарсы пайдаланып, оларды өздерінің фитна істеріне ортақ етуге олардың қандай құқықтары бар?
Егер фитнашылдар айтатындай мәзһаб ұстану қате немесе адасу болса, онда сол ғұламалар бірінші кезекте мәзһабтан шығып, мәзһаб ұстанбауды барынша насихаттаған болар еді. Бірақ, олар мұндай фитна күнәсынан өздерін аулақ ұстады. Олардың мұндай өнегелері кімге болса да ой салуға тиісті.
Әрине, дін ұстануда белгілі бір мәзһабқа еруден өзге кемел жол жоқ. Бұған бұрынғы өткен білікті, шыншыл, тақуа ғұламалардың түгелдей дерлігінің мәзһаб ұстанып өткені жақсы дәлел. Ол ғұламаларды біз турашылдардың, тақуалардың тізімінен сызып тастай алмаймыз. Сондықтан да, бізге солармен бірге болудан өзге жол жоқ! Сондықтан да, бізге мәзһаб ұстанудан басқа таңдау жоқ!
Ғалым БАҚЫТКЕРЕЙҰЛЫ,
«Ислам және өркениет», №33 (213)