Көркем мінез кемеңгері

Көркем мінез кемеңгері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алла тағала Қалам сүресінің 4-аятында

وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ

Яғни: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»,-деп сипаттаған. Бұл жайында Ибн Касир тәпсірінде: аяттың мағынасы пайғамбардың (с.ғ.с.) мінез-құлқы Құранға бойсыну болып кеткен. Құран әмір етсе бұлжытпай орындайтын, тыйым салса жоламайтын, деп айтылған. Сондай-ақ, Қатада (р.а.) жоғарыдағы аят жөнінде мынадай дерек келтіреді: Сағид бин Һишам Айша анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрайды. Анамыз: Құран оқыған емессің ба?-деді. Ол: оқимын,-деді. Анамыз: расында Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезі құран болатын,-деп жауап берген.

Айша (р.а.) анамыз: Алла елшісіндей көркем мінезді жан жоқ еді. Оны сахабаларының бірі немесе отбасының бірі шақыратын болса «ләббай» деп жауап беретін,-дейді.

Анас (р.а.): Мен Алла елшісіне он жыл қызмет еттім. Ол кісі ешбір «ух» деп те айтпады. Істеген ісіме: неге олай еттің деп, ал тастап қойған шаруама: неге істемедің, деп бір рет те кейімеді,-дейді.

Кішіпейілдігіне тән батырлығы мен батылдығы бар кісі еді. Ол кісі көптеген ауыр шайқастың бас аяғында болды. Ауыр шайқаста нағыз батырлар да, жау жүрек жауынгерлер де талай қашты. Тек ол кісі ғана тапжылмай тұратын. Шайқастан бір рет болса да қашпаған, кері шегінбейтін батыр болмайды. Тек ол кісі ғана бір рет те, бір адым жасап та шегінбеген.

Сондай шайқастардың бірі Ухуд еді. Ухуд шайқасында ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдыңғы тісі сынып, жүзі қанға боялады. Екі дүние сұлтанының бұл халі сахабалардың жанына қатты батты. Сахабалар: мүшриктерге дұға (қарғыс) жасаңызшы, деп жалбарынды. Сонда әз пайғамбар (с.ғ.с.):

إِنّي لمْ أُبْعَثْ لعّاناً و لكنِّي بُعِثْتُ داعيا و رحمةً. أللهم اِهدِ قومي فإنّهم لا يعلمون

Яғни: «Мен қарғыс айтушы етіп жіберілген жоқпын. Мен (жақсылыққа) шақырушы және мейірім етіп жіберілгенмін. Аллаһым! Менің елімді тура жолға сал, расында олар не істеп жатқанын өздері білмейді», деп меккеліктерге қайырлы дұға жасады. Бұл оқиға имам Муслим кітабының «бирр уа силә» бөлімінде Айша (р.а.) анамыздан баяндалған.

Бұл көріністегі аса кешірімшілдікті, көркем мінез және сабыр мен жұмсақтықтың жоғары дәрежесіне қараңыз. Өзіне қару көтеріп, тісін сындырған мүшриктердің жауыздығына үнсіз жауап берсе де болар еді. Керісінше, оларға жаны ашып, мейірімділік танытып жақсылық тілеп дұға етті. Бұған қоса бар мейірімін көрсетіп, жауласып жүрген меккеліктерге «менің елім» деп, «расында білмейді» деп оларға кешіріммен қарады. Соққыға жығылып тұрып, жұмсақтық таныту өте ауыр. Тіпті мүмкін емес.

Сондай ақ, Абдулла бин Убай және оның мұнафиқ серіктері түрлі амалдармен пайғамбарымыздың өзіне, отбасына және мұсылмандарға арам пиғылдарын көрсететін. Мұның барлығына пайғамбарымыз көз жұмып қарайтын. Олар мұсылманбыз деп айтқанымен іштерінде екі жүзді еді. Мұнафиқтардың әрекетінен шаршаған кейбір сахабалар оларды өлтірейік, деп де айтты. Бірақ пайғамбар: жұрт Мұхаммед өз адамдарын өзі өлтіріп жатыр, деген сөз болмасын, деп басу айтатын.

Сондай ақ, Абдулла бин Убай және оның мұнафиқ серіктері түрлі амалдармен пайғамбарымыздың өзіне, отбасына және мұсылмандарға арам пиғылдарын көрсететін. Мұның барлығына пайғамбарымыз көз жұмып қарайтын. Олар мұсылманбыз деп айтқанымен іштерінде екі жүзді еді. Мұнафиқтардың әрекетінен шаршаған кейбір сахабалар оларды өлтірейік, деп де айтты. Бірақ пайғамбар: жұрт Мұхаммед өз адамдарын өзі өлтіріп жатыр, деген сөз болмасын, деп басу айтатын.

Әз пайғамбар (с.ғ.с.) жеке өзіне жасалған жамандыққа ешбір қарсы дұға жасамайтын. Тек дінге титтей де бір дұшпандық болса, соған қарсы күресетін еді. Бұл туралы Айша анамыз (р.а.): Алла елшісінің өзіне тиген зұлымдық, Алла тағала тыйым салған істердің бірі болмаса, жәрдем сұрағанын еш көрмегенмін. Қолын тек Алла жолында жиһад еткен кезде ғана көтеретін. Сондай ақ, ешбір қызметшісіне және әйеліне қол көтерген жан емес, деп баяндайды. (Муслим, фадаил, 79/2328)

Адам баласымен сөйлескенде ерекше жұмсақ және кішіпейіл болатын.

Сондықтан да Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Тәубе сүресінде

بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ

Яғни: «... мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді», деп суреттейді.

Адамзаттың сұлтаны, әрі пайғамбарлар сардары ардақты расуліміз (с.ғ.с.) өте кішіпейіл жан еді. Бұған бірақ мысал жеткілікті. Алла тағала оған патша пайғамбар немесе құл пайғамбар болудың бірін таңдауға бергенде, ол құл пайғамбарлықты таңдаған еді. Сонда Исрафил (ғ.с.) періште пайғамбарға: Сіздің кішіпейілдігіңіз үшін Алла тағала сізді қиямет күні адам баласының төресі, (махшар күні) жер жарылып ең әуел шығатын адам және ең әуелгі шапағатшы етті, деген екен.

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ерекше жұмсақтығына бірер мысалдар айта кетейік:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға садақа үлестіріп жатқан болатын. Бір уақытта бір кісі: әділ бол! Мынау бөліс Алла ризашылығын ниет еткеннің тірлігі емес, деп қатты қатты сөздер айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): оған: Мен әділ болмағанда кім әділ болмақ?! Әділдік етпесем қор болғаным ғой, деген жауаптан артық сөз айтпады. Әлігі наданның сөзін естіген сахабалар өлтірмек болып түрегелгенде пайғамбарымыз барлығын тиып тастады. (Ибн Масудтан: имам Бухари, фард хумс, 3150; Муслим, зекет, 140/1062).

Араб жұртында дала халқы аса дөрекілігімен танымал ел. Олар үлкен кіші демей қойып қалатын әдеттерімен белгілі еді.

Анас бин Малик (р.а.) әңгімелейді: Мен пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге едім. Ол кісінің үстінде қатты матадан тігілген шапан бар еді. Бір дала арабы (араби) ол кісінің (с.ғ.с.) жағасынан ұстап өзіне қарай қатты тартты. Тіпті, қалың шекпеннің жағасы пайғамбардың мүбарак мойнына батты. Сосын ол: ей, Мұхаммед! Сендегі байтул малдан (қазынадан) мына екі түйеме толтырып артып бер. Сен өзіңнің немесе әкеңнің малы емес қой, деп дүрсе қоя берді. Мұндай дөрекілікке пайғамбарымыз (с.ғ.с.): қазына Алланың қазынасы, ал мен Оның құлымын, деп жауап берді. Сосын пайғамбар (с.ғ.с.): «ей, араби маған істегенің, мен де саған істеймін (яғни, шариғат бойынша жәбір көрген кісі, дәл сондай жолмен өз ақысын алуы керек)», деді. Араби: жоқ, деді. Ол кісі (с.ғ.с.): неге? деді. Араби: Сен жамандыққа жамандықпен жауап беретін адам емессің, деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оның жауабына күліп, бір түйесіне арпа, екіншісіне құрма артып беруді тапсырды. (Әбу Дауд, адаб, 4775)

Міне, нағыз сүннетпен жүремін деуші мұсылман баласы осы хадистерге амал етіп көрсін. Дөрекілікке жұмсақтықпен, ашуға ұстамдылықпен жауап беріп көрсін.

Пайғамбарымыз Мұстафа (с.ғ.с.) міскіннің жағдайын сұрап үйіне баратын, кедеймен бірге отыратын, құлдың шақырғанына «ләббай» деп үн қататын, мәжіліс құрғанда сахабаларымен араласып отыратын. Арнайы орынға отыру немесе төрге шығу дегенді білмейтін. Ол үнемі: «Мен құл қалай жесе солай тамақтанамын, құл қалай отырса солай отырамын», деп айтушы еді.

Айша, Хасан, Әбу Сағид (Алла тағала баршасынан разы болсын) пайғамбарымыздың сипаттағанда: отбасына үй шаруасына жәрдем беретін, көйлегін өзі тазайтын, қойды сауып, киімін жамайтын, аяқ киімін өз қолымен жөндейтін, өз шаруасын өзі істейтін, түйесін байлайтын, қызметкерімен бірге тамақтанатын, бірге қамыр илейтін, базардан керек затын өзі арқалап әкелетін, еді дейді. Ал, қазірге таңдағы маңдайы сәждеге тиіп жүрген мұсылман бауырларымыз осы сүннеттердің қайсы бірін орындап жүр. Бұл өте тәрбиелік мәні зор хадис.

Кішіпейілділігі және жұмсақтығына қоса кісі қаймығатын сұсты бар еді. Ибн Мажаһ кітабында мынадай хадис айтылады: Пайғамбар құзырына бір кісі шаруамен кіреді. Ол пайғамбардың айбынынан қобалжып, аузынан сөз шықпай қалады, сонда расуліміз (с.ғ.с.):

هوِّنْ عليك فإني لستُ بملكٍ إنما أنا ابن امرأة من قريش كانت تأكلُ القديدَ

«Қорықпа, мен патша емеспін. Мен кептірілген ет жейтін құрайыш әйелінің баласымын», деген екен.

Әсілінде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі дүниенің сұлтаны, Алла тағаланың сүйікті құлы һәм досы еді. Бірақ, тым қарапайым кісі болды.

Өзін әсірелеп мақтайтын адамдарға: «мені Юнус бин Маттадан артық санамаңдар, Пайғамбарларды бірін бірінен артық етпеңдер, мені Мусадан артық деп көрмеңдер. Расында Ибраһимнен қарағанда шүбәға біз лайықпыз», деп жауап берген. Бұл сөздерінің мағынасы Юнус (ғ.с.) пайғамбар адам баласы еш қашан зікір етпеген орында, Алла тағаланы тіліне алып үлкен абыройға ие болған пайғамбар. Яғни, ол балық ішінде отырып, Алланы зікір еткен. Бұл жоғары мәртебе. Алайда, сахабалар пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражда жеті қат көктің үстінде тұрып Жаратушыны зікір еткенін айтып мақтап тұтатын. Ал, Ибраһим (ғ.с.) Құдіреті күшті Алла тағалаға мәніжат етіп, өлген денені қалай тірілтетіндігін сұрайды. Алла пайғамбарына: иман етпесің бе?, деп сұрайды. Сонда: керісінше, мен иман етемін, алайда жүрегімдегі сенімімді орнықтыру үшін, деп жауап берген. Сол оқиғасы негізге алып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Расында Ибраһимнен қарағанда шүбәға біз лайықпыз», деп айтқан.

Ей, адамзаттың ең жақсысы, деген кісіге жауап ретінде: ол Ибраһим ғой, деп жауап берген екен пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Өте әділ, аманатқа адал және айтқан сөзі рас болатын. Ашу үстінде де, қуанышты сәттерде де, байсалды және әзілдесіп отырғанда да бір жалған сөз айтпаған. Аманатшылдығына берік сенген меккелік мүшриктердің өздері заттарын жау деп санаған Мұхаммедке (с.ғ.с.) тапсыратын. Ахнас бин Шариқ Бадр күні Әбу Жаһилді кездестіріп қалады. Ол: ей, Әбу Хакам (Әбу Жаһилдің қосалқы аты)! Біздің сөзімізді еститін менен және сенен басқа тірі жан жоқ. Мұхаммед жайлы айтшы. Ол шыншыл ма, жалғаншы ма?, деп сұрайды. Әбу Жаһил: уаллаһи, Мұхаммед шын мәнінде шыншыл, Мұхаммед ешқашан өтірік айтпаған, деп ағынан жарылды.

Имам Бухари кітабының иман бөлімінде: Һеракл Әбу Суфияннан: (Мұхаммед) айтып жүрген сөзінен алдын сендер оны жалған сөйлегені үшін айыптаған ба едіңдер? деп сұрады. Әбу Суфиян: жоқ, деп жауап берді.

Бұл оқиға сахаба Дихия (р.а.) рум императоры Һераклде пайғамбырымыздың (с.ғ.с.) дінге шақырған хатын алған соң болған еді. Һеракл хатты оқи бастағаннан ақ пайғамбарымыздың хақ екендігін ұғынды. Сол уақытта сауда жасап жүрген араб саудагерлерімен кездесіп пайғамбарымыз жайлы сұрастырған еді. Ол кезде әлі Әбу Суфиян исламға кірмеген болатын.

Надр бин Харис Құрайыш ақсақалдарына: Мұхаммед араларыңда жас жігіт еді, сендердің ең жақсыларың, сөзде ең шыншыл, аманатқа ең сенімді еді. Енді оның самайына ақ түсіп, дін жайлы айта бастаған кезде оны: сиқыршы деп шықтыңдар, уаллаһи олай емес, ол сиқыршы емес, деп пайғамбарымызды қорғаған еді.

Мұсылманның айтқан сөзі тек шындық болуы қажет. Қазіргі таңда әркім өз өзіне сауал қойып көрсін. Қаншалықты шын сөз айтатындығына. Тым құрығанда жұмысқа кешіккен мұсылман, бастығынан ұрыс етімеуі үшін өтірік айтып құтылады. Сонда біздің мұсылманшылығым не болғаны?!

Сира кітаптарынан білетініміз пайғамбарымыз үй тұрмысында да өте жұтаң өмір сүрген. Ардақты расуліміз (с.ғ.с.) дүние салған кезде жалғыз сауыты яһуди кісінің үйінде кепілдікте тұрған еді. Отбасына тамақ тауып беру үшін яһудиге сауытын беріп ақша алған болатын.

Муслимнің кітабында Айша анамыздан (р.а.): Алла елшісі қатарынан үш күн нанды тойып жемеген. Осылайша дүниеден озды, деп айтқан риуаяты бар. Айша анамыз бір сөзінде: біз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) отбасы ай бойы қазан аспай, тек құрма жеп су ішіп отыра беретінбіз, дейді.

Мұсылмандар анасы Айша (р.а.): Пайғамбар ешқашан қарны тойып ас ішпеген. Мұнысын кісі баласына айтып шағынданбайтын. Ол кісіге байлықтан кедейлік артық еді. Түндерді аш қарын болып тиләуат етіп өткізіп, таң ертең ниет етіп аузын бекітетін. Егер қаласа Раббысынан дүниенің қазынасын, оның жемістері мен молшылығын сұрар еді. Мен оның жағдайын көріп мейірімнен көзіме жас алатынмын, аш қарнын алақанымды тигізіп, жаным сізге құрбан болсын, сізге ас болатын бір нәрсе тапсам болар еді, дейтінмін. Ол кісі: ей, Айша! Менің бұл дүниеде не шаруам бар. Елшілерден болған үлкен сабырлық танытқан улул азым бауырларым бұдан да ауыр сынаққа сабырлық еткен. Сол күйлерінен танбаған. Сол қалыпта Раббыларының құзырына кеткен. Алла тағала оларды қадірлеп, сауаптарын мол етті...», деп жауап берген екен.

Алайда, ол кісі қаласа дүниенің нығметі алдына дастархан болып жайылар еді. Амр бин Харис риуаятында: Ол кісіден тек қару жарақ, мінген қашыры және садақа етіп жіберген жері ғана қалған еді.

Бір риуаятта Жәбірейл (ғ.с.) келіп, ол кісіге (с.ғ.с.): Расында Алла тағала сізге сәлем жолдап: мынау таудың алтын болып, үнемі сенімен бірге болғанын қаласың ба?, деп сұрап жатыр деп хабар жеткізеді. Пайғамбарымыз сәл тұрып: ей, Жәбірейіл! Мынау дүние үйі жоқтың үй, мал мүлік дүниесі жоқтың мүлкі, оны тек ақылы жоқ адам ғана жинайды», деп жауап берген екен. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.): уа, Мұхаммед Алла тағала сені берік сөзбен қолдасын, деді.

Әрине, үнемі аз жүруге және кедей өмір сүруге насихаттау емес. Алайда, осы хадистерге ғибрат алу баршамызға міндет. Осы күні қарны шықпаған, беті қызармаған мұсылман жоқ деуге болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құлшылыққа берілуі ерекше еді.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لو تعْلمونَ ما أعْلمُ لضحكْتم قليلا و لَبكيْتم كثيرا

Яғни: «Егер мен білетін нәрсені білетін болсаңдар, әлбетте аз күліп көп жылар едіңдер», деп айтқан екен.

Алла елшісі (с.ғ.с.) тағы бір сөзінде: «Шын мәнінде мен сендер көрмейтін дүниені көремін, естімейтін нәрсені естимін. Аспан иіліп тұр, оның илілетін жөні бар. Онда әр сүйем орында Алла үшін сәжде еткен періште бар. Уаллаһи, егер сендер мен білетін нәрсені білсеңдер әлбетте аз күліп көп жылайтын едіңдер. төсекте әйелдеріңмен жата бермей, биіктерге шығып Аллаға еңіреп жылар едіңдер», деген екен. (Термизи, зуһд, 2312)

Айша анамыз (р.а.) айтқан хадисте: өкшелері ісіп кеткенше намаз оқитын. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) осыншама өзіңізді қинамасаңыз болар еді, Алла тағала сіздің әуелгі және кейінгі барлық қате кемшіліктеріңізді кешірді емес пе?, дегенде ол кісі (с.ғ.с.)

أ فلا أكون عبدا شكورا

«Мен шүкіршілік етуші құл болсам арзымайды ма», деп жауап берген екен.

Әбу Дауд кітабында Айша анамызда (р.а.): Алла елшісінің (с.ғ.с.) амалы үздіксіз болатын, қайсы бірің мұндайға шамаң келеді, деген сөз риуаят етіледі.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен күніне Алладан жүз рет (бір риуаяттарда жетпіс рет) истиғфар айтып, кешірім сұраймын», деген екен.

Әли (р.а.): Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) сүннеті жайлы сұрадым. Ол кісі (с.ғ.с.): «Мағрифат менің қазынам, ақыл дінімнің негізі, махаббат менің әсілім, сабырлық менің шекпенім, ынтызарлық менің көлігім, ризашылық – олжам, әлсіздің – мақтанышым, зуһд – кәсібім, шынайы иман – қуатым, шыншылдық – шапағатшым, құлшылық – кемелдігім, жиһад – мінезім және намаз – көзімнің қарашығы», деп жауап берген екен.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: