Спортпен шұғылдануға Ислам қалай қарайды?

Спортпен шұғылдануға Ислам қалай қарайды?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кез келген жеке тұлға өзі немесе көпшілікпен топтасқан түрде дененің саулығын арттыру мақсатында жасалатын ойын түрлеріне қатысқаны жөн. Дініміз Ислам бұған рұқсат етеді, әрі оған көңіл бөлуге шақырады. Тіпті, Ислам мұсылмандарды спорт ойындарымен шұғылдануға түрлі себептерді бай-ланыстыра отырып ынталандырады. Ең бастысы, спорт ойындары мұсылмандардың ғибадаттарына және де өзіне жүктелген міндетті құлшылық түрлеріне кедергі келтіріп, зарар бермеуі қажет. Дініміздің спортқа көңіл бөлуінің негізгі мақсаты - тән саулығын сақтай отырып, қуатты күш арқылы құлшылығын құлшынып жасауына және елдің іргесін жау шапқан жағдайда онымен қарсы күресе алатындай қайратты болу. Бір сөзбен айтқанда, мұсылман баласы әрдайым шыныға жүріп, кез келген жағдайға әзір екенін дәлелдеуі тиіс. Спорт деген осы екен деп адамға қажетсіз, әрі жеке немесе қоғамға едәуір зиян әкелетін ретсіз ойын түрлеріне дініміз тыйым сала отырып, қолдануына жол бермейді. Сол үшін адамзаттың бақытты өмір сүруіне жол сілтеген рахым пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларға спорттың мергендік, ат жарысы, күрес т.б. түрлерін меңгеруге шақырған. Содан бері мұсылман жұртшылығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) салып кеткен спорттың бұл түрлерін бүгінгі күнімізге дейін жалғастырып келеді. Енді Ислам дінінің спорт ойындарының түрлеріне қалай қарағандығына жеке дара тоқталып өтсек:

Мергендік. Тарихқа үңілсек, мұсылмандар аталмыш спорттың бұл түріне ерекше көңіл бөлгені белгілі. Оған төмендегі мына аят дәлел. Алла тағала «Әнфал» сүресінің 60-аятында: «Оларға (дұшпандарға) қарсы күштерің жеткенге дейін күш дайындаңдар»,- деп әмір еткен. Осы аяттағы «күш» сөзін хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мергендік мағынасында түсіндірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мергендікті әр мұсылман баласы кішкентайынан бастап үйреніп, оны өмірінің соңына дейін тастамай алып жүруі керектігін сахабаларына айтқан. Сонымен қатар, адамның қолы қалт еткенде, өмірдің сәтсіздіктерінен жаны қиналған жағ-дайда, шаршағанын басып, уақытын тиімді пайдалану үшін спортпен шұғылдануды Алла Елшісі (с.ғ.с.) жөн көрген. Көпке топырақ шашпайық, десек те, бүгінгілердің көпшілігі жұмыстан қолы сәл босай қалса, казино секілді құмар орындарынан табылып, онан қалды биллиярд ұрып уақытты құр босқа өткізумен әлек болуда. Ал, кейбір бауырларымыздың арасында өмірлерінде қиындықтар туған сәттерде тығырықтан шығудың оңай жолы осы болар дегендей, сыраханалар мен кафе-барларға бас сұғып, ішімдікті көсілтуден әріге бара алмай жатқандары жетерлік. Осылайша ақ пен қараны ажыратпай, арам мен адалды бөліп жара алмаған мұндайлар қоршаған ортаны ластап, қоғамға зиян әкелетінін ешкім жоққа шығара алмас. Арамға бас сұғып, адалдан алыстағаннан ұтарымыз қандай?! Бұл сауал әрбір мұсылманға қатысты. Дұрыс жауап тауып, оң нәтиже шығара алу - әркімнің өз еншісінде.

Шама-шарқымызша діндегі спорттың орнын сөз етіп, оның ішінде алдымен мергендікке аз-кем тоқталып отырмыз. Оған Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен болған оқиғаларды айтып, сөзімізді қуаттай түсудің артықшылығы болмас.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір топ мергендер арасындағы көздеуден жарыс өтіп жатқан жерден өтіп бара жатады. Мұны көрген Алла Елшісі (с.ғ.с.) қызып кеткені соншалық - аяқ киімін шеше сала жалаң аяқ жарыс алаңына кірісіп кеткен екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мергендікті үйренуді өсиет етіп қана қоймай, өзі де атыс алаңына барып мергеншілердің ойынын қызықтаған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тәрбиесін көріп өскен саңлақ сахабалар да мергендікке ерекше көңіл бөлген, тіпті, садақ ату жарыстарын өздері ұйымдастырып, балалар арасында арнайы жүлде тігіп, жарыс өткізгендігі риуаяттарда айтылады. Әнәс атты сахаба бірде атыстан жарысып жатқан балалардың қасына келеді. Олардың атысын жай ғана қызықтаған ол кісі өз-өзін ұстай алмастан жанындағы баланың қолындағы садағын алып бірнеше оқ атады. Атқан оқтарының ешқайсысы далаға кетпестен көздеген жеріне дөп тиген көрінеді. Міне, бұл бір сахабаның өмірінің үзіндісі. Мергендікті шебер меңгерген хазреті Әнәс (р.а.) балаларды алға ұмтылдыру мақсатында осылай жасаса керек. Мұндай үлгі көрсетер ұлылардың ұрпағы қашанда кемеңгерге айналары бесенеден белгілі. Тәрбиені тәнмен байланыстыра алған балалардың дені сау, рухы биік, ертеңгі елдің ұланы мен батыры болары айқын. Қазақ халқы:

«Болар бала он үшінде баспын дер,

Болмас бала жиырмасында жаспын дер»,-

деп қай нәрсенің де бала кезеңнен қалыптасатынын даналық сөзімен көрсеткендей.

Атжарыс: Алтын дәуір кезеңі болған пайғамбар заманында дәл бүгінгідей иппадром болмаса да, қала халқы жиі-жиі белгілі тәртіппен ұйымдастырылған атжарыстарға баратын болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәуірінде жылқы малы екі мақсатта қолданылатын. Біраз аттар жол жүру үшін көлік мақсатында яғни, мініске даярланса, қалғаны басқа қызметтер үшін (мәселен, керуен, көшіп-қону т.б.) әзірленген. Сонымен қатар, түйе, есек тіпті адамдар арасында жүгіруден жарыстар болғандығы да риуаяттарда айтылады. Сауда жолында жүрген керуеншілердің аялдайтын жер-лері осындай жарыс түрін ұйымдас-тыруға бірден-бір қолайлы орынға айналған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) керуен тұрақтаған жерге жиі барып, жарыстан жеңгендерді құттықтап, сый-сияпат та-быстағандығы риуаяттарда айтылады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), хазреті Әбу Бәкір (р.а.) және хазреті Омар (р.а.) үшеуі атжарысқа түсіп, бақтарын сынайды. Ол жарыста Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірінші келіп жеке дара озып шығады. Онан кейін хазреті Әбу Бәкір (р.а.), үшінші болып хазреті Омар (р.а.) келгендігі риуаятта айтылады. Міне, бұл кісілердің спорт ойындарына көңіл бөліп, сол арқылы сергіп қалатындығын көрсетеді. Шынында, түйе, жылқы малы Алла тарапынан берілген нығметтер болып табылады. Оларды адамның қызметіне бағындырып, игілігіне жұмсау үшін жаратқандығы белгілі. Оған аманатпен қарап, қиянат жасамау құлдың міндеті.

Күрес: Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында спорттың айтулы түрінен болған күрес те кең тараған. Руқана атты бір кісі спорттың бұл түрін шебер меңгерсе керек. Адамдар арасында күресуге тең келер адамды шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл палуанмен белдесуге бел буады. Руқана да Ислам дінін қабылдау мақсатында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзімен кү-ресуін және осы күресте жеңсе ғана мұсылмандықты қабылдайтынын айтып шарт жасасады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл ұсынысын қабыл етіп, сол арада өз күшіне сенім артқан Руқанамен есі танатындай етіп күреседі, әрі қатарынан үш мәрте жауырынын жерге тигізе жеңеді. Ақырында, Руқана жеңе алмайтынын түсініп, уәдесі бойынша мұсылмандықты қабылдаған екен.

Жастық шақтарына қарамастан кейбір сахабалар әскери жорықтарға қатысу мақсатында өздерінің тепсе темір үзетін нағыз майталман жігіт екендіктерін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдында дәлелдеу үшін бір-бірімен итше жығысып күресетін болған. Өйткені, жасы кіші сахабалар өздерінен үлкендерін жеңетін болса, соғысқа қатысып, отаным мен елімді қорғауға ат салысамын деген айтарлықтай сенімге ие болатын. Бұндай табандылық танытқан сахабалардың күресін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да қызықтайтын болған.

Жүгіру: Асыл дініміз Ислам өзге спорт түрлерімен қатар жүгіруден жарысуға да мән берген. Алтын дәуір заманы болған сахабалар уақытында ер адамдар жүгіруден жарыс ұйымдастырғаны және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көз алдында өзара жарысқандығы риуаяттарда баян етіледі. Тіпті, сол кездері ең қатты жүгіріп, алдына жан салмаған хазреті Әли (р.а.) болғандығы айтылады. Ол дәуірде әйел заты ешқандай спорт түріне қызықпаған. Бірақ, риуаятта хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хазіреті Айша (р.а.) анамызбен екеуара өмірлерінде аз дегенде екі мәрте жүгіру түрінен жарысқандығы сөз етілген. Осы екі жарыстың алғашқысында хазіреті Айша (р.а.) анамыз озса, араға бірнеше жыл салып жарысқандарында сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеңіске жеткен екен.

Жүзу: Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүзу өнерін бала кезінде анасымен Мәдина қаласына қыдырып барғанда үйренген екен. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл спорт түріне ден қойғаны соншалық - барша мұсылманға үйрену керек екенін өсиет еткен. Әрбір әкенің баласына үйретілуі қажет болған жазу өнерін, аң аулаумен қатар суға жүзуді де үйрету керектігі хадистерде айтылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келіп, балалық шағын өткерген Мекке мен Мәдина қалаларының төңірегінде сарқырап аққан бұлақ не болмаса теңіз, көл секілді ауқымды су көлемі жоқ жерде тұрып, бұл өнерді үмметіне өсиет етуі таңқаларлық нәрсе.

Дінімізде Алла тағаланы ұмыттыратын әрбір іс-әрекет маңызсыз саналғаны секілді адамзатқа және қоғамға ортақ пайда әкеліп, шариғаттың талабына қайшы келмейтін, мәселен, атап өткеніміздей, құралайды көзге атқан мерген бола білу, атжарыс ұйымдастырылғанда бағын сынап көру, судан да қорықпай жүзе алу нағыз ер азаматқа тән әрекет екенін құп көреді. Бір сөзбен айтқанда, дініміз рұқсат еткен әрбір амалдың астарында бір игіліктің жатқаны, сол сияқты әрбір тыйымның ішінде зияндық бар екенін айқын көрсетілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмір сүрген алтын дәуірде мұсылмандар «курра» деп аталатын аяқдоп ойнаған екен. Бүгінгі тілмен айтқанда футбол ойыны деуімізге әбден болады. Жергілікті халық қалың топ болып ойнағандарды арнайы келіп қызықтайтын болған. Мекке қаласының әрбір шеткері жерлерінде футбол ойнайтын алаңдардың болғандығы және де пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ойынның бұл түріне тыйым салмағандығы риуаяттарда айтылады. Тағы бір риуаяттарда Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көшеде кетіп бара жатып, бір топ адамдардың өз араларында күштерін сынау мақсатында үлкен тасты көтеріп жатқандарын көреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың жарыстарынан ешқандай зарарлы тұстарын көрмеген. Демек, адамның күш-қуатын сынау мақсатында жасалған мұндай жарыс түріне дініміз тыйым салмайды.

Бүгінгі заманымыздағы орын алған спорт түрлерінің көбісі пайғамбар заманында болған жоқ. Солай болса да, дініміздің әмірлерімен тыйымдарына қайшы келмесе, ондай спорт түрлерін қолдануға дініміз рұқсат береді. Демек, Ислам діні спортпен айналысуға қарсы емес, керісінше, оны барынша қолдай түседі. Мәселен, адам денсаулығына айтарлықтай зарар әкелетін бокс түрін дініміз құп көрмейді. Өйткені, мұндай ойынның соңы ми қыртысына зиян тигізе отырып, еш жазылмайтын бас ауруына шалдықтырады. Оның зардабы қазір білінбесе де, арада едәуір уақыт өткеннен кейін зарарын береді. Ал моральдік тұрғыдан қарасақ, қарсыласқа деген өшпенділік тудырып, қатыгездікке әкеліп соғады. Осылайша, адам спорт қуамын деп, адамгершіліктен айуандыққа қарай бет алғанын байқамай қалады. Бәрінен де қауіптісі - Алладан аманаттап алған он екі мүшеге қиянат жасайды.

Дініміз спорт ойындарын қызықта-ғаннан гөрі әрбір мұсылман баласының кез келген спорт түрімен айналысқанын құп көреді. Мұсылмандыққа қайшылық туғызбайтын спорттың қай түрімен айналысам десе де, әркімнің ерік жігері өзінде. Сол себепті Ислам діні барша мұсыламанға кейбір принциптерді алға тарта отырып, спортпен шұғылданудың еш кедергі әкелмейтінін алға тартады. Сонымен қатар, дін спортты қызық-тағаннан гөрі онымен шұғылданып, өзгелерге насихаттауды өсиет етеді. Спортты жанына серік етіп, жақсы көретін жан мына нәрселерді ескергені жөн. Яғни, адам спортпен шұғылдану барысында, ең алдымен, намаз уақытын кешіктіріп немесе өткізіп алмауы керек. Намаз уақыты кірсе, дереу оқуға асығу қажет. Өйткені, ақыретте Алла адамнан спорт ойынын емес, ең алдымен намазын сұрайды. Ол үшін құлшылыққа немқұрайлы қарамау тиіс. Спортпен шұғылдану ең басты - тынығу, демалу, бой сергіту мақсатында болу шарт. Аса бір назар аударатын тағы бір нәрсе, спортпен айналысып жатқан адам дініміз тыйым салған балағат сөздерді айтпауы керек және ұятты (әурет) жерлеріне мән беруі тиіс. Спорттың соңына түстім екен деп уақыт ысырабына жол бермеу қажет. Ең бастысы, спортты құмар ойынға айналдырып алмағаны дұрыс.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: