Уақыттың қадірі

Уақыттың қадірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызда, уақыт біз үшін қасқалдақтың қанынан қымбат. Дәл осы асыл дүниеміздің қадірін біліп жүрміз бе? Алладан қарызға алған уақытты ақыреттің пайдасына немесе фәни тіршілігімізге керегінше жаратудамыз ба? Бізден бұрынғы Ислам ғұламалары уақытты қалай бағалаған?

Бұл сұрақтың түп-төркіні Алла Тағала ғаламзатты не үшін жаратты дегеннен бастау алады. Өмір деген ең қымбат нәрсе. Өмірдің өзі толық уақыттан тұрады. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен кейін өз ізін фәни ғұмырда көрсете бастайды. Бойындағы адамдық қасиетін, мейірім шуағын жан-жағына шаша бастайды. Өмірді дұрыс пайдалану үшін уақытты мейлінше қажетті іске жұмсаған дұрыс. Тіршілігін реттеу, ғазиз ғұмырын тезге салу адам баласына қайта берілмейді. Сол аралықта ең дұрысы берілген өткінші тіршілігінде адамзат Алланың сипатын танып үлгеруі керек. Сондықтан да, Алла адамды жер бетінің ақылшысы етті. Ақыл болған соң адам не үшін жаратылғанын, уақытты азды-көпті тірлігінде қалай жұмсай білу керек екенін ұғынады. Өкініштісі сол, көп жағдайда біз уақытымызды зая кетіріп аламыз. Соның кесірінен «әттеген-ай!» деп бармағымызды тістейміз.

Аятта айтқандай Хақ Тағала: «Жын мен адамзатты Өзімді тани отырып, Өзіме құлшылық етсін деп жараттым», – дейді. Ендеше, адамзат Алланы қалай таниды? Оны тану адам баласына оңай берілмейді. Жаратушыға жақындау үшін өміріңде бір текке өткен, зая кеткен, пайдасыз іске жұмсалған іс болмауы керек. Өміріңде ине шаншар орын қалмауы керек. Мәселен, бір адамға сексен жылдай өмір берілетін болса, сол ғұмырдың барлығы Алланың разылығына бөлену үшін жасалуы тиісті. Ол жерде күні, түні мешіттен шықпай құлшылық жаса деген ешкім жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әр нәрсенің өз ақысы бар» дейді. Тіпті тағы бір хадисінде «Нәпсінің де өз ақысы бар» деген. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау секілді адамның бойында табиғи мұқтаждықтарды да қамтамасыз етуі бар. Сондай-ақ, әйеліңнің де ақысы бар. Балаң бар, оны да ел қатарына қосу сенің міндетің. Адам берілген нығметтің барлығына жауапты. Мұсылман баласы бес уақыт намаз оқитын болса, сол бес уақыт аралығында бала-шағасын бағып қағуда тынбай еңбек етсе, ол үлкен сауап. Күнделікті маңдай термен тапқан еңбегімен қоса ақыреттің де қамын ойлау мұсылманға парыз етілген. Бұл фәнидегі бір сағат намаз ақыретте жиырма төрт сағаттық сауап етіп беріледі. Құлшылық пен адал еңбектің пайдасы ақыретте мәуелі жемісін төгуі Құдай сүйген мүмінге ақиқат. Шын мәнінде, бейнеттің зейнеті ақыретте. Оның дәлелі қайда десеңіз, Алла Тағала Құранда: «Мен «асырға» ант етемін», – дейді. Бұл жердегі «асырыңыз» заман деген мағынаны береді. Алла не үшін заманға ант етеді дейсіз ғой? Жаратушымыз бір нәрсені айтқанда оның астарында терең ой мен адам ғұмырына өте керек нақыл жатады. Ендеше осы аяттың жалғасында «Шындығында, адам баласы зиянда. Бірақ, иман келтіріп көркем амал жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ», – делінген. Ол ақиқаттың ішіне бүкіл жер жаһанның ғылымы сыйып кетеді. Мәселен, физика, математика – ол өзінше бір ақиқат. Химияның бүкіл элементтерінің өзі ақиқатқа толы. Адам ғылыми ақиқаттарды өз өмірімен байланыстыра білгенде ғана Алланы тану мүмкіндігіне ие болады.

Уақыттың екінші бір шындығы сабырда жатыр. Сабыр болмаса, салиқалы амал да жоқ. Сабыр болмаса, жасаған құлшылық, басқан із, көрген қызық текке кетпек. Амал да құрдымға кетіп, желге ұшпақ. Алла сақтасын, бұл аянышты жағдай. Сондықтан Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Намаз – нұр, сабыр – жарық» деген. Қасиетті Құранда Алла Тағала «Мен сабырлылармен бірге-мін» деген. Тағы айтамыз, намаздың шын мәніндегі намазға айналуы да сабырға байланысты. Ендеше, адамзат ақиқатқа да сабыр арқылы қол жеткізе алады. Демек, дін мұсылман баласы салиқалы амалға да сабыр арқылы жетпек. «Заманға ант етейін» деп Алла Тағала не үшін айтты дейсіз. Себебі сол Жаратушы Құдай Тағала адамға келте ғұмыр берді. Адамның өмір сүру мүмкіндігін орта есеппен сексен жыл деп топшылағанда, сол уақытын кез келген мұсылман салиқалы амалдармен өткізсе, сексен мил-лиард, тіпті сексен катирлон сауапқа кенелуі мүмкін. Яғни сексен жыл арқылы адам мәңгілік уақытқа қол жеткізуі мүмкін. Алла елшісі (с.ғ.с.) хадисте «Бұл өмір егін даласы, ақырет оның жемісі» дейді. Ол жемістің балдай шырынынан ырыздық алу үшін біз бүгінгі тіршілігімізді ретке келтіруіміз керек. Мысалы, сізге біреу бір қап бидай әкеліп берді делік. Сіз оны бірден жеп қойсаңыз, қысты күні аш қалуыңыз мүмкін. Ал, оны еңбек етіп, жер жыртып, арық қазып, ексеңіз, пайдасын еселеп көресіз. Адамға берілген уақыт нығметі де сондай. Ексеңіз, жейсіз, екпесеңіз, шірисіз. Мұнда да сабыр бар. Ол сізге жемісін төге салмайды. Оны күтесіз, баптайсыз, төзесіз. Бірақ сауабы мәңгілік. Ендеше, Алла тағала сол сексен жылды адам баласына мәңгілік уақытқа кенелсін деп берген. Фәни ғұмырыңыздың жемісін сіз ақы-ретке ексеңіз, онда «мәңгілік» дейтін бақыт бәйтерегін сыйға аласыз. Керісінше, сексен жылдық ғұмырыңызды өткінші тірліктің құзырына арнасаңыз, сөз-сіз пайдасын бұл дүниеде көргеніңізбен, ақыретте оның алар орны жоқ. Себебі, сіз ақыретке егуге арналған дәнекті бұл дүниеде тауысып тастағансыз. Яғни сізде жейтін ештеңеңіз қалмады. Енді не істейсіз? Бұл мәселені осы бастан ойлану керек. Ол жақта өте кеш болады. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Кімде-кім иманмен дүниеден өтсе, ол жәннатқа барады» деген. Сондықтан осы уақыт аралығында адамзат қасіретке ұшырамауы үшін «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммадур РасулАллаһ» деп өзінің Жаратушысын үнемі еске алып отыруы керек.

Екінші бір мәселе, намазға байланысты. Шынайы намаз уақыттан алшақ жатқан жоқ. Күнделікті оқитын намаз уақытпен тікелей байланысты. Намаз арқылы сіз уақыттың қадірін білесіз. Өмірдің қымбаттығын сезінесіз. Өйткені, намаз үстінде мүмін Алла тағалаға есеп береді. Пайдаланып жатқан уақытына разылығын білдіріп, уақыт ара-лығында өзіне бөлінген несібесі жөнінде Аллаға шүкір етеді. Шүкір еткені үшін Алла тағала адамға әр күн сайын жаңа бір парақ ашып береді. Ол мұнтаздай парақ бес бөлімнен тұрады. Аллаға иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. Жаратылыста бүгін немесе ертең деген екі-ақ ұғым бар. Бүгін қазіргі дүние, ал ертең дегеніміз ол ақырет. Жоғарыда айтқанымыздай, бір күннің ішіне мыңдаған айлар, тіпті жылдар сыйып кетуі мүмкін. Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» деген шығармасында осы мәселені қамтыған сияқты. Мәселен, жылына бір келетін қадір түнін алайықшы. Алла «Қадір түні мың айдан да артық» дейді. Яғни сол түнді қарсы алып, тұтастай құлшылықпен өткізген адам ең азы мың айдан бастап, көбі шексіздікке ұласқан сауапқа кенелмек. Осы бір қасиетті түннің қадірін білген адам қаншама сауапқа кенеледі десеңізші. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мен мұсылманның өміріне таң қаламын. Ол басына қайғы түссе, есесіне сауап табады. Қуанышқа кенелсе, шүкір етіп тағы да сауапқа кенеледі» дейді. Мұсылман баласы еш уақытта ұтылмайды. Мұсылманда ұтылу деген мүлде болмайды.

Өмір болған соң, оның ауыртпашылығы болмай тұрмайды. Біреу дүниеден тарлық көрсе, енді біреу денсаулығынан айырылып, ғаріп күйге түседі. Ауруына төзіп, сабырлық танытқан адамның сауабы, тіпті көп. Ислам дінінде кез келген адамның жасаған жақсылығы бұл дүниеде қайтпаса, ақыретте еселеніп қайтуы мүмкін. Бұл жерде де уақыт мәселесінен алшақ кете алмаймыз. Яғни адамның төзімділігін қажет етеді. Мысалы, бір мұсылман қатты науқастанып сабырлық қылса, ниетіне қарай сағатына бір күндік яки апталық немесе одан да көп сауап алуы мүмкін. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір әкім елін бір сағат әділ басқарса, бір жылдық нәпіл ғибадат сауабын алады және ол Алла тағаланың көлеңкесінде (аршсында) болады», – деп айтқан.

Мінеки, өмірінде жасаған кішкентай шарапатың ақыретте «иненің көзінен түйені өткізгендей» салыстыруға келмейтін сауаптармен сараланса, ол адамзат баласын ойландыруы керек. Осыны біле тұрып, біз намазымызды жұмыстарымыздың ыңғайына қарай реттеп жатамыз. Негізінде жұмыстарымызды намазымыздың уақытына қарай реттеуіміз керек. Сонда ғана уақыттың берекеті болады.

Мәңгілік уақыттан құр қалмаған Ислам ғұламалары бір түнде бес жүз яки одан да көп рәкат намаз оқыған. Олардың жазған еңбектеріне қарасаңыз, ол кітаптарға бір адамның ғұмыры жетпейді екен. Ол кітаптарға кемінде жүз отыз жылдай уақыт қажет болған. Ал олар айналасы жетпіс, сексен жылдың ішінде қиын да күрделі жұмысты жазып шыққан. Оған қалай күштері жетті? Таң қалмасқа шарамыз жоқ. Бәлкім, ондай әулие құлдар үшін уақыт та кеңейетін шығар. Исламда мұндай адамдарды «ихсан» дәрежесіне жеткен адамдар деп атайды. Абай мұны «толық» адам деп аударады. Алла елшісі (с.ғ.с.) ихсан дәрежесіне жеткен адамдар туралы «Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау» деп сипаттама береді. Шындығында олар уақытын мәңгілік бақытты иелену үшін жұмсағандар Алланың қалауымен осындай иман шыңына жеткендер Ислам тарихынан белгілі.

Әбдіқадір Жәйлани деген кісінің бір аңыз әңгімесінде заман және уақыт туралы терең ой бедерленеді. Ол үнемі «Замандар ішінде заман бар, мекендер ішінде мекен бар» деп бір сөзін бірнеше рет қайталайды екен. Мұнысын түсінбеген шәкірті аң-таң болып, терең ойдың мәнісін ұға алмаса керек. Бір күні хауыздың басында ұстазының қолына су құйып отырып, хауызға түсіп кетеді. Судан басын шығарып қараса, басқа елде, басқа мекенде жүр екен. Еліне қайтайын десе, елі ол жерден бес мың шақырым қашықтықта болса керек. Амалсыздан сол жерде жұмыс істеп, үйлі-баранды болады. Бір күні үй салып, хауызының басында ойланып отырып, баяғы-дай хауызға түсіп кетеді. Судан басын шығарғаны сол екен өзінің бұрынғы ұстазы қолыма су құйсаңшы деп оны күтіп тұр дейді. Мұның астарында өмірдің өткінші екені, уақыттың да ғажайып жұмбақ нәрсе екені һәм ақыреттің бар, мәңгілік екені терең қамтылған. Тәпсірші ұстазымның бір сөзі бар еді: «Адамдар жер бетінде мыңнан екісін ғана көреді» дейді. Жер бетін жындар бір минутта айналып шығуға мүмкіндігі бар екен. Онда біз өмір сүріп жатқан жер олар үшін тар болатыны мәлім. Яғни, мұнан шығатын пайым, жер ғаламның бір бөлшегі ғана болмақ. Ғалам бәйтерек болса, жер оның дәнегі ғана. Осынша тылсым дүниелерді жаратқан Алла тағаланың құдіретіне қайран қалмасқа, жүрекпен иланбасқа қандай кедергі бар? Ендеше, адамзат баласы бұл фәнидегі аз уақытын мәңгілік өмірдің бастауы деп түсінгені жөн.

Мұхиддин ИСАҰЛЫ,

теология (Құран) ғылымының докторы,

«Ислам және өркениет» газетінен

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: