Жастардың ынтымағы – елдіктің кепілі

Жастардың ынтымағы – елдіктің кепілі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хадис шәріпте пайғамбарымыз хаз-реті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әрбір жаңа туған нәресте фитрамен (яғни, пәк жаратылған халінде) дүниеге келеді», – дейді.

Егер ата-ана перзентінің пәкиза жара-тылысына көңіл бөліп, оны әрмен қарай дамытса, Ислам мәдениетін, этикасын сіңіре отырып тәрбие берсе, Алланың әмірлерін орындауға үйретсе, онда бала да құнарлы жерде өскен түзу, жемісті ағаш секілді тамырын тереңге жібереді.

Ал, егер баланың ата-анасы Құдайға сенбейтін адасушылардан болса, олардың қараңғы үлгісіне еріп, перзенттері де солар-дың ізімен кетуі бек мүмкін.

Жаратушы Иеміз Алла тағала: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, “түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей гөр! – де» («Ісра» сүресі, 23-24 аят), – дейді. Яғни осы аят арқылы Әлемдердің Раббысы: «... ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелеген», – деп, тәрбиеге мән беруді ұқтырып тұр. Бұл жердегі тәрбие тек материалдық тұрғыдан және тамақпен ғана қамтамасыз ету емес екені белгілі. Өйткені мұндай қамқорлықты әрбір жаны бар жәндік те баласына көрсетеді. Демек, аятта рухани тәрбие мәселесі алға қойылған. Баланың рухани дамуын қамтамасыз етіп, ой-өрісін үнемі жақсылыққа қарату – міне, пайдалы тәрбие осы. Баламен бірге өмір бойы қалатын да құндылықтар. Егер ата-ана баласына тек материалдық жақтан қамқорлық көрсетумен ғана шектелсе, оның пайдасынан зияны артатыны мәлім. Ал, әке-шешесі балаға екі жақты тәрбие берсе, яғни материалды әрі моральды-рухани тәрбиемен қамтамасыз етсе, онда бұл шынайы бақыт. Бала мұны еш уақытта ұмытпайды, әрі есейгенде де: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе (мейір-шапағатыңа) бөлей гөр!» – деп дұға етеді.

Жалпы жастардың өмірімізде алатын орны ерекше екендігі шүбәсіз. Егер жас буынымыз салиқалы да қайратты болып өссе, олар мұсылман үмбетін қайта жаңғыртып, отанымыз Қазақстанның лебін дүниенің төрт тарапына еркін тарата алады. Өйткені, Алла тағала жастарға қажымас қайрат, таусылмас күш-қуат пен ұшқыр ақыл бергендігі белгілі. Мұндай қасиеттер қарттыққа бет алған адамдарда кездесе бермейтіні рас. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) үлкендер туралы былай деп айтқан: «Игілік сендердің үлкендеріңмен бірге». Әлбетте, адамның жасы өсе келе оның тәжірибесі, біліктілігі артып, өмірді тереңірек түсінеді. Алайда, оның қуаты әлсіреп, жастардың көтеретін жүгін көтере алмауы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «қияметте көлеңке жоқ кезде, жеті адамды Алла Өз көлеңкесіне алады» деген хадисінде, солардың бірі Аллаға сиынып, құлшылық етіп өскен жеткіншек екені айтылған.

Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым жастарға насихат айтып, тура жолға бағыт-бағдар көрсетіп тұратын. Ибн Аббастың кішкентай кезіндегі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған айтқан сөздері бәрімізге мәлім болса игі. Сол кезде ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балақай, мен саған бірнеше сөз үйретпекпін. Алланы естен шығарма, Алла да сені қорғап сақтайды. Алланы естен шығарма, Алланы өз алдыңнан табасың. Егер бір нәрсе тілегің келсе, Алладан тіле. Егер көмекке мұқтаж болсаң, жәрдемді әуелі Алладан сұра...», – деген болатын (Ат-Термизи).

Ал, Мұғаз ибн Жәбәл өзінің пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге есекке отырған кезінде расулулланың (с.ғ.с.) оған: «Уа, Мұғаз, сен білесің бе, Алланың Өз құлдарындағы ақысы мен құлдардың Алладағы ақысы қандай екендігін?», – деп сауал қойғанын есіне алады (Әл-Бұхари; Муслим).

Тағы бірде тамақ үстінде Умму Сәләманың баласы Омар тағамның әр жерінен түртіп жеп отырғанын көрген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның қолынан ұстап: «(Дастарқанға) жақындау отыр, Алланың есімін еске ал, оң қолыңмен же және асты өз алдыңнан тат», – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаларға мұндай ақылдарды үйрету арқылы оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, мінез-ахлағын жөндейтін. Ал бұл өз кезегінде жастарға дұрыс бағдар берудің маңызын және үлкендердің кішілер алдындағы парызын көрсетеді.

Біздің дініміз жас буынға ерекше мән береді, өйткені жастар – біздің келешегіміз. Олар біздің орнымызды басып, біз өткенде мұнда өмір сүріп, еңбек етеді. Десек те, бүгінгі таңда жастарымыз көптеген қиыншылықтарға тап болуда. Осы күндері көптеген қауіпті философиялық ағымдар мен секталар жастарымызды жолдан тайдырып, ахлақтарын бұзып, сенімдеріне дақ түсіріп отыр. Ондай ағымдар бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы өздерінің уын таратуда. Әлі оңы мен солын, жақсысы мен жаманын ажырата алмайтын жас бауырларымыз өкінішке орай, сол қақпандардан құтыла алмай қалуда.

Әсілінде, бұндай жайттар бұрыннан жалғасып келеді. Мысалы, атақты табиғин Мутарриф ибн Абдуллаһ әш-Шиххир (р.а.) өзінің жас кезінде орын алған оқиғаны баяндап: «Біз Зайд ибн Суханға жиі келіп тұратынбыз. Әрі ол: «Уа, Алланың құлдары! Кең пейілді болыңдар және ең жақсы түрде амал жасаңдар! Ақиқатында, пенделерді Аллаға апарар жол екі нәрседе, яғни тақуалық пен ыждағаттылықта!» – деп айтатын. Ол уағызшы болатын, адамдарға насихат пен ескерту жасайтын. Бойларына Алладан қорқуды сіңіретін және оларды Жаратқанға мойынсұнуға һәм құлшылық жасауға жігерлендіріп, ынталандыратын. Бірде мен оның жанына келгенімде, адамдардың қолдарында: «Раббымыз – Алла, пайғамбарымыз – Мұхаммед, ал Құран – жетекшіміз! Және біз, бізді қолдайтынмен бірге боламыз, ал кім бізге қарсы болса, оны түбінде өз дегенімізге көндіреміз!» – деген мәтіні бар жазуларды көрдім».

Сырт көзбен қарағанда олар халық үшін ешқандай қиындық туғызбайтын нәрсе жазған еді.

Кейін Мутарриф былай деп жалғастырды: «Кейін уағыздаушы Зайд (қатысып отырғандардың) әрбіріне осы жазуды алып келіп, одан: «Уа, пәленше, сен осымен келісесің бе?» – деп сұрай бастады. Олар: «Иә, келісемін!» – деп жауап беріп жатты. Менен де: «Уа, бала, сен осымен келісесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, мен келіспеймін», – деп жауап бердім. Сонда ол: «Бұл баламен асықпаңдар (яғни сабыр сақтаңдар)! Сонда сен не деп айтасың?» – деп маған қарады. Мен: «Алла менімен Өз Кітабы Құранда келісім-шарт жасады, әрі мен Алла Өзінің Кітабында менен алған келісім-шарттан өзге ешқандай келісім-шарт жасаспаймын», – дедім. Осыдан кейін олар өз шешімдерінен бас тартып, жазылған нәрсе бекілмей қалды. Ал олардың саны отыз адамдай болатын». (Ибн Асакир «Тарих әд-Димашқ» кітабы.)

Қазіргі жағдай да мұнан алшақ емес. Жастарды арбап әкетушілер оларды әдетті көрінетін істерден бастап өздеріне тартады. Мысалы, бір топ адамды жинап, Аллаға, Оның періштелеріне иман келтіруде, намаз оқуда, зекет беруде т.с.с. нәрселерде бірігетіні, бір көзқараста екені туралы өзара келіседі. Сөйтіп жастарды түрлі ұйымдар мен партияларға алдап тартады және оларды салдары кесірлі болған әртүрлі анттармен немесе сол сияқты нәрселермен міндеттейді, оған шарттарды да қосады. Сөйтіп ол партиядан (хизб) немесе сектадан бір-ақ шығады. Ол кейіннен ойланып, кеткісі келуі де мүмкін. Бірақ енді мұны істеу қиынға соғады. Өйткені бұл жолда көп уақыт өткізген және былықты істерге белшесінен батқан.

Бұдан басқа, қазіргі жастарымыздың кейбірі батысқа, кейбірі шығысқа ес-түссіз, ақ-қарасын ажыратып жатпай қатты еліктеп барады. Солардың жүріс-тұрысына, киімдеріне, шаштарына қарап қызығушылықтарын танытулары ойланарлық жәйт. Өкініштісі, еліктеу кезінде жаман, жақсы екендігіне назар салмайды.

Алайда, аталған еліктеулердің ең сорақысы – сенімдегі ауытқу. Кейде мұсылман жеткіншек аттеисттікке немесе басқа дін өкіліне, не бір ағымға кіріп қалуы мүмкін. Оны қауіпті уағыздар мен ағымдар еліктіргенде, ол мұндай ағымға қарсы тұра алмай қалады. Өйткені ол әлі жас, жеңіл ойлы, әлжуаз. Сондай-ақ, оның ағымға қарсы тұруға ілімі де, білімі де жоқ, шамасы да жетпейді.

Мұндай қасіреттен жастарды әуелі ата-ананың діни-рухани тәрбиесі ғана қорғайды. Ата-ананың дер кезіндегі бұндай тәрбиесі өз кезегінде балаға қалқан болып, оны түрлі күдіктер мен құмарлықтардан сақтайды.

Ал енді адасу жолын таңдаған, үйінен кетіп жеңіл жүріске бет алған жастарымызға айтатын кеңесіміз – әлбетте, қай жаққа барсаңдар да, нені істесеңдер де, Алла бәрін көріп те, біліп те тұр. Алайда мұндай жүрістер үшін ең бірінші болып жауап беретін адам – әке-шеше. Олар балаға дұрыс тәлім-тәрбие бермей, оның алдындағы міндеттерін орындамады. Алла оларға перзент сыйлап, аманат етсе де, олар оны сақтап, қорғаштап қала алмады.

Сондықтан, бала тәрбиелеп отырған баршамыз Алладан қорқып амал етуіміз керек. Қасиетті Құранда Жаратушы Иеміз: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштерің-ді (бала-шағаларыңды) отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», – деген.

Жақында Ақтөбеде болған жарылысқа ел елең ете қалды. Өкініштісі, елге ауыр батқаны, өзін-өзі жарған жігіттің алдында талай белестер тұрған жас болғаны. Өзін-өзі өлтіру – суицид. Ал оның мотиві қандай болғанына қарамастан, өте жаман қылмыс екендігіне еш күмән жоқ! Сондай-ақ, бұл жарылыс бейбіт адамдардың өліміне соқтыруы мүмкін еді. Сондықтан бұл зиянкестік және қиянатшылдық. Ал, бұл өз кезегінде қылмыс!

Шариғат мұсылман адамға өзін-өзі қасақана өлтіруге тыйым салады. Бұл жөнінде Алла тағала: «...Және өздеріңді-өздерің (бір-біріңді) өлтірмеңдер. Өйткені Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандықпен және зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29-30-аяттар), – дейді.

Пайғамбарымыздың хадис шәріпінде: «Сендерден бұрын өмір сүргендердің арасында жарақаты бар бір адам болған еді. Ол сабырлық танытпай, пышақты алып, өзінің қолын кесті. Төгіле бастаған қан ол өлгенге дейін тоқтамады. Сонда Алла тағала: «Құлым өзін-өзін өлтіріп, Мені озды және Мен оған Жәннәтті харам етемін», – деді», – делінген (әл-Бұхари).

Ешкім бұл ескертуді теріске шығармайды. Алайда өзін-өзі өлтіру актілерінің жақтау-шысы Алла тағаланың: «Менің құлым өзін-өзі өлтіріп, Мені озды», – деген сөзін естімеген, мүмкін назарына алмаған болуы мүмкін. Бұл сөздер адамның өзін-өзі өлтіруге асыққанына нұсқап отыр. Міне, осы – барлық өзін-өзі өлтірушілерді біріктіретін нәрсе. Ондай жандар сабыр-лықты жоғалтып, өмірден күдер үзгендер. Өйткені осы өмірде жазаланудан қорқып, табандылық танытқысы келмей, осылайша құтылып кетуді көксейді. Мұны күдерсіздік пен табансыздықтан басқа не деуге болады? Әрине, адамның ықылыс-ниеті мен жүрегіндегі жасырынып жатқан сырдың барлығын тек Алла ғана біледі, Оған ғана аян.

Бейбіт тұрғындарды өлтіру ол – қатыгез-дік. Мұны дін Ислам тек қаралайды. Әрі осындай қылмысқа қатысқанның әрбірі, ол тікелей жарылысты жасаған, оған көмектес-кен немесе жарылғыш затты тасымалдаған болсын, күнә жасаған және жазаға лайықты деп санайды. Бұл әрекеттердің барлығы: «Бір-біріңе ізгілік пен тақуалықта көмектесіңдер, бірақ бір-біріңе күнә мен дұшпандықта көмектеспеңдер», – деген «әл-Мәидә» сүресінің 2-аятында айтылған үкімге түседі. Күнә мен жауыздыққа көмектесудің соңы күллі мұсылмандарды опасыздықта, сатқындықта және қиянат-шылдықта айыптауға алып келеді. Сондай-ақ, мұсылмандардың арасында лаңкестер бар деген жалған жалалар пайда болады.

Сондықтан біз мұсылман жастарға Алла жолына шақыруға қатысты міндетті Алланың Өзі: «Раббыңның жолына дана-лықпен және игі насихатпен шақыр және олармен айтысуды ең көркем түрде жүргіз!», – деп «ән-Нәһл» сүресінің 125-аятында айтқандай орындау керек екенін ескертеміз.

Мүмкін осылай даналықпен, сабырлықпен көркем түрде байланыс орнатсақ, Алла мұсылман еместерді тура жолға салатын шығар. Тура жолға салушы бір Алланың өзі. Һәм мұсылман еместер мұсылмандар тарапынан өздеріне деген ізгілік және құрметтілік қатынасты көріп, Исламды қабылдайтын шығар. Құдай нәсіп еткен мұсылман болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында, ізгілік кез-келген нәрсенің сәні, ал оның болмауы – кемшілігі», – деген (хадисті Мүслім жеткізген).

Біз, Ислам дініне жанашыр жастарға «асықпаңдар және сабыр етіңдер, даналықты үйреніңдер!» деп кеңес береміз. Сондай-ақ, оларға: «Сендердің іс-әрекеттерің өздеріңнің бауырларың мұсылмандарды айыптауға және оларға зиян мен қайғы тигі-зуге сылтау болатын зұлымдыққа, зорлыққа итермелемесін! Алланың ізгі құлдарын ой-санасыз, «фанатик» деп айыптауға жол бермесін. Өйткені, осындай айыптаулар барлық мұсылмандарды да қамтиды. Ал бұл мұсылмандарға абырой әкелмейді, бұдан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне еш пайда жоқ!», – деп хақ жолдан тайқыған қандастарымызды қайта үйірге қосылуға шақырамыз. Себебі біз мұсылман қазақ жастарының осындай жек көрінішті амалдарға еш қатыссыз болуын қалаймыз!

Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

«Ислам және өркениет» газетінен

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: