«Артық күлкі жиреніш қоздырады»

«Артық күлкі жиреніш қоздырады»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ үш арсыздың бірі – күлкі деп біледі. Оны төмендегідей бірқатар мақал-мәтелдерден де байқаймыз: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер,» «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас,» «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл,» «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі,» «Орынсыз күлкі – ұрыс шақырар,» «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады».

Сондай-ақ оның түрлері де көп: қарқылдап күлу, тарқылдап күлу, сақылдап күлу, жырқылдап күлу, кеңкілдеп күлу, селкілдеп күлу, сықылықтап күлу, жымиып күлу, кекесінмен күлу, миығынан күлу, мысқылдап күлу, мырс-мырс күлу, өтірік күлу, жылмиып күлу, сыпайы күлу, ішек-сілесі қатып күлу, мазақтап күлу және бос күлкі, бояма күлкі, орынсыз күлкі немесе кісі қадір-салмағына лайық мәнді-мағыналы күлкі т.б.

Біз осының ішінде орнымен болатын мәнді-мағыналы күл-кіге, яғни әр істе үмбетіне үлгі көрсеткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өлшемдеріне тоқталмақпыз.

Еш күлмейтін адам бола ма? Оған жауап беру қиын шығар, дегенмен өмірден қанша құқай көрсе де барлығын шын ризашылығымен қабылдап, мұң-қайғысын жүрегіне жасырып, сырт адамға еш нәрсе білдірмей, жүзінен жылылықтың табы кетпейтін, қай кезде де жылы жымиыстан танбаған ғажап тұлғалар болған. «Дін жолында ешкім бастан кешіп көрмеген небір қиындықтарға ұшырадым» (Тирмизи, Қиямет, 34/2472) деген пайғамбарымызды (с.ғ.с) ешкім ешқашан қабағы қатулы, мұздай мінез, маңайына ызғар шашатын кейіпте көрмеген. Қайта қай кезде де пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мерейлі жүзінен нұр тамып, маңайына жылы шуақ шашып тұратын. Күлсе, езу тартып әдемі ғана жымиып, бойындағы тұнып тұрған иманның әсемдігінен сыр ұқтыратын. Үнемі Алла тағаламен бірге болудың тілмен жеткізгісіз қуанышы мен ләззатынан болар, қашанда жүзі күлімсіреп, жан дүниесінің күллі жаратылыс атаулыға деген махаббат пен сүйіспеншілікке толы екенін сездіретін. Әрине, ондағы бұл керемет мінез сахабаларына да әсер етпей қоймады. Олар да жылы ғана жымиып қоюды өздеріне әдет ете бастады.

Бұл жайында Үммү Дәрда былай дейді: «Күйеуім Әбу Дәрда бір нәрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: – Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды?– дегенімде, ол: – Алла Елшісі (с.ғ.с) сөйлемекші болғанда үнемі күлімсірейтін,-деп жауап берген еді» (Ахмад, V, 198,199).

Кісі жүзіне жылы жүзбен күлімдеп қарауды садақаға, сауапты амалға жатқызған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалай күлгендігі жайлы жары Айша анамыз (р.а) былай дейді: «Мен ол кісінің таңдайы көрінетіндей дауыстап күлгенін көрген емеспін. Ол тек күлімсірейтін» (Бұһари, Әдәб, 68).

Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешқашан жөн-жосықсыз, қатты дауыстап күлмеген, қуанышты кездерінде іштей сүйсіне көзін жұмып, күлімсірейтін. Сахабалардың айтуынша, ол мінезі жібектей, ең кішіпейіл жан еді. Күлгенінен күлімсіреуі басым түсіп, жүзінен нұр есіп тұратын.

Бұл жайында Әбу Құрсафа былай деген: «Мен, шешем және туыс әпкем серт беру үшін Алла елшісіне (с.ғ.с.) бардық. Қоштасып сыртқа шыққанымызда, шешем мен әпкем маған: «Балам, жүзі осыншалықты жылы, киімі осыншалықты таза, сөзі соншалықты жұмсақ мұндай кісіні өмірі көрген емеспіз. Мүбәрак аузынан нұр төгілгендей екен,»– деп таңғалысты (Хайсами, VIII, 279-280).

Еврей ғалымдарынан Абдуллаһ ибн Сәлам да пайғамбарымызды (с.ғ.с.) алғаш көргенде, қасиетті жүзіне барлай қарап тұрып «Мынандай келбеттен өтірік күту мүмкін емес» деп, сол мезетте-ақ мұсылмандықты қабылдаған еді (Тирмизи, Қиямет, 42/2485).

Иә, кісілік келбеттің қалыптасуында адамның әрбір іс-әрекетінің, соның ішінде ең қарапайымы күле білудің де өз жөні бар. Алаңсыз бейғам қарқылдап күлу адамның парықсыздығын аңғартып, оны ойсыздық пен ғапылдыққа салуы мүмкін, ол уайымсыз-қайғысыз жүрген пендеге ғана тән. Бұл жөнінде Құранның «Күлесіңдер, бірақ жыламайсыңдар, тым қаперсізсіңдер» деген аяты көкірегі ояу жанға ой салғандай («Ән-нәжім» сүресі, 60-61 аяттар). Ал, сәт сайын бұл өмірде сыналу үстіндегі адамның өзін қаперсіз күйге салатындай әрекеттерге баруы жараспайтын қылық. Оның жүрегі үнемі үміт пен үрейден арылмайды. Өзін: өлім, қабір, қайта тірілу, есеп беру, қылкөпір секілді алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білетін рухани сауаты бар жан қарқылдап күлуді дөрекілікке балап, еренсіздік не ғапылдық ретінде өзіне ар санайды. Осы себепті өмірінің көбі қайғырумен өткен шерлі пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің білгенімді білсеңіздер, аз күліп, көп жылайтын едіңіздер,»– деген еді (Бұһари, Тәфсир, 5/12). «Күйдірген соң шыдатпай, қоя ма екен жылатпай» деп Абай атамыз айтпақшы, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесін күйдірген жайт – халықтың ертеңгі күннен ғапылсыздығы, тым еренсіздігі, нәпсіқұмарлықтан бас алмауы, ақыретті ұмытқан қамсыздығы, мейлінше жайбарақаттығы, бұл дүниеде күліп күнә істегеннің – о дүниеде жылап тозаққа түсетінін білмеуі, осыларды ойлап көңілі толқып, көзіне жас алудың орнына, қайта қарқылдап күлуі еді. Оларға жанашырлықпен түсіндірген сайын өзін келемеждеп, мазаққа алуы, жақсылықтың сауапшылығын айтқан сайын қасарысып күнәдан бас алмауы Ақиық Елшінің (с.ғ.с.) арқасына аяздай батып, жылаудан көз аштырмады. Өзі де осыны меңзеп, бірде: «Мен күйіп қалатынын білмей отқа жүгірген көзсіз көбелектерді жасқап әлек болған адам секілдімін» деп, тозаққа күйесің деп күнәдан аластатпақ болған сайын адамзаттың қайта соған ентелей түсетінін ойлап, қатты қамығып, іштей күйзелген еді (Мүслим, Фәдаил, 19).

Иә, сыпайы күлкі адамның ажарына ажар, мінезіне салмақ қосса, ырқыл-жырқылға беріліп, күлегештене беру кісіні сыртқа тым жеңілтек көрсетеді. Бұл жайында хазіреті Омардың (р.а.) айтқан мына бір сөзі өте мәнді:

«Күлкісі көбейгеннің – сұсы азаяды. Көп қалжыңдасатын адам – келекеге ұшырайды. Кім нені көп істесе, сонысымен танылады. Көп сөйлеген адам – көп қателік жібереді. Қателікті көп істейтін адамның – ұяты азаяды. Ұяты азайған адам – күнәлі нәрселерге үйірсек келеді, ондай адамның жүрегі өледі» (Ғазали, Ихия-у-улумуддин, ІІІ, 288).

Расында, не болса соған күлегеш адамды салмақты, байсалды мінезді деп айту қиын. Мұның сорақылығы сол – ондай адамның көп күлуден бара-бара жүрегі қарайып, ішкі сезім түйсіктері әлсірей түседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осыны меңзеп Әбу Хұрайраға берген кеңесінде: «Көп күлуден сақ бол, көп күлу – жүректі өлтіреді» деп ескерткен еді (Тәнбихул-ғафилин, Бустанул-арифин, Б. 225).

Күлкінің ішінде де Аллаға ұнайтыны, әрі ұнамайтыны бар екенін де хадистерден үйренеміз. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Күлкінің екі түрі бар: Алланың жақтыратыны, әрі жақтырмайтыны. Аллаға ұнайтын күлкі – бір мұсылманның екінші бір мұсылманды жолықтырғанда, қуанғанын білдіріп жүзіне күліп қарауы. Ал, Алланың жақтырмайтын күлкісі – біреуді біреудің мазаққа айналдырып, келемеждеп күлуі» (Мұһтарул-әхадисин нәбәуия, №727-хадис, Б. 398-399).

Бос күлкі адамның шикілігін, көкірегінің бос екенін аңғартатын тәрізді. Оны терең ойлы жандарға жарастыру қиын. Мұқағали ақынның:

Ақылына айырбаста күлкіңді,

Қайтесің сол күлкі деген шіркінді?!

Бейқам күліп өспеген соң өз басым,

Бос күлкіні ұнатпаймын біртүрлі,– деуі де сөзімізді қуаттай түсіп, бос күлкімен өмірді босқа өткізгеннен гөрі күн сайын ойға ой жамап, ақылға ақыл қосудың анағұрлым пайдалы екеніне назар аудартатындай.

Абай атамыз да өзінің төртінші қарасөзінде осы күлкі мәселесіне арнайы тоқталған. Күлкіні мастыққа балаған ғұлама бабамыз көп күлкіге салынған адамның көп ғапылдыққа ұрынатынын былай деп түсіндіреді:

«Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек».

Абай атамыз ары қарай пенденің бұл дүниеде уайым-қайғысыз жүруінің дұрыс еместігін сынға алып, түбі өкінішке апаратынын ескертеді:

«Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек. Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек.

...Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл-дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!».

Қарасөзінің жалғасында Абай атамыз басқалардың нашар қылығын табалап күлуге емес, қайта солардан ғибрат алып күлуге шақырады. «Бос күлкіге» тағы да «ызалы күлкі,» «бояма күлкі» деген жаңа тіркестерді қосады:

«Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, Құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».

Күлкіге себеп болатын нәрсе көп, соның бірі – әзіл. Әл-Фараби бұл туралы: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деп, орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын ұқтырған. Әзіл өз өлшемінен аспай, тамаққа қосылған тұз мөлшеріндей болғанда ғана сөздің дәмін келтірмек. Осы тұста «Әр ісі үлгі-өнегеге толы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзілдесетін бе еді?» деген сұрақ туындайды. Соңғы Елшінің (с.ғ.с.) өміріне көз жүгірткенімізде, жиі болмаса да оның әркез әзілдескенін көреміз. Тіпті, кейде «Уа, Алланың елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?,»– деп таңырқағандарға: «Иә, мен әзіл айтам, бірақ арасына өтірік араластырмаймын,»– деп жауап беретін (Тирмизи, Бирр, 57). Әзіл айтса да ақиқаттан аттамаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әзілдеп болса да өтірік айтудан сақтанған адамға жұмақтың ортасынан жай беріледі» деп, әзіл айтудың да өз тәрбиесі барын үмбетіне ескерткен (Әбу Дәуіт, Әдеб, 7).

Алла Елшісінің (с.ғ.с) әзілдері санаулы-ақ болған:

Бірде бір қарт әйел келіп: «Мен де жұмаққа кірейін, дұға етіңізші,»– деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Қарт кісілер жұмаққа кірмейді,»– деп әзілдеді. Бұны шын көріп қалған әлгі әйел солқылдап жылап жіберді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде Жұмаққа кіргізеді,»– деп түсіндірді (Тирмизи, Шәмаил, 18).

Тағы бірде бір кісі келіп, мініске көлік сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жарайды, сені бір түйенің ботасына мінгізейік,»– дейді. Ол кісі: «Мен ботаға қалай мінем?»– деп таңданғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған күліп: «Түйе – түйеден тумай ма, әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?!»– деп әзілдегенін аңғартты (Әбу Дәуіт, Әдеб, 84).

Иә, иманды адам әрдайым байыпты болуы тиіс. Әзілдесе де орнымен әзілдеп, күлсе де білікпен күліп, тәрбиесі мен көргенділігін байқатуы тиіс. Өмірі тірі жанға жылы қабақ танытып, жылы сөз айтып, күлімсіреу дегенді білмейтін қаталдық пен қарадүрсін мінез оған жат.

Үлкен әулие Жәләладдин Руми адамның күлкісі-ақ көп нәрсені аңғартатынын меңзеп:

«Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігін, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісін танимын» деген екен.

Құдайберді БАҒАШАР, дінтанушы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: