Исламға сай мінез-құлықтар туралы

Исламға сай мінез-құлықтар туралы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамдардың өлшемімен өлшейтін болсақ, өмірде жаман адам жоқ. Барша адам баласы өзін тәрбиелі, аса құлықты, өнегелі деп есептейді. Тіпті ұрлықпен өмір күнелтетін адам да өзін ақшаны оңайлықпен тауып жатпағанын айтып ақталады. Өз тәнін сатумен айналысатын жезөкше де, мен біреудің тән құмарын басу үшін еңбектендім, деп тапқан ақшасын, өз еңбегінің адалдығын дәлелдеуге тырысады. Шындығында өмірдегі ең масқара адамдар деп, осындайларды айтсақ болады.

Сондықтан да біз уақыт, адам, қоғам, дамуының әсерінен өзгермейтін өлшемге аса мұқтажбыз. Ал, егер өлшем кез-келген құбылыстың әсерінен өзгеріп отыратын болса, мұндай қоғамда өзін өнегелі санаған адам, уақыт өте келе басқа қоғамдағылар назарында өнегесіз болып қалады.

Адамдар бізді жарқын болашаққа апаратын, құқығымызды қорғайтын ең дұрыс жол деп есептейтін өміріннің өзі түкке аспай, 70-80 жылдан соң быт-шыт боп құлдырап кеткендігіне тарих куә. Бір қоғамда тазалық, пәктіктің рәмізі болған құндылық, ендігі қоғамда артта қалған қоғамның қалдығының көрінісі, деп бағаланып отыр.

Уақыт, қоғам, заманға тәуелденбейтін жалғыз заңдылық ретінде Ислам заңдылығын айтуымызға болады. Ол Адам атадан қияметке дейін еш өзгермейтін, Алла тарапынан келген теңдесі жоқ заңдылық.

Бұл заңдылық бұрынғы пайғамбарлар кезінде балалық кезеңнен өтіп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәуіріне дейін дамудың шегіне жетті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы заңдылықтың соңғы нүктесін қойды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мен көркем мінез-құлықты тамамдау үшін жіберілдім»,-дейді.

Әлемде қаншама көркем мінез болса, олардың барлығы пайғамбарларға келген хабарлардың негізінде пайда болған.

Исламдағы негізгі мінез-құлықтар жиынтығы

وَالْعَصْرِ * إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ * إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ

«Заманаға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (Ғасыр, 1, 2, 3).

Бұл сүреде мұсылман адамның 4 сипаты жайлы сөз болған. Сүре ғасырға – уақытқа ант етумен басталады. Уақыт - өмірді құрайтын ең негізгі бөлшек. Уақыттың бар екеніне әр сәт күә. Алла Тағала уақытқа ант етіп, адамзат бақытсыздықта екенін хабарлайды. Тек осы төрт сипатқа ие адам бақытсыздықтан құтылатынын айтады. Олар: иман келтірген, игі амалдар істеген, шындықты үгіттеген және сабырлы болуды насихаттағандар.

Иман мен игі амал өзін мұсылман деп жариялаған адамда болуы да мүмкін. Бірақ шындықты, тура жолда сабырлы болуды насихаттау кез келген мұсылманда табылмайтын сипат. Сахабалар мұсылман екенін айтып қоюмен шектеліп қалмай, олар Ислам ілімін терең меңгерген, дүниені қолдарында ұстап, жүректеріне ендірмеген, ғибадатта берік, соғыс алаңында айбынды жауынгер, үгіт-насихатта шешен болды. Олар қатыгездің зұлымынан қорқып, кембағалдың кедейлігінен ұялып ақиқатты жасырған кездері ешқашан болмаған, өздерінің кім екенін батылдықпен ашық көрсете алған. Кез келген нәрсені басқарып кете алатын данышпан, қырағы, тапқыр болған. Біреудің қолына қарамай, өз күнін өзі көрген. Бұл – нағыз мұсылман бейнесінің көрінісі.

Қазіргі кезде мұсылмандардың бір жақты дамумен шектеліп қалғаны өкінішті-ақ. Мұсылмандар өздері күнәдан тиылғандарымен бауырларын қайтармайды, қайыр-садақаны жомарттықпен үлестіреді, бірақ перзенттерінің исламға сай тәрбие алуларына мән бермейді. Құранды мәнерлеп оқиды, дегенмен пайда көретін жерде өтіріктен тайынбайды.

Ислам туралы сұралғанда осы тәрізді адамдар өздері білген шарттарды ғана айтады: олардың бірі Ислам - бес уақыт намаз, десе, басқасы, жоқ, жүрегің таза болса болғаны, басқа нәрсенің қажеті жоқ, дейді.

Көздері көрмейтін бір неше адам піл жетектеген кісімен кездесіп қалды. Олар піл деген жануарды ешқашан көрмегендіктерін, иесі рұқсат берсе ұстап көргілері келетіндіктерін білдірді. Иесі рұқсат еткеннен кейін біреуі пілдің аяғын ұстап көріп, піл – осындай жуан болады екен, деп ойласа, екіншісі пілдің құлағын ұстап көріп, бұл піл деген жұмсақ нәрсе екен-ғой, деп ойлапты, ал үшіншісі мініп көріп, піл – кең жер екен, деген ойға келіпті.

Исламның бір ғана шартын орындаумен шектелген немесе сондай адамды көргендер «Ислам, мұсылман дегені осы екен» деп қорытынды шығаруы, піл осындай екен, деген қорытындыға келген соқырлар сияқты.

Исламның өзімізге ұнаған әрі ыңғайлы бұйрықтарын орындау, қалғандарын керексіз ету салдарынан дінімізді жоғалттық.

Дін дұшпандары жүрегіміздегі бос орынды иелену үшін Ислам дінін бұрмалап пайдаланды. Әділетсіз, арам жұмыстарына мұсылмандарды араластырып, дін сабырлы болуды талап етеді, сабырлы болыңдар,-деп, мұсылмандарды діндері мазақталып, қорланса да үн қатпай тұратын дәрежеге жеткізді.

Сахабалар дін талабына сай әке-шешесіне құрмет көрсетер, егер олар Исламға қарсы болатын болса, олармен қарым-қатынасты үзіп кететін; дінге қажет жерде бар байлығын беріп жіберетін, ал қарсы жерде бір теңге де бермейтін.

Мұсылман бір ғұлама қатыгездікпен әйгілі патшаның алдында отырған болатын. Патша одан қаламын бере тұруын сұрағанда әлгі ғұлама: «Егер қаламым жоқ десем, өтірікші боламын, қаламымды бере салайын десем, зұлым болатын сөз жазып қоюыңа серіктес болудан қорқамын»,- деп айтқан.

Негізгі Ислами мінез-құлықтарды меңгере алмағандығымыз салдарынан басымыз бірікпей күлкілі де аянышты күйге түсіп отырмыз.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ مَن يَرْتَدَّ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَسَوْفَ يَأْتِي اللّهُ بِقَوْمٍ يُحِبُّهُمْ وَيُحِبُّونَهُ أَذِلَّةٍ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ أَعِزَّةٍ عَلَى الْكَافِرِينَ يُجَاهِدُونَ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَلاَ يَخَافُونَ لَوْمَةَ لآئِمٍ ذَلِكَ فَضْلُ اللّهِ يُؤْتِيهِ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Әй мүминдер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла (Т.) жедел бір қауым әкеледі; Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді. Мүминдерге қарсы жұмсақ, кәпірлерге қарсы қатал, Алла жолында соғысады. Сөгіс берушілердің сөгісінен олар қорықпайды. Осы, Алланың қалағанына беретін ілтипаты. Өйткені, Алла өте кең, аса білуші» (Мәида, 54).

Аллаға жақын болған қауымның алдымен Алланы жақсы көретін, Алла да оларды жақсы көретін сипаты айтылып отыр. Алланы жақсы көруімізді қалай дәлелдейміз? Бұл сұраққа жауапты Құран аяттарынан табамыз.

قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«(Мұхаммед а.с.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ісесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді»,-де» (Әли Ғымран, 31).

Демек, Алланы жақсы көруімізді Пайғамбарымызға (с.а.у.) еріп, оның барлық іс-әрекетінен үлгі - өнеге алып отырумен дәлелдейміз.

Екінші сипат – иман келтіргендерге әділетті, мейірімді болу.

Үшінші сипат – кәпірлердің алдында өзін жоғары ұстау, яғни мұсылман екенін мақтаныш ету.

Төртінші сипат – мужаһид болу, яғни бар байлығын: уақытын, мал-дүниесін, өмірін Алла жолына жұмсау.

Бесінші сипат – пәлеқордың пәлесінен, жаласынан қорықпай тура жолда берік болу.

Бұл сипаттардың барлығын меңгерген жалғыз адам Пайғамбарымыз (с.а.у.) болған. Сол үшін де біз тек қана оған еліктейміз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінің соңына дейін түннің 1\3 бөлігін ұйықтамай намаз оқумен өткізген. Кейбір ғұламалардың айтуынша түнгі намаз – тахажжуд оқу адамдарға мустаһаб болса, Пайғамбарымызға (с.а.у.) парыз болған.

أَقِمِ الصَّلاَةَ لِدُلُوكِ الشَّمْسِ إِلَى غَسَقِ اللَّيْلِ وَقُرْآنَ الْفَجْرِ إِنَّ قُرْآنَ الْفَجْرِ كَانَ مَشْهُوداً * وَمِنَ اللَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِ نَافِلَةً لَّكَ عَسَى أَن يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَاماً مَّحْمُوداً

«Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы. (Бесін, екінті, ақшам және құптан намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер да қатысады. (Мұхаммед а.с.) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі. (Бұл зор шапағат орны).» (Ісра, 78, 79).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әр рукуда «Бақара» сүресін оқығандай ұзақ тұрып қалуына, намазды шын ықыласпен оқығанынан жылап, ішінен қазан қайнағандай дауыстар шығуына сахабалар куә болған.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше күн қатарынан сәресі ішпей ораза ұстайтын. Сахабалар да оған еріп осылайша ораза ұстамақ болғандарында, әлсізденіп қаласыңдар, деп бұдан қайтарған.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) күндізі ораза ұстап тамақтанбай, түнде намаз оқып ұйқысы қанбаса да денсаулығы мықты болған. Сахабалар шұңқырдағы тасты жылжыта алмай тұрғандарында, Пайғамбарымыз (с.а.у.) келіп жалғыз өзі алып тастағаны туралы риуаяттар көп.

Омар ибн Хатаб (р.а.), Халид ибн Уалид (р.а.) сияқты батыл жауынгерлер де соғыста жағдай қиындап кеткенде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанына барып алатын.

Бір саланы меңгеремін деп, басқа саланы ұмытып кету, мұсылмандардың артта қалып кетуіне ең көп әсер еткен себептердің бірі. Бұл себептерді жою әр адамның өз қолында. Ол үшін алдымен иманын күшейту керек.

Риуаяттарда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаңадан түскен келіндерден де ұялшақ болғаны айтылады. Ал жаңадан пайда болған кейбір пәлсәпәшілер «ұятты адамдардан мәдениет, даму күту бекер» деп түсіндіреді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұялшақ болуы оны батылдықтан, батыл болуы жұмсақтықтан, жұмсақ болуы дұшпандардан өш алуынан, өш алуы әділетті болуынан, кедейлерге мейірімді болудан, күндізгі тынымсыз еңбек түнгі ғибадаттан тоспаған.

Адам баласының ең үлкен дұшпаны – шайтан адамды әлсіз жағынан пайдаланады, соңында жұмыстың көптігі, бала тәрбиесін сылтауратып күннен-күнге Құран оқу, қосымша оразалар біртіндеп азайып барады.

Ислам тарихына назар салатын болсақ үлкен ғұлама, әмірлердің шариғатты жан-жақты меңгерген, халықты да басқарған, ғылым жолында қаншама зерттеу жұмыстарын жүргізгенін көруге болады.

Үлкен имамдардың бірі Абу Ханифаны адамдар мәзхаб иесі, имам, ғұлама деп таниды. Негізінде ол кісінің үлкен кәсіп орны болған. Жылына екі рет саудаға шығып тұрған. Оның кәсіп орнының үлкендігі соншалық, қыруар пайда түсіріп отырған. Ол түскен пайдадан алдымен екі үлкен хадисшы ғалым Суфян Саури және Уяйнаға, сосын ілім үйренушілер мен туысқандарына берген. Абу Ханифаның соншама адамдарды асырайтын үлкен кәсіп орынды басқаруы, оның атақты ғалым – имам болуына кесірін тигізгені жоқ.

Абу Ханифаның шапандармен саудаласатын көмекшісі бірнеше шапан сатып алды. Қараса олардің арасында қымбат біреуі бар екен. Шариғатта егер сауда жасаған адам түскен пайданы артық өтеп кетті деп күмәнданса, ешкімге айтпай артық деп ойлағанын беріп жіберуіне болады. Ал Абу Ханифа түскен пайданың барлығын шапан иесіне бергізіп жіберді. Бұл оның үлкен саудасы тақуасына әсер етпегенін көрсетеді. Егер адамның иманы шын болса, ол ешнәрсенің әсеріне ұшырамайды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: