Жалған сезім – жарға жығар

Жалған сезім – жарға жығар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қыстың соңғы айының ортасына жақындап қалдық.  Аллаға шүкір осы күндері еліміз тыныш, дініміз аман. Өмір Алланың жазған тағдырымен өтіп жатыр. Бірақ дәл осы күндері жасөспірімдердің, жастардың, қаракөз бозбалалар мен бойжеткендердің әлдене бір нәрсесі асыға күтіп жүргенін,  бар ынта-жігерімен дайындалып жүргенін байқайсың. Дүкендер, дүмбіршіктер жүректердің бейнесімен, ер мен әйелдің құшақтасқан суреттерімен безендірілгені көзге ерекше түседі. Ойын-сауық орталықтары түрлі науқандар жариялап, өз төріне шақыруда. Бұның бәріне өздеріңіз біліп отырғандай    өзгенің қаңсығы болған, бірақ жастар санасына  «әулие Валентин» атты таңсық болып енген, махаббат күні. Өкінішке орай, ата-бабасы «Аллаға шүкір, әл мисақтан бері  мұсылманмын» деп, мақтана кеудесін қаққан ұлттың ұрпағы өзгенің мейрамын ұлықтайтын болды. Бұл жайлы сөз қозғасақ, кейде үлкен кісілердің өзі о да тұрған не бар еді? «Махаббат қой» деп ақтап шығады. Жаратушының құдыретімен кемшіліксіз болған саф дін Ислам ешқашанда махаббатқа қарсы болмаған. Бірақ қандай махаббат айтылған дінімізде? Қандай махабатты ата-бабаларымыз жырлаған? Бүгінгі күнгі осы күнді жамыла отыра  махаббат деп нәпсі құмарлыққа беріліп, некесіз қарым-қатынасқа түсіп зинаға бой алдыру ма? Бүгінгі күнгідей өлдім-сүйдім деп, ойыны қанғаннан кейін, ұмыту ма? Әлбетте жоқ. Не болмаса басқа бір топ қандастарымыз бұл мейрам ғой, мерекелік көңіл күй болса несі бар? Сол да күнә ма дейді. Мейрамымыз аз болып, дәл осы мейрамға жерік болып қалдық па? Олай болса Алланың қалауымен, нәсіп еткен рызық-несібесімен, берген денсаулығымен күнде аман-есен тірі жүргендеріңнің өзі мейрам емес пе? Бұл мейрам – жастар жабысып алып айырылмайтындай қандай қасиеттерге ие? Бұл жерде мейрамның нәпсі құмарлық дәрежесі бірінші орында тұр. Бұл мейрам – тәтті, жалған сезімдермен безендірілген, жүректі мықты дуалап тұр. Екеуінің бір-біріне ұрланып қарауы, нұрланып қылымсуы, құмарланып құлшынуы, армандап аңсауы, тағатсыздана күту, ойлану, толғану, сергелдеңге түсу, мұңаю, ерекше еркелеу, наздану, романтика, сағым ішіндегі сағыныш, балауса бақыт, шырын-шәрбат, ынтық бал сезім, сылана сүйісу, балмұздақша еріп қорғасынша балқу, әрі қарай шамадан тыс шалқу! Айта берсе көп, міне, осының бәрі жастардың әлсіз буынына қанжар сұғып тұр. Бұл мейрам – жастарды мәңгілік махабатқа емес, бір күндікке, азғындыққа жетелейді. Бір күнә – бір күнәнің жаршысы! Күнә – күнә тудырады! «Азаматтық неке» дегендер – осы мейрамның пісіп жетілген жемісі! Бұл мейрамның тоғыстырар мүйісі –жетімдер үйі мен қарттар үйі. Облысымызда сәбилермен орын алған жан түршігерлік  осы оқиғалар осындай мерекенің «жемісі» емес екендігіне кім кепіл?!

Бұл күннің тарихы туралы көптеген ақпараттар бар. Тарихына үңілмей ақ, бүгінгісіне үңіліп қарасақ, тек зиянынан басқа, пайдасы жоқ. Оның біріншісі елімізде жылына ресми тіркелген 300 мыңдай аборт жасалады. Олардың көбі осындай бір күндік жалған махабаттың құрбаны еместігіне кепіл жоқ. Бұл күні жігіттер қыздарға, тіпті үйлі-жайлы ер азаматтар қызметтес қоластындағы қыз-қырқынға, келіншектерге сыйлық ұсынып жататынын байқап қаламыз. Мұның арты жақсылықпен аяқталмайтынын түрлі ток шоуларда, шаңырақтардың ойран болып, талай жастың өмірінің күйрегенінен ақ білеміз. Ал, бұл зинаға апаратын бірден-бір жол. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 32 аятында: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол – арсыздық және жаман жол» – деп зинаға дейінгі әртүрлі әрекеттерден аулақ болуды бұйырады. Ал зина сияқты арсыздыққа барған адамның мұң-мұқтажын, дұғасын Алла қабыл етпейді.
Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түннің жартысында аспан есіктері ашылып, бір шақырушы: “Дұға етуші бар ма, оның дұғасы қабыл алынады? Сұраушы бар ма, оған беріледі? Қиналған бар ма, ісі жеңілдетіледі? – дейді. Осылайша, дұға етіп отырған қайсы мұсылман болса, Алла оның дұғасын қабылдайды. Бірақ ұятты жеріне ие болмаған зинақор (ер немесе әйелдікі) қабыл болмайды» деді. (Табарани, Ахмад).

Мұндай күнә іс-әрекеттер жалғыз адамның басына емес, түгелімен қоғамға, елге зияны келмейтініне кім кепіл? Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қайсы елде бұзықтық пайда болып, олар оны ашық түрде жасай беретін болса, олардың арасында оба және өздерінен бұрынғыларда болмаған аурулар пайда болады» деген (Ибн Мәжаһ). Қазақ қоғамында болмаған аты алуан, түрі көп аурулар, нашақорлық, жезөкшелік сияқты қоғамдық дерттеріміздің негізінде осындай, алғаш қарағанда еш зияны жоқ сияқты болып көрінетін, ұлттық санамызға, мұсылмандық болмысымызға жат қылықтарды насихаттап жатыр емес деп кім айта алады?

 

Махаббат – бұл адамның жүрегіндегі бір ерекше сезім. Оны жоғарыда атап өткеніміздей ешкім жоққа шығармайды. Бұл – Алланың құлына деген мейірімі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресінің 21 аятында: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» деген. Яғни, шынайы махаббат пен мейірімділік шариғат шеңберінен шықпай, ақ неке арқылы қосылған ерлі-зайыптылардың ортасында болады. Кез келген аяулы  қарындасымыз арлы жігітпен, ал бауырларымыз  иманды қызбен отау құруды армандайды.

Бір қыз анасынан сұрапты:

- Анашым! Игі жігітті қалай табамын? – деп. Сол кезде анасының жауабы:
- Игі, жақсы жігітті қайтесің? Жақсы әйел бол. Себебі, Алла Құранда былай деген: «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық. Бұлар, олардың айтқандарынан ақ. Олар үшін жарылқау әрі көркем несібе бар» («Нұр» сүресі, 26 аят). Жаратқан Иеміз осы аятта отау құрып, отасқандардың бір-біріне лайық болатынын анық көрсетіп тұр. Сондықтан өзімізді түземей жатып, жақсы жар іздеу  бос әурешілік. Абай атамыз «Махаббат тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл»  дегеніндей махаббат тобыр болып тойлайтын сезім емес, жекеленген жүректердің ішкі иірімінен шығатын дүние. Осынау нәзік сезімді жалпақ жұртқа жариялап, айқайлап айта беру оның қасиетін кеміткен үстіне кеміте бермек. Ал дініміз болса осы сөздің толық мағынасын қамтитын, сөздің табиғи болмысына сай  махаббат жайлы айтады. Сондықтан махаббат деген құнды сезімді бір күндік арсыздықпен ластамайық! Міне, кейде қаракөз бауырларымыздың, әпке-қарындастарымыздың махаббат деген осы деп, әлеуметтік желі де қарапайым әдепке сай келмейтін екеуінің суреттерін, бейнероликтерін қою,  бір күндік жалған сезім үшін құрбан болуды аңсайтындарын да көріп отырамыз. Жастарымыздың махаббатты жалау етіп, қоғамдық орындарда әдепсіз қылықтарға барып жатқанын көріп, жаның ауырады. Мұндайда ақиық ақын М.Мақатаев ағамыздың:

Ертеде қазақ деген сүйіспеген,

Сүйіспеген қызға еш тиіспеген.

Қазіргідей көшеде тістелеспей,

Жай ғана маңдайынан йіскеген - деген сөздері есіңе түсіп, сезімін смайликпен емес, шыналыйықпен, болашақ жарын интернеттегі авасына емес, тәрбиелеген анасына қарап жар таңдаған данагөй бабаларымның даналығының көрегендігіне таң қаласың. Біз кеше ғана ұлт болып, ел болып қалыптасқан  қоғам емеспіз. Күні кеше ғана хандығымыздың 550 жылдығын  Аллаға шүкір атап өттік. Біз өзіндік дәстүрі қалыптасқан, діні мен діңгегі бекем елміз. Сондықтан біреудің таңсығы бізге таңсық болмауы қажет. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Отанымыздың тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан сөздерін келтіргім келеді:  «Егемендік арқылы ата дініміз өркен жайып келеді. Біз тәуелсіздік жоқ жерде діннің де болмайтындығын тәу тарихымыздан жақсы білеміз. Осы орайда тарихқа жүгініп бір жайтты еске салғым келеді. Діннің діңгегі дәстүрлі діндер – әр елдің дәстүрімен. Өзгенің таңсығы бізге таңсық бола алмайды. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан іргелі салтымыз, дәстүріміз ата-бабадан қалған айқын бағытымыз бар. Сол жолмен жүргеніміз абзал» – деген сөздері бізді жігерлендіре түсіру қажет.

Махаббат – жастыққа тән жеңілтек ұшпа сезім емес екенін әзірге жете білмесе керек. Өмірдің сұрапыл дауылы соққанда жас шыбық майысса да сынбаса ғана Алланың сыйлаған әр күні жақсылықтың да, мейірімнің де, махаббаттың да күні болмақ. Бұл мерекені тойлау халық қамы, мемлекет мүддесі емес екені бесенеден белгілі. Қара бастың қамы үшін болатын артық «шығынның» керегі не?! Зинақорлық пен ысырапқорлыққа жол салғанша, «Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, оған жақындасуды іздеңдер (бой ұсыну арқылы тырысыңдар.)» («Мәида» сүресі, 35-аят) деп Алла бұйырғанындай, дінімізді мықты, тура, бекем ұстап, еңсесі биік, рухы асқақ ел болудың жолынан таймайық!

 Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ

Жамбыл облысы, Қордай аудандық

«Қордай» мешітінің найб имамы,

дінтану магистрі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: