Періштелер

Періштелер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Періште» сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ, ол араб тіліндегі «мәлак» сөзінің «ә-л-к» түбірінен тарайды. Яғни, мәлак сөздікте - «хабаршы», «елші» және «күш-қуат»[1] деген мағыналарды білдіреді. Ал ислами түсінік тұрғысынан алғанда, «мәләк» (періште) сөзіне «Түрлі бейнеге кіре алатын, жынысқа бөлінбейтін және бір ғана Аллаға құлшылық ететін нұрлы жаратылыс»[2] деген анықтама беруге болады.

Періштелердің бар болуының дәлелдері

Ілкіден бері адам баласын қызықтырып келе жатқан мәселенің бірі - жер бетін мекендейтін басқа да көзге көрінбейтін болмыстардың бар яки жоқ екендігі. Айталық, періштелер мен жындар әлемі.

Ғайыпқа сену - мұсылман болудың басты ерекшеліктерінің бірі. Адам баласы материялдық әлемде өмір сүре отырып, рухани әлемнің де бар екендігін ұмытпауы тиіс. О дүние - адам үшін сезім мүшелерімен сезінуге келмейтін тылсым жайт. Осы қос дүниенің арасында бейне бір арнайы перде тұтылғандай адам баласының маңдайына бұл ақиқатты көзбен көру жазбаған. Алайда, біз періштелердің бар екенін ең сенімді дереккөздер: Құран мен сүннет арқылы білеміз.

Мұндай сенімді дереккөздер болмағанда, тіршілікті осы дүниемен ғана шектеп, өлімді іріп-шіріп жоқ болып кету деп қана ұғар ма едік, кім білсін?! Осы ретте, адамзатқа жол сілтеу үшін үздіксіз пайғамбарлар жіберіп, қасиетті кітаптарын да түсірген Алла тағалаға мың да бір шүкір делік! Қасиетті кітаптарда Жаратушының бар және бір екендігіне бүкіл жандүниемізбен сену керектігі, бұған қоса рухани әлемге тән періштелерге де илану қажеттілігі ап-анық баян етілген.

Періштелерге сену - иманның негізгі шарттарының бірі. Бұл шындық Құранның мына аяттарында айқын аңғарылады: «Алла елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлығы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман етті...».[3] «Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне, солар шыншылдар, әрі солар тақуалар»[4]; «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сон-дай-ақ Жәбірейіл, Микаилге (ғ.с.) дұшпан болса, әлбетте, Алла тағала кәпірлерге дұшпан».[5]

Періштелердің бар екеніне иланбау - Алла тағаланың жер бетіне жіберген пайғамбарларымен қатар қасиетті, кітаптарын да жоққа шығарғанмен барабар. Өйткені, Ұлы Жаратушының күллі ақиқаты пайғамбарларға періштелер арқылы жеткен.

Құран Кәрімде де бұл мәселеге байланысты: «...Кімде кім Аллаға және Оның пе-ріштелеріне, кітаптарына, пай-ғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады...»,[6] - делінген.

Бұған қоса, періштелердің бар екендігін растайтын көптеген ха-дистер де бар. Яғни, жоғарыда айтып өткеніміздей, періштелердің шын мәнінде бар екендігі Құран мен сүннетте нақты келтірілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сіздердің көрмегендеріңізді көремін, естімегендеріңізді естимін. Көк жүзінде төрт саусақ сыятындай бос жер жоқ. Барлық жерде Аллаға сәжде ететін періштелер бар...»,[7] - деп, періштелердің бар екендігін, әрі олардың сандық тұрғыдан да есепсіз көптігін баян еткен.

Демек, аят пен хадистер - көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін осындай жаратылыстардың бар екенінен хабар береді.

Мұнымен қоса, періштелердің бар екендігі жайлы олармен жүздесіп, сөйлескен жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен сан мыңдаған әулиелер, ғұмырында жалған айтып көрмеген саны белгісіз қаншама игі жақсылардан білеміз. Себебі, әр қайсысы әр дәуірде өмір сүрген бұл адамдардың барлығы ұйымдасқан түрде жалған айтуы, әсте, мүмкін емес.

Күнделікті өмірде періштелерді көзге көрінбейді екен деп жоққа шығаруы пенденің тәкаппарлығы мен қырсықтығынан немесе немқұрайлығынан болса керек. Бүкіл болмыспен салыстырғанда, адам баласының көру қабілеті өте шектеулі. Сондықтан, көрмеген нәрсесіне адам «жоқ» дей алмай-ды. Өйткені, көзге көрінбейтін болмыстар саны өте көп. Мысалы, электр тогын іске қоссақ, алып сарайға жарық беретін лампалар-дың барлығын жұмыс істетеді. Біз сонда ғана кішкене бір тетіктің зор күшін сезінеміз. Бірақ, оның күшін осы уақытқа дейін ешкім көрген де жоқ, көрмедік екен деп, оларды жоққа шығарған да жоқ.

Сондай-ақ, тартылыс пен тебіліс заңдылығының арқасында ғаламдағы тепе-теңдік, тәртіп жалғасып келе жатқандығын да білеміз. Біз бұл заңдылықтарды да көзге көрінбейді екен деп жоққа шығара алмаймыз.

Сонымен қатар, қазіргі таңдағы ғылыми жетістіктер де көзге көрінбейтін өте ұсақ заттардың бар екендігін дәлелдеуде.

Мәселен, биологиялық ана-эробты бактериялар - оттегісіз тіршілік ете алатын организмге жатады. 1993 жылы мұхит түбіндегі жерасты қайнар суларда өте жоғары (шамамен +400С˚) ыстық дәрежеде, әрі онда улы газдар бола тұра, 300-ден аса микроорганизмдер-дің өмір сүретіндігі дәлелденген. Биолог ғалым Верена Таниклайф мұны ХХ ғасыр биологиясының ең айтулы жаңалығына балай отырып, онда өзге де биологиялық құбылыстардың болуы әбден мүм-кін деген тұжырымға тоқталады.[8]

Бұлар - ғылыми дәлелдемелер, ал олардан тыс күнделікті өмірі-мізде көзбен көріп, қолмен ұстау ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін басқа да нәрселер өте көп екені белгілі. Біз олардың бар екеніне күмәнсіз сенеміз. Мысалы, адам өз денесінде жан бар екеніне сенеді, бірақ оны көзбен көре алмайды. Ақылының бар екенін де қолға ұстатып, көзге көрсетіп дәлелдей алмайды. Бұдан бөлек, иісті, дәмді, дыбысты алсаңыз да бұлардың ешқайсысын қолға ұстатып, көзге көрсету мүмкін емес. Демек, көзге көріне бермейтін тіршілік иелерінің бар екендігі күмәнсіз. Олай болса, періште мен жындарды да көзге көрінбейді екен деп, олардың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Періштелердің ерекшеліктері

Періштелер неге көзге көрінбейді, олардың болмысы қандай? Бұл жайында Құран мен хадистерде не айтылған?

Бір хадисте былай делінген: «Періштелер нұрдан, жындар түтінсіз оттан, ал адамдар болса Құрандағы сендерге айтылған нәрседен (балшықтан) жаратылған».[9]

Демек, періштелер нұрдан жаратылғандықтан, көзге көрін-бейді. Сонымен қатар, адам баласының көру мүмкіндігінің шектеулі екендігі де белгілі. Тіпті, біз өз болмысымызды да, рентген секілді түрлі сәуелерді де жалаң көзімізбен толықтай көре алмаймыз. Сондықтан, періштелердің жара-тылысын, олардың көзге көрінбеу ерекшелігін өзіміздің шектеулі мүмкіндіктерімізбен бағамдап, олардың бар екендігіне күмән келтірудің аса орынсыз екені хақ.

Көз көп нәрсені көре алмағанмен, кейбір нәрселердің шүбәсіз бар екеніне сенетін қаншама нәрсе бар. Мәселен, адамның ақыл-ойы, рухы т.б. Демек, көздің көру аясы шектеулі. Оның көре алмаған нәрселерін жоққа шығара алмай-мыз деген сөз.

Періштелер - пәк жаратылыстар, оларда күнә атаулы, тәкаппарлық, реніш тәрізді пенделік қылықтар болмайды. Бар міндеттері - Алланың әмірлерін мүлтіксіз орындау. Олар әуел баста, қандай мақсатпен жаратылған болса, тек соны ғана атқарады. Демек, олар, басқа жаратылыстар тәрізді Аллаға құлшылық етіп, Оның әмірін орындайды және ешқандай астамшылық әрекеттерге бармайды. Бұл жайлы Құранда: «...Олар Алланың бұйырған нәрселеріне қарсы шықпайды және не бұйырылса, соны қалтқысыз орындайды»,[10] - делінген. Бұл - періштелерге тән ұлық қасиет.

Періштелердің рухани дәрежесі де тұрақты. Олар ғибадат барысында рухани ләззат алатын Алланың таңғажайып жаратылысы. Бұл ақиқат Құранда:

«...Оның жанындағылар (періштелер) Ұлы Жарату-шыларына ғибадат жасау-дан паңданбайды және шар-шамайды. Олар жалығып, шаршамастан күндіз-түні Алланы пәктейді»,[11] - деп баяндалады.

Кейбір періштелер жердегі көркем сөздер мен амалдарды Алла тағалаға жеткізіп отырады.[12]

Періштелерге аспан мен жердің арасын көзді ашып-жұмғанша аралап шығу ешбір қиындық туғызбайды. Құранда Алланың құзырына (Аршына) періштелер мен рухтардың бір-ақ күнде (ол біздің жыл санауымызбен елу мың жылдық қашықтық) шығатындығы айтылады.

Мұнымен қоса, Алланың ұлылығы мен тылсым сырларын, басқа да сипаттарын періштелер адамдарға қарағанда әлдеқайда артық біледі. Бірақ, бір қызығы, адамның деңгейі мен мәртебесі періштеден бір саты жоғары тұрады. Неге? Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, періштелердің дәрежесі тұрақты болғандықтан, не артып, не кемімейді. Сонымен қатар, оларда нәпсі болмайды. Ал адам баласына мәңгілік өз нәпсісімен күресу тән. Нәпсісін толықтай тізгіндеген жандарды ғибадатта періштеден де биік деңгейге жету мүмкіндігі бар. Егер пенде Алланың илаһи әмірлеріне мойынсұнбай нәпсінің жетегінде кеткен жағдайда, дәрежесі құл-дилап, хайуаннан да төмен болмақ. Бұл мәселенің мәнін Құран Кәрім: «Расында, адам баласын көр-кем бейнеде жараттық. Сосын, оны төмендердің ең төменіне тастадық. Бірақ, иман келтіріп, салихалы амал жасағандар басқа. Оларға түгесілмейтін сыйлық бар»,[13] - деп ашады.

Адам үнемі жүріс-тұрыс, мінез-құлқын әсемдеп, жақсылыққа ұмтылуы керек. Бойындағы пасық мінездерден арылып, жүрегіне жақсылықты ұялата білген адамның Алланың алдында жүзі жарқын болады. Ал нәпсінің құлына айналғандар екі дүниеде де жақсылық көрмейді.

Қалмахан Ержан,

теология докторы.

[1] Қараңыз: Мәждуддин Фирузабади, әл-Қамусул-Мухит, Дарул-Жәйл, Бейрут, ІІІ/330

[2] Садуддин Тафтазани, Шәрхул Мақасид, Әламул Кутуб, Бейрут, 1989, ІІІ/368

[3] Бақара, 2/285

[4] Бақара, 2/177

[5] Бақара, 2/98

[6] Ниса, 4/136

[7] Тирмизи, Зухд, 9; Ибн Мәжа, Зухд, 19

[8] American Scientist, 1995

[9] Муслим, Зухд, 60; Мүснәд, 6/153, 168

[10] Тахрим, 66/6

[11] Әнбия, 21/19-20

[12] Қараңыз: Фатыр, 35/10

[13] Тин, 95/4-6.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: