Құран Кәрімде әз-пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алла тағала:
وَ إِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Расында сен үлкен мінез иесісің» (Қалам сүресі, 4-аят),-деп суреттеген.
Айша анамыз (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі жайлы: Оның мінезі Құран еді. Құран риза болған жайтқа риза болушы еді. Құран ашуланған жайтқа ашуланушы еді,- (Муслим, солатул мусафирин, ұзын хадистен үзінді) деген екен.
Адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аса жоғары мінез иесі екендігін жанынан табылған досы да, ол кісіге қастық ойлаған дұшпаны да мойындаған еді.
Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.):
بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلاقِ
«Шын мәнінде мен көркем мінездерді кемелдендіру үшін жіберілгенмін»,- (Әбу Һурайра риуаяты, Ахмед 2/381) деп өзінің елші ретінде жіберілгендегі негізгі мақсатының бірі адам баласына жақсы мінез үйрету екендігін айқын баян еткен.
Расында, адам баласы өз бойына біте бастаған арам шөп секілді жаман мінездерді жойып отыруы қажет. Есесіне тұла бойына көркем мінездің тамыр жаюуына, өсіп өнуіне қолайлы жағдай жасауы керек-ақ. Хадисте айтылғандай, әрбір мұсыман көркем мінездерді танып, оны өзінің меншігі етуі қажет. Мұсылман атына сай жақсы ахлақтарды өзінің қасиеттеріне айналдыруы тиіс. Сондай мінездердің бірі – қанағат. Қанағат – сарқылмас қазына.
Хакім Абай да адам бойындағы асыл және жаман қасиеттер жайлы өз өлеңінде:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол –
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз,- (Абай, Алматы «Жазушы» 1986ж., 1-том, өлеңдер мен поэмалар, 41-бет) деген екен.
Қанағатшыл адам ғұмырда көп жақсылық көреді. Көптеген жаманшылықтан құтылады.
Қанағат аса құнды қасиет. Кейде сырттай бақылап отырып тұрмысы нашар кедейді көріп, қанағатшыл деген жансақ ойға баруымыз мүмкін. Сол секілді, тіршілігі өте жақсы бай адамды жөнсіз қанағатсыз деп те ойлауымыз әбден мүмкін. Алайда, кедейдің барлығы қанағатшыл, ал байдың барлығы ашкөз емес. Бай бола тұра қанағатшыл болуға болады. Сондай-ақ, кедей бола тұра қанағатсыз болуы ықтимал. Себебі қанағат жүректе. Көңілі тоқ, шүкіршілігі мол адам ғана қолындағы барына қанағат ете алады.
Әсілі, қанағат дегеніміз не? Қанағат – адам баласынан дәметпеу. Тек Алла тағаладан ғана тілеу. Пенде Құдайдың өзіне ажыратып берген несібесін менсінбей, біреудің мүлкіндегі дүниені жан-тәнімен қалаудан артық арсыздық болмас, сірә. Сонымен қатар, ашкөздік жасап қалай болса да дүние табамын деп, халал мен харамды ажыратпай табыс табу да қанағатсыздық.
Парақорлық, ашкөздік, халал мен харамды ажыратпау мұның барлығы да қанағатсыздық салдарынан келіп туындайтын дерттер. Сонымен бірге, адамның өз мүмкіндігіндегі тұрмысына шүкіршілік етуі қанағатшылдық болып табылады. Ал, керісінше тұрмысымды жақсартамын деп дәмету және ашкөздікке салынса адам ең әуелі дүние емес, жаман мінез тауып алады. Адам табиғатында қанағатсыздық болуы жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
إِنَّا أَنْزَلْنَا الْمَالَ لإِقَامِ الصَّلاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَلَوْ كَانَ لابْنِ آدَمَ وَادٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَانٍ , وَلَوْ كَانَ لَهُ ثَانٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَالِثٌ وَلا يَمْلأُ فَمَ ابْنِ آدَمَ إِلا التُّرَابُ وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ
Мағынасы: «Расында Алла тағала: Шын мәнінде Біз мал-дүниені намаз оқу және зекет беру үшін түсірдік. Егер адам баласының бір сай алтыны болса, әлбетті екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін тек топырақ қана толтыра алады. Алла тағала тәубе еткенді кешіреді»,-деген екен. Ахмед және Байһақи риуаяты.
Міне, адам баласының нәпсісі осындай. Нәпсі қанағат дегенді білмейді, әрі білгісі де келмейді. Қанағат ұғымы нәпсіге тән емес. Керісінше нәпсі ашкөз һәм тойымсыз келеді. Демек, қанағат нәпсіні тәрбиелейтін мінездің бірі. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай тойымсыздың құлқынын тек топырақ қана толтыра алады. Қанағат не екенін білмейтін тойымсыз таудай алтынды да місе тұтпайды. Хадисте дүние мақсат емес, ол құрал екені айтылуда. Дүние мұсылманның ғибадат етуіне септігі тиетін құрал болуы тиіс. Ал, ашкөз адам дүние-мүлікті құлшылық ету үшін пайдаланбайды. Керісінше, сол дүниенің өзіне құлшылық ете бастайды.
Жабир (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Ей, адамдар! (ризық-несібені) табуда көркем әрекетте болыңдар! Өйткені пенде тек өзіне тиесілі жазылғанды ғана алады. Пенде дүниеден өзіне тиесілі сыбағасы тап алдына келмейінше дүниеден әсте кетпейді»,- (Хаким, 3353) деген екен.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзі адамды ашкөздік және қанағатсыздық секілді дерттен емдейді. Алла тағала өзін несібесіз қалдырмайтындығын шын сенген адам бойына қанағат жайласа бастаса керек. Әрине, көкте самғаған құсқа да, ағаш ішіндегі құртқа да барлық жанзатқа қорек берген Раззақ Алла адам баласын қалайша азықсыз қалдырсын?!
Шайх Саъдий Широзидің «Гүлістан» кітабында:
اى كريمى كه ازخزائه, كبر و ترسا وظيفه خوردارى
دوستان راكجا كنى محروم, توكه بادشمنان نظر دارى
Ей, Карим (жомарт) зат! Сенің ғайып қазынаңнан,
Отқа да, пұтқа да сиынатын ризық-несібе алушыларың бар.
Достарыңды қалайша мақұрым қыларсың,
Сенің дұшпандарыңа да назарың бар,- деген өлең жолдары бар.
Алайда, қанағатсыздыққа сеп болатын тағы бір жайт ысырапшылдық. Адам баласы тойымсыздықпен көзіне түскен барлық дүниені иемденгісі келеді де тұрады. Осылайша ысырапшылдық кесірінен адам бойындағы қанағат ешқашан жабылмайтын ашкөздік есігіне айналады. Мұның шешімі – үнемшілдік.
Ибн Масуд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін риуаят еткен:
ما عال مَنْ اقْتَصَدَ
Яғни: «Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді» (Ахмад, 3360; Табарани, 1/447). Расында, дүниесін оңды-сол шашпай, байыппен жұмсай білген үнемшіл кісінің қолындағы қаражат берекелді болады.
Ал, Әбу Наъим және Байһақи хадис жинақтарында:
ثلاثٌ مُنْجِياتٌ: خَشِيةُ الله في السِّرِ و الْعَلاَنِيَةِ, و القَصْدُ في الْغِنَى و الْفَقْر, و الْعَدْلُ في الرِّضَا و الْغَضَبِ.
Мағынасы: «Үш құтқаратын амал бар. Олар: ашық және құпия түрде де Алла тағаладан қорқу, бай және кедей жағдайда да үнемшіл болу және ризашылық пен ашу үстінде де әділ болу»,-деген хадис жазылған.
Сөзсіз бұл адамның мәртебесін көтере түсетін қасиеттер. Шын мәнінде де бұл адамды құтқаратын амалдар. Адам баласы тек ашық түрде ғана Алла тағаладан қорықса мұнафиқ болғаны осы емес пе? Ал, үнемшілдік етіп қанағат ете алмаған өз нәпсісінің құлына айналып ысырапшыл болмайды ма? Ал, ашуын ақылына жеңдіре алмаса, әділетсіз болып кетпейді ме?
Алла тағаладан тек жұрттың көзінше қорыққандай екіжүзділік пиғылда болу, қанағатсыз ысырапшыл болу және ақылы ашуына бас ұрып залым болуы адамды құрдымға тартатын әрекеттер. Алла тағала мұндайдан сақтасын!
Имам Ғазалидің (р.а.) «Ихияу улум әд-дин» кітабында мынадай риуаят бар: Мұса (ғ.с.) Раббысынан: Сенің қай құлың ең бай?,-деп сұраған екен. Алла тағала: Менің бергеніме ең қанағатшылы,-деп жауап беріпті. Құлдарыңның ең әділі кім?,-деп сұрағанда Алла тағала: әуелі өзіне әділ болғаны,-деген екен.
Расында байлық дүниенің көптігінде және қолдағы уыс-уыс алтында да емес. Байлық жүректегі қанағатта. Қанағатшыл мұсылман дүниенің жылтырағына көз қиығын да салмайды. Жаратқанның өзіне тиесілі етіп бөліп берген ризқына шүкіршілік етеді. Қанағатшыл мұсылман ашкөз адамнан қарағанда құлшылыққа едәуір жақын. Оның бойындағы қанағат шүкіршілікті тудырады. Ал, шүкір етуші Раббысының бұйрығын бұлжытпай орындауға асық тұрады.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:
كُنْ وَرِعًا تَكُنْ أعبدَ النَّاسِ, و كُنْ قَنِعًا تَكُنْ أشكرَ النَّاسِ و أحِبَّ للنَّاسِ ما تُحِبُّ لِنَفْسَكَ تَكُنْ مُؤْمِنًا.
Мағынасы: «Тақуа бол, сонда адамдардың ең ғибадатшылы боласың. Қанағатшыл бол, адамдардың ең шүкіршілі боласың. Өзің үшін жақсы көргенді адамдарға да жақсы көр, сонда мүмин боласың»,- (Ибн Мажаһ, 3356) деген екен.
Шынайы шүкіршілік адамды ізгі құлдар қатарына кіргізеді. Ризық-нығметінің берекетті болуына ең үлкен себеп. Ал, осы шүкіршілікке қол жеткізу үшін қанағатшыл болу қажет-ақ.
Хазреті Омар (р.а.): Расында дәмету – кедейлік, ал адамдарға қол созбау – байлық. Расында кімде-кім адамдардың қолындағы дүниеден дәметпесе, ол адамдарға қол жаймайды,-деген екен. Данышпандар: байлық не?,-деген сұраққа: Сенің аз армандауың және өзіңе жететін нәрсеге риза болуың,,-деп жауап берген екен.
Сахаба Ибн Масуд (р.а.):
مَا مِنْ يوْمٍ إلاَّ و مَلَكٌ ينادي: يا ابنَ آدمَ قليلٌ يَكْفِيكَ خيرٌ مِنْ كَثِيرٍ يُطْغِيكَ
Мағынасы: «Әр күні бір періште: Ей, адам баласы! Өзіңе жететін аз дүние сені шектен шығаратын көп дүниеден қайырлы,-деп жар салады»,-деген екен.
Бірақ, «семіздікті қой көтереді» демекші дүние пендені қатты өзгертіп жібереді. Бірақ, пенде өз-өзіне: жоқ мен өзгермеймін, Алла тағала маған мол ризық берсе жомарттық танытамын, деген ойда болады. Шын мәнінде байлық пенденің мінезіне және иманына кері әсер етпейтін болса, Алла тағала ол пендесіне береді.
Талха бин Убайдулла (р.а.) риуаятында:
مَنِ اقْتَصَدَ أَغْنَاهُ اللهُ, و مَنْ بَذَّرَ أفْقَرَهُ اللهُ, و مَنْ ذَكَرَ اللهَ عَزَّ و جَلَّ أّحبَّهُ اللهُ.
Яғни: «Кімде-кім үнемшіл болса, Алла тағала оны бай етеді. Кімде-кім ысырапшыл болса Алла тағала оны кедей етеді. Ал, кімде-кім Алла тағаланы зікір етсе оны Алла тағала жақсы көреді»,-деген хадисті риуаят еткен (Ихия улум әд дин, 3-том, 2079-бет).
Міне, байлық қалаған адам үнемшіл болуы керек. Ал, кедейліктен сақтанған адам ысырапшыл болмауы тиіс. Ал, барлығынан ең жақсысы Алла тағаланың сүйікті құлдарының қатарынан болу үшін үнемі Алла тағаланы зікір етіп жүру қажет.
Қанағат кісіні қадірлі де абыройлы етеді. Ал, ашкөздік кісінің беделін түсіріп, абыройдан айырады. Хазреті Әлидің (р.а.):
اسْتَغْنِ عَمَّنْ شِئْتَ تَكُنْ نَظِيرَهُ, و احْتَجَّ إِلَى مَنْ شِئْتَ تَكُنْ أَسِيرَهُ, و أَحْسِنْ إِلى مَنْ شِئْتَ تَكُنْ أمِيرَهُ
Мағынасы: «Қалаған кісіге тәуелсіз бол, сен оның теңісің. Қалаған кісіге мұқтаж бол, сен оның тұтқынысың. Қалаған кісіге жақсылық жаса, сен оның әміршісің»,-деген екен.
Ия, адам өзі таңдау жасайды. Терезем тең араласамын десеңіз, ешбір кісіге тәуелді болмаңыз. Ал, барға қанағат етпей ашкөздік жасасаңыз адамдардан сұраңыз, бірақ бұл жағдайда сіз олардың сөзінен шықпайтын тұтқынға айналасыз. Сондай-ақ, өзіңіз де адам баласына қол ұшын беріп, жәрдем етіп көріңіз.
Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадис қудсиде Алла тағала:
يَا بْنَ آدَمَ ، عِنْدَكَ مَا يَكْفِيكَ وَأَنْتَ تَطْلُبُ مَا يُطْغِيكَ ، يَا بْنَ آدَمَ لا بِقَلِيلٍ تَقْنَعُ وَلا بِكَثِيرٍ تَشْبَعُ ، يَا بْنَ آدَمَ إِذَا أَصْبَحْتَ مُعَافًى فِي جَسَدِكَ ، آمِنًا فِي سِرْبِكَ ، عِنْدَكَ قُوتُ يَوْمِكَ فَعَلَى الدُّنْيَا الْعَفَاءُ
Яғни: «Ей, адам баласы! Сенде өзіңе жететін (дүние) бар. Ал, сен өзіңді шектен шығаратынын сұраудасың. Ей, адам баласы! Сен азға қанағат етпейсің, көпке тоймайсың. Ей, адам баласы! Тәні сау, жаның тыныш болып таң аттырсаң, жаныңда күніңе жететін азығың болса, бұл дүниені қайтпексің»,-деген.
Бұл хадис құдсиде адам баласының болмысы және оның психологиясы айтылуда. Алла тағала адамзаттың ризық-несібесін ана құрсағында-ақ белгілеп қойған. Жаратушы Алла адам үшін байлық немесе кедейлікті таңдауда, адам болмысына пайдалысын қалаған.
Сонымен қатар, данышпандар: «денсаулық денісау адамдардың басындағы тәж, бірақ оны тек науқастар ғана көре алады» дегендей адам баласы көп жағдайда денсаулық және бас амандығы, Алла тағала тарапынан берілген ең баға жетпес нығмет екенін ұмытып кетеді.
Хамид әл-Лаффаф (р.а.) қанағат жайлы:
أرْبَعَةٌ طَلَبْناها في أرْبَعَةٍ فَأخْطَأْنا طُرُقَهَا فَوَجَدْنَاهَا في أرْبَعَةٍ أُخْرَى طَلَبْنَا الْغِنَى في الْمالِ فَوَجَدْنَاهُ في الْقَنَاعَةِ,وطَلَبْنَا الرَّاحَةَ في الثَّرْوَةِ فَوَجَدْنَاهَا في قِلَّةِ الْمالِ, وطَلَبْنَا اللَّذَاتِ في النِّعْمَةِ فَوَجَدْنَاهَا في الْبَدَنِ الصَّحِيحِ, وطَلَبْنَا الرِّزْقَ في الأَرْضِ فَوَجَدْنَاهُ في السَّمَاءِ.
Мағынасы: «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік. Алайда, қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рақатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззаттарды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны аспаннан таптық»,-деген екен.
Расында, қанағат – байлық. Бойына қанағат мінезі біткен адамнан артық бай адам болмас. Мұндай жан барға қанағат етіп, жоқтың соңынан қумайды.
Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббихат» кітабында Уаһб бин Мунаббиһ әл-Йаманидің (р.а.) мына сөзі жазылған:
مَكْتُوبٌ في التَّوْراةِ الْحَرِيصُ فقيرٌ وَ إِنْ كان مَلِكَ الدُّنْيا و المُطِيعُ مُطَاعٌ و إِنْ كان مَمْلُوكًا و الْقَانِعُ غَنِيٌّ و إنْ كان جَائِعًا
Яғни: «Тауратта: Ашкөз адам – кедей, дүниені иеленген болса да. Алла тағалаға бойұсынушыға басқалар бойұсынады, ол құл болса да. Қанағатшыл адам – бай, тіпті ол аш болса да,-деп жазылған»,-деген екен.
Ендеше, әрбір кәміл мұсылман болуға талпынған адам, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай ғұмыр сүруді қалаған бауырымыз қанағатқа қатысты айтылған дана сөздерді ести отырып, уағызға жүрегінен жай береді деп үміт етеміз.
Қ.Б.Заңқоев