Біршама уақыттан бері санамды мазалап жүрген бір ой бар. Сірә, ой деген тым шектеулі сөз болар, бұл – бүтін бір қоғамның, үмбеттің проблемасы дегенім әлдеқайда дұрысырақ. Мұсылмандарға айтылатын наз, тағылатын айып, алып-қашпа сөз, қолмен шұқушылардың көбеюі көп толғандырады. Соңғы ғасырда ғылым мен техниканың дамуы Алланың дінін, кітабын, пайғамбарларын таныстыруға мүмкіндік беруде. Алайда, қасықтап жинағанымызды шелектеп төгіп жатқан секілді емеспіз бе? Мұсылман деген атауға шошып қараушылар бір бөлек, мұсылман деген асқақ лауазымның қадірі қалмай бара жатқанын көремін. Негізінде, өзге адамдар біздің Құранымызды, хадисімізді емес, мұсылманның мұсылманға деген бауырмалдығын, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қарайды. Менің қозғамақ болған басты тақырыбым – мұсылманның мұсылманға деген бауырмалдығы.
Бауырластықтың екі түрі болады: қанмен бауырластық және Құранмен болған бауырластық. Қанмен болған бауырластық – бір әке, бір шешеден туған бауырластық, ал Құранмен болған бауырластық – Аллаға серік қоспай сыйынғандар. Құранмен болған бауырластықтың дәрежесі қанмен болған бауырластықтың дәрежесінен жоғары тұрады. Сол үшін бұның нығметі артық. Алла Тағала Құранда айтады:
“Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер.” («Хужрат» сүресі 10)
Ғалымдар: «Бауырмалдықтың күшті, яки әлсіз болуы иманмен тікелей байланысты,» – дейді. Иман күшті болса, бауырмалдығың күшті болады, иман әлсіз болса, бауырмалдығың әлсіз болады. Мына хадисте: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)
Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады» деп айтты» делінген. (Бухари мазалим 3)
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
Әнәс (р.а.) жеткен хадисте:
“Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) “Ешбірің өзіне қалағаның мұсылман бауырына тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды,” – деп айтты делінген. (Бухари иман 7)
Бұл хадисте көп пайдалы өсиет бар.
Бірінші, бауырыңды (туысыңды) өзіңнен де артық жақсы көру.
Екінші, Алланың берген ризығын қызғанбай, керісінше оған да тілеу.
Үшінші, туыс-бауырыңды дұғадан қалдырмау.
Төртінші, өзіңді ғана ойламау!
Бесінші, жай мұсылман емес, шынайы мұсылман болуға ұмтылу.
Осы хадис арқылы мұсылмандар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ұлы ережені білдірді. Ақиқатында да, бауырлық сезімнің бұзылуы көп жағдайда адамдардың тек қара бастарын ойлап, өзгелерді есепке алмаудан туындайды. Өзі көбірек нәрсеге иелік етсе, өз жағдайы жақсы болса, тек өзінің айтқаны жүріп тұрса, тек өзінің тамағы тоқ, киімі көк болса деп тілеп, ал қасындағы бауыры не болса ол болсын деп немқұрайлы қараса, адамдар арасындағы бауырлық байланыс әлсірейді. Бірте-бірте тіпті үзіледі. Мұндай жағдайда адамдардың бірге туғаны да рөл ойнамай қалуы ықтимал. Ал өзімізге бар қалағанымызды өзге үшін де болсын деп қаласақ, онда бауырмашылдық барынша күшейетіні даусыз. Мұны бауырмашылдықты нығайтатын бірінші қағида деп атайық.
Енді Ислам тарихынан, саңлақ сахабалар өмір сүрген алтын дәуірден бауырмашылдықтың бір үлгісін келтірейік.
Бір күні Алла елшісіне (с.ғ.с.) бірнеше күн нәр татпай, аштықтан бүкіл әл-дәрмені құрыған бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі, мынадай қиын жағдайға тап болдым,» – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз әйелдеріне жіберіп еді, олардан да тіске басар ештеңе табыла қоймады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Бүгін түнде бір адамды қонақ етіп, Алланың рахымына бөленгісі келген жан бар ма?» – деді. Мәдиналық ансарлардан бір жігіт орнынан тұрып: «Мен күтейін» деді. Сөйтіп әлгі кісіні ертіп үйіне келді. Келе сала әйеліне: «Бұл кісі Пайғамбарымыздың қонағы, ештеңеңді аяп қалма,» – деп сыбырлады. Сонда жұбайы: «Алла куә, кішкентай қызымызды алдауқырататын аз ғана азықтан басқа ештеңе жоқ» деп үйдің жайын айтты. – Онда былай жаса, – деді үй иесі, – «Қызымыз қарны ашып жыласа, оны ұйықтат. Ал барыңды қонақтың алдына әкелгенде, шамды сөндіріп қой. Өзіміз тамақ жеп отырған секілді бос қасықты қимылдатып отырайық». Бәрін дәл осылай жасады. Ертесіне әлгі жігітті көрген Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Алла Тағала пәлен еркек пен түген еркектің түндегі істеріне разы болды. Сөйтіп мына аятты түсірді деп:
«Өздері мұқтаждық тартса да, оларды өздерінен артық көреді», – деген аятты оқып берді («Хашыр» сүресі, 9-аят).
Міне, бұл оқиғаға қарасақ, қонақ та, күтуші де бір ата, бір анадан тумаған. Алайда, олар Аллаға шын берілген мұсылмандар еді. Осы жерден бауырмашылдықты күшейтетін екінші қағидат шығып отыр. Мұсылман адам өзі қиналып отырса да, бауырының жағдайын өзінен артық көреді.
Мұсылмандардың бір-бірін жақсы көрулері - Алла Тағала разы болатын жақсы қасиеттердің бірі, сондай-ақ, екі дүние де бақытты болу осы шынайы махаббатқа байланысты.
Кез келген мұсылман дін бауырларымен әрдайым жақсы қарым-қатынас жасап тұруы тиіс. Оларды ойлап дерттерін өзінің дертіндей білуі қажет. Тіпті, өзінен бұрын соларды ойлап, қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қолынан келгенше тырысып бағу керек. Осыған тамаша мысалды Хазрет Дәуіт Тайдың мына әрекетінен байқауға болады.
Өзіне қызмет жасайтын шәкірті оған:
-Сізге кішкене ет пісіріп едім, әкелсем қалай қарайсыз? – деді. Ұстазы;
- Жоқ,- деп жауап қатпаған соң, шәкірті етті әкелді. Алайда Дәуіт Тай ыдысқа салып, алдына алып келген етке қарап отырып:
-Балам! Анау жетімдердің жағдайы қалай екен ? – деп сұрады. Шәкірт жағдайлары мәз еместігін білдірмек болып күрсінді де:
-Өзіңіз білетіндей, ұстазым – деп жауап қайырды.Сонда ол:
-Олай болса мына етті соларға апарып бере ғой ! – деді. Пісірген етін ұстазының жегенін қалап тұрған шынайы ниетті шәкірт:
-Ұстазым ! Сіз де көптен бері ет жеген жоқсыз ғой деп қанша өтінсе де, Хазрет Дәуіт Тай қабыл алмай:
-Балам! Бұл етті мен жесем, аз уақыттан соң қайта сыртқа шығады. Ал Анау жетімдер жейтін болса, (сауабы) мәңгілікке Аршқа көтеріледі!.. – деді.
Адамдардың адамзат алдындағы міндеттерін айта келе төмендегікөзге жас алдыратын оқиғадан мысал келтіруді жөн көрдік.
Көзге жас алдыратын өнеге
Мұсылмандар мен византиялықтар арасында болған Йәрмүк соғысына қатысқан Хузайфа әл-Әдәуи былай деп әңгімелейді:
«Соғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Оған біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымыздан екінші бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Немере ағамның баласы суды ішпей қойды; «Әуелі ыңырсып жатқан жаралыға апар», — деп ымдады, суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол Астың ұлы Хишам екен. Оған да енді суды берейін деп жатқанда, басқа бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Хишам да суды ішпей қойды; «Анау жаралыға апар», — деді. Мен суды алып әлгі жаралының қасына бардым. Сол кезде жаралы жан тәсілім еткен екен. Хишамның қасына оралдым, ол да қайтыс болған екен. Енді не болса да немере ағамның ұлына берейін деп жүгіріп, жанына барғанымда оның да жан тәсілім еткенін көрдім. Осылайша ешқайсысына су ішкізе алмадым». Қараңызшы, не деген жоғары сезім, не деген асыл қасиет! Тіпті соңғы демінде өзі шөлден өлгелі жатса да дін бауырын өзінен артық ойлап жатыр.
Алла Тағала барша халқымызды тәндері бөлек болғанмен, ойы бір, арман-тілегі, ниеті бір, мақсаты бір бауырларға айналдырсын.
Сұлтаншәріп қажы ЖАҚЫПБЕКҰЛЫ,
Т. Рысқұлов ауданының бас имамы