Қасиетті қағба

Қасиетті қағба

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран кәрімде айтылғандай, барлық мұсылмандар үшін қасиетті Қағба – бұл жер бетіндегі ең алғашқы үй саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде: «Алла тағала аспан мен жерді жаратпастан бұрын Қағбаның орнын белгілеп қойды», – деген сөзіне назар аударсақ, бұл үйдің Алла үшін де маңызды құлшылық орны екенін білуге болады», – деген.

Араб тілінде «Қағба» сөзі тура мағынасында сый мен құрметке бөленген «биік орын» дегенді білдіреді. Бұл сөз тағы да куб деген мағынаға сәйкес келеді. Қағбаның басқа да атаулары Бәйтулғәтиқ – ең байырғы және алғашқы деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздің екінші мағынасы тәуелсіз және азат етуші, яғни Бәйтулхарам, қасиетті үй дегенге саяды.

Алланың сөзі болған Құран кәрімге және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис шәріптеріне назар салып қарайтын болсақ, бұл қасиетті Қағбаның біздің заманымызға жеткенге дейін бірнеше рет бұзылып, қайта салынғанын білуге болады.

Қасиетті Қағба ең бірінші періштелер тарапынан салынған-ды. Адам нәсілі жаратылмастан бұрын, жер үстінде «Бәни жан» деп аталатын жындар тайпасы өмір сүрді. Қарғысқа ұшыраған Ібіліс шайтан да осы тайпа ұрпағынан болатын. Бұл тайпа жер үстінде көптеген азғындық, фитна, бұзық істерді көп жасап, Алланың бұйрығын орындамады. Сол себепті, Алла тағаланың ашуы келіп, оларға азап беруді 7-ші аспан қабатындағы періштелерге бұйырды. Бұлар түсіп, жындарға азап беріп, содан кейін өз мекендеріне қайтуға рұқсат болмай,біраз уақыт жер үстінде қалуларына тура келді. Хадистердің айтуынша жетінші аспан қабатында қызыл түсті, асыл тас-жақұттан жасалған «Бәйтул Мағмур» деген бір үй бар еді. Жер үстіндегі қажылар Қағбаны тәуап еткеніндей, періштелер де аспандағы сол үйді зиярат ететін.

Бұл Бәйтул Мағмурдың пайда болу тарихы мына оқиғадан соң болған еді: Алла тағала періштелерге: «Мен жер бетіне билік жүргізетін халифа (орынбасар) жаратамын» (“Бақара” сүресі, 30 аят), – деді.

Сол кезде періштелер: «Иә, Раббым Алла! Бізден басқа жер бетінде билік жүргізетін адам нәсілін жаратпақшысың ба? Олар жер бетінде бұзықтық істейді: қан төгеді, бір-бірін көре алмайды, шектен шығып, зұлымдық жасайды. Раббым! Халифаны бізден ет, біз жамандық жасамаймыз, қан төкпейміз, қызғанышқа салынбаймыз, қастық істемейміз. Біз әрдайым сені мақтап пәктейміз, сенің қасиетіңді дәріптейміз. Сенің бұйрығыңды орындаймыз, саған қарсы келмейміз», – деді. Сол кезде Алла тағала: «Ей, періштелер! Мен сендер білмейтін нәрсені білемін», – деді. Бұл сөзден соң періштелер: «Раббымызға қарсы келетін сөздер айттық. Алла бізге ашуланды», – деп ойлады да: «Раббымыз! Бізді кешіре көр!» – деп Алланың тағын айнала бастады. Алла тағала оларға қарады да, өз мейірін түсіріп, дәл тағының астынан бір үйді салды. Бұл үй «Бәйтул мағмур» деп аталды. Ол үй қызыл жақұт тастардан қаланып тұрғызылды. Бұдан соң Алла тағала періштелерге осы үйді тәуап етуге бұйырды. Періштелерге Алланың тағынан гөрі бұл үйді тәуап ету оңайырақ болды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Бәйтул Мағмурды күніне 70 мың періште тәуап етеді. Ол тәуап еткен періштелер екінші қайтып тәуап етуге қияметке дейін кезектері жетпейді», – деді.

Сол үшін жерде тұруға бұйырылған періштелер, жер үстінде де сондай бір қасиетті, ұлық үйдің болуын Алладан тілеп сұрады. Алла тағала олардың дұғасын қабыл етіп, аспанның жетінші қабатындағы Бәйтул Мағмурдың дәл астына бір үйді салып, соны тәуап етуді бұйырды. Міне, Алланың үйі болған, қасиетті Қағбаның ең бірінші салыну тарихы осылай еді.

Бұдан кейін, арада біраз уақыт өткен соң, Алла тағала жер бетіне иелік ететін адам ұрпағын, яғни Адам (ғ.с.) атаны топырақтан жаратты. Адам (ғ.с.) атаға періштелерге сәлем сәжде етуін бұйырып, оны құрметтілерден етті. Адам (ғ.с.) атамыз жалғызсырамасын деп, оның сол жақ төменгі қабырғасынан Хауа анамызды жаратып, оған жұп етті. Жәннатта емін-еркін жүрулеріне, қалаған жеміс-жидектерді жеулеріне рұқсат етіп, тек бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды. Бірақ, шайтанның азғыруына еріп, тыйым салған жемісті жегендіктен, Алла тағала оларды жәннаттан жер бетіне тастады.

Арада қанша жыл өткенін бір Алла біледі. Адам (ғ.с.) атаға Алла тағала Қағбаны екінші рет салуды бұйырды. Жәбірейіл (ғ.с.) періште Адам (ғ.с.) атаға кезіндегі періштелер салған үйдің орнын көрсетті. Сөйтіп, Қағба екінші рет осылайша Адам (ғ.с.) ата тарапынан салынды. Адам (ғ.с.) ата Қағбаны салған соң, Алладан былай деп сұрады: «Раббым! Әрбір жақсы іс үшін сауап бар. Мен бұл іс үшін сауап таптым ба?»

Алла: «Иә, сауап таптың. Не тілегің бар, сұра менен», – деді.

Адам (ғ.с.) айтты: «Раббым! Мені шығарған жеріңнен (яғни жәннаттан) оған қайта кіргізесің бе?»

Алла: «Иә, солай болсын», – деді.

Адам (ғ.с.): «Раббым! Менің ұрпақтарымнан бұл жерге қажылық ету үшін келсе, мен сияқты олар да күнәләрінің кешірілуін сұраса, күнәсін кешіресің бе?»

Алла: «Иә, олардың да күнәсін кешіремін», – деді.

Адам (ғ.с.) ата бұдан соң Қағбаны айналып, тәуап етті. Адам (ғ.с.) қажылық өтеп жатқан кезде, періштелер келіп былай деді: «Ей, Адам (ғ.с.), қажылығың қабыл болсын! Бізде осыдан 2 мың жыл бұрын, осы жерде, осы үйді тәуап еткенбіз», – деді.

Адам (ғ.с.): «Сендер тәуап етіп жатқан кездеріңде қандай сөздерді айтып едіңдер?» – деп сұрады.

Періштелер: «Біз Сүбхан Аллаһу, уәлхамду лилләһи, уә лә илләһә илләллаһу, уАллаһу әкбәр деп айтқан едік», – деді.

Адам (ғ.с.): «Лә хәулә уәлә қууәтә иллә биллә сөзін қосып айтыңдар», – деді.

Атамыз Адам (ғ.с.) осы кәлималарды айтып тәуап етуді аяқтаған соң, Қағбаның есігіне қарап 2 рәкат намаз оқыды. Содан соң Мүлтазимге қарап, былай деп дұға жасады: «Иә, Алла! Әлбетте, сен жасырын да, ашық та жасаған істердің бәрін білушісің. Менің сұраған кешірімімді қабыл ет. Не ойлап тұрғанымды және өзімде бар нәрсені де сен жақсы білесің. Сондықтан, менің күнәләрімді кешір. Не нәрсеге мұқтаж екенімді де білесің. Сондықтан, сұрағанымды бер».

Бұл дұғадан соң Алладан жауап келді: «Ей, Адам, шындығында да сен көптеген нәрселерді сұрап, дұға еттің, ол дұғаларды қабыл еттім. Егер сенің ұрпақтарыңнан кімде-кім осы дұғаларды айтып, сұрар болса, мен олардың да дұғасын қабыл етіп, жүректерін қуанышқа бөлеймін», – деді.

Сөйтіп, Адам (ғ.с.) атамыздың Қағбаны салғаны, Хауа анамызбен Арафатта жолығып, Мұздалифа тауында таңды атырғаны және 40 рет жаяу қажылық жасағаны жайлы тарих кітаптарында жазылған.

Сонымен, үшінші рет қасиетті Қағбаны Адамның (ғ.с.) перзенттері салады. Адамнан (ғ.с.) көптеген ұрпақтар тарады. Атамыз Адам (ғ.с.) дүние саларда, баласы Шисқа өсиет айтты. Тек бір Алланың өзіне ғана құлшылық етуін және намаздың уақыттарын білдірді. Шис (ғ.с.) Қағбаны балшықтан салды. Олардан кейінгі ұрпақ та Қағбаны тәуап етіп тұрды.

Нұһ (ғ.с.) пайғамбардың заманында әлемді топан су басты. Алла тағала Нұһқа (ғ.с.) Қағбаның орнын көрсетті. Нұһ (ғ.с.) мінген кеме 40 күн бойы Қағбаның үстінде айналып, содан соң «Жуди» тауына тоқтағандығы Құранда анық айтылады.

Қасиетті Қағба төртінші рет Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар тарапынан салынғандығы Құран кәрімде анық баяндалған.

Иман журналы, №6 (83) 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: