Құранның 13 парасын жатқа білген Алаш зиялысы – Сұлтанмахмұт

Құранның 13 парасын жатқа білген Алаш зиялысы – Сұлтанмахмұт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сұлтанмахмұт десе, білімге ессіз құмарлықмен ұмтылған, қалай да ұлтының бір қажетіне жарауға талпынған жігерлі жас есімізге түседі. Қолындағы қысқа жібі күрмеуге келмей шарқ ұрған жалынды жүректің өнегелі өмір жолы көз алдымыздан фильмнің үзік-үзік таспасындай өтіп жатады. Алла тағала Сұлтанмахмұтты кедейлікпен де, аурумен де сынады. Анасынан да жастай айырды. Соған қарамастан Аллаға деген махаббаты бір сәт те бәсең тартпаған Махмұт 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білген екен. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болмаққа» ұмтылған, небәрі 27 жас өмір сүрген ақынның өлең-ғұмыры да таңдануға тұрарлық.

Сұлтанмахмұт діни білімді қайдан алды?

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Баянауыл өңірінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Сұлтанмахмұттың әкесі Шоқпыт қайратты, қулық-сұмдықты білмейтін ақпейіл, қанша кедейшілік, жоқшылық көрсе де, кісіден дәме қылмайтын – сұңқар табиғатты, барын кісіден аямайтын жомарт адам болыпты. Махмұттың анасы бір жасында қайтыс болып, жетім қалады да, оны Мұнтай бәйбіше бауырына басады. Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты ғылыми-зерттеу мақаласында: «Қақ-соқпен, ойынмен әуесі жоқ, мең-зең монтайған момақан Махмұт туған шешесінің мекіренген мейірімін көре алмады. Сұлтанмахмұт 6 жасар, інісі Бәшен 5 жасар кезінде әкесінен оқып, «еже» таниды. Содан кейін әкесі кейде өз үйінде жеке молда ұстап, кейде ел арасындағы молдаларға беріп, балаларын оқудан үзбейді. 12-13 жасқа келгенде Махмұт Мұқан молдадан оқиды. Мұқан молда араб, парсы, икейлерін қазақшаға айналдырып, өлең қылатын, біреуді мақтап, біреуді жамандап өлең шығаратын «арқасы» бар адам болды. Молдасына еліктеп, 13 жасар Махмұт та сықақ өлең жаза бастайды. Содан кейін Махмұт Баян қаласында медресе ашып, бала жинап жататын Әбдірахман молдадан (ел «күйеу Мағзұм» деп атайтын) оқиды. Махмұт молданың өз үйінде тұрды. Сабақтан босағанда, Мағзұм Махмұтқа шәй қайнаттырып, отын жарғызып, су әкелгізіп, малын күттіріп, малай қып алады. Сол кезде-ақ Махмұт қожа-молдалардың өтірік «әулие» болып, ел сауғанын жақтырмай, сөгіп өлең жазады, ол өлеңдерін молда көріп қойып, ұрсады, жек көре бастайды», – деп жазады. Ақынның өзі алған білімі туралы өлеңдерінің бірінде:

Әкемнен әліпбиді үйде оқыдым,

Үйреніп намаз, сабақ, жат тоқыдым.

Әлі молда алдында дәл екі жыл,

Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.

Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,

Ол байғұс аяған жоқ қолда барын.

Ғылымның орны бас пен көкіректе,

Бүйір шығып, қампая тоймас қарын.

Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,

Ұйықтасам да көңілім оқуға алаң.

Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп,

Дұғасын ықыласпен берді маған.

Қари болуға ұмтылған Махмұт «тақуа болды»

Білімге деген құмарлығы ерекше Махмұт қанша молданың алдын көреді. Осы кездері иманы артқан ақын туралы Ж.Аймауытов жоғарыда аталған мақаласында: «Қандай бейнет шексе де, жолына қандай бөгет тұрса да, беттеген мақсатына жетпей тынбайтын Махмұтта мінез бар. Махмұт тақуа болады. Тұла бойы тұнған тұмар, мойнында – тәспі, дұғалық, аузында – зікір, күн шықпай оқығаны – намаз, заулатқаны – «жасын», ол дәретсіз жер баспайды; «қари болам» деп Құранның 13 парасына дейін жаттап алады, сырлас жолдастарына: «күллі денем зікір айтқандай болады» деп жүреді», – деп жазады.

Расында да білім-ғылымның нәрінен сусындап қалған Сұлтанмахмұт енді тоқтай қоймайды. Надан елдің ішінде надан қожа, молдамен айтысып, өмірі босқа өтіп бара жатқанын бір ойлап, шетке барып оқиын десе, қаражаты жоқтығын екі ойлап, бір өз басының емес, бүкіл қазақ шәкіртінің жағдайына қайғырып, 1912 жылы «Зарландым» деген әңгімесін жазады.

Ақыры 1912 жылы 9 қыркүйекте туған жерін артқа тастап, оқу іздеп Троицк қаласына келеді. Онда Махмұт «Яуышев» медресесіне кіреді. Кейін «Айқап» газетіне хатшылық қызметке тұрады.

Сұлтанмахмұт – Ислам дінінің ең асыл құндылықтарын бойына терең сіңірген жан. Оның Шайбай туысқанына жазған: «Оразадағы уақытым қазақ шаруасынан аса алматындығы мәлім ғой. Неге десең, бала оқыту, құран, тарауық...» – деп келетін хаты ерекше назар аударуға тұрарлық. Осы хаты арқылы біз Сұлтанмахмұттың Рамазан айы кезінде уақытын қалай өткізгеніне болжам жасай аламыз. Ақын үйренгендерін өзі біліп қоймай, бала оқытуға барын салған. Сонымен қатар, Құран оқып, оны жаттауға да көңіл бөлген. Әрі ораза кезінде оқылатын тарауық намазын да тастамағанын байқаймыз.

Сұлтанмахмұт туындыларындағы дін тақырыбы

Сұлтанмахмұт өлең жазып қана қойған жоқ. Пьеса, роман, мақала, фельетон да жазды. Былайша айтқанда ақын да, жазушы да, публицист те болды. Оның жұлдыздай жарқ еткен аз ғұмырында артында қалдырған мол мұрасы бүгінде қазақ әдебиетінің төрінен ойып тұрып орын алады. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев оған: «Абайдан кейінгі талассыз, даусыз заңғар тұлға – Сұлтанмахмұт ақын» деп баға берсе, ғалым Зәки Ахметов:

«Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетінің классигі» деген екен. «Сұлтанмахмұтты мұншалық жоғары деңгейге көтерген қай қасиеті?» деген ой бізді де біраз толғантты. Ойлана келе, өзімізше жауап тапқандай болдық. Сұлтанмахмұт өлеңдерінде де, поэмаларында, тіпті романында да алдыңғы орынға адамдықты, адалдықты қояды, халықты жақсылыққа үндейді. Замандасы, белгілі ғалым Әлкей Марғұлан өз естелігінде ақынның бір қасиетін былай еске алады: «Сұлтанмахмұттың дүниеде жек көргені арамза бай мен залым болыстар еді. Бір жылы жаз күні, мен әлі күні ұмытқаным жоқ, менің ауыл мектебінде оқып жүрген бала күнім еді, Махмұтты көруге көршілес ауылға бардым. Онда Махмұттың менімен ісі жоқ, тек жиналған халықтың алдында импералистік соғыс жайында оларға әңгіме айтып отырғанын көрдім. Бір уақытта Махмұт пен біз қарайтын елдің болысы өзінің шабарманынан хат жіберіп «біздің үйге келіп, қала жайынан әңгіме айтсын» деп Махмұтты шақыртыпты. Махмұт хатты оқып болған соң, болыстың шабарманына ашуланып қарады да: «Мен Поштай ауылына барып сауын айтатын шапқыншы емеспін, әңгіме іздеген кісі өзі келер!» – деді. Махмұттың бұл сияқты еркін сөзі ол кезде жат болатын. Махмұтты тыңдап отырған жұрт қуанарын да, қорқарын да білмеді. Махмұт осы сияқты бірегей айтатын сөзін бөгеп қалмайтын турашыл болғандықтан, оны қалың бұқара өте жақсы көруші еді». Сұлтанмахмұт әр кез әділеттің жағында болды. Мұндай қасиеттер Құдайының бұйрығын орындаған, Алласын ақылмен таныған адамға тән екені белгілі.

Малға басым имеске,

Рия тонын кимеске,

Кісінің құрметін сүймеске,

Өз ісіме тимеске,

Кісі тіліне ермеске

«Қазақшылыққа» енбеске,

Аштан өлсем адамға,

Намысымды бермеске.

Май тамызса тілінен,

Еш адамға сенбеске,

Өз ақылымнан басқаға көнбеске,

Кәміл уәде етілді, – деп ақын бір өлеңінде өз-өзіне уәде етеді. Ал «Қамар сұлу» поэмасында:

Жұртым-ау Құдайыңды ойлаймысың,

Ұстап сату әдетін қомаймысың?! – деп, бұқараны Құдайын еске түсіре отырып, Одан қорқуға, жаман әдеттерден арылуға шақырады. Ал бір байдың үйіндегі алтынмен апталған заттар мен күміс кесені көргенде:

Кесені қолыма алып қарай бердім

Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?! – деген өлең жазуының өзі жас та болса Сұлтанмахмұттың парасатын білдіреді. «Бұл қымбат дүние еңбекпен келді ме, жоқ әлде кедейдің көз жасы бар ма?» деген сұрақ қоя отырып, оқырманына да ой тастайды, өлеңімен оны да тәрбиелейді.

С.Торайғыров «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» поэмасында ата діні – Исламды былай сипаттайды:

Ислам деп қазағымның айтсам дінін,

Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.

Негізі ақылменен сонша үйлесер,

Мін іздеп, қозғай алмас ешкім тілін.

Мақсаты адам ұлын бақты қылмақ,

Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын.

Әуелі бір Аллаға иманды айтқан,

Сорлысың деп, болмаса бір сенгенің.

Осындай бақыт жолы – дін-ислам. Алаштанушы ғалым Өмірхан Әбдиманов бұл жыр туралы: «Сұлтанмахмұттың дін туралы таным-білігінің құнарлы қайнары дала ақынының аузынан айтылады. Онда Ислам дінінің қадір-қасиеті туралы сан ғасырлар бойы санадан берін орын алған арналы наным-сенімінің қуатты күші айқын сезіледі. Мұнда діни уағыз да, діни насихат та жоқ, тек Құдай жолын тура көрген жанның имани сенімі көрініс тапқан», – деп жазады өз зерттеуінде.

Ал Сұлтанмахмұт «Топырақ» атты мақаласында қазақ жері орыс мұжықтарына қолды боп жатқанын көрген ақын қабырғасы қайысып: «Адам (ғ.с.) мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер. Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, бағы жанға сая, жұртқа пана топырақтан жаратты», – дейді. Елге, жерге ие болудың маңызын басқа теңеулермен де жеткізуіне болар еді. Бірақ Сұлтанмахмұт олай істемейді. Ол адамның топырақтан жаралғанына екпін түсіреді. Осы мақаласында ары қарай: «Жанға қуат беретін, ғұмырға береке беретін, арысаң – ат, ашықсаң – тамақ болатын топырақ. Топырақ. Топырақ. Айтып-айтып келіп мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын қолға тиген топырақтан айырылма. Мойындарыңдағы парыз осы», – деп, топырақты қорғауды, елге ие болуды, жерден айырылмауды бізге, кейінгі ұрпаққа аманаттайды.

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болған» – Сұлтанмахмұт

Осы уақытқа дейін қазақтың талай зиялылары туралы оқыдым, жаздым да. Бірақ олардың арасынан дәл Сұлтанмахмұттай білім-ғылымға ессіз құмартып, елінің бір кәдесіне жарауға жанталаса ұмтылған бірін білмедім.

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,

Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам, – деп жазған ақынның осы сөзідұғаға айналды ма?! Әлде ауруы себепті қысқа өмір сүретінін сезді ме, жоқ Алла сездірді ме екен?! Әйтеуір, ерекше жанталасты. 1916 жылы Томск қаласынан туыстарына жазған хатында:«Мен өзім жұмасына екі ғана обед етем, құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртаба болсын, барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ», – дейді. Не деген жанкештілік! Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те өз естелігінде: «1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары және оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып, қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда бір жолы мен оның көңілін сұрай бардым. Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп қатты сақтанады екен. «Аурумын, емделіп жатырмын» демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л.Толстойдың, С.Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды», – деп еске алады. Осының бәрін оқи келіп, өмірбойы қазақ көрген азап пен надандық Сұлтанмахмұттың жанына елден ерек батты ма деп ойлайсың. Білім, ғылым үйрену арқылы халқының маңдайына жарқыраған күн болуды мақсат тұтудың өзі ерлік емес пе?! Бір өлеңінде:

Оллаһи, ант етемін Алла атымен,

Орыс тілін білмеймін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.

Келгенше, осыларды отыз жасқа,

Иншалла, бәрін түгел ұғам басқа.

Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,

Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа! – десе, «Туған еліме» атты өлеңінде:

Сіздерге әкеп шашуға,

Ғылым-білім жинаймын, – дейді.

Бірақ, Алла тағаланың Сұлтанмахмұтқа белгілеп берген өз ғұмыры бар екен. Жүсіпбекше айтсақ, «Құрт жайлаған кеудесін қалың қайғы, ауыр арман кернеген» ақын «тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деген өкінішті арқалап, о дүниеге аттанып кете барды. Өмірі тым қысқа болды.

Елімнің мен шын ұлы екеніме,

Тағдырдың өзі берер куәлікті, – деп ауру кеудесі сырылдап өлең жазған ақынның ұлтының нағыз баласы болғанына бүгінде біз куә болып отырмыз. Ал ауруы асқынып, төсек тартып жатса да бар дәрменімен жарыққа ұмтылған Сұлтанмахмұттың:

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам?!

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кіремін, – деп жалынды рухпен жазылған бұл өлеңі оқыған қазақтың жүрегін жылытып жүргенін көзіміз көріп жүр...

Марфуға Шапиян

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: