Жақсылық жасауға, тақуалыққа ұмтылайық

Жақсылық жасауға, тақуалыққа ұмтылайық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат баласына барлық игіліктер мен бақытқа, тыныштыққа, ынтымақ, береке-бірлікке, жақсылыққа, тақуалыққа жеткізетін тура жолды көрсетіп, екі дүниенің нығметтеріне бөленетін амалдарын үйретіп, насихаттайтын қасиетті кітап - Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерін қанша көп оқып, қайталаған сайын олардың құпия сырлары ашылып, тіпті тереңдей береді. Алла тағала: «Шынында да, Алла тақуа, жақсылық істеушілермен бірге» («Нақыл» сүресі, 128-аят),- деген. Жаратушы иеміз тек өзіне құлшылық жасауды, жақсылық жасауға асығуды және шариғат тыйым салғаннан тыйылуды бұйырды.

Сондай-ақ, адамдар арасында қатынас сүйіспеншілік пен өзара көмек негізінде болуын, әрбір адамның басқаға көмек қолын созуға дайын тұру, басқаға жақсылық жасау керектігін, әр пенденің әдепті, қайырымдылық пен мейірімділік, достық пейілде болып, тек жақсы сөз сөйлеуін, әркімнің барлық адамзатты бақытты етуге ұмтылуын әмір етті.

Осылай еткенде ғана барлығы табысқа жетеді, бүкіл адамзат дүние және ақырет игілігіне ие болады.

Тақуалық (Құдайдан қорқу) ескерту ретінде қолданылатын көп мағыналы сөз, ол Ислам дініндегі ақидаға, құлшылыққа, адамдардың қарым-қатынасына, адамгершілікке қатысты ұғымды толықтай қамтиды.

Алла тағала: «Ізгілік - жүздеріңді шығысқа немесе батысқа бағыттауларың емес. Алайда, ізгілік - Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітапқа және пайғамбарларға иман келтіргендер, сондай-ақ, өзі жақсы көре отырып, байлығынан, жақын туыстарға, жетімдерге, кедейлерге, жолда қалған жолаушыларға, қайыршыларға, құлды азат етуге жұмсағандар, әрі намазды толық орындап, зекет бергендер, аманат уәдесінде тұрғандар, қиын-шылықта, ауырғанда және соғыс кезінде сабырлық танытқандар, шыншыл болғандар, міне, солар нағыз тақуалар» («Бақара» сүресі, 177-аят),- деген.

Демек, тақуа болу дегеніміз - Алла тағалаға бойұсынып, оған қарсы болмау, оны үнемі есте ұстау, оны ұмытпау, оған алғыс айту, жақсылықтарда шүкіршілік ету, қиыншылықтарда тәубаға келіп, бұйырғанды орындау. Алла тағала: «Ей, мүміндер! Алладан шын қорқыңдар, шынайы мұсылман болған күйде ғана өліңдер» («Ғимран» сүресі, 102-аят),- дегенін естен шығармау.

Алла тағала: «Шынында, жақсылықтар жамандықты жояды» («Һүд» сүресі, 114-аят),- деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаман істен кейін оны жоятын жақсылық істе»,- деген. Жамандықты ең көркем түрде қайтару, (жамандыққа жақсылық жасау) сол уақытта араларыңдағы дұшпандық жақын достыққа айналады. Мұндай адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынастар мәнді және әрбір адам басқалардың өзіне қандай қарым-қатынас жасауын қаласа, өзі де басқаларға сондай қатынас жасау керек. Ол адамдарды жақсы көреді, оларды құрметтейді және оларға жақсылық жасайды, олар оған жақсылықпен жауап береді. Мұндай жағдайда қоғамның әрбір мүшесі алаңсыз, тыныш өз міндеттерін шын пейілмен орындайтын болады. Барлық іс тәртіпке келеді, өркениет дамып, қоршаған орта гүлденетін болады. Ендеше, жақсылық пен тақуалыққа жәрдемдесейік, ағайын!

Малғаждар ЖЫЛҚЫШБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: