Ғаламдық мәдениеттің бір бөлігін кітап құрайды. Кітап оқу - білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Күнделікті өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез байқауға болады. Кітап оқитын адам ақыл-парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.
Иә, алғашқы бұйрығы اقْرَأْ «Оқы!»[1] деп келген Ислам діні оқуға қатты көңіл бөледі. «Құранда оқы деген мағынаны білдіретін «қирағат» сөзінен тарайтын 87, жазу мағынасына келетін үш бөлек сөзден тарайтын 336, ғылым деген мәндегі және сол мәннен тарайтын 780 cөздің кездесуі бізге ой салуы тиіс»[2]. Бұл Жаратушы иеміздің мұсылмандарды оқуға көңіл бөлуге шақыратындығын ұқтыруда. Бұған қоса, қалам мен сиясауытты (нун) жеке-дара атап серт беруі де осы мағынаны үстемелейді.
«Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімге білім жамап отырудың қажеттігін ескерткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің де (с.а.с.) оқуға, ілім үйренуге шақыратын хадистері көп. «Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйретуі»[3], «Көк пен жердің арасындағылар, илеуіндегі құмырсқа, теңіздердегі балықтарға дейін (бүкіл тіршілік иелері) ілім үйренушіге игі дұға тілейді»[4], «Алла ілім арқылы бірқатар ұлттардың абыройын биіктеді, жақсылықта басқаларға жолбасшы етеді, ел солардың ізіне еретін болатын»[5] деген хадистерін осылардың қатарында атап өтуге болады.
Х - XII ғасырларда Ислам әлемінде ғылым-білімнің шарықтап дамуымен кітап шығару ісі өркендеп, кітапханалар саны көбейді. әл-Мәмун дәуірінде (786-833) Бағдатта «Бәйтүл-хикма» (Даналық үйі) атты алғашқы кітапхана әрі обсерваториялар салына бастады[6]. Бір Бағдат қаласының өзінде 36 кітапхана жұмыс істеген деген деректер кездеседі[7]. Ең соңғы кітапхана он мың том кітабы бар уәзір Ибнул-Алқамаға тән болған. Бірақ бұл кітапхана да 1258 жылғы монғол-татар шапқыншылығы кезінде қиратылып, Отырар кітапханасының кебін киген[8].
Харұн Рашид дәуірінде араб тарихшысы Омар Уақидидің (736-811) жеке басында жүз жиырма түйеге жүк боларлық кітабы болған[9]. Көне мәліметтерде Александрия кітапханасында 900 000 (тоғыз жүз мың) том қолжазба сақталғандығы айтылады[10].
Иранда да халыққа арналған жалпы және жеке кітапханалар көп болған. Ең жақсы кітапханалары Шираз бен Мәру қалаларында еді[11].
Бұл ғасырларда жинақ шығару, кітапхана әдістемесі тұрғысынан Ислам әлемі Еуропа кітапхана жүйесінен үш-төрт ғасыр озып кеткен. Орта дәуір Еуропасы бұл кезде кітаптарды сөрелерге шынжырлармен байлап тізіп қоятындай әлі дамымаған еді. Оқырманға кітап осы шынжырымен бірге берілген. Тіпті ашық темір торға салып қойып, сыртынан парақтатып оқытқан кездері де кездескен[12]. Бұл кезде мұсылмандардың мәдениет ошағы болған Андалусияда әл-Хакам атты халифаның кітапханасында 600 000 (алты жүз мың) кітап болса, ал одан төрт ғасыр кейінгі Еуропаның өзінде «Білімпаз Чарлз» деп аталған Франция королі V Чарлздың кітапханасы небәрі 900-ақ (тоғыз жүз) еңбектен аспаған[13].
Кітапқұмарлық тұрғысынан үш-төрт мұсылман ғалымның өмірін мысал ете кеткен де орынды. Айталық, 63 жасында қайтыс болған әйгілі мұсылман ғалымы Фахраддин ар-Рази артына ғылыми маңызы зор екі жүз еңбек қалдырған. Жазған кітаптарын қаттап тізгенде, кісі бойынан асатын деседі. Тәпір саласында жазған еңбегінің өзі он екі мың бетті құраған. Бұны өміріне шаққанымызда, балалық шағынан бастап күніне 15-20 бет ғылыми зерттеу жазған болып шығады. Дастарқан басына отырғанда да ол бір жағы тамақ жеп, бір жағы кітапқа шұқшиюдан бас алмаған.
Ал әл-Жахыз атты ғалым түнімен кітапханаларды жалға алып кітап оқыған көрінеді.
Кітапқұмар тағы бір кісі XI ғасырда Фатимидтер билеушісі Махмұддудәулә ибн Фатих еді. Ол медицина, математика және пәлсапа ілімдерін үйреніп, өзі де сол салаларда көп қалам тербейтін. Ибн Әби Ұсайбия: «Ол көп жазатын. Өз қолымен жазған көп еңбектерін таптым», - деген. Махмұд ибн Фатихтың жинаған кітабының есебі жоқ еді. Қызығы сол, Ибн Әбу Ұсайбаның жинаған кітаптарының көбі иістеніп, бүлініп, суға малынғандай әсер беретін. Кітаптардың бұл жағдайын Каирлік ғалым Шейх Садиддин былай түсіндірген:
«Фатих билеуші ілімқұмар болғандықтан, бір кітапхана салдырған еді. Атынан түсе салысымен, кітапханасына жүгіретін. Оны ешкім кітаптан бас тартқыза алмайтын. Басқа көп ештеңеге көңіл бөлместен оқу-жазу ісімен айналысатын. Өйткені бұл істі өте маңызды деп санайтын. Әйелі де өзі секілді текті әулеттен шыққан кісі еді. Күйеуі қайтыс болысымен, әйелі жалшыларды ертіп барып, кітапханадағы барлық кітаптарды су толы кең хауызға тастатыпты. Күйеуінің қайғысына да қарамады. Өйткені ең жек көретіні осы кітаптар еді. Күйеуі осы кітаптарға шұқшиятыны соншалық - әйеліне де көңіл бөлмейтін. Кейіннен кітаптар судан шығарылады, алайда көпшілігі иістеніп, бүлініп қалған еді»[14].
Рай қаласында Уәзір Ибн Амид (қ.ж. 971) та кітапқұмар ғалым кісі еді. 965 жылы Амидтың үйін бір мәзһабтың адамдары келіп қиратып, бүкіл дүниесін талан-таражға салады. Ибнул-Амидтың кітапханасына қарайтын Ибн Мискауайх сол оқиғаны былай еске алған: «Ибнул-Амид үшін әлемдегі ең қымбат дүние - кітап еді. Ол бұл іске қатты налыды. Ғылым, пәлсапа, әдебиеттің барлық салалары жайында жүз түйеге жүк боларлық кітаптары бар болатын. Мені көргенде, басқа дүниесін емес дереу кітаптарын сұрады. Кітаптарының түгел екенін естігенде, қатты қуанып: «Сен бақытты адамсың. Барлық нәрсені жаңалауға болар. Бірақ қолға түсе бермейтін кітаптарды жаңалау қиын», - деді. Сөйтті де ол кітаптарды басқа жаққа апаруымды өтінді»[15].
Бұл мысалдар тарихта мұсылмандардың кітап оқуға қаншалықты ынтамен қарағанын ұғуымызға жеткілікті. Кітапқа, білімге құмар болған кезде мұсылман әлемі дамыды. Ғылымда, білімде, мәдениетте ешкімге ат оздырмады. Күллі әлемді таңдай қақтырды. Демек, қандай да бір елдің болашағын сол елдегі кітап оқуға деген қызығушылықтың деңгейінен болжауға болады деуге толық негіз бар.
Өмірде кітап оқудың адамға берері көп. Шындап келгенде, әр кітап бір-бір тәжірибелі ұстазға, ақыл қалтаға ұқсайды. Басқалардың қанша жылғы білген-түйген нәрселерін, ізденісін біз сол кісінің жазған кітабын оқу арқылы-ақ үйрене аламыз. Демек, кітап оқу өмірде қателеспеу үшін басқалардың тәжірибесімен танысу дегенді де білдіреді.
Кітап - адамға таптырмайтын пайдалы дос. Ол жай уақытта ешкімнің мазасын алмайтын, қажет кезде үнемі қасыңнан табылатын, кез келген сәтте кеңес беруге әзір, ақылына ақы сұрамайтын, жан сарайымызды серпілтіп, көңілге түрлі шабыт сыйлайтын, үнсіз тұрғанмен оқысаң өзінің сырлы әлеміне ертіп ала жөнелетін, дұрыс жолды көрсететін жанашыр әрі адамды жалықтырмайтын серік деуге болады.
Кітап оқу - білімділікке баулиды. Ал білімсіздік - адамның опа бермес дұшпаны. Көп қателік білімсіздіктен туатыны даусыз. Білімді адамға өмірде қашанда жол ашық болады. Ел де білімді адамды құрметтейді. Өйткені білімді адам әрқашан елге пайдасын тигізеді. Оны маңайына жарық түсірген шамға ұқсатуға болады. Айталық, ұлық имам Әбу Ханифа Құран мен сүннеттен бес жүз мың мәселенің үкімін айқындап, төрт мыңнан аса пәтуа берген деген деректер бар[16]. Әрине, бұл көп оқудан, көп ізденістен туған пайдалы еңбек. Ал білімсіздің өзгелерді кері сүйрегеннен басқа берері болмайды. Өйткені, өзі ұйқыдағы жанның басқаларды оятуы мүмкін емес. Сол себепті Құранда
قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ
«Білімділер мен білімсіздер тең бе?»[17] - делінген.
Мал екеш малдың өзі кей шөптерді жемейтінін ескерсек, адамға қандай кітап оқу керектігі де ойлануға тұрарлық. Бұл тұрғыда «Я, раббым, пайдасы жоқ ілімнен сақта!» деп тілеген адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегесі ерекше үлгі аларлық. Иса пайғамбар да (а.с.) бір сөзінде осы ақиқатты тілге тиек етіп: «Ағаштар көп, бірақ барлығы жеміс бермейді. Жемістер көп, бірақ барлығы дәмді бола бермейді. Ілімдер де көп, бірақ барлығы пайдалы бола бермейді», - деп ой салған. Сол себепті тарихта мұсылмандар не нәрсенің де жақсы жағына ұмтылып, оқылатын кітаптарға зор талғаммен қарап, білім-ғылымның да ақыретке пайдалысын, адамгершілік пен имандылықты арттырып, адамдық мінезді түзейтінін таңдауға ерекше назар аударған.
Кітап оқу - адамның өзін тануына жол ашады. Өйткені өзін таныған, бойындағы сан түрлі қасиеттердің астарына үңілген жан өзін қадірлеп, мінсіз етіп жаратқан Раббысының құдіретіне тәнті бола бастайды. Тіршілік ету үшін адамға ең керекті мүшелерді берген, бойына сансыз сезімді сіңірген, түрлі қабілет дарытқан Жаратушының асқан шеберлігін ұғынады. Сол себепті бұрынғы тақуа кісілерден «Өзін таныған адам Раббысын да таниды» деген нақыл сөз қалған.
«Кітап - рухани сарқылмас қазына». Мұсылман үшін кітап оқу иманын жаңалап отыру үшін де керек. Өйткені бір хадистерінде Пайғамбарымыз: «Киімдерің ескіргенде оны жаңалағандарың секілді, көкіректегі иманды да тот басады. Оны да жаңалап отыру керек», - деп, осы шындықты меңзеген. Яғни мұсылман адам үнемі өзін рухани тұрғыдан жетілдіріп, жаңалап отыруға мәжбүр. Кері жағдайда иманы әлсіреп, босаңсып, ғапылдыққа ұрынады. Сол себепті күн сайын адамды рухани өсіріп, иманын арттырып, адамдық пен адалдыққа жөн сілтеп отыратын кітаптарды тұрақты түрде оқып отырудың берері мол. Бұл тұста «Оқымасаң, тоқырайсың» деген аталы сөзді есте ұстаған артық емес.
«Кітап - көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан». Күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды әдетке айналдыра білу керек. Айталық, жол жүргенде, аялдамада немесе қоғамдық көлікте отырғанда, жұмыста, үйде т.б. қол қалт еткен кез келген сәтте өзіңмен бірге ала жүріп газет, журнал, кітап ашып оқып, сол уақыттарды да ұтымды пайдаланудың берері көп. Өркениетті елдерде халық бұл әдетті бойға жақсы сіңіре білген. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқығанда, «Оқығанды көңілге ықыласпен тоқып» (Ы. Алтынсарин) сол кітаптың нәрін сарқып алуға тырысу керек. Қажет болса, кітаптың өзіне ең түсінікті жерінен бастау да сөкеттікке жатпайды. Кітап оқу барысында іштей мынадай сұрақтарға жауап іздеген жөн: «Кітаптың атауына ішкі мазмұны сай ма?», «Автордың ізденісі, баяндау мәнері қандай?», «Қай тұстары ерекше көңілге қонымды?», «Кітап қанша тарауға бөлінген?», «Жалпы алғанда мен өзіме не түйдім?» т.б. Бұл қолға алған кітапқа толық көңіл бөліп, мазмұнын жақсы есте сақтауға көмектеседі.
Иә, «Кітап - білім бұлағы, білім - өмір шырағы». Адамгершілігін арттыру, шын мәнінде оқыған азамат, зиялы мұсылман болу жолында кітаптың берері мол. Тарихта әлі күнге есімі ел есінде келе жатқан тұлғалардың бәрі де жастай ерінбей-жалықпай оқуды өздеріне әдет еткендер. Айталық, «Артық ғылым кітапта ерінбей оқып-көруге» деген Абай атамыз жас кезінен қаладан ауылға қатынаған адамдардан қоржын-қоржын кітаптар алып оқуды өзіне әдет еткен. Абай атамыз оқыған кітаптар арасында батыстың да, шығыстың да ең озық әдебиеттері болғаны белгілі. Бүкіл пәлсапалық еңбектері Ислами дүниетанымға негізделгенін ескерсек, әрі аят-хадистерден мол хабардар болғанына қарасақ, әлемдік классикалық еңбектермен қатар Абай атамыздың әсіресе рухани азық боларлық дүниелерге көбірек көңіл бөлгенін аңғару қиын емес. Шәкәрім де кезінде Ытамбұл кітапханаларына дейін барып, сарыла кітап іздегенін білеміз. Артына 30 томдық мол мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп бабамыз да жасынан зейінді, өте көп оқыған жан болған.
«Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта». Осы орайда, бұрынғы дана, ойшылдармен сырлас, мұңдас болып, солармен әңгімелесіп, пікір алмасуға бүгінгі күні де жол ашық. Ол - сол кісілердің еңбектерін оқуда жатыр. Л.Н. Толстой бұл туралы «Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей», - деген. Шын мәнісінде, біз Алла тағаланы да қасиетті Құран арқылы, сүйікті Пайғамбарымыз бен сахабаларды да, небір тақуа құлдар мен ғалым, дана, ойшылдардың барлығын кітап оқу арқылы танимыз. Тіпті әдебиет, мәдениет, тарих, салт-дәстүр негіздерін де кітаптан үйренеміз. Өмірге керекті мамандығымызды да кітап арқылы игереміз.
Ал кітап оқымау адамның зейінін тұмшалап, зеректік қабілетін төмендетеді. Д. Дидро айтқандай, «Кітап оқымаған адам тіпті ойлаудан да қалады». Ал ойлау адам болып қалудың басты қасиеті емес пе? Ойланбаған адам өмірдің мәнін қалай білмек? Жаратушыны қалай танымақ? Осы тұрғыда шығыста «Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» дейтін даналық сөз бар. Яғни ғаламды алып кітап деп алсақ, соны түсініп, ондағы құдіреттің нақыштарын зерделеу үшін көп кітап оқу қажет.
Түптеп келгенде, жерде қағаз жатса, Алланың аты жазылған болуы мүмкін деп оны аяқасты етпейтін мұсылмандық ұғымда кітаптың қастерлі ұғым екені талассыз. Өйткені кітаптың тәрбие құралы екені де белгілі. Олай болса, кітап оқуды белгілі бір кезеңмен шектемей (мектеп я университет), оны өмірлік дағдыға айналдыра білудің адамға берері мол.
Қ.Бағашар,
(Ислам және Өнеге, А., 2010ж.)
[1] «Алақ» сүресі, 1-аят.
[2] Асым Шарк. Гүзел аһлақ сахиби олмақ. Стамбул. Ышык йайынлары. 2010. Б. 186.
[3] Тирмизи, Илм, 7.
[4] Тирмизи, Илм, 19.
[5] Ибни Абдулбәрр, Жамиу бәйанил-Илм, 66.
[6] Үмит Ергүл, Календер Йылдыз. Мүслүман илим өнжүлери, Ышык йайынлары. Измир, 2005. Б. 31.
[7] James Westfall Thompson The Medieval Library (New York, Hafner, 1957), Mьslim Libraries бөлімі, Аударғандар: Osman Ersoy, Цzer Soysal.
[8] A. Von Kremer, Culturgeschichte des Orients ьnler den Chalifen (Vienna, 1877), II, 483.
[9] Margoliouth, op. cit.,192; A. Grohmanıı, «Bibliotheken und Bibliophilen in islamiscben Orient», Festschrift der Nationalbibliothek in Wien (Vienna, 1926), 439. s.
[10] Ирфан Йылмаз. ЙитикхазиненмнкашифиФуатСезгин. Йитик хазине йайынлары. Стамбул. 2009. Б. 78.
[11] James Westfall Thompson The Medieval Library (New York, Hafner, 1957), Mьslim Libraries бөлімі, Аударғандар: Osman Ersoy, Цzer Soysal.
[12] Нежип Асым Языксыз, Китап ондан өзетле. Илетишим йайынлары, Стамбул, 1993.
[13] Мұстафа Кара, Теккелер ве Завиелер, Дергаһ йайынлары, Стамбул,1990.
[14] M. Meyerhof, «Ueber einige Privatbibliotheken im fatimidischen Aegypten,» Rivisla degli studi orientali, XII (1929-30), 286-90.
[15] A. Mez, Die Renaissance des Islams (Heidelberg, 1922), 166. s.
[16] Мұстафа Кара, Теккелер ве завиелер 15, Дергаһ йайынлары, Стамбул, 1990.
[17] «Зүмәр» сүресі, 9-аят.