بسم الله الرحمن الرحيم
Қалада жүрсеңіз көшенің көркін келтірген зәулім үйлермен қоса қоғамды құрттай кемірген арақ-шарап дүкендері көзге шалынады. Сол дүкендер маңайында қаусаған қарттар қураған тамағын арам ішімдікпен шайып жатады. Жас өрім қара көздер де қолына бір-бір шөлмек ұстап шөлін басып жатқанын тағы көресіз. Бұрын ішімдікті қоғамның еш жаман адамдары ішетін. Бүгінде қарт та, қыз да жасқанбай ауызға алады. Қазіргі таңда адамдар қуанышын да, қайғысын да осы арақпен бөлісетін болды. «Шайтан судың» адамға қаншалықты зиянды екенін шариғат бойынша талқылап көрелік.
Арақ – құрамында спирты бар адамды мас ететін әрбір ішімдік атауы. Арақтың жеке адамның ақыл-ойына, денсаулығына және дүниелік іс-әрекеті мен діни амалдарына орасан зиян тигізетіні анық. Кісінің отбасына қамқорлық етуіне және әйелі мен бала-шағасын қамтамасыз етуіне кедергісін тигізетін зиянкес. Сондай-ақ, арақ қоғам мен халыққа рухани, материалдық және моральдық тұрғыдан қауіп төндіретін улы жылан.
Зерттеушілер: адам арақтан алған соққысындай өзге ауыр соққы болмайды. Егер де дүниедегі арақ себепті бұлшық ет ауруына және жүйкелік дертке шалдыққандардың есебін, арақтың кесірінен өзіне қол жұмсаған және өзге кісіні өлтірген жайлы мағлұмат алатын болсақ. Сондай-ақ, арақ ішімдігі залалдығынан жүйкелік, асқазан және ішек ауруларына шалдыққандар тізімін алсақ. Арақтың кесірінен бүкіл мал-мүлкінен айырылған, қаражатын арақ сатып алып құртқан адамдар статистикасын алатын болсақ өте қорқынышты көрсеткіш көз алдымызға келеді.
Арабтар жаһилиет дәуірінде араққа салынған халық санатына жататын. Бұл олардың тілдерінде көрініс тапты. Араққа жүзден астам ат қойып, қара өлеңдерінде араққа арнайы тарау бекітті.
Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Арақты тыйым ету үшін бірте-бірте харам етуге көшті. Әуелгі уақытта арақтың күнәсі пайдасынан көбіректігі жайлы үкім түсті. Сосын намазға тұрғанда мас күйде болмауды тыйым етті. Сондан кейін түбегейлі тыйым етілгендігі туралы аят түсті.
Маида сүресі 90-91 аяттар
يأيّها الذين آمنوا إنما الخمرُ و الميسر و الأنصاب و الأزلام رِجسٌ من عمل الشيطان فاجتنبوه لعلّكم تفلحون. إنما يريد الشيطان أن يوقع بينكم العداوة و البغضاءَ في الخمر و الميسر و يصدّكم عن ذكر الله و عن الصلاة, فهل أنتم منتهون.
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу–шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп бұйырды.
Міне бұл екі аятта Алла тағала арақ пен құмар ойынды жоғары дәрежеде харам деп әмір етті. Арақ пен құмар ойынын пұт және бал ашумен бірге атап өткендігі көрсетеді. Арақ пен құмар ойынды ең ыпылас деп айтқан. Ең ыпылас сөзі құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім іске айтылған. Бұл екі нәрсені (яғни арақ пен құмар ойынды) шайтанның ісі деп өткен. Ал, шайтанның ісі тек бұзықтық пен тыйым іс. Аятта арақтан да, құмар ойыннан да алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол деген. Сонымен қатар әлеуметтік зияны да айтылған. Бұл: туысқандық қарым-қатынасты «ат құйрығын кесіп» араласпай кету. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындауы. Ал, рухани залалы: пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Аталған аят соңында Алла тағала адамдарға бұйыра «...сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп сауал қойды. Сонда осы аятты естіген сол кездегі мұсылмандар: Раббым! Біз түбегейлі тиылдық,-деп жауап қатты.
Маида сүресінің бұл аяттары Мадина қаласында түскен еді. Адамдар қолында арақ құйылған кесе ұстап отырған. Біразын ішіп, кеседе біразы бар еді. Аятты естіген мұсылмандар кеседені арақты жерде төге бастады.
Көптеген үкіметтер арақтың жеке адамға, отбасына және тіпті мемлекетіне аса қауіпті және өте зиянды екеніне көз жеткізді. Бұл дертпен күресудің әр қилы жолын да қолданып көрді. Тіпті, кейбір елдер араққа бүтіндей тыйым салып, арақ ішкеннің мал-мүлкін тәркілеп, түрмеге отырғызу жазасын да қолданды. Алайда, әрекеттері зая келіп, сәтсіз аяқталды. Бұл дертпен тек Ислам ғана өте тиімді күресіп, жеңіп шыққан.
Христиан діндарлары «масихи дінінің» араққа деген көзқарасы жайлы пікір таластырып соңында інжілдегі: «аз мөлшердені арақ асқазанға пайдалы» деген сөзді дәлел етіп рұқсата етті. Тіпті, азғана арақ асқазанда пайдасын тигізсе, әрине ол қате түсінік, міне сол өте аз мөлшердің өзінен де сақ болу әрбір адамға уәжіп. Өйткені аз мөлшер көп мөлшерге сүйреп алып барады. Ал, бір кесе келесі кесеге қол создырады. Ал, келесі кесе маскүнемдікке итереді. Міне, бұл араққа қатысты дініміздің кесімді үкімі.
Әрбір мас ететін ішімдік арақ
Бұған қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жариялаған үкімі: ішімдікке емес, сол ішімдік жасалатын затқа назар аударды. Сол заттың мас етуі немесе етпеуіне көңіл бөлді. Егер ішімдік мас ету қасиеті болса ол арақ болып табылады. Адамдар ол ішімдікке қандай атау беріп, қалай атаса да бәрі бір. Ол ішімдік қандай заттан жасалса да. Осы негізде пиво деп аталатын және соған ұқсас ішімдіктердің барлығы арақ болып есептеледі.
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) балдан (әселден), жүгеріден және арпадан жасалатын ішімдік жайлы адамдар сұраған еді. Жасалу жолы аталған ішімдіктер градусы күшейгенше ашытылатын еді. Сонда барлық сөздің түйінін айтып беруші пайғамбар:
كلّ مسكر خمر و كلّ خمر حرام.
Мағынасы: «Әрбір мас етуші (ішімдік) арақ, барлық арақ түрі харам»,-деп шешіп айтты. (имам Муслим)
Имам Бухари және Муслим кітаптарында: халифа Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінберінде тұрып: «адамды ақылынан айыратын ішімдік арақ»,-деп жария етті.
Көп мөлшері мас ететін ішімдіктің азы да харам
Ислам діні араққа қатысты тағы бір үзілді-кесілді берген үкімі. Ішімдік мөлшерін талқыламай мүлдем харам деп азына да, көбіне де тыйым салды. Себебі адамға бұл тайған жолға сәл түсуінің өзі оның тайып жығылуына, қайта тұра алмауына жеткілікті. Ал, түскен адам тек төмен қарай құлай береді. Сондықтан Алла елшісі (с.ғ.с.)
ما أسكر كثيره فقليله حرام
«Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де харам»,-деді. (Имам Ахмед, Әбу Дауд және Термизи).
Және бір хадисте
ما أسكر الفرق منه فملء الكفّ منه حرام.
Мағынасы: «Бір шелегі мас ететін ішімдіктің алақан бетіндей мөлшері де харам»,-деп айтылған (Имам Ахмед, Әбу Дауд және Термизи).
Арақты сату
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арақты аз және көп ішу харам деп тыйымды осымен тоқтатқан жоқ. Сонымен бірге арақ саудасына да тыйым салды. Тіпті, мұсылман емес өзге адамдарға болса да. Мұсылман адамға арақты импорттау және экспорттау халал емес. Арақ сатылатын дүкен иесі немесе сондай дүкенде сатушы болып жұмыс істеу тыйым салынады. Сол себепті де пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы» (Термизи, Ибн Мажаһ).
Жоғарыда айтылған Маида сүресінің аяты түскен кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында Алла арақты харам етті. Кім осы аятты еститін болса қолындағы арақты ішпесін және оны сатпасын»,-деп бұйырды. Хадисті риуаят етуші: мұны естіген адамдар үйлеріндегі бар арақты алып шығып көшеге төге бастады. Көшеде арақ су болып ақты,-деп жеткізеді. (Муслим риуаяты).
Исламның тыйым салынған амалдармен күресі осылайша болды. Сонымен қатар мұсылман арақ немесе шарап жасайтынын білген кісіге өзінің жүзімін сатуға тыйым салады. Бұл жайлы Табаранидің «Аусат» кітабында мынадай хадис: «Кім жиын-терім кезінде жүзімді сақтап яхудиге, насараға немесе арақ-шарап істейтін (ол мұсылман болса да) адамға сатса, шын мәнінде өзін отққа лақтырған»,-келтірілген.
Мұсылман арақ-шарапты сыйға бермейді.
Арақ-шарапты сату, одан түскен табысты жеу мұсылманға тыйым салынғаны секілді сыйлық ретінде яхудиге, насараға және басқа адамға беруі де харам саналады. Мұсылман сыйлық ретінде адамға арақ беруіне әсте болмайды. Сондай-ақ, өзі де бөгде кісіден арақты сыйлық деп қабылдауына болмайды. Мұсылман таза адам, он тек таза дүниені ғана сыйлық етеді және де тек таза затты ғана сыйлық деп қабыл алады.
Пайғамбарымызға бір кісі арақ құятын ыдысды сыйға бермек болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіге бұл харам деп түсіндіреді. Ол кісі: бұл ыдысты сатайын ба?,-деп сұрайды. Пайғамбар: Ішуге тыйым еткен Алла оны сатуды да харам еткен,-дейді. Кісі: мұны яхудиге сыйға берсем ше?,-деп сұрайды. Пайғамбар: Мұны харам еткен Алла оны яхудиге сыйлық етуді де тыйым салған,-дейді. Кісі: онда не істейін?,-деп сұрайды. Пайғамбар: далаға төк,-деп айтады.
Арақ ішетінмен бірге отырмау
Осы дәстүрге байланысты мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.):
من كان يؤمن بالله و اليوم الآخر فلا يقعد على مائدة تدار عليها الخمر.
«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын»,-деген сөзін естіп едім,-дейді. (имам Ахмед).
Мұсылман тыйым іс-әрекетті көрсе, оны тоқтатуы парыз. Ал, егер шамасы келмейтін болса өзі ондай жерден кетуі қажет.
Әділ халифа деп танылған Омар бин Абдулазиз халифа арақ ішкендерді олармен қоса ішімдікті аузына алмаса да сол дастархан басында отырғандарды дүреге жығатын екен. Бір күні арақ ішіп ұсталғандарды құзырына алып келеді, оларға дүре соғуды бұйырады. Алып келген сақшылар: пәленше, оның аузы берік екен,-деп ішпегендігін айтады. Халифа: дүре соғуды аузы берік адамнан бастаңдар,-дейді. Сендер Алла тағаланың:
قد نزّل عليكم في الكتاب أنْ إذا سمعتُم آيات الله يُكفَر بها و يستهزأُ بها فلا تقعدوا معهم حتى يخوضوا في حديث غيره إنكم إذاً مثلهم.
Ниса сүресі 140 аят.
Арақ дерт дауа емес
Айтылып жатқан аяттарда және пайғамбарымыздың сөздерінде арақты Ислам діні түбегейлі және кесімді түрде тыйым еткені анық. Ислам арақпен күресіп, мұсылманды мейлінше одан алыстатып, мұсылман мен маскүнемдік арасына көп тосықтар орнатқан. Арақты ішуге алып баратын, оған жанасуға себеп болатын барлық жолдарды титтей болса да бекітіп тастады.
Мұсылман ішімдікті өте аз мөлшерде болса да ішуге тыйым салынады. Арақты сату, сатып алу, өндірумен айналысу немесе сыйлық етіп берудің ешбіріне де рұқсат жоқ. Тіпті, арақ атауын дүкеніне, үйіне кіргізуге болмайды. Арақты той-томалақта немес басқа да бас қосуларда дастарқан басына қою да харам. Тіпті, мұсылман емес қонаққа да беру үлкен күнә. Арақ-шарапты өзге сусын немесе тағамдарға қоспа ету, араластыру тағамды да харам етеді.
Араққа қатысты тағы бір ескерілмеген тұсы емдік жолы. Адамдар кейде арақты ем ретінде ішуге болады ма?,-деп сұрайды. Пайғамбарымызға бір кісі келіп: мен арақты емдік үшін қолданамын,-дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.):
إنه ليس بدواء و لكنه داء.
Мағынасы: «Ол дауа емес, керісінше дерт»,-деп жауап берген екен. (Имам Муслим, Ахмед, Әбу Дауд, Термизи).
إنّ الله أنزل الداء و الدواء, و جعل لكلّ داء دواءً فتداووا, و لا تتداووا بحرام.
Сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала дертті де дауасын да берген. Әрбір дертке дауа жаратқан, емделіңдер. Сендер харам затпен емделмеңдер»,-деп айтқан (Әбу Дауд).
Имам Бухариде Ибн Масуд (р.а.) мас етуші ішімдіктер жайлы:
إنّ الله لم يجعل شفاءكم فيما حرّم عليكم
«Шын мәнінде Алла шипаларыңды сендерге харам еткен заттан жасамаған»,-деп айтады. Ислам дінінің арақ және де басқа харам заттарды емдік үшін қолдануды тыйым еткенінде ешбір таң қалатын жері жоқ. Өйткені бір затты харам ету оның барлық түрінен, барлық қолдану тәсілінен тиылуды білдіреді. Сондай-ақ, харам затты емдік үшін қолдану рұқсат берілсе, ішімдікті құмарлық және рақат үшін ішетіндерге таптырмайтын себеп екені анық. Әсіресе, адам мұны пайдалы, ауруды емдейді және шипа береді деп иланатын болса. Сонымен қатар дәрі-дәрмек ішіп емделуші шипа табуы үшін дәрінің пайдасын, Алланың бұл дәрі берекетімен шипа силайтындығына сене білуі шарт. Ал, харам етілген ішімдік немесе тағам жайлы бұлай ойлау мүмкін емес.
Алайда, шариғатта аса қажет жағдайда рұқсат үкімі бар. Мәселен, арақ немесе спирттік қоспасы бар сұйықтық науқасқа ем үшін берілсе, бұл дәріден басқа дәрі-дәрмек көмегі мүлдем болмаса, адам өміріне қауіп төніп тұрса және бұл дәріні дініне мұқият мұсылман дәрігер өте тәжірибелі маман ұсынған болса рұқсат. Өйткені шариғат қағидасы жеңілдікке негізделген. Алайда, ең тар шеңберде ғана. Әнғам сүресінің 145-аятында
فمن اضطرّ غير باغٍ و لا عادٍ فإنّ ربك غفور رحيم
«...Егер кімде-кім шарасыз және еріксіз жағдайда, өмірін сақтап қалу үшін жесе, ол (күнәға жатпайды). Тәңірің кешірімді әрі рақымды»,-деп әмір етілген.
Есірткі
«Адамды ақылынан айыратын ішімдік арақ» өте нақты анықтама. Мұны әділ халифа Омар бин Хаттаб расул мінберінде тұрып көпшілікке айтқан. Бұл анықтама арақ туралы түсінікті анық белгілеп көрсеткен. Көп сауал қоюшылар мен тым күдікшілердің барлығына бір жауап. Әрбір ішімдік болсын, тағам болсын адамды әдеткі қалпынан шығарып, есінен айыратын болса ол арақ. Арақты Алла және Оның елшісі қиямет күніне дейін харам еткен зат.
Осы анықтамаға сай есірткі және оның барлық түрлері: шөп түрінде, ұнтақ түрінде және сұйық түрінде түгел харам. Есірткінің құрағына түскен адам есінен айырылған жындының күйіне түседі. Өзінің іс-әрекетін бақылауға ала алмайды, мас күйінде ең жаман қылмыстарды жасап қояды. Есірткіге салынған адам жүйкесі қалыпты қызметінен шығып, мінезі күрт өзгеріп, ерік-жігері жоғалып, қоғамнан оқшауланып денсаулығы тез нашарлай бастайды. Бұл індетке салынған бейбақтың жаны мен тәні барлық құндылықтан айытылып қу сүйек, тірі өлікке айналады. Мұндай адам үшін қоғам, жанұя, бала-шаға алдындағы жауапкершілік пен міндет деген ұғымдар бос сөз.
Есірткі тұтынатын адам арақ ішетін кісі секілді қарастырылады. Ал, кейбір тұсынан есірткі арақтан да зиянды,залалды. Есіркті қолданған адам арақ ішкен кісі секілді жазаға тартылады. Шариғат қағидасында: харам етілген заттардың ішінде арақ ішу, ойнас жасау секілді кісі құмарлықпен істейтін күнәларға жаза тағайындалады. Ал, кісі құмарлықпен істемейтін өлген мал етін жеу секілді қылмыстарға ескерту беріледі. Есірткі адамдар құмартып, қалап істейтін қылмыс. Бұған салынған адам тиылудан бас тартады.
Адамға зияны тиетін тағам және ішімдіктің барлық түрі харам
Ислам шариғатында бекітілген жалпы қағида бар. Ол: Мұсылман өзін баяу немесе тез өлтіретін яки болмаса зияны тиетін әрбір тағамды немесе сусынды ішіп-жеуі харам. Тіпті көп ішсе немес жесе сырқат ететін ас-суды көп қолданбауы да қажет. Өйткені мұсылман жаны тек өзінің мүлкі емес. Мұсылманның жаны дінінің, үмбетінің мүлкі. Адамға Алла берген барлық нығмет: жан, денсаулық, өмір, дін барлығы аманат. Аманатқа астамшылық ету адалдық емес.
Ниса сүресінің 29-аятында:
و لا تقتلوا أنفسكم, إن الله كان بكم رحيما
«...Өздеріңді өлтіруші болмаңдар. Сендер үшін Алланың мейірімі мол»
Бақара сүресінің 195-аятында
و لا تلقوا بأيديكم إلى التهلكة.
«...Бастарыңды қатерге тікпеңдер...»
Алла елшісі (с.ғ.с.)
لا ضرر و لا ضرار
«Өзгеге зиян тигізюе, өзің де зиян көрме»,-деген сөзі бар.
Аталған аяттарда және хадисте көрсетілген дәлелдер негізінде темекіні де харам, яғни тыйым салынған деп айтуға әбден болады. Өйткені оның зияндығы ғылыми түрде анықталған. Сондай-ақ, темекі кісінің дініне де, дүниесіне де ешбір пайдасы жоқ нәрсе. Нағыз ысыраптың өзі. Бухаридің жинағында: «Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниені босқа шашуды тыйым еткен»,-деген сөз бар.
Қазіргі таңда ішімдік сатпайтын дүкендер мүлдем жоқ десе де болады. Сөрелерінде арақ-шарап самсап тұрады. Одан қалса «шайтан суға» қазақтың қоғам және өнер қайраткерлерінің атын тағып қойған. Халықтың бетіне шыққан қаймақтарын осылайша үлгі еткені ме, әлде керісінше масқаралағаны ма?! Әрбір дүкен иесінде саудасына арақ-шарап қоспаса жұмысы жүрмейді деген бек түсінік бар. Елімізге осы арамнан түскен пайданың жақсылығы болмасы хақ. Өйткені арақ кесірінен болған кісі өлімі, жол және өндірістік апаты ешбір қаражат қайта қалпына келтіре алмайды. Оны жай қарапайым адамнан бастап, ең білікті экономист те растайтын шығар. Қоғам бұл қасіреттен айығу үшін барлық күрес тәсілін қолдану қажет. Біз дін қызметкері ретінде ішімдіктің залалды зардаптарын сізге жеткіздік. Сіз де бұл күреске өз үлесіңізді қосыңыз.