Тіл – Алла тағаланың пенделеріне берген ұлық сыйларының бірі. Тіл дене мүшесі ретінде кішкентай ғана болғанымен, жаратылысы өте күрделі. Тіл – Алла тағалаға мойынсұнуда үлкен қызмет атқарады. Бұл дүниеде адам баласының иманды немесе имансыз екендігі тілдің куәлік беруі арқылы мәлім болады. Алла Тағаланың бар екендігін адамдарға анық дәлелдермен түсіндіруде тіл біздерге жәрдем береді. Тілдің жәрдемімен түрлі ілімдердің қыр-сырын оқып үйренеміз. Мұндай қасиеттер тек тілге ғана берілген. Мысалы, көз көрген, құлақ естіген нәрселердің қандай екендігін тілмен айтып жеткіземіз. Денедегі барлық мүшелер белгілі бір шектеумен шектелген. Мәселен, көз белгілі бір қашықтықты ғана көре алады. Сол сияқты қолдың да, құлақтың да белгілі бір шекарасы бар. Ал, тілдің өрісі болса өте кең. Егер тілді қадағалап, сөзге есеп беріп тұрмаса, оған шайтан араласып, иесін жамандыққа жетелеуі мүмкін. Тілді орынсыз пайдаланса, адам баласы тозаққа түседі. Тілін шариғат жүгенімен жүгендеген, екі дүниеге де пайдасы бар сөздерді сөйлеген адам ғана мұндай жамандықтардан құтыла алады. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа, күнә істерге душар ететін нәрсе - тіл. Сондықтан, адамдарды жолдан адастырудағы шайтанның аспаптарының ең үлкені тіл болып саналады. Сол себепті, шариғатымыз тілді қалай болса солай сөйлеуден сақтауға шақырады. Пайдасыз сөз сөйлегеннен гөрі үндемей тұруды дәріптейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім сөйлемей, тыныш тұрса, бәледен құтылады»- деген. Енді бір ретте: «Тіліне сақ болып, тыныш тұру - даналық. Бірақ, мұны түсініп, амал етушілер аз» - деген. Олай болса, тіліне ие болып, тыныш тұруда ақылдылық және сақтық бар.
Абдуллаһтың әкесі Суфиян деген сахаба айтады: «Мен Расулуллаһға (с.ғ.с.): «Ей, Расулуллаһ! Маған сізден кейін басқа еш кімнен сұрамайтындай Исламнан бір істі көрсетіңіз»- дедім. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Аллаға иман келтір, сонан соң ол иманыңда мықты тұр»- деді. Мен: «Қайсы нәрседен сақтайын»?- дедім. Сол уақытта Расулуллаһ (с.ғ.с.) қолы мен тілін көрсетті, яғни, тіліңе ие бол»- деді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.), үмметтерінен тіліне сақ болған адамның жәннатқа кіруіне кепілдік беріп: «Кімде-кім маған тілі мен екі аяғының арасындағы нәрсені жамандықтан сақтауға кепілдік берсе, мен оған жәннатқа кіруіне кепілдік беремін»- деген. Муғаз ибн Жабал пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Қандай істер жақсы? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тілін шығарып, үстіне саусағын қойып, тілге сақ болу дегендей ишара етті. Кейін: «Кімде-кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне сақ болуды ләзім тұтсын»- деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтеріне күнәнің көпшілігі тілден болатындығын ескертіп: «Шынында, адам баласы күнәнің көбісін тілінен табады»- дейді. Ибн Омар: Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естідім: «Кімде-кім тілін жамандықтан сақтаса, Алла тағала ондай кісінің айыбын жасырады. Кімде-кім өзінің ашуын басса, Алла тағалаға оны азаптан сақтайды. Кімде-кім Алла тағалаға үзір айтса, үзірі қабыл болады».
Сафуан ибн Салим: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:
«Сіздерге ғибадаттың ең жеңілі және де денеге оңайрағы не екендігін айтайын ба? Ол - тілге ие болып сөйлемей тыныш тұру және әдемі мінез-құлықты болу»- дегенін естідім»- деп риуаят етеді.
Абу Хурайраның риуаятында: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ахирет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын»- деген. Немесе, «Сөйлеген сөзінен пайда тапқан немесе сөйлемей тыныш тұрып аман қалған пенделерді Алла тағала өз рахымына бөлейді».
Бұрынғы пайғамбарлардың үмметтері өз пайғамбарларынан жәннатқа алып баратын амалдар жайында сұрағанда, барлығы да бірінші тіліне сақ болуды айтқан. Мысалы, Исадан (ғ.с.): «Ей, Иса (ғ.с.). Бізге жәннатқа алып баратын амалды көрсет»- дегенде, Иса (ғ.с.) үмметтеріне: «Еш сөйлемеңдер»- деді. Үмметтері: «Біз, сөйлемей жүре алмаймыз»- дегенде: «Олай болса, тек қана жақсы сөз сөйлеңдер»- деп бұйырды.
Дәуіттің (ғ.с.) баласы Сүлеймен де (ғ.с.) адамдарға: «Егер сөйлеу - күміс болатын болса, сөйлемей тыныш тұру - алтын»- деп түсіндірді. Тура сол сияқты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бір кісі келіп:
«Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.): Маған мені жәннатқа кіргізетін амалдарды айт!- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіге былай деді: «Аш қалғанға - тағам, шөлдегенге сусын бер, жақсылыққа бұйыр, жамандықтан қайтар. Егер бұған да шамаң келмесе, онда жақсы сөз айт, жаман сөзден тіліңді сақта».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шарифте мүміндердің сөздері қандай болуы керектігін былайша түсіндіреді:
«Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екіжүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді». Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесу көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады»- деген.
Өткен ғұламаларымыз және басқа да кісілер тілден сақ болу жайында дана сөздерін айтып кеткен. Әбубәкір Сыддық өзін көп сөйлеуден тыю үшін аузына кішкентай тас салып жүреді екен. Сұраған адамдарға қолымен көрсетіп: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы» - деп жауап береді екен.
Тауус деген кісі: «Менің тілім - бір жыртқыш аң. Егер бетімен жіберсем, өзімді жеп қояды»- деген.
Вахб ибн Манбаһ: «Дәуіт (ғ.с.) және оның отбасының хикметі» деген кітабында: «Ақылды адам өз заманының біліктісі, тілін жаман сөздерден сақтай алатын және де өз істерін тексеріп тұрушы болуы тиіс»- деген.
Кейбір ғұламаларымыз айтады: «Сөйлемей тыныш тұру - адамға екі жақсылық әкеледі: 1.Дінінде аман болады; 2.Қасындағы бауырынан ақылдырақ болады»- деген.
Мұхаммед ибн Уасиғ Мәлік бин Динарға: «Әй, Яхияның әкесі, тіліңмен адамдарға азар беруден, алтын-күмісіңді жоғалтып алудан да қаттырақ сақтан»- деген.
Хасан (р.а.): Бір қауым Мұғауияның (р.а.) алдында сөйлеп тұрғанда Ахнаф ибн Қайс сөйлемей тыныш тұрған екен. Сол кезде Мұғауия (р.а.) оған: «Әй, Әбубәкір, не болды? Неге сөйлемей тұрсын?»- деді. Ахнаф: «Жалған сөйлеуге Алладан қорқамын, шындықты айтуға сенен қорқып тұрмын»- деп жауап берген екен.
Әбубәкір ибн Ғияш айтады: «Ілгеріде төрт патша, яғни Үндістанның, Қытайдың, Парсының патшасы Кисро және Римнің патшасы Қайсар төртеуі бір жерде кездескен екен. Олардан біріншісі: «Мен айтқан сөзіме өкінемін, айтпаған сөзіме өкінбеймін»- деді. Екіншісі: «Егер мен бір сөзді айтсам - сөзім маған патша болады, айтпасам - сөзіме мен патша боламын»- деді. Үшіншісі: «Мен сөйлеген адамға таң қаламын. Егер сөз өзіне қайтса, оған зиян болады. Ал, егер қайтпаса оған тіптен пайдасы жоқ»- деді. Төртіншісі: «Мен, айтқан сөзімнен айтпаған сөзімді өзімнен қайтаруға құдіреттімін»- деді.
Расында, тілін жамандықтан сақтаған адам екі дүниеде де ұлық дәрежелі болады. Себебі, тілге сақ болу - қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, сөз тасу, өзін адамдарға көрсетіп сөйлеу, екіжүзділік, жаман сөзді сөйлеу, өзін ақтап сөйлеу, дұрыс болмаған сөздерге кірісіп кету, біреуді жамандағанда асырып жіберу, тілімен адамдарға азар беру және де біреудің абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тілге жеңіл болғанымен, иесіне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуіне үлкен себеп болады. Адам баласы осы айтылып өтілген істерге кірісе кеткенде өзін тоқтатып қалуға шамасы жетпей қалады. Кейін көңіліне айтқысы келген сөзді айта салады, айтқысы келмеген сөзді айтпай қояды. Сондай-ақ, тілге ие болу әрдайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ақыретте есеп берудің қинышылығынан аман сақтап қалуды өз ішіне қамтиды.
Алла Тағала Құрани Кәрімде «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын»- деген.
Осы аяттың өзі біздерге орынсыз сөйлемей, үнсіздік сақтаудың ләзім екендігіне дәлел болады. Негізінде, сөздің өзі төртке бөлінеді. Бірінші - анық зиян. Екіншісі - таза пайда. Үшінші бөлігінің пайдасы да зияны да бар. Төртіншісі - пайдасы да, зияны да жоқ.
Осының анық зияны барынан тілімізге сақ болуымыз қажет. Зияны да, пайдасы да бары осыған ұқсас, яғни тілімізге ие болуымыз керек болады. Себебі, жақсы сөзге жаман сөз араласса, онда жақсылықты еш қылады. Енді пайдасы да, зияны да жоқ сөздерден де сақ болу жөн болады. Өйткені, пайдасыз сөздермен шұғылдану уақытты зая кетіреді. Біріншіден, ақыретте уақытты бекерге өткізгеніне жауап берсе, екіншіден, сауаптың орнына пайдасыз нәрсе істеген болады.
Тілді сақтау қажет болғандардың бірі - ғайбат, өсек айту.
Ғайбат - ауыр күнәлардың бірі. Ғайбат - бір кісінің өзі жоқта сыртынан айыбын айту. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларына: «Сіздер, ғайбаттың не екендігін білесіздер ме?- деп сұрады. Сахабалар: «Алла және оның елшісі біледі»- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер бауырларыңыз естігенде ренжитін сипатын айтсаңыздар, сол - ғайбат»- деді. Сахабалар: «Ей, Расулуллаһ, біз айтқан сипат бауырымызда болмаса ше?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Айтқан сипаттарыңыз бауырларыңызда болса, ғайбат еткен боласыздар. Егерде ол сипат бол-маса, оған жала жапқан бола-сыздар» - деді.
Алла тағала Құран Кәрімде ғайбаттың жамандығын келтіреді және де ғайбат етушіні өліктің етін жеген адамға теңестірген.
Алла тағала Құранда «Хужрат» сүресінің 12-аятында: «Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер»- деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылманға қаны, малы және абыройын төгу - харам»- деген.
Ғайбат сөйлеу де біреудің абыройын төгу болғандықтан, Расулуллаһ (с.ғ.с.) қан және малға абыройды да қосты.
Бір риуаттарда келеді. Бір күні пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үйінде еді. Зайд ибн Сәбит мешітте пайғамбарымыздан естігендерін әһли суффа сахабаларына айтып жатқан еді. Сол кезде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ет әкелінді. Сахабалар Зайд ибн Сәбитке: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына кіріп айт, біз бірнеше күннен бері ет жегеніміз жоқ, келген еттен біздерге де берсін»- деді. Зайд шығып кеткенде олар: «Зайд та біз сияқты Расулуллаһтан үйренген, ол қалай бізге хадис айтады»- деді. Сол уақытта Зайд пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына кіріп, сахабалардың сұранысын, тілегін жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зайдке: «Оларға қазір ғана ет жедіңіздер,- деп айт»- деді. Зайд олардың алдына келіп, оларға пайғамбардың сөзін жеткізді. Олар: «Алланың атымен ант етеміз, бірнеше күннен бері ет жегеніміз жоқ»- деді. Зайд және пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.ғ.с.) алдына келіп, олардың сөз-дерін жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да: «Олар жаңа ғана ет жеді»- деді. Зайд және қайтып барып, оларға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін айтты. Содан соң олар орындарынан тұрып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Ей, Расулуллаһ. Біздер, пәлен күннен бері ет жегеніміз жоқ»- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Сіздер, жаңа ғана бауырларыңыздың етінен жедіңіздер, еттің қалдығы тістеріңіздің арасында тұр, түкіріңіздер, еттің қалдығын көресіздер»- деді. Олар түкірген еді, ауыздарынан қанды түскенін көрді. Сол кезде олар тәубе етті және Зайдтан кешірім сұрады. «Біздер, тек жақсылықты көздеген едік»- деді.
Алла Тағаланың алдында зина - үлкен күнәлардың бірі болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғайбат сөйлеу зина етуден де ауыр күнә екендігін ескертіп былай деген: «Ғайбат етуден сақ болыңдар. Ғайбат - зина етуден де ауыр күнә. Себебі, зина етуші кісі Аллаға шын ықыласымен тәубе етсе, тәубесі қабыл болуы мүмкін. Ал, ғайбат етушінің күнәсі ғайбатталған адам кешірмейінше, Алла Тағала оның күнәсін кешірмейді».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Миғраж түні Жәбірейілмен (ғ.с.) бірге беттерін тырнақтарымен тырнап жатқан қауымның жанынан өттік. Мен Жәбірейілден (ғ.с.) бұл кісілер жайында сұрадым. Жәбірейіл (ғ.с.): «Олар - адамдарды ғайбат етіп, адамдардың ар-намысына тиетіндер»- деп ғайбат сөйлеудің жазасының ауыр екендігін үмметіне ескерткен.
Алла тағала Мұсаға (ғ.с.) түсірген бір уахиында: «Әй, Мұса (ғ.с.)! Кімде-кім ғайбат еткені үшін тәубе етіп дүниеден өтсе, пейішке ең ақырынан кіреді. Ал, кімде-кім ғайбат етіп, тәубе етпей дүниеден өтетін болса, тозаққа бірінші болып кіред»- деген.
Анас (р.а.) риуаят етеді: «Бір күні пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) адамдарға ораза ұстауды бұйырып: «Мен рұқсат етпейінше, оразаларыңды ашпаңдар»- деді. Адамдар ораза ұстап, кеш болғанда біртіндеп: «Ей, Расулуллаһ! Бүгін мен ораза ұстадым, оразамды ашуға рұқсат бер»- деп рұқсат сұрап келе бастады. Бір уақытта бір кісі келіп: «Ей, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Сенің үмметіңнен екі кісі ораза ұстады, екеуі сізге келуге ұялып тұр, оразаларын ашуға рұқсат беріңіз»- деді. Расулуллаһ (с.ғ.с.) ол кісіге жауап бермеді. Әлгі кісі сөздерін үшінші рет қайталағанда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): Ол екеуі ораза ұстаған жоқ, күні бойы адамдардың етін жеп жүріп, қалайша ораза ұстайды? Сен барып оларға: «Ораза ұстаған болсаңдар, құсыңдар!- деп бұйыр»- деді. Ол кісі Расуллаһтың айтқанын орындады. Әлгі екі кісі құсқан уақытта әрқайсысы бір жапырақтан қан тастады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың атымен ант ішіп: «Егер ол қан іштерінде қалғанда, оларды тозақтың оты жалмар еді»- дейді.
Ғайбатшыларды Алла тағала қабірде азаптайды. Ғұламалары-мыздың айтуынша, адам баласы қабірде үш нәрсенің себебінен азапталады. Біріншісі - ғайбат ай-тудан, екіншісі - сөз тасудан, үшіншісі - кіші дәреттегі ұқыпсыз-дықтан,- деді. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көп-теген хадистерінде айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларымен сапарда келе жатып, бір жердегі қабірлердің жанынан өткенде: «Бұл екі қабірдің ішіндегі адамның екеуі де азапталып жатыр. Бұлардың бірі - адамдарды ғайбаттағаны үшін, екіншісі - кіші дәреттегі ұқыпсыздығы үшін азабын тартып жатыр»- деді. Кейін құр-маның бір шыбығын алдырып екіге бөліп, екеуінің қабіріне бір-бірден шаншып қойып: «Осы құрма кепкенге дейін азаптары жеңілдетіледі»- деді.
Әбу Хурайра (р.а.) ғайбат туралы мына хадисті риуаят етеді: «Кімде-кім бұл дүниеде бауырын ғайбаттаса, ақыретте Алла тағала сол бауырының етін алып келіп: «Тірі кезінде жегеніңдей етінен же»- дейді.
Алла тағала Құран Кәрімде: «Бүкіл қорлаушы, өсекшіге нендей өкініш!»- деген.
«Уайыл» - тозақтағы ең жаман жер.
Хазіреті Омардың (р.а.): «Алланы зікір етіңдер, шипа болады. Адамдарды ғайбат етпеңдер, дерт болады»- дегеніндей, Алланы көп еске алып, адамдарды ғайбат етуден сақтанайық. Алладан ибадатқа тауфиқ беруін сұраймыз.
Тілдің сақ болуы қажет болған екінші нәрсе - жалған сөйлеу. Жалған сөйлеу - барлық жамандықтың негізі. Жалған сөйлеу барлық істерді бұзады және өз иесінің абыройын айрандай төгеді. Ондай кісілер адамдардың сенімінен шығады, өтірікші аталады. Адам баласы басқа адамдармен қарым-қатынас жасағанда, сауда-саттықта, жалпы қандай істе болмасын сенімге ие болу керек. Ал, жалған сөйлеу сенімнен айырады. Сондықтан да Алла тағала өтірікшілерді жолдан адасқандардың қатарына қосады.
Алла тағала Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 3-аятында:
«Жалған айтушыларды, күпірлік етушілерді Алла түзу жолға салмайтыны да анық»- деген. Өтірікшілерге қиямет күні ауыр азап болатыны туралы Алла тағала Құранда «Нахыл» сүресінің 116-аятында былай дейді:
«Тілдеріңнің бұл «харам» бұл «халал» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар, Аллаға өтірік жала жапсырған боласыңдар. Әлбетте, Алладан өтірік жала жапқандар құтылмайды. Бұл дүние аз бір күн көріс. Олар үшін күйзелтуші азап бар».
Өтірік сөйлеу - ауыр күнә. Бірақ, кей жерлерде, мысалы, екі адам ұрысып қалса, татуластыру үшін, соғыста және ерлі-зайыптылар жанжалдасып қалса, жарастыру үшін өтірік айтуға рұқсат етіледі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың арасын түзету үшін жақсы сөздерді тауып сөйлеген адам өтірікші емес»- деген.
Алла тағала Құран Кәрімде «Мұнафиқун» сүресінің 1-аятында екіжүзді адамның өтірікші екендігіне куәлік беріп айтады: «Сондай-ақ, Алла тағала, расында, екіжүзділердің мүлде суайт екендігіне куәлік етеді». Өтірік айту екіжүзділіктің белгісі екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде айтып кеткен: «Екіжүзділіктің үш белгісі бар. Сөйлесе, жалған сөйлейді. Аманатқа қиянат етеді. Уәде берсе, уәдесінде тұрмайды»- деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарды екіжүзділіктің белгісі болған жалған сөйлеуден сақтан-дырған. Шыншылдық жақсылыққа алып баратындығын нұсқай отырып, тура сөзді болуға үндеп: «Шыншылдық жақсылыққа, ізгілік жәннатқа алып барады. Кімде-кім шындықты айта берсе, Алланың алдында Сыддиқ, яғни, турашыл, шыншыл деп жазылады. Өтірік жамандыққа, жамандық тозаққа жетелейді. Кімде-кім өтірікті көп сөйлесе, Алла алдында жалғаншы деп жазылады»- деген.
Өтірік сөйлеудің зияны өтірікшінің өзіне ғана емес, төңірегіндегілердің барлығына әсері тиеді. Қоғамның бұзылуына себеп болатынның бірі - өтірік сөйлеп, жалған куәлік беру. Бұл нәрсе адамдардың бекерге өліп кетуі, жәбір-жапа тартуы, ар-намыстың аяқасты болуы сияқты көптеген жамандықтарға себеп болады. Сондықтан да, Исламда жалған куәлік беру - ең үлкен күнә. Алла тағала Құран Кәрімде жалған куәлік беруді Аллаға серік қосумен теңестіріп: «Ал енді нәжес пұттардан сақтаныңдар. Сондай-ақ, өтірік сөздерден сақтаныңдар»- деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі былай деп дұға еткен екен: «Ей, Жаратқан ием, жүрегімді екіжүзділіктен, денемді ойнастан және тілімді өтірік сөйлеуден сақтай гөр!».
Құрметті мүмін-мұсылман бауыр-лар! Жоғарыда айтылған жаман сипаттар, сараңдық, күншілдік, тәкаппарлық, сөз тасу, ғайбат-өсектер адамның жүрегін қарайтып, иман нұрын өшіреді. Өйткені, бұл нәрселер тек айып немесе күнә ғана емес, адамды тозаққа алып баратын шайтанның айлаларына жатады. Сол үшін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мүміннің жүрегінде бұл сипаттар болмайды»- деген. Яғни, мүміннің жүрегінде иман мен жоғарыда айтып өтілген жаман сипаттар бірікпейді. Алла барлығымыздың жүрегімізді харам нәрселерден сақтап, көкейімізді иман нұрымен нұрландырсын. Әмин!
Дайрабай қажы РЫСБАЙ