...Осы тақырып дәл бүгінгі таңда қоғамның ең бір өзекті мәселесіне айналды. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер әз аналар арасынан азғындаған сіңлілеріміздің, қыздарымыздың осындай келеңсіздіктерге ұрынуы бір ғана отбасының немесе бір ғана ауылдың, аймақтың қасіреті емес, қазақ деген жаны жайсаң, көңілі дархан ұлтымыздың ұятына таңба болып басылып тұр. Расында алып анадан туады! Кешегі дана тұлға Абайды Ұлжан шешей дәретсіз емізбеген екен. Сол әдептен әдірәм қалғандардың бүгінде көбейіп тұрғандығы өңешіңді өртейді. Соңғы айларда облысымызда орын алған «сұмдық» оқиғалар есі түзу адамның баршасын жаға ұстаттырды. Оның үстіне әншейінде тайып-жығылған кішкентай оқиғаны өңшең жырта айқайлап, сүйіншілейтін өзіміздің түрлі телеарналарымыз бұл оқиғалардың кезінде тіптен құтырып кетті. Амалсыздан арналарды ауыстырып жіберуге тура келді, ондайда. Басқалары да сол оқиғаларды айтып, айқайлаудан күні бүгінге дейін таймауда. Айтса, айта берсін ғой, болар оқиға болды, бірақ бояуын сонша быттыйтудың қажеті бар ма?! Оқиға орын алды, ел-жұрт болып кінәлілерге лағынет айтуда, тікелей кінәсі бар, кінәсі жоғы бар, лауазымды тұлғалар тегіс тағынан тайдырылып жатыр, сабақ болсын деп. Жаңа туған нәрестені «қоқыс жәшігіне тастап кетіпті», «әжетханада қалдырып кетіпті» деген сөздерді қазір көп еститін болдық. Басқа емес, өзіміздің қара көз қыздарымыз осындай қасиетсіздіктерге баруда.
Бұрындары ғой, осындай жолсыздықтың барлығын өзге ұлт өкілдерінің көптігінен көретінбіз. Арақ ішуді, жартылай жалаңаш жүруді, көшеде тұрып алып аймалап, сүйісуді өзіміз ұстаз санаған үлкен ұлттан келген пәле деп бағалайтынбыз. Ал қазір ше? Тәуелсіз елміз, біртұтас ұлтпыз, қазақ деген халықпыз. Басқа ұлт өкілдері қазақтарды еліміздің ұйыстырушы ұлты ретінде төбесіне көтеруде. Білімізді «мемлекеттік тіл» ретінде қабылдап, өз тіліндей үйреніп жатқандар қаншама. Осындай жағдайда ақталуға себеп жоқ. Біреуден көруге аузың да бармайды. Заман басқа дейін десең, желкілдеп өсіп келе жатқан білікті, білімді, әдепті жастарымыз бар, Төлегендей айбарлы жігіттеріміз де аз емес. Осылардың арасынан жаңағыдай әдепсіздер, көргенсіздер қайдан шығады?! Қоғам ауру дейін десең, дені сау, жұмыс істейтін адамдардың ең сорлысының жағдайы жаман деуге келмейді. Мектептен дейін десең, зәулім сарайдай сәулетті білім ошақтарының есігі айқара ашық. Ұстаздардың қателігі деп айтайын десең, олардың да еңбегі ерең. Әрине, бірең-сараны бар болар. Айналып келгенде сол мектеп пен отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Өзімізді өзіміз қанша ақтағанымызбен кінә өзімізден, мойымдауымыз керек.
Осы оқиғалардан кейін бесіктегі баладан бастап тәрбиеге басқаша қарауға, ең алдымен қазақы әдепке үйретуді қолға алуға міндеттіміз. Әсіресе, қыз балалардың бойына қазақтың ең асыл қасиеттерін, ең бірінші, өзінің ата-анасын, ата-әжесін, одан кейін бауырларын, төңірегін, үлкендерді, кішілерді сыйлау, құрметтеу сияқты қасиеттерді бойына сіздіре білуіміз керек. Тәрбиедегі еңбек өтеусіз кетпейді. Ал, тәрбиені босаңсытсақ, баланы бастан бетімен жіберсек, онда ұрпақтың бүлінгені. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақтың мақалы қағидаға айналуы тиіс. Айтуға оңай шығар, атқаруға қиын болар, бірақ ата-аналар болып, мектеп болып, қоғам болып осы айтылғандарды орындай алсақ, ұрпағымыз жаман болып өспес.
Доқтыркүл Есіркепқызы,
ардақты ана.
Доқтыркүл Есіркепова оқушыларымен (сурет 2007 жылы түсірілген)