Сұрды (сырнай) үрлеуші періште. Исрафил (ғ.с.) - хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті - қиямет қайым болатын кезде Алланың әмірімен «Сұр үрлеу». Әрине, бұл Исрафил (ғ.с.) періште бұдан басқа еш нәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп адам бейнесінде келген періштенің, Алла тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің орын алғандығы айтылады (Мүснәд, 1/147). Сонымен қатар, бәлкім, біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Исрафил (ғ.с.) періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қанша күннен бері үйінде тіске басар бір уыс ұнның қалмағандығын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметтің болуына әмір келді ме?»- деді. Жәбірейіл (ғ.с.): «Сенің әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің (ғ.с.) осы жерге келуі әмір етілді»,- деді. Осы уақытта Исрафил (ғ.с.) періште Алланың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Алланың елшісі! Сенің айтқандарыңды Алла тағала естіді. Сенен: (Сүлеймен (ғ.с.) сияқты) патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? - деп сұрап жатыр»,- деп сауал тастайды. Жәбірейіл (ғ.с.) періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын» (Хайсәми, Мәжмауз Зауаид, 9/18-20; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/231),- деп Исрафилге (ғ.с.) жауап қайтарған еді.
Тағы бір хадисте Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) Исрафил (ғ.с.) періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірейіл, Микаил, және Исрафилдің Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы...» (Муслим, Мусафирун, 200)- деп олардың аттарымен дұға оқығанын көреміз.
Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Алланың әмірімен екі рет сұрды үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жақтарына шошына қарап қалады» ("Зүмәр" сүресі, 68-аят; "Әнғам" сүресі, 73); ("Таһа", 122-аят; "Ясин" сүресі, 51-аят),- десе, Исрафил (ғ.с.) періште жайында: «Жақын жерден дауыстап шақыратын (Сұр үрленетін) күнге құлақ сал» ("Қаф" сүресі, 41-аят),- дейді.
Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс ести-ді. Бұл - олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафилдің (ғ.с.) сұр дыбысы.
Құранда: «Ендеше, олар-дан бет бұр. Әлбетте бір күні шақырушы (Исрафил ғ.с.) барлығын еш көрмеген таңқаларлық ақиқатқа (қа-бірдегі адамдарды Мақшар ала-ңына жиналуы үшін сұр үрлеп) шақырады. Олар үрейленіп, айналаны бірден шегіртке қаптап кеткендей қабірлерінен шығады» ("Қамар" сүресі, 6-7-аяттар),- дейді.
Мына хадисте сұр жайында былай делінеді:
Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:
«Сұр деген не?»- деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үрленетін сырнай» (Әбу Дәуд, Сүннет, 24; Тирмизи, Қиямет, 9; Ахмад ибн Ханбал, ІІ/196) (біз үшін беймәлім, яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал),- деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рақымы (с.ғ.с.): «Исрафил сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр» (Табәри, әл-Жамиул Бәйан, ҮІІ/211; Ибн Кәсир, Тафсирул Қуран, ІІІ/276),- дейді.
Исрафил (ғ.с.) періште Алланың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақырет өмірі басталады. Исрафил (ғ.с.) періштеге сұр үрлегендіктен, «Сұр үрлейтін періште» дейді.
Исрафил (ғ.с.) періштенің алғаш рет сұр үрлегендегі жағдайды Құран: «Сұр үрілген күні Алла қалаған біреу-лерден басқа көктерде бол-ғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ, барлығы Алланың алдына сүмірейіп келеді» ("Нәміл" сүресі, 87-аят); «Сонда бір рет сұр үрілген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды» ("Хаққа" сүресі, 13-16-аяттар),- деп суреттейді.
Екінші үрлеу - қайта тірілудің белгісі. Құранда: «Сұр үрілгенде олар қабірлерінен тұрып, Раббыларының құзырына жүгіреді» ("Ясин" сүресі, 51-аят),- дейді.
Исрафил (ғ.с.) періштенің сұрға екі рет үрлеуінің арасында қанша уақыт бар екені белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді:
Әбу Һурайраның риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сұрға екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар» (Бухари, К.Тафсир, Нәбә, 78/18),- деген. Ол қырық уақыт дегені күн бе, ай ма не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаға аян.