Адам бойындағы қабілет пен қасиетін пышақтың жүзіне ұқсатуға болады. Онымен біреуге зияның, не пайдаң тимек. Бұл адамның ұстанымына байланысты. Алла тағала пендеге жақсылық пен жамандықты таңдау еркіндігін берген. Сондай-ақ, жауапкершілік пен міндет жүктейді. Жауапкершіліктің дәрежесі өзіне берілген нығметпен өлшенеді. Мұндай жағдайда адам баласынан өзіне берілген Алланың нығметтерін тиімді пайдаланып, орынды жерінде жұмсауы талап етіледі. Егер, бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаса, соңы орны толмас өкініштерге соқтырады.
Міне, осындай нығметтердің бірі - тіл. Егер, кімде-кім Алланы зікір етіп, жақсы сөз айтса мәртебесі өсіп, Жаратқанға жақындаса, өтірікті судай сапырып, өсек-аяң мен ғайбаттан тыйылмаса Алланың қаһарына ұшырамақ. Ал, адам аузынан жақсы не жаман сөздің шығуы тікелей жүрекке қатысты. Өйткені, тіл - жүрек пен сезімнің қайталаушысы. Мұны халықымыз бірақ ауыз сөзбен түйіндеген: «Қазанда не болса ожауға сол ілінеді».
Иманның бір белгісі оны жүрекпен қабылдап, тілмен айту десек, тілдің қаншалықты үлкен нығмет екендігін байқауға болады. Екінші жағынан тіліңе ие бола алмасаң «ауырмай өлесің». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқа бәле тілден!»,- деген.
Күмәндану, адамдардың бойынан кемшілік іздеу, күндестік, ірткі салып, араздастыру, бәрі-бәрі де тілдің кесірі. Ондайлар бұ дүние мен ақиреттегі бар жақсылықтан жұрдай болып, Алланың сыйынан құралақан қалып, қоғамды қайғы-қасіретке бастамақ. Олар айналасын түгел улайды. Сондықтан, тілді тәрбиелеу өте маңызды.
Алланың әміріне қарсы шығуды үлкен қасірет санап, адамдарды ақиқаттың ақ жолына шақыруды өздеріне басты міндет деп білетін Алланың шынайы құлдары тілді қалай қолдану керектігі жайлы:
«Ешқашан улы жыландай шағып сөйлеуші болма!»,- деп өсиет қалдырған.
Демек, тілімізге ие болу - нәсімізді тыюмен бірдей деген сөз. Өйткені, тіл - Раббымыздың әрбір жанға тарту етіп, сынға алатын құралы. Егер, тіл айнала отыз екі тіспен қоршалғанының мәнісіне ой жүгіртсек, тілдің сүйіріліп әйтеуір жөн-жосықсыз сөйлеуіне тосқауыл болып тұрғандай. Бұған қосымша екі ерін де тістердің алдына қойылып, екінші бір қамал іспеттес. Қарап тұрсақ, мұның барлығы «тілге сақ бол» дегенді білдіреді емес пе?
Ал, тілмен ең үлкен күнәларыңдың бірі ғайбат айтамыз.
«Ғайбат деген не?»-, деген сұрақтың жауабын Пайғамбарымыздың хадистерінен іздеп көрелік.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға былай сұрақ қойыпты (Әбу Һурайрадан риуаят етілген):
- Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?
Сахабалар:
- Алла пен Оның Елшісі (с.ғ.с.) жақсы біледі! - дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Ғайбат - мұсылман бауырының ұнатпайтын нәрселерін артынан айту, - дейді.
Сонда сахабалардың бірі:
- Уа, Алланың Елшісі(с.ғ.с.)! Артынан айтқан сол жаман нәрсе бауырымыздың бойында болса ше?...
- Айтқан нәрсең оның бойында болса - ғайбат.Еегер жоқ болса, оған жала жапқаның!,- деп жауап берді.
Бұдан адам бойындағы түрлі кемшіліктерін айтудың өзі ғайбат екендігін аңғарамыз. Десек те, кейбір жағдайларда кемшіліктер мен қателіктерін айтуға тура келеді. Атап айтсақ, үйленгісі келіп, өмірлік жар іздеп жүрген жанға ғайбат болар деген қорқынышпен білетін шындықты айтпай жасырып қалу, жағдайды одан сайын қиындатып жіберуге себепші болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қоғамның пайдасы жеке адамның пайдасынан жоғары тұратынын естен шығармаған дұрыс. Зияны мен кесірі көпке тиіп жүрген адамнан басқаларды сақтандыру әрбір мұсылманның міндеті. Алайда, мұның өзі сұраған кісіге ғана айтылуы тиіс. Ал, ол жайлы кез-келгенге айта беру мұсылманшылыққа жатпайды.
Сондай-ақ, мәселенің анық-қанығын біліп, ақиқатқа жету жолында қазылардың алдында әділдікті толық жеткізу үшін куәгерлер шындықты бұрмаламай айтып беруі қажет. Бұл ғайбатқа жатпайды. Сондықтан да, бір адамның кемшіліктерін айтқан кезде барлығы дініміздің рұқсат бергеніндей дәрежеде болуына көңіл бөлген жөн. Ал,бұдан басқа жағдайларда адамдардың кемшіліктерін жасырып, не кешіру әрбір мүміннің міндеті. Өзгелердің айыбын ашудан бұрын өз қателіктерімізге көңіл аударайық. Әрбір мүмін Алла тағаланың мейіріміне қауышудың жолы бауырларының кемшіліктерін жасырып, оларды кешіруде екенін естен шығармасақ.
Алла тағала Құранда мүміндердің бір-бірімен дұрыс мәміле жасап, әдеп сақтап, тілдеріне ие болуға шақырады:
«Ей, иман келтіргендер! Бір қауым екінші бір қауымды мазақ етпесін. Тәлкекке ұшыраған қауым қауым Алла алдында тәлкекке салған қауымнан жақсырақ көрінуі мүмкін. Сендердің әйелдерің де бірін-бірі қорламасын. Қорлыққа ұшыраған әйел (Тәңір алдында) қорлаушы әйелден жақсы болуы мүмкін. Бір-біріңді кінәламаңдар, бір-біріңді мазақтап (лақап атпен шақырмаңдар). Иманға келген кейін оны пасық десе, одан өткен жамандық жоқ. Бұдан тәлім алмағандар - залымдар.
Ей, иман келтіргендер! Тым күмәншіл болудан сақтаныңдар. Кейбір орынсыз күмән нағыз күнә саналады. Біріңнен-бірің кінә іздемеңдер, бірің туралы бірің өсек айтпаңдар. Көз жұмған бауырларыңның етін жеуді қайсың жақсы көресің? Өйткілерің келмейді. (Ендеше) Алладан қоқыңдар. Тәубеге келген адамның тілегін Алла қабыл етеді. Оған өте мейіріммен қарайды. («Хужурат» сүресі, 11-12 аяттар).
Бір бауырымыздың жоқтығын пайдаланып, оның артынан ғайбаттап, ар-ожданына тиетін сөз айту - оның денесін талап жеп жатқан жыртықыш аңды еске түсіреді. Оның айыбын ашып, бар кінәсін жайып салу иттің өлексені тіміскілеп жанталаса ауыз салуынан да ауыр мес пе?
Аталмыш аяттарда:
- Адамдардың бір-бірін келемеждемеуі;
- Лақап атпен шақырмауы;
- Күмәнды ойдан сақтануы;
- Өзгелердің кінәсін іздемеуі;
- Артынан ғайбаттамауы бұйырылған.
Мұндай жағымсыз әрекеттердің барлығы тіл арқылы жүзеге аспақ. Демек, тілін сақтауы - діннін, ахлағын және бауырмашылықты сақтау деген сөз. Бұл жайлы Фудайыл ибн Ияд былай дейді:
«Ғайбат араласқан жерде бауырмалдық жойылады».
Осман Нұри Топбаш