Әлі деген сұлтан дәулетті балалары көп кісі екен. Өзі елге аса сыйсыз да кісі емес те еді. Сол өзінің әулетті, сәулетті тірлігіне іштей масаттанған ол өзгеге байқатпай кейде мақтанып та отыратын кездері болыпты. Бірде ол сондай алқалы топта:
– Шіркін, байлық пен бақ, бала дегенін ер мұраты ғой, – депті.
– Байлық пен бақ –сенімді серігің, балаң артта қалар ізің. Ер азаматқа тірлікте осыдан артық не керек!
Үйдегілер оның сөзін қоштап, мақұлдап, іліп әкетіп біраз жерге барысады. Сонда Әйтеке отырып;
– Әлеке, сіздің сөзініңізді мен қош деймін. Бірақ байлауы бірақ бос деймін, –депті.
Манадан үнсіз отырған Әйтекенің мына сөзіне жұрт ошарыла бұрылып қарап қалыпты. Сонда данагөй сөзін былай түйген екен:
– Байлық деген жақсы ғой, бірақ бар болғаны қолдағы мұз емес пе? Қолдағы мұз бүгін болмаса, ертең ериді де кетеді. Бұрыңғы аталарымыз «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық, байлық асып кетсе жын шалық» демеуші ме еді. Мал шөп кіндікті, бауыр – ет кіндікті. Шөп кіндікті малға бола,ет кіндікті бауырды жат қылғанды кім дейміз?
Ер азаматқа бақ дегенін керек-ақ, бірақ бақ дегенің де бір киелі құс емес пе? Бабың білмесең бір күні ұшады да кетеді. Нағыз байлық пен бақ – сау дене, азат ақыл, адал көңіл емес пе?
Сіз айтқанның ішінде баланың жөні бөлек. Бірақ баланың да баласы бар, дананың да данасы бар. Бабаларымыз: «Балаң жақсы болса, артында қалған ізің, жаман болса, жараңа сепкен тұзың. Жақсы бала – сенің ізіңді алға оздырады, жаман бала – ізіңді күнінен бұрын тоздырады. Бұрыңғылар айтты емес пе?
А, Құдайым! Бала бер, бала берсең дана бер, дана бермесең де сана бер, сана бермесең, ретің тап та ала бер.
Жұрт сілтідей тынады да қалады. Сөйтсе, Әлі сұлтан көп кісіге тізесі батқан. Жиырма ұлының ішінде ауызға ілігерлік сауы жоқ екен. (Айтеке би 211 б М.Ақдәулетұлы Атамұра баспасы 1998 ж)
Ел аузында сақталған осы оқиғадан біз үлкен ғибрат аламыз. Бәлкім бүгінгі күнгі шешуі табылмай жатқан кейбір мәселелердің де кілті ашылар.
Біз бұл жерде екі түрлі түсінікпен дүниетаныммен танысып тұрмыз. Біреуі ақылымызбен өлшеген көзімізбен көрген дүниеге деген шолақ түсінік. Екіншісі, Құран мен сүннеттен туындаған Әйтеке бидің парасаты, дүние танымы.
Құран өлшемінде, дүниедегі малдың көптігі, бала-шағаның көбеюі ол Алланың бір сынағы ғана. Ол екеуі арқылы не адамзат басын азапқа салады, не болмаса, малды жұмсап, балаға жақсы тәрбие беру арқылы Алладан разылық жарылқау табуы да мүмкін. Ол туралы Құранның «Хадид» сүресінің 20 аятында былай дейді:
«Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Мұның мысалы: Өсірген өсімдігі кәпірлерді таңырқатқан жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап әрі Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде дүние тіршілігі бір алданыштың ғана нәрсесі.
Сол үшін де адам баласы малмен басын айтып, масаттанбағаны дұрыс. Алла Тағала Құранда бұл жаман қасиетпен тек кәпірлерді немесе күнаһар құлдарын сипаттайды. Құранда Алла екі бау-бақшаның егесі туралы әңгіме қозғағанда, біреуінің басқа біреуінің алдында малмен басын айтып күбінгенін, сол себептен ертесіне барынан айырылып, «аһ» ұрып, қателескенін ұғынып; әттең-ай, Аллаға еш нәрсені ортақ қылып қоспағанымда ғой деп,өкінгенін бізге ғибрат қылады.
Әлі де дәл осы күнаһардың көзқарасындағы сөзді айтты. Ал, Әйтеке би үндемес пе еді? Бірақ ел оны пікірін қостап, оны сол мезет пір тұта бастаған еді. Өмірін Құран өлшемімен өлшеген Әйтеке би бұл жерде оның міндетті түрде үлгі ету үшін бетін қайтаруы тиіс еді.
Әйтеке би өмірдегі нағыз байлық пен бақ ол сау дене, азат ақыл, адал көңіл деді. Бұл үшеуіде Құранмен сүннеттен туындаған.
Сау дене дегені – ол ауырмаған дені сау дегені емес. Себебі, Әлі деген кісі өте денсаулығы мықты алып денелі кісі болған деседі. Сау дене деп, денесіне арамнан ет жимаған, тозақтан құтылған кісіні айтады. Ол туралы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с): – Арамнан ет біткен дене егесін тозаққа кіріптар қылады –деген мағынада сөзі бар.
Әлі сұлтан мақсаты дүние болғандықтан кейде пендешілікке салынып, адал арамға қарамай, әлі жеткенге тізесін батырып алатын кездері болған екен.
Азат ақыл дегені – пысықтығы дегені емес еді. Кейде біз айлакерлігі, қулық сұмдығы асқан жымпоз кісіні ой мына кісі қандай ақылды дейміз. Ақиқатында Құран өлшемінде дүниені көзімен көрген, қолымен ұстаған, жүрегімен сезген нәрселерімен өлшегендерді «ақылсыздар» дейді. Оларды көзі бар соқыр, құлағы бар саңырау, жүрегі бар түсінбес бітеу бір мешелге ұқсатады. Немесе басқа бір теңеуінде, бойын тіктей алмаған, жер шұқып жүрген бүкір кісі деп сипаттайды. Себебі түсінікті, бұл дүние – жалған дүние. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, адам ақыретке, мәңгі мекеніне көшеді. Бұл дүниенің жалғанына алданып, көзіне көрінген сағым дүниеден ары асып ойлана алмай, шын ақыреті үшін қамсыз болған кісіден ақымақ адам бар ма? Мейлі, ол қос-қос дипломы, марапаты бар академик, профессор болса да, ол Құран түсінігінде ең ақымақ адам.
Ал ақылдыларды Құранда өмірін Алланың өлшемімен, яғни Құранмен сүннетпен өлшегендерді айтады. Олар адал мен арамды, обал мен сауапты біледі. Дүниесің ақыреттің мизан таразысымен өлшейді. Бүгін бар да ертең жоқ болған боқ дүниеге азу тісімен жабыспайды. Оны бар болғаны, ақыретте бедел-дәрежеге ие болу үшін құрал ретінде ғана қолданады.
Әйтеке би дүниесімен ақыретін іздеген ақылды, яғни пәс дүние парасатынан азат таза ақылды дүниенің байлығының бірі деп отыр. Әйтеке би үшінші байлығын ол адал көңілің деп отыр. Бұл да Құран мен сүннеттің негізгі өлшемі.
Діннің сыртқы болмысы, мысалға денесі Құран мен сүннет десек, оның ішкі болмысы, мысалға рухы, адалдық. Адамның ары жан дүниесі таза болмай, оның сыртқы істеген амалының ешбірі пайда бермейді. Қияметтің күнінде Алланың рахметі тек мухсиндерге (Аллаға шың көңілмен, адал пейілімен құл болғандарға) ғана жауып тұрады. Ал, қалған құлдарына Алла өзінің күшінмен ашуын көрсетеді.
Ал, айтылған ұрпақ мәселесі түсінікті. Атамыз қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөзді бекер айтпаған. Артта қалған ұрпағын ол ізің. Немесе соңынан келіп тұрар не күнаң, не сауабың. Артынан салихалы жақсы ұрпақ тәрбиелеп кетсең, оның жасаған жақсылығынан үлес бөлініп тұрады. Сол сияқты тәрбиесіз күнаһар ұрпақ қалдырсаң, таяқтың бір ұшы басына келіп тиіп тұрады.
Әлі сұлтанның масаттанып отырған жиырма ұлының ішінде ауызға ілігерлік сауы жоқ екен. Саны көп сапасы жоқ ұлдарын Әйтеке би сол себепте тілге тиек қылыпты. Содан бері Әлі мақтануын қойып, жөнге түскен деседі.
Әлбетте, бұл өткеннің бір белгісі. Бірақ бүгінгі күні де сол Әлі тәрізді өмірін түсініп жүрген кісілерді көптеп табамыз. Ал, Әйтеке би тәрізді Құран мен сүннеттің аясында ұғынатын кісілерді сирек көреміз. Себебі, түсінікті болар... Біз өмірімізді бабаларымыз сияқты Құран мен сүннеттің өлшемінде ұғынып жүрген жоқпыз. Бізде Құран тек бойтұмар немесе өлігі бағыштар дұғадан ары аса алмай отыр. Көз ашып, ұйқыдан тұра қызыққанымызда, құныққанымызда бұрыңғыларға бұйырмаған боқ дүние. Адам сол дүние үшін бүгін не істемей жатыр? Дүниеқоңыздықтан туындаған жемқорлық, парақорлық, ұрлық қарлық, көпе-көрнеу еш нәрседен қорықпастан кісі ақысы жеу ата-анана мейірімсіздік, ағайыннан қол ізбеу, т.б. тізе берсек жетерлік.
Бұған не ой қосасыздар қадірлі ағайын!
А.Р.КЕНЖЕМОЛДАЕВ
Жамбыл облысы, Жуалы ауданының бас имамы