Ана сүтінің кереметтері

Ана сүтінің кереметтері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ананың сүті - жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын Алла тағаланың жаратқан теңдессіз ғажайып тағамы. Оның құрамында болатын қоректік заттардың пропорциясы толықтай қалыптасып үлгермеген сәби ағзасының қалыпты деңгейде өсуі және қорғалуы үшін дәлме-дәл мөлшерленген. Ана сүті, әсіресе, жаңа туған сәбидің ми жасушаларының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделдететін қоректік заттарға өте бай.

Тіпті, қазіргі заманғы технологияның көмегімен дайындалатын балаларға арналған жасанды қоспалардың (сүттердің) ешбірі де Алла тағала жаратқан ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына мүлдем тең келе алмайды.

«Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы емшек емізеді. «(Ей, адамдар!) Маған да, ата-аналарыңа да шүкіршілік етіңдер! Түптің түбінде, қайта оралатындарың - Менің алдым» («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Соңғы жылдары көптеген оқымыстылардың омырау сүтін зерттеу жұмыстары нәтижесінде оның жас сәби ағзасына пайдалы ғажайып құрамы мен қасиеттері ашылып жатыр. Зерттеу мәліметтері көрсеткендей, ана сүтін емген баланың тыныс алу жолдары мен ас қорыту жүйелері жұқпалы індеттерге қарсы тұра алады екен. Сүттің құрамында болатын қорғаныш ақуыздары (антитела) жұқпалы вирустар мен бактерияларға тікелей соққы береді. Сәбидің ағзасына қажетті қорғаныш жүйесінің элементтері, яғни қорғаныш ақуыздары мен иммундық жасушалар оған ана сүті арқылы дайын күйде беріледі.

Ана сүтінің тағы бір ерекшелігі - ол «пайдалы» бактериялардың өсуі үшін ағзада қалыпты өмір сүру «жағдайын» жасайды, ал зиянкес, қауіпті бактериялар, вирустар және паразиттер үшін олар өмір сүре алмайтындай орта қалыптастырып, оларды біртіндеп құртады. Сонымен қатар, ана сүтінің құрамында сәби иммунитетін жұқпалы ауруларға қарсы күшейтетін иммундық стимуляторлар болады.

Әртүрлі қоректік заттардан тұратын ана сүтін әлі толық қалыптасып үлгермеген сезімтал сәби ағзасы тез, әрі жеңіл бойына сіңіреді. Сәбидің ағзасы бұл қоректі сіңіру мен қорытуға көп энергия жұмсамайды, керісінше, осы тағамнан алған энергияны ағзадағы барлық мүшелер мен жүйелердің дамуы мен өсуіне пайдаланады.

Ана сүтінің таңғажайып қасиеттерінің бірі - ол нәрестенің өсу мерзіміне қарай өзінің құрамын өзгертіп отыруы. Оның құнарлы-лығы мен қоректік заттарының үйлесімі баланың уақытында немесе мерзімінен бұрын туғанына байланысты да өзгереді екен. Егер нәресте толық жетілмей, мерзімінен бұрын өмірге келсе, онда сүттің құрамында майлар, ақуыздар, натрий, хлор және темір көбірек болады. Өйткені, жетілмеген ағза көп құнарды талап ететіні белгілі. Мәселен, көпжылдық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, мерзімінен бұрын туып, ана сүтін емген балалардың көру қабілеті мен иммунитеті қолдан жасалған қоспа сүтпен қоректендірілген сәбилерге қарағанда тез дамитын көрінеді. Сонымен бірге, ана сүтін емген балалардың интеллектуалдық дамуы да өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары болады.

Ана сүтінің маңызды қоректік қасиеттерінің тағы бірі - оның құрамында жаңа туған сәбидің дені сау болып дамуына қажетті «омега-3» деп аталатын майлы қышқылдарының болуы. Омега-3 қышқылы адамның миы мен көз торының құрамдас элементтері болып табылады. Сондықтан да жаңа туған сәбидің дұрыс дамуы үшін бұл элементтің маңызы аса зор. Омега-3 ми мен жүйке жүйесінің жақсы жетілуі үшін ағзаны құрсақта жатқан кезде және туғаннан кейін де қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырады. Ана сүті, шын мәнінде, омега-3 майлы қышқылдарының табиғи сақтау қоймасы іспеттес, сол себепті педиатрлар нәрестені өзі қалағанынша ұзақ мерзім емізе беруге, ерте емшектен шығармауға кеңес береді.

Бристоль университетінің дәрігерлері ана сүтімен қоректендірудің адамның болашақ өміріне пайдасын зерттеп көрген. Зерттеу жұмыстары ересек адамдар арасында жүргізілген, нәтижесінде, сәби шағында ана сүтін емгендердің қан қысымы (гипертония) және жүрек-қан тамыр ауруларына өте аз шалдыққандарын анықтаған.

Зерттеуді жүргізген ғалымдар мен дәрігерлер ұжымының пікірінше, ана сүтінің қорғаныш және жетілдіру қасиеті оның химиялық құрамына байланысты. Зерттеу нәтижелері «Circulation» («Қан айналымы») журналында жарияланады, кейін жүргізген зерттеулер бойынша, ана сүтімен қоректенген балалардың әртүрлі жүрек ауруларына тым аз шалдыққаны белгілі болды. Яғни, жүрек-қан тамыр ауруларының болуы-болмауы, ең бірінші кезекте, ана сүтіне байланысты екен. Сүттің құрамында майлы қышқылдардың болуы қан тамырларының жақсы дамуына және өмір бойына икемді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мәселен, ана сүтін емген балалар ағзасы кейінгі өмірінде натрий тұзын аз талап етеді, соның нәтижесінде, олар артық салмақ қосу зардабын шекпейді, бұл - өз кезегінде, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырмауға себепші болатыны белгілі.

Цинцинатти университетінің (АҚШ) дәрігері Лиза Мартин бастаған тағы бір топ мамандар көпжылдық зерттеулер нәтижесінде ана сүтінің құрамында «адипонектина» дейтін ақуыз гормонының көп мөлшерде кездесетінін анықтағандарын жария етті. Сүттен берілген адипонектина қан құрамында ұзақ жылдар бойына сақталып, келешекте жүрек-қан тамыры аурулары мен инфарктіге шалдығудан сақтайды екен. Ал артық салмақ, семіру және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққандардың қанында адипонектина өте аз мөлшерде кездеседі. Сондықтан, туғаннан уақытылы ананың сүтін емген сәбилер тиісті мөлшерде аталмыш ақуыз гормонын алғандықтан, кейін семіру және артық салмақ қосу дертіне ұшырамайды.

Мұнымен қоса, ана сүтінің құрамында май алмасу процессінде маңызды рөл атқаратын «лептин» атты гормон болады. Ғалымдардың айтуынша, лептин гормоны ағзаның ақпараттаушы қызметін атқарады, яғни ол қанда және ағзада май деңгейі көтерілген сәтте дереу миға ескерту сигналын береді. Осылайша, дәрігер Мартин бастаған мамандар егер сәби анасының сүті арқылы қажетті мөлшерде гормондарды алса, ол кейінгі өмірінде семіру, қант диабеті, ұйқы безі қызметінің төмендеуі, қан қысымы және басқа да жүрек-қан тамыры ауруларына аз ұшырайды деген шешімге келген.

ЕҢ ДӘМДІ ДЕ ТАЗА ҚОРЕК

Ана сүтінің қасиеті тек жоғарыда жазылған жайлармен ғана шектелмейді. Сүт құрамы баланың өсу мерзімдеріне орай өзгеріп отыратыны туралы таңғажайып мәліметті айтып өттік. Әрбір даму кезеңдерінде нәресте ағзасы сүт ішіндегі қоректік заттар үйлесімінің өзгеріп отыруын қажет етеді және соған орай ғажайып түрде ана сүті де құрамын өзгертеді. Осы жерде балаға берілетін сүттің әрдайым нәрлі, әрі сәбиге лайық бір қалыпты температурада тұратынын айтып өткен жөн. Сүттегі шырын мен майлар сәби миының дамуында басты рөл атқарады. Және кальций мен өзге де минералды заттар сәбидің сүйектерінің дұрыс өсуіне жағдай жасайды.

Бұл таңғажайып тағамды біз сүт дейміз, ал, расында, осы сүттің 90 пайызы судан тұрады. Бұны да ғажап жаратылыс деуге толық негіз бар. Өйткені, сәби ағзасы қорекпен бірге едәуір мөлшерде суды да қажет ететіні белгілі. Бірақ, іңгәлап жатқан шаранаға сүттің құрамындағы судан басқа, қолмен су беруге болмайды. Себебі, ол су әлсіз әрі қорғаныш қасиеті жоқ нәресте үшін гигиеналық жағынан қолайсыз соғуы мүмкін. Тек 90 пайызы судан тұратын ана сүті ғана балаға таза, әрі пайдалы суды қажетті мөлшерде бере алады.

АНА СҮТІ ЖӘНЕ БАЛАНЫҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ДАМУЫ

Көп жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан медициналық және педиатриялық бақылаулар нәтижесі ана сүтін емген балалардың қолдан жасалған сүттермен қоректенген құрдастарына қарағанда зерек келетінін және интеллектуалдық жағынан ерте дамитынын анықтап отыр. Кентукки университетінің (АҚШ) маманы Джеймс Андерсон ана сүтін емген барлық балалардың интеллект коэфициенті (IQ) еміздікпен сүт ішкен балаларға қарағанда 5 балға жоғары екенін анықтады. Ана сүтімен қоректенген балалардың интеллекті алғашқы 6 айда қарқынды дамиды екен, ал ана сүтін 8 аптадан аз емген балаларда жасанды сүт интеллект пен зеректік қасиеттің дамуына ешқандай да пайда әпермейтін көрінеді.

АНА СҮТІ РАК АУРУЫНА ҚАРСЫ ДӘРІ МЕ?

Ана сүтінің құрамына жүргізілген көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижелері бала үшін ана сүті рак ауруларына қарсы дәрі болатындығын да анықтап берді. Осы тақырып негізінде жүздеген мақалалар жарық көрді, бірақ ана сүтінің ракқа қарсы әсерінің механизмі әлі де толық ашылған жоқ. Ғалымдар ана сүті зертханаларда қолдан өсірілген рак жасушаларын өлтіретініне көздері жеткен, енді бұдан ракқа қарсы жаңа емдеу тәсілін жасап шығару бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Лунда университетінің (Швеция) иммунолог дәрігері Катарина Свенборг ана сүтінің ракқа қарсы сиқырлы қару екендігін дәлелдеген мамандар тобының құрамында болған еді. Лунда университеті зерттеушілері ана сүтінде кез келген рак ауруларынан қорғайтын, бірақ құпиясы ашылмаған қасиет барын айтты. Бұл оқиға ракқа қарсы күрес жолындағы үлкен жеңістердің бірі.

Алдымен олар жаңа туған нәрестенің ішегінен бірнеше мукозалы жасуша мен ана сүтін алып, ішек жасушаларына сүт пен өкпе қабынуына әкелетін пневмокок дейтін бактерияны қосады. Нәтижесінде, сүттің аталмыш аурудың дамуын тежейтінін анықтаған. Сонымен бірге, ана сүтін емгендер тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруларымен аз ауыратыны белгілі болған.

Ана сүтінің рак ауруларының туындауы мен дамуына күшті тосқауыл болатынын әлемнің көптеген ғалымдары үсті-үстіне дәлелдеп жатыр. Соның бірі - омырау сүтімен уақытылы қоректенген сәби лимфа секілді індетке өзгелерге қарағанда 9 есе аз ұшырайды екен. Кейін дәрігерлер онкологиялық аурулардың басқа түрлері бойынша да мәліметтер жинақтай бастады, мұның да нәтижесі жоғарыдағыдай болып шықты.

Ғалымдардың айтуынша, ана сүті рак жасушаларының орналасқан жерін дәлме-дәл тауып, оны сол пайда болған жерінде жояды екен. Ракты тауып, оны жоятын ана сүті құрамындағы ақуыз заты «альфа-лакт» деп аталады. Альфа лактты сүт құрамындағы лактозаларды (сүт қантын) өндіретін ақуыз шығарады.

АНА СҮТІ - ЖАРАТУШЫНЫҢ ҰЛЫ ҒАЖАЙЫБЫ, ӘРІ МЕЙІРІМІ

Адамның денесінде ананың бұйрығынсыз-ақ өзінен-өзі өндірілетін омырау сүтінің әлемнің ең мықты зертханаларында дайындалатын жасанды сүттерден анағұрлым асып түсетінін қалай түсіндірсек болады? Қазіргі ғылым әлі күнге ана сүтінің құрамы мен оның сәби ағзасына әсерін зерттеумен келеді. Оның құпиясы толық ашылып біткен жоқ.

Осыдан аз уақыт бұрын ана сүтінің тағы бір тамаша қасиеті ашылды. Сәби дені сау болып өсуі және интеллектуалдық жағынан дұрыс дамуы үшін толық екі жыл емшек емуі тиіс екенін қазіргі заманғы ғылым анықтап берді. Ал ғылымның бұл ашылымы осыдан 14 ғасыр бұрын Құранда айтылып қойған болатын: «Ана баланың емшектегі уақытын толық сақтағысы келсе - оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233).

Бірақ, бұл мәселеде адам баласы үшін әлі де шешілмеген жұмбақ көп. Жаңа өмірге келген сәби үшін бірден-бір қорек болып табылатын ана сүті ананың қатысуынсыз, яғни бұйрығынсыз өзінен-өзі ағзада өндірілетіні белгілі. Сонымен қатар, сәби ағзасының қажеттілігіне қарай сүт құрамының өзгеруі де ананың қатысынсыз жүреді. Ана өз денесінде сүттің қалай өндіріліп жатқанын және неден тұратынын да білмейді.

Бұл деректердің бәрі жоғарыда бір Алла тағаланың бар екенін, Сол ғана Өзі жаратқан тірі жаратылыстарына қорек сыйлайтынын, олар қай кезде нені қалап тұрғанын Ол ғана білетінін және Алла қана ананың ағзасында сәбидің өсуі мен толыққанды өмір кешуі үшін ғажайып қоректік затты жасайтынын сөзсіз дәлелдейді.

ХАРУН ЯХЬЯ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: