Опасыздық

Опасыздық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласы өмірде ұстанған жолы мен ниетіне қарай жан тапсырады. Бұл жалғанда қайғы-мұңсыз, ар-ожданы таза халде өмір сүру мен мәңгілік әлемдегі илләһи қуаныш пен бақытқа қол жеткізудің ең сенімді жолы - «хамд», «сабырлық», «шүкіршілік» және «зікір» ете отырып сиратүл мүстақим тура жолын ұстану. Өйткені, Алла тағала адам баласына сансыз нығметтерді берген:

«Сендерге Алла сұрағандарыңның бәрін берді. Алланың ондай игіліктерін санап тауыса алмайсыңдар. Ал адам баласы деген ынсапсыз және тәубесіз» («Ибраһим» сүресі, 34 аят).

« Егер Құдай берген игілікті есептесеңдер, оған сан жетпейді. Күмәндарың болмасын, Алла сендерді кешіруші әрі мейірімді» («Нахыл сүресі», 18-аят).

Ал бұл игіліктер мен ұсынылған нығметтердің шынайы иесі - Алла тағала:

«Сендер кенеліп жатқан игіліктердің барлығын Алла берген...» («Нахыл» сүресі, 53-аят).

Бірақ, адам баласы сан алуан нығметтерді тарту еткен Жаратушыны кейде есінен тарс шығарып, шүкіршілігін ұмытады. Тіпті, бізді біреу үйіне шақырып, тамақ берсе оған қайта-қайта рахмет айтып ризашылығымызды білдіреміз. Алайда, адамның ең басты байлығы - денсаулықтан бастап балаға дейін берген Алла тағалаға ризашылығымызды әркез білдіріп отырамыз ба?...

Шүкір мен сабырлы құлдар олар кімдер? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне жүгінейік:

«Діндарлықта дәрежесі өзінен жоғары адамға қарап оның соңынан еру, ал дүние-мүлік тұрғысынан жағдайы өзінен төмен кісіге қарап, Алланың бергеніне шүкір ету... Осылай істеген кісілерді Алла шүкірлі де сабырлы құл деп жазады. Ал, кімде-кім діндарлықта дәрежесі өзінен төмен кісіге, ал, дүние-мүлік тұрғысынан дәрежесі өзінен жоғары кісіге қарап, қолы жетпегенге өкінсе, Алла оны шүкірлі де сабырлы құл деп жазбайды» (Тирмизи, «Қиямет» 58).

Нығмет пен жақсылық үшін бір-бірімізге айтатын рахмет-алғыстарымыз - бізді Аллаға шүкір етуге жетелейтін алтын көпір іспеттес. Жаратылғандарға рахмет айтпайтын адамның Жаратушыға шүкіршілік етпейтіні әркімге аян. Алайда, назар аударарлық бір жәйт, адамдарға айтылатын рахметтер негізінде сол жақсылық пен нығметтің шынайы Иесіне, яғни Жаратушыға да арналуы тиіс. Әйтпесе, бұл өзіне өте құнды сыйлықтар жіберген кісіге емес, тек оны жеткізген пошта қызметкеріне ғана рахмет айтқанмен тең болмақ.

Сансыз нығметтердің шынайы Иесін танымау және оған немқұрайлы қарау- нағыз опасыздық. Бұл жайында Құран Кәрімде:

«Расында, адам баласы Раббысына тым опасыз. Оған өздері куә» («Ғадият» сүресі, 6-7 аяттар).

«...Егер (бергеніме) шүкірлік етсеңдер, оны тағыда молайтамын, ал күпірлік жасасаңдар - тартқызар жазам ауыр болмақ» («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Опасыздық - адамның өзіне жасалған жақсылықтың қадірін түсінбеуі. Ол тіпті шектен шығып Раббысына қарсы шығады. Хазреті Мәуләнә адам баласының опасыздығын көркем хикаямен былайша түсіндіреді:

«Алла тағала Әзірейілге (ғ.с.):

«Ей, жоғары мәртебелі періштем! Сен қайғы-мұңға салынған кісілердің жанын алғанда көбіне-көп кімге жаның ашиды?»,- деп сұрады.

Әзірейіл(ғ.с.):

«Барлығына бірдей жаным ашиды. Бірақ, Жаратушымның әміріне қарсы келуден қатты қорқамын. Егер жас жігіт болса, оған жаным ашитыны соншалық, «Алла оның орнына менің жанымды алса екен!»,- дейтін кездерім де болады.

Күндердің күнінде бір кеме асау толқынның арасында қалып қойды. Сол кезде маған бұйрық келді де, мен кеменінің быт-шытын шығардым. Сен маған:

«Бір әйел мен бір баладан басқасының барлығының жанын ал!»,- деп әмір еттің. Олар бір тақтайдың үстінде шалажансыр күйінде қалып қойды. Сол сәтте тағы да:

«Анасының да жанын ал!»,- деп бұйырдың. Мен әміріңе бойсұндым. Аллам, Өзіңе де мәлім, менің бұған қатты жаным күйзелді. Өз міндетімді орындау барысында көптеген азалы көз жастары мен қайғылы сәттерге куә болдым. Алайда, сол баланың қасіреті жүрегімді өртегені соншалық, сол сәт әлі күнге дейін есімнен шығар емес. Сол кезде Алла тағала былай деді:

«Мен ол балаға кеңшілік жасап, толқындарға әдемі гүлдермен және жеміс ағаштары бар бір бақшаға жеткізуін бұйырдым. Онда ол мөп-мөлдір судан ішіп, түрлі жемістерді жеп өсті. Ол бақшада жүз мыңға жуық әсем дауысты құстар сайрады. Оған гүлдерден жатын төсек дайындадым. Оны түрлі фитнәлардан, қайғы-қасіреттен сақтадым. Күнге: «Ыстығыңмен оны күйдірме, көңіл күйін бұзба!», желге: «Оның үстінен жайлап өтіп, оны жұлқылама» деп ескерттім. Жыл мезгілдеріне, найзағайға, бұлтқа оның мазасын алмауын әмір еттім. Кейін бір періштеге оған сөйлеуді, әділдікпен үкім беруді үйретуді тапсырдым. Осылайша, анасынан айырылып қалған әлгі балаға көп көмек көрсеттім. Ешнәрсенің септігінсіз-ақ, Менің жақсылығымды көрсін, білсін деп оны көптеген сыйға бөлеп, жақсылық жасадым. Менің кеңшілігімді көріп, куә болып, себептерге ақылы шатаспасын, талас-тартысқа түспей барлық жәрдемді тек Менен ғана күтсін.

Бірақ, осынша сыйлыққа бөленіп, нығметтерге қол жеткізгеніне қарамастан, рахметін білдірер кезде ол әп-сәтте залым Нәмрудға айналып шыға келді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарды лаулаған отқа салмақшы болды. Залымдығы, надандығы, көр соқыр болғаны соншалық Менің жасаған кеңшілігімді, жақсылығымды лезде ұмытты.

Хазреті Ибраһимді тауып өлтіру үшін жүз мыңдаған бейкүнә, пәк сәбиді бақилыққа аттандырды. Өйткені, оған бір мүнәжжим (жұлдыз арқылы бал ашушы) жұлдыз жорамалына қарап:

«Осы жылы саған қарсы шығатын бір ұл дүниеге келеді. Ол сенің түбіңе жетеді. Сондықтан, оны өлтіруің керек!»,- деп кеңес берген еді. Балшының сөзіне құлақ асқан Нәмруд жауыздықпен сол жылы туылған барлық нәрестені өлтіртті» («Мәснәуи», 6,т. 4797-4853 шумақтар).

Мәснәуиде айтылып өткен ғибратты хикая баршамызды илләһи нығметтер жайында ойлануға шақырады.

Мұсылман қоғамында өмір сүруіміз Алланың бізге берген қандай үлкен, керемет сыйы десеңізші! Мұсылман отбасыда дүниеге келуіміздің өзі біз үшін үлкен бақыт. Өйткені, төрткүл әлемнің басқа бір бұрышында немесе доңыз баққан бір үйде өмірге келуіміз әбден мүмкін еді ғой...

Денеміздің әрбір мүшесі өз алдына бір нығмет. Бір мүшеміз болмаса, не мүгедек болсақ, қандай күй кешер едік?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Әлемде миллиондаған жандардың мүгедек екенін бір сәтке ойлап көрдік пе екен?! Біз міндетті түрде Алланың берген әр нығметінен сұраламыз.

«Соңында, сол күні (дүниеде пайдаланған) нығметтерден міндетті түрде сұраласыңдар!» («Тәкәсур» сүресі, 8-аят).

Олай болса, нағыз шүкіршілік - ақыл мен рухымызды, қарым-қабілетімізді, күш-қуатымызды және басқа да мүмкіншіліктерімізді Алла тағала мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен тура жолмен жүру арқылы ғана жүзеге аспақ. Ал, сол бағыттан ауытқу шүкірсіздіктің, яғни «опасыздықтың» белгісі болмақ.

Ақиретті бір шетке ысырып қойып, тек дүние байлығы мен рахатына қол жеткізу үшін жылтыраған дүниеге алданып, өмірін өткінші ләззаттарды қуумен өткізген кісінің жағдайы қандай аянышты десеңізші!

Бесік пен табыттың арасындағы байланысты ұқпай, сынақ дәрісханасында жүргенінің парқына бармай, жалғанның хикметі мен сырын түсіне алмай Алланың берген нығметін ғапылдықтың күл-қоқысығында өткізуден өткен өкініш бар ма бұл дүниеде? Хақ тағала бізді жайдан-жай жаратпағанын, барлығының алда есебі барын былайша еске салады:

«Ей, адамдар! «Алла бізді босқа жарата салды. Біз оның қарамағына қайтарылмаймыз» деп ойлайсыңдар ма? » («Мүминун» сүресі, 115-аят).

Көңіл бақшасының шырайлы көктемі тек хамду сәна нұры арқылы гүлденетінін ұмытпаған жөн.

О, Раббымыз! Бізге сыйлаған нығметтеріңнің қадірін түсініп, лайықты түрде шүкіршілік етуімізді нәсіп еткейсің! Бізді ғапылдығымыздың салдарынан кез-келген сәтте төнуі мүмкін азабыңнан сақтағайсың! Әмин!

Осман Нұри Топбаш

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: