Қарапайым ғұмыр кешудің артықшылығы

Қарапайым ғұмыр кешудің артықшылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кез келген жанның бойында жақсы-жаман қасиеттер бір арнада тоғысқанымен, ол жамандықтан гөрі жақсылыққа бір табан жақын болып келеді екен. Бұл – Алла тағаланың азабынан гөрі мейірімінің басым болуымен түсіндіріледі. Жаратушымыздың бір сипаты осылайша құлдарында да көрініс тапқан деп айтуға болады. Түсінгенге бұл өнеге етерлік хикмет емес пе? Ал, енді балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, Жаратушымызды танытып, жол көрсету ата-анаға тікелей байланысты. Көркем мінез-құлыққа ие біртуар тұлғалар көбіне салиқалы аналардың тәлім-тәрбиесін алған жандар екенін қарт тарих қаншама рет дәлелдеп келеді. Ал, ана мейірімін көрмегендерді тура жолға салу қиынның қиыны. Тәрбиесінің иі қанбағандар жаман қасиеттерді бойына тез сіңіретінге ұқсайды. Адамның жаман қасиеттерді әдетке айналдыуында қоршаған ортаның рөлі ерекше. Себебі, ол айналасындағыларға қарай бой түзеп, өмір сүруі заңдылық. Ал, дәл сондай ортада жасалған қателіктерге ешкім ескерту жасап жатпайды. Алла Тағала жақсылықты жайып, жамандықты тыйғандардың мерейін үстемете етсе, Оның әмірін орындамай, адасушылыққа бой ұрған қауымдарды жермен-жексен еткен. Сондай жамандықтың бастауы тәкәппарлық. Ол қателіктердің алды және адамзат баласының дұшпаны. Ібілістің де жайлы жері, жәннаттан қуылуына да себеп болған осы сипат. Біле білген адамға тәкәппарлық жақсылық әкелмейді. Бұл дертке шалдыққан жан өзін бәрінен де жоғары қойып, «ең жақсы менмін» деп санайды. Бойынан ешқандай мін таппай, қарсыдағы адамын сынағыш келеді. Міне, осындай кемшіліктерін сезіне алмаған пенденің аурудан қай жері артық? Өзге біреу кемшілігін бетіне айтып жатса, мұрнын шүйіретінін қайтерсіз. Пайғамбарлар тарихында мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Мәселен, хазреті Ибраһимді (ғ.с.) отқа тастаған, әрі өзін құдай санап, тәкәппарлықтың шыңына жеткен Перғауын бүгін қайда? Тіпті, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үстіне түйенің ішек-қарнын төгіп, жолына тікенек төсеген Әбу Жәһилдің ақыреттегі халі не болмақ? Тәкәппарлығының нәтижесі өзіне пәлекет болып ораларын білмеді ме екен?

Ұлы Алла адам баласына тәкәппарлыққа бой алдырмауға ескерту жасап, былай дейді: «Жер жүзінде даңдайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» («Исра» сүресі, 37 аят).

Шынында өзін құл әрі әлсіз жаратылыс екенін сезінген әрбір адам биік-биік таулар мен аяғының астына төселген ұшы қиырсыз жерге қарап, қарапайымдылықты үйренуі керек. Жер жүзі шексіздігіне қарамай табанымызға төселіп, таулар да ұлылығына қарамастан төбелерінен ұшақтың ұшып, адамдардың ерсілі-қарсылы өтуіне жол беруде. Олай болса, сол тау мен жердің тәкәппарлығы қайда? Демек, қарапайымдылық құрметтің ең үлкені. Ал сол қарапайымдылықтың ең әдемі үлгісін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көрсетіп берді. Сара жолды қалыптастырып, күллі көркем мінезді тал бойына топтастырған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өміріндегі көрсеткен қарапайымдылығына тоқталып өтелік.

Қос дүниеде де қол жетпейтін биікке жалғыз адам лайықты деп танылса, сөзсіз мақтаулы Мұхаммед (с.а.с.) таңдалар еді. Қорлық пен азаттың небір түрін көріп жүргенде де, иесі мұсылман баласының құдіретіне бөленген күндерінде де кісі қызығар қарапайымдылығынан жаңылған емес. Қарапайымдылығы соншалық, уағыз тыңдауға алғаш келген адамдар отырғандардың қайсысы пайғамбар екенің ажырата алмай жататын. Мәдинәға һижрет еткенде бұрын-соңды Алла елшісің көрмегендер хазрет Әбу Бәкірге қалай жақындайды. Ұлағатты Әбу Бәкір қысылып, қолына желдеткіш алып Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарай желпи бастайды. Сонда ғана жұрт сүйікті елшіні танып, жапа-тармағай ұмтылады.

         Хазіреті Айша (р.а.) Алла елшісінің үйде өзін-өзі ұстауын былай деп әңгімелейді: «Расуллаллаһ үйде өзін қарапайым қатардағы адамдар сияқты ұстайтын. Киімін жамап, аяқ киімін тігіп, малды өзі жайлап жұбайларына қол ұшын беретін». Дастархан басына қызыметшілерімен бірге отыратын. Балаларға сәлем беріп, бірге қолынан ұстап бір жерге апармақ болса еріп кететін. Жұрт жұмыс істеп жатқанда қол қусырып қарап тұру оған тән емес еді. Науқас жандарға барып, көңілің сұрайтың, жаназа шақыруға қатысып, шақырған кіслерден қалмайтын. Бір күні сахабасы Абдуллаһ ибн Юср Пайғамбарымыздың үйіне барады Қасына барғанмен пайғамбардан қатты жүрексініп, жанарын тайдыра береді. Оның өзінен қорқып аяқ-қолы дірілдегенін көргенде әлемнің атақты елшісі: «Баурым, қалтырама! Мен патша емес, Құрайыштың қатқан нан жеген әйелінің баласымын ғой»,- деген еді. Пайғамбарымыздың қарапайымдылығы соншалықты екі жаһанның мырзасы болғанына қарамастан өзін елден бөлек ұстауды қаламайтын. Адал достары сахабаларының арасында отырған кезде Алла елшісін танымайтын адамдар алғашында оны топтың ішінен ажырата алмайтын. Алайда сахабалардың ізеті мен құрметін көргенде ғана, кімнің пайғамбар екеніне көз жеткізетін.

Хазреті Омардың (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай бұйырған екен: «Христиандар Мариямұлы Исаны асыра ұлықтағанындай (кұдай дәрежесінде) мені жақсы көруде артық кетпеңдер. Мені Алланың құлы және елшісі десеңіздер сол жетеді».

Хазреті Әнастың (р.а.) жеткізген хабарында Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Өз ретімен сөйлеңдер. Шайтан сіздері адастырмасын. Алла мені қандай дәрежеде көрсе, сендер де мені сондай дәрежеде қабылдаңдар. Мен тек Алланың құлы әрі елшісімін»,– деп бұйырған. Барша мұсылмандардың анасы хазреті Айша (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің алдына тамақ әкелдім. Мен ол кісіге: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте жақсы»,– дедім. Сонда Алла елшісі басын иді. Қай жерде болса да маңдайы сәждеде болатын. Сосын маған былай деді: «Құл қалай жесе, мен де отырып ішемін, тек жатып емес». «Өмірінің соңына дейін Расулаллаһтың жантайып ішкенін көрген жоқпын», – деді хазреті Айша анамыз.

Әнас ибн Маликтің айтуына қарағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жүннен тоқылған киім киіп, есекке де мініп, киімін жерге түсіріп отыратын болған. Үлкендердің насихатын тыңдайтын. Ешкіні сауып ішіп, сорпаға да шақырса барады екен. Хазреті Пайғамбарға: «Саған биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға насихат етіңіз» дегендерге: «Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін өкшемнің айналасында жиналатын түрде араларыңда болуымды жалғастырамын» деп, мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты». Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған. Үлкен-кіші, бай-кедейлердің әрқайсысының шақырғанын қабыл етеді екен. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Хз. Пайғамбардың бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді. Расулуллаһ сахабаларымен көшеде кетіп бара жатқан болатын. Бір әйел Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Ей, Алланың Расулы! Менің саған айтар мұңым бар»,– деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ыңғайлы жерге отырыңыз, мен де қасыңа отырайын»,– деді де, оның сөзін бастан-аяқ тыңдаған. Міне, жоғарыдағы сахабалар жеткізген риуаяттарға қарағанда, екі дүние шырағы сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір амалында өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмметтеріне қарапайым болуды әмір етті. «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді», деген пайғамбарымыздың сөзінде біз үшін үлкен өнегелі өсиет жатыр. Дегенмен ең бастысы тәкәппарлықтан ұзақ болғанымыз дұрыс. Сонда ғана Ұлы Алла алдында құл екенімізді сезіне алған болар едік. Олай болса, Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Жүрегінде кішкентай да тәкәппарлық болған кісі жәннатқа кіре алмайды»,– деген мағыналы хадисін әр кез жүректің төрінде сақтағанымыз дұрыс.

Ақылға салып көрсең, шын Алланы таныған жан, кеудесін соғатындай, қолында сонша не бар дейсің. Абайдың тілімен айтқанда, менікі деп жүргендерінің бәрі біреудікі емес пе? Атақ дәреже, мал дәулет, бала-шаға тіпті киіп жүрген денең де бәрі қарызға беріліп, аманатқа алынған емес пе? Сол үшін де қанша асып тасысаң да, қанша абырой-данққа ие болсаң да, уыс-уыс дүние жиып жүрген болсаң да қарапайымдылық сақтау керексің. Бұл біздің ерекшелігіміз, бұл біздің дініміз болмақ.

Ғайырфулла ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ,

Жамбыл ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: