Сабырлылық - расында да, өмірдің ауыртпашылық, сәтсіздік, апатқа ұқсаған қиындықтары мен Алланың неше түрлі сынағынан сүріндірмей сізге - қанат, күй-зелген жанға - таяныш, төзімділік пен шыдамдылыққа шақырар қарекет. Ол - діннің жартысы. Кісінің иманы сабырмен кәміл, әрі толық. Адамға бас қандай қажет болса, иманда кәмілдікке жетуі үшін сабырға сондай зәру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сабыр - киімім, сабырсыз иман кәміл болмас»,- деген. Алланың сынақтары пендесіне жіберген қиындықтары мен тағдыр тезіне төзімділік таныту, бойдағы сабырлылықтың міндеті. Жаратқанның сен жаман көрген нәрсені саған тағдыр етіп бекітіп беруі, жақсы көріп жасаған амалыңнан артық тұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Малы қолынан кетпеген, тәніне ауру жетпеген пендеге жақсылық жоқ. Себебі, Алла жақсы көрген құлын қиындықтармен сынайды. Ал пендесі сабыр етушілерден болады»,- деген. Алла сүйген пендесін түрлі азаптармен сынайды. Егер сабырлылық танытса, басқалардан артық етеді. Алла тағала «Лұқман» сүресінің 17-аятында: «Саған жеткен қиындыққа сабыр ет, әлбетте, бұл істердің маңыздысы»,- десе, «Әнфал» сүресінің 46-аятында: «Сабыр етіңдер, әлбетте, Алла сабыр етушілермен бірге»,- деп пенделерді сабырлы болуға шақырады. Бойдағы иманның кәмілдігі Алланың үкіміне сабырлы, тағдырына ризалық таныту. Себебі, бірінші болып жәннатқа кіретіндер - қайғы мен қасіретте, қуаныш пен шаттықта да Аллаға шүкірлік етушілер. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір сағаттық қиындыққа, қайғы мен қасіретке сабыр ету, бір жылдық нәпіл құлшылықтан (артық) абзал»,- деген. Және өзі де ауыртпашылық пен қиындыққа кезіксе: «(Әлхамду лиллаһи ала кулли хал) Қандай жағдайда да Аллаға мақтаулар болсын» деп осы ауыртпашылық арқылы сауап алатындығы үшін сабыр ете отырып, Аллаға шүкірлік еткен. Әрине, сабырлылық сақтау - шүкірлік етуден абзал. Себебі, шүкір етуші Алланың нығметі және сыйымен бірге. Алла тағала «Ибраһим» сүресінің 7-аятында: «Егер шүкір етсеңдер, жақсылығымды арттыра беремін»,- деп шүкір етуші құлының нығметке кенеле түсетінін ескертеді. Бір әйел саусағын жарақаттап алғанда, ауырсынбай сабыр ете отырып, Аллаға мақтау айтады. Адамдар оған: «Қалайша саусағыңды кескенің үшін Аллаға мадақ айтасың, Ол сенің саусағыңның кесілуін қалады ғой»,- дегенде, әйел: «Сол (ауыртпашылық) үшін берілетін сауаптың тәттілігі, оған деген сабыр етуімнің ащылығын ұмыттырды»,- деген екен.
Дінімізде сабырлылық үш топқа бөлінеді:
1. Ғибадат пен құлшылықта сабырлы болу;
2. Алланың қайтарған күнә-ларынан тыйылуда сабырлылық таныту;
3. Алланың пендесіне жібер-ген қиындықтары мен тағдыр жолындағы сынақтарына сабыр ету.
Егер пенде Алла жолындағы құлшылықта сабырлы болса, Алла ол пендесінің мәртебесін 300 дәрежеге көтереді. Кім күнә жасаудан қайтып шыдамдылық, сабырлылық танытса, ол пендесінің мәртебесін 600 дәрежеге көтереді. Ал, Алланың сынағы мен тағдыр жолындағы қиындықтарға разы болып, сабырлылық жасаса, Алла ол пендесінің мәртебесін 900 дәрежеге көтереді. Ондағы әр дәреженің арасы аспан мен жердің кеңдігіндей.
Тәңір жолында жасаған құлшылығыңызда тұрақты, ұстанымды, шыдамды болу үшін сабырлылыққа жүгінесіз. Ғибадат жолындағы сабырлылық, Алланың бұйырған әмірлеріне байланысты болмақ. Ораза ұстау, білім іздеу, намаз оқу т.б. ғибадат осы ізгі амалдарды толықтырып, өз дәрежесінде соңына дейін жеткізуде кезіккен қиындық кедергіні бұзып өтетін - сабырлылық. Адам үшін бір істі соңына дейін жеткізуге мүмкіндігі бола тұра аяқсыз қалдырып кетуден артық айып бар ма? Қандай да қайырлы істің үзілмей өз жалғасын табуы амалдардың ең абзалы. Ал, әр істе соңына дейін сабырлылық таныту таудай төзімділік пен теңіздей шыдамдылықты талап етері хақ. Бұл екеуі де сабырлылыққа тән. Кісінің күнәдан тыйылудағы табандылығы мен сабырлылығы тәңірге тәубе ету амалы. Тағдыр атты дауылдың толқындары мен қиындықтарындағы танытқан сабырлылығы тақуалықтың, ал құлшылықтың тұрақты, ұстаным-дылық жолындағы көрсетілген сабырлылық шыншылдардың шыңы іспетті.
Адамның ең үлкен дұшпаны - нәпсісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кәсібім - үнемі нәпсіммен күресу, бұдан қашқан адамдар қорлықта қалады»,- деп нәпсімен күресуді үлкен жиһадқа санаған. Кісінің діні, иманы, ақылы бір жақ та, нәпсісі, оны қоздырушы шайтан бір жақ болатын бұл соғыс адам адам болып жаратылғалы бері бір сәтке де тоқтаған емес. Дін, иман, ақыл - адамды ізгілікке, көркем мінезділікке, Алланың рахметі мен жәннатқа шақырса, нәпсісі - кісіні күнәға, құмарлық пен шаһуатқа қызықтырып, шайтанмен бірге мәңгі тамұқ түбінде қалуға итермелейді. Кім бұл соғыста құмарлық пен шаһуат тұзағына түспей, нәпсісін иманы мен ақылына жеңдірсе, күнәдан тыйылуда табандылық пен сабырлылық танытса, ұлы жеңіс сол болмақ. Атамыз Адам (ғ.с.) пайғамбар тыйым салынған жемісті жегені себепті жәннаттан шығарылды. Шайтанның ар-бауына түсті. Бойын билеген құмарлық пен нәпсі қалауын тежеуге сабырлылығы жетпеді. Әйтсе де, Жаратушы Жаббар Иеміз адам перзентінің бұл күнәсін кешіріп, тәубесін қабыл алды. Өзі шығарылған жәннат есігін қайта қағып кіруіне мүмкіндік туғызды. Бір кездері жіберген қателігін оның ұрпақтарына сабақ етті.
Ал пенденің Алланың жіберген қиындықтары мен сынақтарына сабыр етуі, тағдырына деген ризалығын таныту, құдіреті мен ұлылығын мойындау, өзінің әлсіздігін сезіну.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір топ сахабалардан:
- Қалай таң атырдыңыздар?- деп сұрады. Олар:
- Аллаға иман келтірген күйімізде таң атырдық,- деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Имандарыңыздың белгісі қайсы?- деп сұрады. Олар:
- Бәлелерге сабыр етеміз. Алланың бергеніне шүкіршілік жасаймыз. Басымызға не түссе де - Аллаға ризалық танытамыз,- деп жауап қайтарды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Сіздер, шын мәнінде, момынсыздар және Кағбаның иесісіздер,- деп қуантты.
Кісінің шын көңілмен жасаған құлшылығы, ғибадатсыз бос өткізген өмірі немесе қателікпен жасаған күнәсі үшін пұшайман болып өкініштен көзден ағызған жасы, кедейлікке жасалған сабырлылығы Алла үшін жақсы көрілген амалдардан саналады. Алла тарапынан пенделерге берілген кедейлік пен ауруға төзімділік танытатын сабырлылық қасиеті Ұлы Жаратушының өз қазына мүлкіндегі заты. Алла өз қазына мүлкінен кездейсоқ кісіге сый-сияпат көрсетпесі анық. Берсе де өзі қалаған құлына нәсіп етер. Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етілген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): « Кімде-кім сабыр етсе, Аллаһ оған сабырлық береді және ешкімге де сабырлықтан артық қайырлы сый берілмеді»,- деген.
Рухани мұраға бай, хақ жолды көрсетуші асыл дініміз Исламды мықтап ұстану - міндет. Қашанда Хақ тағала тура жолдан адастырмай, әр ісімізде сабырлылықты нәсіп еткей. Сөзімді Құран Кәрімнің «Ғасыр» сүресімен аяқтағанды жөн көрдім: «Ғасырға (заманға) ант болсын. Негізінен, адам баласы, шынында, зиянда. Бірақ, иман еткендер, салих (жақсы) амал (іс) істегендер, бір-біріне хақты үгіттегендер мен сабырлы болуға насихаттағандар ғана зиянда емес.
Мұхтар АБСАМАТОВ