«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек, бекер мал шашпақ...»
Абай.
Алла тағала Құран Кәрімнің «Хашыр» сүресінде бір мұсылманның екінші мұсылман адамның үстінен өсек тасуына тыйым салған. Біреудің қателігін не бойындағы кемістігін айту - ғайбат болып саналады. Ал егер бойында жоқ қасиетті үстемелеп айтса, онда ол «ифтира», яғни «жала жабу» болып есептеледі. Бұл әрекет сауапты жоюмен қатар, ағайын мен ағайын, жалпы ел арасына іріткі салатын кешірілмес ауыр күнә.
Ардақты би бабаларымыз шындық пен өтірік арасы төрт-ақ елі, яғни көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік деген. Қиямет күні Алла тағаланың аса зор қаһарына ілінетін осы өсекші адамдар. Тіпті ораза тұтқан адамның өзі өсек тасыса, Алла разылығы үшін тұтқан оразасы қабыл болмайды.
Имам Мәлікке (р.а.) бір адам «Пәленше адам сізді былай жамандады», - деп жеткізіп келеді, сонда имам жеткізушіге қатты ашуланады. Әлгі адам: «Өйтіп айтқан мен емес едім ғой», - дегенде, «Бұл әңгімені ол адамның аузынан емес, сенің аузыңнан естідім», - деп оны жазаға тартады.
Ал Хасан Басридің (р.а.) алдына бір адам келіп: «Пәленше адамдар сізді өсектеді», - дегенде, Хасан оған сыйлық беріп, былай дейтін: «Сіздер сауаптарыңды маған беріп, менің күнәларымды артқандарыңыз үшін осы сыйлықтар беріледі!». Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Миғражға шыққанда бір адамды көрдім, ол өзінің етін өзі тістеп жеп жатыр, кім екенін сұрағанда, тозақ періштесі: «Өсек таратқан адамның жазасы осындай болады!», - деген екен.
Құран Кәрімнің бір аятында өсек айту адам өлтіргеннен де ауыр екендігі айтылған. Аятқа дәлел болған оқиға мынау: Ертеде бір адам күң сатып алады. Ол өсекші әйел еді. Үйіне келген соң, күң иесінің ауру әйеліне келіп: «Сіздің еміңіз күйеуіңіздің сақалында, бүгін түнде пышақпен сол сақал түбінен біраз кесіп алып, маған әкелсеңіз, ем жасаймын», - дейді. Сосын иесіне келіп: «Бүгін түнде ұйықтамаңыз, әйтпесе сізді әйеліңіз пышақпен өлтіреді», - деп оны қорқытады. Түн уағында ауру әйел күйеуінің сақалын кесіп алуға беттеген кезде күйеуі сол пышақпен өз әйелін өлтіреді. Сөйтіп, бір әйелдің өсегінен әйелі мен күйеуінің туғандары бір-бірімен қырқысып, ақырында екі әулет жер бетінен жоқ болған екен...
Алла тағаланың адамзатқа белгілі 99 көркем есімі болса, соның біреуі - «Саттар», яғни «Жасырушы». Алланың өзі күнәларды жасырып, сауаптарды асырушы болған кезде, адамдар да бірін-бірі ұлықтап, бойындағы қате-кеміс-тіктерін түзетіп, ар-намысына тимей, оны өсектеп басқа біреуге айтпай жасыру - үлкен сауап екенін естен шығармауымыз қажет.
ӨТІРІК
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлемде ең бірінші өтірік айтқан шайтан және кімде-кім өтірік айтса, ол бізден емес», - деген. Халқымызда «Өтірік - өрге баспайды» деген нақыл бар. Дінімізде өтіріктің қай түріне болса да тыйым салынған. Өтірік айтуға дағдыланған адамды «мұнафиқ», яғни екіжүзді дейді. Құранның «Тин» сүресінде «Тозақта бұлардың орны - төмендердің төмені» делінген. Қалжыңдап өтірік айтса да, ол күнә болып есептелінуі мүмкін. Ойнаудың да шегі бар.
Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін хадис жинақтаушы имам әл-Бухари бір адамнан хадис естуге келеді. Әлгі адам бос ат дорбамен жылқысын алдап шақырғанын көрген имам Бухари «Малды алдаған адамды да алдайды» деп, хадисін естімей кері қайтыпты.
Өтірікті тек мына жағдайларда айтуға рұқсат етіледі: соғыста тұтқынға түске-де, ерлі-зайыпты мен ағайындыларды жарастыру, жақсылыққа шақыру мақсатында, ауру адамның көңілін аулау үшін (жағдайыңыз жақсы, жазылып келесіз деп). Мұның да өзіндік мөлшері болады.
Мұса (ғ.с.) пайғамбарға бір адам келіп: «Менің өтірік айтатын, ұрлық жасайтын және арақ ішетін үш күнәм бар, мұның әуелі қайсысынан тыйылсам болады?», - деп сұрағанда, «Өтірігіңді тый!» деген екен. Күнделікті өмірімізде өтіріктің ең көп айтылатын жері - сауда орындары. Алып сататын затының қандай да болсын кемістігін жасырып, не тым асырып мақтауымен өтірікшінің қатарына енгені.
Өтірік - көп күнәнің басы болып есептелінеді. Әсіресе, жастайынан өтірік айтуды үйренген бала соған жаны құмар боп алады. Дер кезінде ата-ана қылығын тоқтатып, имандылық пен Исламнан хабар бермесе, бала өсе келе өтірік айтудан ләззат алатын болады. Бұл үлкен қауіп! Алла тағала қиямет күнінде Өзінің назарынан тыс қалдыратын адамдардың бірі де осы - өтірікшілерден келеді. Алла шындықты сүйеді. Сондықтан өтіріктен қашып, шындыққа келген, күнәдан арылып, сауапқа ерген, тозақтан құтылып, жәннатқа енген Жаратушымыздың салиқалы құлдарынан болуды Алла тағала баршамызға нәсіп етсін!