Ақыреттік істерде жарысу.

Ақыреттік істерде жарысу.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көзге көрінетін де, көрінбейтінде барлық заттар шексіз құдырет иесі Алла тағала тарапынан жаратылған. Адам болса, барша әлемнен біраз уақыттан кейін жаратылған. Алла тағаладан басқа ештеңе жоқ еді. Хақ тағала өзіңнін бір екендігін, ұлылығын, құдыретін білдіру үшін ұлы хикметімен көктерді, жерді, өсімдіктерді жоқтан бар етті. Сосын кезек адамның жаратылысына келді. Тіршілік иелерінің ішінде адамды ең ұлы қылып жаратты. Алла тағала Құранда былай дейді: «Әй, адамзат! Сендерді әуелі бір адам етіп жаратқан, оған серік етіп, өз қасынан жұп шығарып, екеуінен көптеген еркек әйел таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» (4:1).

Алла тағала адамға ақыл, сөйлеу қабылетін берді, осынша нығметті бере отырып, Алла тағала жын мен адамды Өзіне құлшылық үшін жаратқандығын айтады. Біздегі қол, аяқ, көз, құлақ, тіл, жүрек, ақыл осынын бәрі Аллатікі еді, бұлардың бәрі біздің қызметшілеріміз. Бұларды қалай, қандай мақсатқа пайдалану біздің еркімізде. Бұл қызметшілерімізді Аллаға құлшылық ету үшін пайдалансақ, адамды Алла тағала өте жоғары бағалайды. Егерде бұл қызметшілеріңізді Алладан басқаға құлшылық етуге (мал-дүниеге ерекше берілу, мансап т.б.) жұмсасаңыз, сіздің Алланың алдында нәжіс домалатқан қоңыздайда қадырыңыз болмайды.

Бауырлыр! Алла біздің құл болуымызға мұқтаж емес, Оған біз мұқтажбіз. Адамдарды өзіне құл етіп алған нәпсінің бір түрі мал-дүние, мансап адамның ақылын жаулап алады да, сол мал дүние үшін бір бірімен жауласады, бірін бірі өлтіреді де Алладан басқаға құл болу-бұл надандықта жабайлықта, тонастықта болу.

Кім Аллаға сенсе ұлы құдыретке арқа сүйеді, еш уақытта бұзылмайтын, құлап қалмайтын мәңгі құдыретке арқа сүйеді. Алладан басқа нәрсенін бәрі тұрақсыз, мәнгі емес. Шынымен, Алла бәрін естуші, білуші, көруші. Шыққан тегімізді білдік, енді баратын жағымызды ойланайық. Алла тағала Құранда адам баласының жағы туралы өте көп ескертулер жасайды. Өйткені, біздің баратын жағымыз адам баласы үшін өте маңызды! Ақырет, қиямет күнін Алла тағала өзі жаратқан нәрселермен серт беріп ескертеді.

         Ақырет күні дегеніміз – бүкіл әлемге белгілі бір уақыт. Бұл күні бүкіл адамзат Алланың алдына жиналады. Бүкіл адамзат Алланың алдында амал кітабімізбен барамыз, оң және сол жағындағымыз екі байқаушы періште жақсы-жаман істерімізді жазуда. Істеген ісімізге қарай жәннәт немесе тозақ беріледі. Жәннәт Алланың сыйы, оны мүминдерге нәсіп еткен. Тозақ – Алланың азабы, бұл азап кәпір мүшріктерге, мұнафықтарға. Ия, таразы, қыл көпір мұның бәрі бар.

         Кімде-кім Раббысының үәде етіп хабарлап берген нығметтеріне, жәннәтына, мәңгілік рахатқа, Алламен жүздесуге шынайы түрде сенетін болса, онда ол соған жетуге асығар еді. Алла Тағала жақсылықта жасыруды бұйырған:

وَسَارِعُواْ إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ

«Раббыларының тарапынан болатын кешірімге әрі тақуалар үшін дайындалып қойылған, көлемі көктер мен жердей Жәннәтқа қарай жарысындар» дейді. («Әли»-Имран сүресі 133 аят).

Әбу Зәррдан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ұлы Жаратушымыз Алла тағала: Кімде-кім бір ғана жақсылық жасаса, оған он есе немесе одан да көп сауап жазамын. Ал кімде-кім бір жамандық жасаса, оған жасаған жамандығының күнәсін ғана жазамын немесе кешіре саламын. Сондай-ақ, кімде-кім Маған (құлшылығымен) бір сүйем жақындаса, Мен оған (мейіріміммен) бір шынтақ бойы жақындаймын. Ал кім Маған бір шынтақ бойы жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Кімде-кім Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін. Сондай-ақ, кімде-кім Маған ешбір серік қоспай жер-жаһанға сыймайтындай көп күнәмен келсе, Мен оны дәл сондай мол кешіріммен қарсы аламын, – деп айтты» – деген. (Муслим риуаят еткен).

Алла Тағала «Ниса» сүресінің 59 аятында:


يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنكُمْ

«Ей мүминдер! Алла Тағала Пайғамбарға, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойұсыныңдар» деген.

Мемлекетіміздің алға қойған мақсатымен мүддесі әрбір дін иелерінің араларын бөле жару емес, заң шеңберінде бәріне бірдей көңіл бөліп, олар өздерінің құлшылықтары мен ғибадаттарын орындау үшін, барлық мүмкіншілікті берген. «Расында бір қауым өздерін өзгертпейінше, Алла олардың жағдайын өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят),-деп баян еткендей, мешіттерімізде азан шақырылып, намаз оқылып жатыр. Көкейлеріміздегі сұрақтын жауабын көшеден кезіккен көк аттылардан сұрай салмай, арнайы мешіт имамдары мен көмекшілерінен сұрап, жауабымызды табатын болсақ, онда адаспаймыз. Ел арасындағы ауызбіршілік пен ынтымаққа сызат түсіретін арам ойлы, теріс ағымдардан сақтанып, әрбіріміз өз қол астымыздағы тәрбиеленуші ұрпаққа саналы түрде Отан сүйгіштік сенімдерді бойларына дарыту үшін, аянбай еңбек ететін болсақ, болашағымыз баянды болары хақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  үгіт еткендей, ислам қоғамы әлсіздердің, яғни әйелдер мен балалардың, жетім-жесір мен жоқ –жітіктін құқын бірінші кезекте қорғайтын кауымсаналады. Жетімдердің мал- мүлкіне қол сұғу ғана емес, оларға теріс қараумен абыройына тиер ауыр сөз айтуға да исламда қатаң тийым салынған. Бұл жөнінде Құранда:

تَنْهَرْ فَلَا السَّائِلَ وَأَمَّا         تَقْهَرْ فَلَا الْيَتِيمَ فَأَمَّا

 «Ендеше, жетім-жесірді қорлама. (Қайыршыны) дауыс көтеріп қума!» («Духа» 9-10) – дейді.

Бүгінгі таңдағы техника дамыған заманда, адамдар өзге түгіл, өз бауырын ұмытардай, тек баюдың жолдарын іздеп, кісінің дәрежесі мен өресі ақшамен өлшеніп жатқан уақытта Ислам діні сол адамдарға мейрімділік мен мейірбандық құндылықтарын ұғындыруға, жүректерін ізгілікке бұруға бір тынбай үндеп келеді. Егер осынау зәулім-зәулім ғимараттар соғып жатқан қаншама қалталы азаматтардың жетімдерге деген мейрімі өсіп, иманы оянар болса, онда әкесі мен шешесінен айырылған жас жеткіншектер өмірден қағажу көрмей, қайғысы жеңілдер еді. 

Расында жетімдерге қамқорлық жасау-рухани байлықтың, таза жүректіліктің белгісі. Мұндай рахымсыздық пен тас жүректіліктен ада, кеудесінде пәк махаббатты бар жандар біздіңде қоғамға ауадай қажет-ақ. Өйткені, өмірде жетім жесір болмай тұрмайтыны рас. Және ешкімде біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сол жетімдердің бірі болғанын ұмытпаса екен дейміз. Міне, осындай жетім-жесірге көмектесіп ақыреттік істердің бірі екенің ойлап, оларды іс –жүзінде асыра білу, имандылықтың белгісі.

Осы секілді ақыреттік істерді жасау оған жарысуда асығу амалдарының бірі бұл-жомарттылық. Яғни өзінің жақсы көрген нарсесін басқаға да тілеу, өзіне деп арналған затты басқаға да нәпақа етіп бөліп беру. Садақа беру жомарттық беру болып саналады. Садақаның ең абзалы – жақыныңнан бастау (егер тұрмысы нашар болса). Мешіт, медресе салуда жомарттық. Жомарт боламын деп ысырапқа жол беру болмайды, ысырап етуші адам шайтанның жақыны болып саналады. Жомарт бола білу мұсылманның асыл қасиетінің бірі. «Фуссилат» сүресінің 34-35-ші аяттарында:

 

وَبَيْنَهُ بَيْنَكَ الَّذِي فَإِذَا أَحْسَنُ هِيَ بِالَّتِي ادْفَعْ السَّيِّئَةُ وَلَا الْحَسَنَةُ تَسْتَوِي وَلَا

يمٌحَمِوَلِيٌّ كَأَنَّهُ عَدَاوَةٌ

عَظِيمٍ حَظٍّذُو إِلَّا يُلَقَّاهَا وَمَا صَبَرُوا الَّذِينَ إِلَّا يُلَقَّاهَا وَمَا

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал жамандыққа  қарсы жақсылық жаса. Сол уақытта сенімен екеуің араңда дұшпан болған біреу, өте жақын достай болып кетеді. Бұл қасиет-сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ, бұл сипатқа зор несібелерғана ие бола алады».  

Егер қайсы бір адамның қолында байлық қасиет болып жомарттылық жасамай ақыреттік істерді іске асырмасақ сараңдық танытсақ оның жағдайы өте қиын деген.

Әсма бинт Әбу Бәкр әс-Сыддиқ (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) маған: Қапшығыңның аузын байлап, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе, Алла тағала да саған (беретін ризығын) байлап тастайды – деп айтты» – деген.

Яғни хадистің мәніне келетін болсақ Алла жолында еш нәрсені аямай беру екенін дәріптеп отыр.

Сондай-ақ, Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Бір адам пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Әй, Алла елшісі! Садақаның қай түрі сауабы жағынан үлкен болып табылады?» – деп сұрайды. Сонда ол кісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзің сау әрі кедейліктен қорқып, байлықты ойлап, (мал-мүлік, ақшаны) жақсы көре тұра берген садақаң. (Садақаны) жаның алқымға кеп тіреліп, (мал дүниең) бәленге тиісті болғанда: «Бәленге мұнша, түгенге мұнша», – деп айтқанға дейін кешіктіре берме», – деді», - дейді. (әл-Бухари 1419; Муслим 1032).

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): Жандарыңда күндіз-түні алма-кезек ауысып отыратын періштелер бар. Олар таң және екінді намазының уақытында кезек алмастыру үшін жиналады. Содан кейін түнімен сендермен бірге болған періштелер Алланың құзырына көтеріледі. Алла тағала бәрін біліп тұрса да олардан: Сендер кетерде құлдарым не істеп жатыр еді? – деп сұрайды. Періштелер: «Біз кетерде олар намаз оқып жатқан еді. Қайтып барғанымызда да намаз оқып жатыр екен,» – деп жауап береді» – деген. (Бухари, Муслим риуаят еткен).

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Бір адам Алла елшісінен (с.ғ.с.): Исламдағы ең игі іс қандай? – деп сұрағанда, ол: «Қарны аш адамды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да жолыққан адамдарға сәлем беруің,» – деп жауап берді» – деген. (Бухари, Муслим риуаят еткен).

Адам Құдайға ғибадат етіп, Құдайдың құлы бола тұра экономика мен саясатта және өмірдің басқа да маңызды салаларында илаһи емес ой-пікір мен ақида ұстанған кездегі иман емес, риясыз, кәміл иман құнды

«Мүминүн» сүресінің 60-61 аяттары:


، «رَاجِعُونَ رَبِّهِمْ إِلَى أَنَّهُمْ وَجِلَةٌ قُلُوبُهُمْ وَ آتَوا مَا یُؤْتُونَ وَالَّذِینَ»

«سَابِقُونَ لَهَا وَهُمْ الْخَیْرَاتِ یفِیُسَارِعُونَ أُولَئِکَ»

 

«Расында не берсе де Раббыларына қайтудан қорқып бергендер»; (60) «Міне осылар, жақсылықтарда жарысады. Олар – оның озаттары». (61)

Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар мүміндердің кейбір ерекшеліктері мен іс жүзіндегі ғамалдарын санамалап: «Олар қайырлы істерде асығып, бір-бірін басып озады. Алла жолында беретін нәрсені өздерінің міндеттері деп санайды. Олар әрдайым ғамалдары шынайы болмады ма, Құдай қабылдамай қояды ма деп алаңдайды. Олар өздерінің қайырлы істеріне масаттанып, тәкәппарлық танытпайды, адамдарға міндетсімейді» дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Дүниенің соңына түскендер бір-бірімен байлық пен мал-мүлік жинауда бәсекеледі. Бірақ иманды адамдар қайырлы істер мен адамдарға жақсылық жасау бойынша бір-бірімен жарысады.

2. Дүниелік істерде жылдамдық танытып, жарысу қатерлі. Бірақ ақыретке жету үшін асығу қажет әрі мақтауға тұрарлық іс.

Амалдардың ішінде ықыласты амалдарға асығуымыз керек. Мұнымыз Алла алдында қабыл бола ма,ол да беймәлім. Дегенмен, амал ықыласты болып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеген сөзі мен амалына сәйкес жасасақ, қабыл болуынан үміт етеміз.

Ата-бабамыз сан ғасыр бойы өз ұрпақтарын «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де, өнерлі, инабатты да, иманды, адамгершілік, ар-ожданы жоғары, намысқой, әдепті етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Қазақ халқы Ислам дінімен біте қайнасқан. Міне, осыған орай қайбір жамандықтан бас тартып, шайтанның арам пиғылын дініміз арқылы жеңіп, жалғанның әр жылдам секундын босқа өткізбей, еріншектіктен арылып, тұла бойымыздың тірлігін аңғартып, бақилық болғанша әрбір ақыреттік істерді Алла разылығы үшін жарыса істеуімізді нәсіп етсін.

Мусаев ҚУАНДЫҚ,

Шу аудандық Төле би орталық

мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: