Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Алланың игілігі мен ізгілігі, салауаты мен сәлемі және барша қайыр шапағаты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) оның отбасы мен салихалы сахабаларына, сондай-ақ, көңілі дархан кеңпейіл, қолы ашық жомарт жандарға болсын!
Жомарттық – Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Өйткені, Оның бір есімі «көптеген нығмет беруші», «жақсылықтар мен ізгіліктерді молынан тарту етуші», «аса жомарт» деген мағынаны білдіретін «Кәрим» сипаты болып табылады. Алайда, жомарттық болар-болмасқа ақшаны шашу емес. Алланың құлдарына мұқияттылықпен әрі нығметтің қадірін біле отырып қайыр-садақа жасау. Негізінде Алла Тағаланың адамзат баласын жаратқанда неше түрлі ерекшеліктермен жаратқанын өмірден көріп жүрміз. Мәселен, мінез-құлқы, дене пішімі, әр адамның дыбыс ерекшеліктері, сонымен қатар біз қозғайын деп отырған негізгі тақырып жомарттығы. Бір адам жомарт, біреуі сараң етуде Жаратушы иеміздің қалауымен болатын іс екеніне күмәніміз жоқ. Адам баласындағы жомарттық қасиет Алланың өзінің сүйген құлына берген үлкен сыйы. Бәрі бірдей жомарт бола бермейді. Алла Тағаланың қалауы немесе сынағы десе де болады, бұл дүниеде біреуді бай, біреуді кедей қылып жаратты. Бұл деген өмір сынағы. Бай адам байлығын қалай жұмсау керек? Негізінде байлықтың өзі қайдан келді? Мұны берген кім, деп ой жүгіртіп көрелікші. Әрине рызық, несібе беретін тек бір Алла. Егер байлықты Алла берген болса, неге Алла разылығы үшін ол байлықты орын-орнына жұмсамасқа? Басты мәселе осында.
Жомарттық деген ұғым қолы ашық, жүрегі жұмсақ, қайырымдылығы мен жақсылығы мол, мұқтаж жандарға мүмкіндігіне қарай, тек Алланың ризалығын ғана ойлап, қайырымдылық қолын созып, ешқандай мені ел көріп мақтасын демей көмек берген жан деген мағынаны білдіреді. Жомарттықа байланысты ойшыл, ақын Ғұмар Қараш:
Жомарттық ашық жүзді шытпағаның,
Мұқтаждан қол қайырың қытпағаның.
«Адаммен адам күні» деген сөздің,
Мәнісін есте тұтып, ұмытпағаның.
Айтыңдар, көрдіңіз бе жомарттардың
Дәулеті кетіп қайыр тоқтағанын
Қайырдың ең үлкені халық пайдасын
Ізденіп, кем-кетігін жоқтағаның.
Жомарттыққа байланысты дана халқымыз: «Жомарт жан әр кез жортып жүреді, сараң адам үнемі қорқып жүреді» немесе сараңдыққа байланысты: «Ақылды арын қорғайды, сараң малын қорғайды» деген екен. Бұл деген ақылды адам көбіне ақыретті есінен шығармай ар-намысының құрбаны болып, қандай жағдай болсын Алланың ризалығын іздеп, несібе-нығметтеріне разы болып, өзге жандардың да қамын ойлап, қамқоршы болады. Ал сараң көбіне дүниені ойлап, дүнием көбейсе екен, біреуге берсе орны толмайтындай уайым шырмауында жүреді.
Осы сөзге орай хадисте айтылғандай:
السَّخِيٌّ قَرِيبٌ مِنْ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنْ الْجَنّةِ قَرِيبٌ مِنَ النَّسِ بَعِيدٌ مِنَ النَّرِ وَ الْبَخِيلُ بَعِيدٌ مِنْ اللَّهِ بَعِيدٌ مِنَ الْجَنَّةِ بَعِيدٌ مِنَ النَّسِ قَرِيبٌ مِنَ النَّر
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жомарт – Аллаға, жәннәтқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннәттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын»-деген. (Тирмизи, Бирр, 40)
Әбу Һурайрадан жеткізген хадисте:
"مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَلٍ، وَ مَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إِلَّا عِزًّا، وَ مَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إِلَّارَفَعَهُ اللَّه"
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақа еш уақытта мал-мүлікті кеміткен емес. Алла тағала өзгелерге кешіріммен қараған құлының абыройын асқақтатады. Сондай-ақ, Алла үшін кішіпейіл болған әрбір адамның дәрежесін өсіреді» – деген. (Муслим, бирр 69)
Тағы бірхадисте Ибн Масғуд (р.а) жеткізген:
"لَا حَسَدَ إِلَّا فِي اثْنَتَيْنِ: رَجُلٌ آتَاهُ اللّهُ حِكْمَةً فَهُوَ يَقْضِي بِهَا وَيُعَلِّمُهَا"
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды оңтайлы шешуге) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға» – деп айтты. (Бухари, илм15)
Өте бай және жомарт болған хазреті Абдуллаһ бин Жафар-и Тайиар бір құрма бағының жанынан өтіп бара жатқан еді. Бір қара нәсілді құл, бақшада жұмыс істеп жатқанда, оған үш мезгілдік тамақ әкеледі. Сол сәтте бір күшік құлдың қасына жүгіріп барады. Тамағының бір бөлігін оған бергенінде, күшік бірден жеп қояды. Екіншісін де, кейінірек үшінші бөлігін де береді. Бұны байқап тұрған хазреті Абдуллаһ бұл құлдың қасына жақындап сұрайды:
- Әй досым, не үшін өзің аш бола тұрып, үш мезгіл тамағыңның бәрін күшікке бердің?
- Мырзам, бұл күшік алыс жерден келген. Өте аш және несібесін іздеп жүр.
- Жарайды, ал өзің не жейсің?
- Аш жүріп, сабыр сақтаймын.
Хазреті Абдуллаһ көрген естігендеріне әсерленіп: «Халық мені жомарт деп біледі. Ал мына қара нәсілді құлдың жомарттылығы менікінен де артық» – дейді. Құрма бағын және осы құлды қожайынынан сатып алады. Құлды азат етеді де, еркіндік береді. Құрма бағын да ішіндегілерімен бірге өзіне сыйға тартады. Сол кезде хазреті Абдуллаһқа біреу: «Сен қазір одан да жомарт болдың» – депті. Сонда: «Өкінішке орай олай емес. Өйткені, ол қолындағы иеленген мүлкінің бәрін берді. Ал мен, иеленгенімнің аз ғана бөлігін бердім» – деген екен.
Әсма бинт Әбу Бәкр әс-Сыддық (р.анһа) жеткізген хадисте:
"لَا تُوكِي فَيُوكِيَ اللَّهُ عَلَيْكِ"
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қапшығыңның аузын байлап, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе Алла Тағала да саған (беретін ризығын) байлап тастайды», – деген екен. (Бухари, зәкәт 21)
Жомарттықтың ең қабыл болмағы – өзі мұқтаж бола тұра өзгеге беру. Қолындағы барын беру байлықтың берекетін арттырып, бұл дүниенің берекетімен қоса ақыретте де ерекше сыйға бөленеді. Жомарттық – көркем мінезділік. Бай адамның берген зекеті кедей мен байдың арасын жақындатады. Құл мен Жаратушының арасындағы берік қатынасты қамтамасыз етеді. Жомарттық – жәннәтқа апаратын берік жолдардың бірі. Жомарт жандар фәни нәрселерді Жаратушыларына беру арқылы бақилыққа қол жеткізеді. Дүние тіршілігінде адамзат пендешілікке салынбай Алланың құптағанын орындап, өміріне, дүниесіне зиянын тигізетін ұнамсыз қылықтардың бірі – дүниеқұмарлық пен сараңдық.
Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала:
اِعْلَمُوا اَنَّمَا الْحَيوةُ الدّنْيَا لَعِبٌ وَ لَهْوٌ وَزينَةٌ وَ تَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَ تَكَاثُرٌ فِي الْاَمْوَالِ وَ الْاَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ اَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهيجُ فَتَريهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُنُ حُطَامًا وَ فِى الْاخِرَةِ عَذَابُ شَدِيدٌ وَ مَغْفِرَةٌ مِنَ اللّهِ وَ رِضْوَانٌ وَ مَا الْحَيوةُ الدُّنْيَا اِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ
«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүміндер үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес», деп дүние тіршілігінің нағыз бет пердесін ашып береді. («Хадид» сүресі, 20-аят)
Алла тағала Құран Кәрімде:
هَا أنتُمْ هَؤُلَاء تُدْعَوْنَ لِتُنفِقُا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَمِنكُم مَّن يَبْخَلُ وَ مَن يَبْخَلُ وَ مَن يَبْخَلْ فَإنَّمَا يَبْخَل عَن نَّفْسِهِ وَ اللَّه الْغَنِيُّ وَ أَنتُمُ الْفُقَرَاء وَ إِن تَتَوَلَّوْا يَسْتَبْدِلْ قَوْمًا غَيْرَكُمْ ثُمَّ لَا يَكُونُوا أمْثَالَكُمْ
«Негізгі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» – дейді. («Мұхаммед» сүресі, 38 аят)
Алла тағала Құран Кәрімде:
وَ لَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَبْخَلُونَ بِمَا آتَاهُمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ هُوَ خَيْرًا لَّهُمْ بَلْ هُوَ شَرٌّ لَّهُمْ سَيُطَوَّقُونَ مَا بَخِلُواْ بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَ للَّهِ مِيرَاثُ السَّمَاوَتِ وَ الْاَرْضِ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ
«Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, бұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойнына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Аллатікі. Алла тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар» («Әли-Имран» сүресі, 180 аят)
Адам баласының жаратылысында әуел бастан қызғаншақтық, көреалмаушылық қасиеттері бар. Ең жаманы әрі мұсылмандарға жараспайтын қылық – біреудің дәулет-бағын көре алмау. Өзіңе Алладан не тілесең, басқаға да соны тілемейінше сен толық мұсылман емессің.
Бүгінгі таңда да мүмкіндігінше қайыр-садақа жасауға қатты қажеттілік туып отыр. Мына бір ақиқатты да ұмытпауымыз керек «Сол мұқтаж және тұрмысы нашар пенделердің орнында біздің де болуымыз мүмкін еді». Сондықтан да, ауру, жақыны жоқ, мұқтаж әрі аш адамдарға деген жомарттығымыз бен «өзгелерді өзімізден жоғары санау» сипаты Раббымызға деген шүкіршілік міндетіміз болып саналады. Шын мәнінде қолымыздағы нығметтерді мұқтаждармен бөлісетін болсақ, сол қуанышқа бөленген көңілдеріміз дүниеде бақ-береке, ақыретте көмек, ал жәннәтта бақытымыз болатыны сөзсіз.
Батырбек қажы ҚАСЫМАЛИЕВ
Жамбыл облысы, Меркі ауданының бас имамы