Қабір зияраты

Қабір зияраты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық мақтау мен мадақ барша жаратылыстың Иесі Аллаға тән. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың мырзасы, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отбасына Алланың игілігі және сәлемі болсын.

Қадірлі мұсылмандар! Адам баласы үшін және жалпы шариғатымызда маңызды мәселелердің бірі, тіпті ең негізгісі десек те болады ол – өлім екені мәлім.

Құранда Алла Тағала:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُالْمَوْتِ ثُمَّ اِلَيْنَاتُرْجَعَوُنَ

«Әрбір жан иесі өлім дәмін татады» – деп айтады. (1)

Кез келген адам баласы өзінің әке-шешесін, бала-шағасы мен туған-туысқанын жақсы көреді. Оларға көмек көрсетіп, жақсылық жасағысы келеді. Ислам діні мұсылмандарды әке-шешесі мен туған-туысқандарына тірі кездерінде және олар қайтыс болғаннан кейін де жақсылық жасауды бұйырады.

Алла Тағала Құран Кәрімде айтады:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلاّ تَعْبُدُواْ اِلاَّ اِيَّاهُ وَ بِا لْوالِدَيْنِ اِحْسَانَاً:

«Раббың, өзіне ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті».(2)

Мұның барлығы әке-шешенің тірі кездерінде жасалатын игі іс, ал олар қайтыс болғаннан кейін қандай жақсылық істеуге болатынын қарастырайық.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: Адам баласы қайтыс болған кезде амал дәптері жабылады, тек мына үш кісінің амал дәптері жабылмайды. Жария садақа жасаған, өзіне пайда берген білім және дұға қылатын салихалы ұрпағы. Яғни, қайтыс болғаннан кейін ата-анасы үшін баласының Алладан олардың күнәларын кешіре гөр, оларды жәннатқа кіргізе гөр деген дұғасы пайда береді екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадисінде айтады: «Расында жәннатта бір адамның дәрежесі көтеріледі сонда ол маған бұл дәреже қайдан келді мен мұндай болатындай амал жасамадым ғой дейді. Сонда періштелер оған: «Бұл артыңда қалған балаңның сен үшін Алладан кешірім сұрағаны,» – дейді.

Мұсылмандардың туған-туысқанының, әулиелердің қабіріне зиярат етіп баруы Құран Кәрім мен Хадис шарифтен бастау алып, Ислам дінінде ертеден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі. «Зиярат» сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді.

Міне, құрметті бауырлар, баласы ата-анасына, туған-туысқанына жақсылық қыламын десе шариғат оның жолдарын көрсетіп қойған. Бірақ көп адамдар өз ойларынша біз сауапты жақсы амал істейік деген ниеттерімен дінде жоқ істерді жасайды, тіпті кейде сауапты істің орнына күнәға батып та жатады.

Сол қателіктер әсіресе қабір басында көп кездеседі. Өйткені, адамдар қабірдің басына не үшін баруды, ол жерге барғанда не істеу керек екенін білмей жатады. Расында шариғат қабірлерді зиярат етуге тиым салмайды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде айтады:

«Қабірлерді зиярат етіңдер, шындығында ол сендердің естеріңе ақыретті түсіреді» дейді. (3)

Хазреті Осман ибн Аффан (р.а.) қабір басына барған кезде көзінен жасы парлап жылайтын еді. Бірде одан: «Жәннат пен тозақ жайлы айтқан кезде жыламайсың да, қабір басына келгенде неге жылайсың?», – деп сұрапты. Сонда Осман (р.а.): «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әлбетте, қабір ақыреттегі мекен-жайлардың алғашқысы. Егер иесі оның азабынан құтылса, кейінгі сынақтар одан жеңілірек болады, ал құтылмаса одан да қиын болады», – деп айтқанын естіген едім,» – деген.

Қабірлерді зиярат еткенде мына жайларды есте сақтау керек: қабірге барғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) көрсеткендей жатқан мәйіттерге сәлем беру; олардың күнәлары үшін Алладан кешірім сұрау. Сонда адам өзіне де, қабірде жатқан марқұмға да жақсылық қылған болады.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді:

عَنِ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُما قَالَ: مَرَّرَسُولُ اللَّهِ

صَلَّى اَللَّه عَلَيْهِ وَ سَلَّم بِقُبُورٍ بِالْمَدِينَةِ ، فَأَقْبَلَ عَلَيْهِمْ بِوَجْهِهِ فَقَالَ: " السَّلاَمُ عَلَيْكُم يَا أَهلَ الْقُبُورِ ، يَغْفِرُ اللَّهُ لَنَا وَلَكُم ، أَنْتُمْ سَلَفُنَا وَ نَحْنُ بِا ْلأَثَرِ" رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ .

«Расулуллаһ (с.ғ.с) Мәдинада кейбір қабірлерге барды. Жүзімен қабірге қарап тұрып былай деді:

«Сәлем сіздерге, қабір иелері! Алла бізді де, сізді де кешірсін. Сіз бізден бұрын кеттіңіз. Біз де соңдарыңнан келеміз». (4)

Қабірдің басына не үшін барамыз?

Қабірді зиярат етуге барғанда марқұмнан ауыруына шипа сұрау, бала сұрау, орамалын мазарға сүртіп ырымдау немесе арқасын үйкелеу және басқа осы сияқты әрекеттерге шариғат тыйым салады. Ал, қабір басына барғанда марқұмдарға Алладан жақсылық тілеп, өзінің де баратынын еске алу.

Әбу Мәрсәд Кенназ Ибн Хусайннан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с) былай бұйырды:

عَنْ أَبِي مَرْ ثَدٍ كَنَّازِبْنِ الْحُصَيْنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اَللّهِ صَلَّى اَللَّه عَلَيْهِ وَ سَلَّم يَقُولُ:

" لاَ تُصَلُّواإلَى الْقُبُورِ ، وَ لاَ تَجْلِسُوا عَلَيْهَا".

رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

«Қабірлерге қарап намаз оқымаңдар және қабірдің үстіне отырмаңдар» – деп тыйым салды. (5)

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадисінде: «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, кімде-кім зиярат етуді қаласа зиярат етсін. Бірақ оның басына барып Алланың қаһарына ұшырататын жаман сөзді айтпаңдар» дейді.

Яғни қабірдің басына барып, марқұмды жерлеп жатқан кезде жаман сөздер айтып немесе қалжыңдасып, өсек айтудан, жалпы түрлі жаман іс істеуден қайтарған. Керісінше аяқта тік тұрып жерлеп болғанша марқұмға құрмет көрсету міндет.

Қабір зияраты үш түрлі болады:

1) Туыстардың қабірін зиярат ету;

2) Туыс емес мұсылман бауырлардың қабірін зиярат ету;

3) Салих құлдардың, әулиелердің және пайғамбарлардың қабірін зиярат жасау.

Туыстардың қабірін зиярат етуге байланысты

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай бұйырады:

- «Кімде-кім, әке-шешесінің немесе біреуінің қабірін жұма күні зиярат етсе, Алла ол адамның күнәсін кешіріп және оған сауап жазады».

- «Кімде-кім, әке-шешесінің немесе біреуінің қабірін зиярат етіп, арнайы «Ясин» сүресін оқып марқұмның рухына бағыштаса, күнәлары кешіріледі». (6)

Қабірлерді зиярат ету әдебі.

Қабірстанға барғанда бірінші қабір иелеріне сәлем беріп, оларға дұға жасап, өзінің де сондай жағдайға түсетінін ойлау. Зиярат уақытында әулие түгіл пайғамбар болса да олардан ешнәрсе сұрамау.

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّه

رَسُولَ اَللّهِ صَلَّى اَللَّه عَلَيْهِ وَ سَلَّم:

"كُنْتُ نَهَيْتُكُمْ عَنْ زِيَارَتِ الْْقُبُورِ فَزُورُوهَا".

رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

وَفِى رِوَايَةٍ : " فَمَنْ أَرَادَ أَنْ يَزُورَ الْقبُورَ فَلْيَزُرْ فَاِنَّهَا تُذَكِّرُنَا اللآخِرَةَ"

Бурайдадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Расулуллаһ (с.а.с) былай бұйырды: «Қабірлерді зиярат етуге тыйым салғанмын, бірақ бұдан былай зиярат етулеріңе рұқсат еттім».

Басқа бір риуаятта: «Қабірлерді қалаған адам зиярат етсін. Өйткені, қабірлерді зиярат ету біздің есімізге ақыретті салады». (7)

Өлімді еске алу, өлгендерден ғибрат алу және ахиретті ойлау үшін қабірді зиярат ету сүннет болып табылады. Қабір зияраты адамның есіне өзінің де дәл сол жағдайға тап болатынын түсіреді. Ешкімге жамандық ойламайтын болады. Өлімді ойлаған кісі жақсы мұсылман болып өмір сүруге тырысады. Зиярат еткен адам мәйіттің рухына Құран бағыштап, оған дұға етуі керек. Бұлардың мәйітке көп пайдасы тиеді.

Қабірді зиярат еткенде, Расулуллаһтың мүбәрәк қабірін зиярат ету – ғибадаттардың ең құндыларының бірі болып саналады.

Әнәс ибн Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте: Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді:

- Кімде-кім, менің қабірімді зиярат етсе, оған шапағатым уәжіп болады.

- Кімде-кім, мені Мәдинада сауап үміт етіп зиярат етсе мен оған қиямет күні куәгер және шапағатшы боламын. (8)

Сондықтан да қадірлі мұсылман бауырлар, Алла Тағала біздерге өзінің тура жолымен жүруді нәсіп етіп, ақыретімізді хайырлы етіп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағатын нәсіп етсін.

«Анкәбут» сүресі 57-ші аят.
«Исра» сүресі 23-ші аят.
Тирмизи, Абу Дәуіт
Тирмизи
Муслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи
Жамиғус Сағир
Муслим, Әбу Дәуіт
Жамиғус Сағир

Қуат ҮРПЕКОВ,

Шу қалалық «Жами»

мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: