Әйелінің сөзінен шықпайтын бір жас адам: “Шешең ертелі-кеш тамақ жей береді, еш тоймайды, мұның көзін құрт!” – деген әйелінің сөзіне сеніп, тілін алып, қартайып қалған шешесін бір тауға апарып тастайды.
Кетерінде шешесінің бір нәрсені шайнап жатқанын көріп, манағы әйелінің сөзі есіне түседі де: “Шынымен де менің шешем тоймайды екен ғой” – деп ойлайды. Ашуы келіп: “Ой, шеше! Не шайнап жүрсің? Жағың бір тынбады ғой” – дейді. Шешесі: “Кешір, балам, бір жұмадан бері аузыма ешнәрсе алғаным жоқ, сондықтан тілімді сорып жүрмін” – депті.
Сонда ғана жігіт шешесіне мүлде қарамай, әйелін ғана тыңдап жүре бергеніне қатты ұялып, өкініп тәубе еткен екен дейді. Сөйтіп кеш те болса қатесін түсініп, түзеткен екен.