Аршы қазынасынан берілген қос аят

Аршы қазынасынан берілген қос аят

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

بسم الله الرحمن الرحيم

Әр жұма сайын мешітіміздің босағасын жаңа намазхандар аттайды. Олар үшін әрдайым мешіт есігі айқара ашық. Мешітіміздің имамдары оларға намаз үйретуден еш жалықпайды. Міне, осы бауырларымызға имани дәріс болсын деп бүгінгі жұма уағызын көпшілікке «әманар расул» атымен танымал Бақара сүресінің соңғы екі аятын түсіндіруге арнадық.

Бұл қос аят пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғраж түні берілген сый. Аяттар мазмұны имандылық тақырыбы.

Имам Ахмед хадис жинағында сахаба Әбу Заррдан (р.а.) риуаят етілген мынадай хадис бар:

أُعْطِيتُ خواتم سورة البقرة مِنْ كنز تحت العرش لم يُعطِهِهنَّ نبيٌّ قبلي

Яғни: «Маған Аршы астындағы менен алдынғы ешбір пайғамбарға берілмеген қазынадан болған Бақара сүресінің соңғы аяттары берілді», деген.

Муслим Зубайр бин Адиден, Талхадан, Муррадан және Абдулладан мына хадисті риуаят етеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) миғражға көтерілгенде сидрат мунтаһаға кетіп жетті. Ол аспанның жетінші қабатында орналасқан мақам. Ол мақамға жерден көтерілген әрбір нәрсе келіп тоқтайтын және жоғарыдан түсірілген әрбір нәрсе келіп жететін орын. (Құранда бұл жайлы)

إذْ يغْشى السدْرةَ ما يَغْشَى

Ол: алтыннан болған төсеніш. Алла елшісіне (с.ғ.с.) ол жерде үш нәрсе берілді, олар: бес уақыт намаз, бақара сүресінің соңғы аяттары және үмбетінен Алла тағалаға серік қоспағанының қалған күнәлары кешірілуі», деген.

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) құзырында хазіреті Жәбірейл (ғ.с.) отырған. Кенет көктен бір дыбыс естілді. Жәбірейіл (ғ.с.) назарын аспанға көтеріп: бұл осы күнге дейін ешбір ашылмаған аспан есігі, деді. Ол сөзін жалғастырып: ол аспаннан періште түсіп пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп:

أُبشِّرُ بنوريْن قدْ أُوتيتَهما لمْ يُؤْتَهما نبيٌّ قبْلك فاتحة الكتاب و خواتم سورة البقرة, لنْ تقرأَ حرفًا منهما إِلاَّ أُوتيتَهُ

Яғни: «Сізге беріліп жатқан қос нұрмен сүйіншілеймін. Сізден алдын ешбір пайғамбарға берілмеген. Кітап беташары (фатиха) және бақара сүресінің соңғы аяттары. Бұл (сүрелердің) әрбір оқыған әрпіне сізге сауап беріледі», деген (Муслим және Насаи).

آَمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ

«Елші, яғни расул өз Раббысынан түскен үкімге иман етті. Мүминдер де оған иман келтірді», дейді. Анас бин Малик (р.а.): бұл аят түскенде пайғамбар (с.ғ.с.)

حقٌّ له أَنْ يؤْمِنَ

Яғни: «иман ету оның (расулдің) міндеті», деген екен.

كُلٌّ آَمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِنْ رُسُلِهِ

Мағынасы: «барлығы (расул де, мүминдер де) Алла тағалаға, Оның періштелеріне, кітаптарына және елшілеріне иман етті. Алла елшілерін бір бірінен бөліп жармаймыз», делінген.

Расында мұсылмандар Алла тағаланы затында жалғыз және сипаттарында теңдессіз, еш нәрсеге мұқтаж емес, Одан басқа тәңір жоқ, Одан басқа Жаратушы жоқ, деп иман келтіреді. Сонымен қатар барлық пайғамбар мен елшілерді растайды. Алла тағаланың сүйікті пенделері расулдер мен набилерге көктен түскен кітаптарды растап иман етеді. Ешбір пайғамбар мен расулге қатысты иман шартында бірін пайғамбар деп таныса, енді бірін мойындамай арасын бөліп қарау деген мұсылманшылықта жоқ. Иман негізінде барлық пайғамбар мен елші (баршасына Алла тағаланың салауаты мен сәлемі болғай) шыншыл, күнәдан пәк, тура жолда, Алла тарапынан һидаятта және тура жолға бастаушы болып табылады. Барлық расул мен нәбилердің адамзатқа алып келген діні ханиф, Алла тағалаға иман ету діні. Олардың айырмашылығы тек шариғатта. Яғни кейін келген елші, өзінен алдынғы елшінің шариғатын насих, үкімін тоқтатып отырған. Ең соңында пайғамбарлар мен елшілер сұлтаны хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әкелген шариғаты алдынғы шариғаттардың үкімін тоқтатты. Мұхаммади шариғат қиямет күніне дейін бек тұратын үкім.

وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ

Мағынасы: «Олар (расул мен мүминдер) біз естідік және бойұсындық. Раббым: біздің күнәларымызды кеш. Біздің қайтар жеріміз Сенің құзырың», деп әмір етілген. Яғни: уа, Раббым! біз Сенің әміріңді естідік, ұғындық және бойұсындық. Біздің күнәмізді кеш, рақымшылық пен жұмсақтық ет, деген мағынаны білдіреді.

Ибн Жарир риуаяты: Алла елшісіне (с.ғ.с.) осы аят түскенде Жәбірейіл (ғ.с.) оған:

إنّ الله قدْ أحسنَ الثناءَ عليك و على أُمَّتك فسلْ تُعْطَهُ

Яғни: «Расында Алла тағала сізге және үмбетіңе жоғары дәрежеде мақтау айтты. Раббыңнан сұра, сұрағаның беріледі», деген екен. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) дұға еткен екен.

لا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلاَّ وُسْعَهَا

Мағынасы: «Алла тағала пендеге тек оның шамасы келетін істі ғана міндеттейді», деп әмір етілген. Аятта ешбір пендеге шама шарқынан жоғары келетін амал міндеттелмейтіндігі айтылуда. Бұл Жаратушының пендеге деген мейірімділігі. Оларға берген рақыметі мен кеңшілігі. Бұл аят, Құрандағы

و إنْ تُبْدوا ما في أنفسكم أوْ تُخْفوهُ يحاسِبْكم به اللهُ

Мағынасы: «Егер сендер іштеріңдегі бір нәрсені айтсаңдар немесе оның бүгіп қалсаңдар, ол үшін Алла тағал есеп алады», деген аят үкімін насих еткен. Бұл аятта: Алла тағала пендені оның барлық амалы мен сөзі есеп қисап етіп, сұраса да, тек пенденің кері қайтаруға шамасы келген амалы үшін ғана жаза беретіндігі айтылуда. Ал, пенде тоқтатуға әрекет етсе де әлі келмейтін нәпсінің уәсуәсасы және сөзі секілді жайттар үшін ешбір жаза жоқ. Өйткені уәсуәсаны тоқтату адамның шамасындағы іс емес. Сондықтан бұл таклиф, яғни мұсылманға міндеттелген амал қатарына жатпайды. Ал, жаман уәуасаны ұнатпау және жек көру кісінің иманыды екенін аңғартады.

لَهَا مَا كَسَبَتْ وَعَلَيْهَا مَا اكْتَسَبَتْ

Яғни: «Нәпсіге (адамға) өзі жасаған жақсылығы және істеген жамандығы өзіне тиеді». Бұл таклиф, яғни міндет болып саналатын амалдар. Адам баласы титтай жақсылығы және зәредей жамандығы үшін есеп қисап береді. Аяттағы бұл сөздерден кейін, Алла тағала пендесіне істеген қателігі үшін кешірім сұрауды көрсетіп,

رَبَّنَا لاَ تُؤَاخِذْنَا إِنْ نَسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا

Мағынасы: «Раббым! біздің ұмытып немесе қателесіп істеген амалдарымыз үшін жазғырма, жазалама», деп истиғфар жасауды үйретуде. Аятта: біз парыз амалымызды ұмытып орындамай қойсақ, тыйым етілген істі ұмытып жасап қойсақ, бізге кешірімді бол, деп мәніжат етуді үйретуде.

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді, Алла елшісі (с.ғ.с.): إن الله وضع عن أُمَّتي الخطأ و النسيان و ما استكرهوا عليه

Мағынасы: «Расында Алла тағала менің үмбетімнің ұмытып, қателісіп және мәжбүрлеп істеген амалдарын кешті», деп айтқан (Ибн Мажаһ және Ибн Хиббан).

Тағы бір хадисте: إن الله تجاوز لأمتي عن ثلاث: عن الخطأ و النسيان و الاستكراه.

Яғни: «Алла тағала менің үмбетіме үш нәрсеге кешірім етті: қателікке, ұмытуға және мәжбүрлікке», деп айтқан.

Осы хадисті Әбу Бәкір ғалым Хасанға айтқанға ол кісі: ия, «роббанә лә туахизнәны» оқымадың ба?, деп жауап берген екен.

Адам баласы ұмытшақ, қатеге бой алдырғын келеді. Қателікпен және ұмытып, істеген амалымыз үшін жауапқа тартылмаймыз. Міне, бұл Алла тағаланың пендеге жасаған үлкен кеңшілігі. Сондай ақ, дінімізде адам баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрса, жанын амал алып қалу үшін мұсылманшылықта тыйым салынған сөздерді айтуы күпірлік емес. Тек жүрегінде иманы берік тұруы міндет.

رَبَّنَا وَلا تَحْمِلْ عَلَيْنَا إِصْرًا كَمَا حَمَلْتَهُ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِنَا

Мағынасы: «Раббым! бізден алдынғы үмбеттерге жүктегендей, бізге ауыр міндет арқалатпа», делінген.

Алдынғы үмбеттер шариғатында біздің шамамыз келмейтін бұйрықтар болды. Міне, солардың барлығы соңғы пайғамбар үмбеті үшін жеңілдетілген. Рақымет пайғамбары (с.ғ.с.) бұл жайлы: بُعِثْتُ بالحنفيّة السمحة

Мағынасы: «Мен ханиф, Бір Аллаға құлшылық және жеңіл дінмен келдім», деген.

Шын мәнінде, дәрет, намаз оқу, құран жаттау секілді ғибадаттар өте жеңіл. Тек жалқау адам ғана уақытты және бала шағаны асырау сияқты сылтаулармен намазға жығылмай жүреді.

رَبَّنَا وَلاَ تُحَمِّلْنَا مَا لاَ طَاقَةَ لَنَا بِهِ

Мағынасы: «Раббым! біздің шамамыз келмейтінді жүктеме», делінген. Аяттың бұл сөздері: қиыншылық пен пәлекеттер жайлы.

وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَا

Мағынасы: «Бізді кешір, бізді жарылқа, бізге мархамет ет».

Бұл жерде кешірім сөзінің үш түрі қолданылған. Әуелгісі: пенде мен Раббысы арасындағы амал. Яғни, Алла тағаланың әмірін орындаудағы пенденің біліп яки білмей істеген кемшіліктері мен қателіктері үшін кешірім сұрауы. Екіншісі: пенделердің өз арасындағы амалдар. Яғни, басқа адамдарға пенденің жаман әдеттері мен әрекеттерін көрсетпеуді сұрап, жасыруын тілеп жалбарынуы. Үшінші:болашақта болуы мүмкін күнәлардан сақтауды сұрап дұға етуі. Міне сондықтан да, ғұламалар: «Күнәкар үш нәрсеге: Алла тағаланың Жаратушы мен пенде арасындағы ақысын кешуіне, Жаратушының пендесін басқа адамдар көзінен қате кемшіліктерін жасырып масқара болудан сақтауына және ертеңгі күнгі күнәлардан аман алып қалуына, мұқтаж», деп айтқан.

أَنْتَ مَوْلاَنَا Мағынасы: «Сен иемізсің!».

Пенденің жәрдем сұрайтын, тәуекел ететін және жалбарынатын жалғыз Жаратушысы Алла тағала. Жақсылық жасау және жамандықтан сақтау тек Алланың көмегімен болады.

فَانْصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ

«Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!». Яғни: Сенің дініңді мойындамаған, Бірлігіңді қабыл етпеген, пайғамбарыңның елшіліге қарсылық білдірген, Сенен басқа ешбір пайда да, зиян да бере алмайтын өз қолдарымен жасаған құдайларына сиынып серік қосқан кәпірлерден бізді үстем ет, деген мінәжат.

Ибн Жарир Әбу Исхақтан баяндайды: Мұғаз (р.а.): осы сүрені оқып болып  فَانْصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ  Оқыған соң: әумин, деуші еді, дейді.

Міне, бұл екі аят пайғамбарымызды (с.ғ.с.) екі жағынан демеп жүрген жанашырлары өмірлік жары Хадиша (р.а.) анамыз бен немере ағасы Әбу Талибтен бірдей айырылған қайғы жылы түсті. Бұл аят пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бес уақыт намазбен бірге берілген сый болды.

Бақара сүресінің соңғы екі аятында иман негіздері мен пенде орындауға міндетті және шамасы жетпейтін амалдар ара жігі ажыратылып көрсетілген. Сондай ақ, адам баласы Раббысына өз күнәсін кешіру үшін қалай дұға ету керектігі айтылған.

Қ.Б. Заңқоев

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: